«Дидардың» қонағы

Шынар Асқарова, актриса: Кез келген рөлді сомдарда, көңілде күмән болады

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Жастар Одағы сыйлығының  лауреаты Шынар Асқарова біздің жерлесіміз. Өнерімен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген актрисамен таяуда сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Сол сұхбатты оқырмандардың назарына ұсынамыз.

Өнерге баулыған әкем болатын

– Шынар, сіз өзіміздің Ақсуат өңірінің қызы екенсіз ғой… Ата-анаңыз кім? Өнер жолын кішкентайыңыздан қудыңыз ба? 

– Иә, Ақсуаттың қызымын. Әкем Мұқан Асқаров дейтін кісі.  Төрт-ақ кластық білімі болса да,  бізді өнерлі, білімді болуға тәрбиелеген – сол адам. Төте жазуды білетін. Әлі есімде, кішкентай кезімде үйге жылап-еңіреп, мұң-зарын айтып көп адамдар келетін. Сонда әкем ол кісілердің арыз-өтініштерін «былай жаз» деп өз қолымен жазып беруші еді. Әкем 1917 жылдың 7 қарашасында дүниеге келіпті. Отбасында жалғыз бала болғандықтан, алысқа ұзап шықпаған екен. Соғысқа аттанғалы тұрған жерінен «ауылда хат танитын бір адам болуы керек, сіз қаласыз, ауылға бас-көз боласыз» деп алып қалған екен. Сөйтіп, ұзақ жылдар ауылдық округте жұмыс істеген. Кейінгі қызмет орны – аудандық газеттің редакциясы. Өзі прима, балалайка, домбыра, баян сынды көптеген музыкалық аспапта шебер ойнайтын еді. Анам да, әкем де – дала мектебінің тәлімін көрген адамдар ғой. Арнайы оқу орнында білім алмаса да, менің анам да өзі әнші, өзі биші еді. Отбасында бес ұл, бес қыз болдық. Үйдегі балалардың барлығы да әртүрлі аспапта жақсы ойнайтын. Ал керісінше мен бірде-бір аспапта ойнай алмаймын. Өнер жолын қуамын дегенімде әкем қарсы болып: «Сен өнер жолының қандай ауыр екенін білмейсің. Ол өте ауыр жол. Оған тек дарындыларды ғана алады, сен тым болмаса бір аспапта да ойнай алмайсың ғой», – деп  еді ренжіп.  «Әке, мен аспапта ойнамасам, сахнада ойнайтын әртіс боламын» дейтінмін мен де өз дегенімнен қайтпай. Талантымның барына сол кезде-ақ сенімді едім. Кішкентайымнан-ақ мектеп, ауыл сахнасының гүлі болдым, спектакльдерде ойнайтынмын. Сол кездері ауылда  тұрсақ та, әкем «Жаңа фильм» деген журналды жаздырып алатын. Сол «Жаңа фильм» журналы арқылы актерлердің өмірімен таныстым, кейін ол актерлерді теледидардан көре бастадым. Сөйтіп, өзім де театр актері болуды армандадым.

Кейін мектеп бітірген кезде аудандағы Мәдениет үйінің басшысы мені шақырып алып: «Шынар, сен өте дарынды қызсың. Бізге мамандар жетіспейді.  Бір жыл ауылда қалып жұмыс істесең қайтеді? Келесі жылы біз саған арнайы жолдама берейік. Жолдамаң болса, оқуға түсуің жеңіл болады. Тәжірибе жинайсың», – деп  ұсыныс жасады. Мен  кәдімгідей ойланып қалдым. Әңгімемізді Серік аға  Жұматов та естіп отырған. Былай шыққан соң: «Әй, қыз, бері кел. Сен не, мен сияқты осы жерде қалып қалғың келіп тұр ма? Сен өте дарынды қызсың, сен биікке шығатын қызсың, қалмайсың бұл жерде. Ертең құжатыңды ал да бар, бағыңды сына, оқуға түспей жатсаң, қайтып келесің», – деді. Серік ағай сөйтіп менің намысымды қайрамаса, бәлкім, ауылда қалып та қояр ма едім, кім білсін.

Сөйтіп, Алматыға бардым, өнер институтына құжаттарымды тапсырып, оқуға түстім. Институтты қызыл дипломмен бітірдім. Институтта қалыңыз, сабақ беріңіз деген ұсыныс та түсті. Жоқ, менің арманым – сахна. Тәжірибем жоқ қой, мен қалай өзімнен кейінгілерге сабақ беремін деп ол ұсыныстан бас тарттым. Семейдегі Абай атындағы музыкалық-драма театрының режиссері Шапай Зұлқашев келіп: «Қызым, сен өзіңнің еліңе кел. Бүкіл жас геройлардың бәрін сен ойнайсың», – деп өтініш жасады. Семейге барғанда қайда тұрамын? Тұратын жерім жоқ қой деп, бұл ұсынысқа да көп ойландым. Шапай ағай: «Бұйырса, баспанаң да болады», – деп қояды. Бірақ кейін жолдама бойынша мен  Алматыдағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрына бөлінгенімді білдім.

– Қуанып кеткен шығарсыз… 

– Әрине, бұл театрдың актері болу арман ғой. Кім көрінгенді ала бермейді, мыңнан бірін ғана алады. Қасымдағылар да «бұл – сенің бағың» деп айтып жатыр. Десе де «атағынан ат үркетін үлкен-үлкен актерлердің алдында қалай ойнаймын?» деген көңілде қобалжу да жоқ емес. Бір жағынан, шеберлігімді шыңдап, өсіп алайын, өскен соң келсем қайтеді деп те ойлап қоямын.

Сөйтіп, театрға 1993 жылы ресми түрде қабылдандық. 1994 жылы алғашқы марапатқа ие болып, мемлекеттік Жастар одағы сыйлығының лауреаты атандым.

Армандар орындалады

– Бақыттысыз ба?

– Актер ретінде бақыттымын. Білесіз бе, армандар орындалады. Бірақ ол үшін алдыңызға мақсат қоя білсеңіз болды. Сахнада ойнаған рөлдерімнің ішінде жаныма жақыны «Қарагөз» спектакліндегі Қарагөз образы. Сондай-ақ, Карл Готцийдің «Турандот ханшайым»    спектакліндегі Адельма ханшайымның рөлі мені марапатқа жеткізді.

– Рөлді алғанда қандай сезімді бастан өткересіз?

– Әрине, қобалжисың. Кез келген рөлді алған кезде  көңілде күмән, қорқыныш тұрады.  Қалай болады екен? Образды сомдай аламын ба, жоқ па? Кейіпкердің бейнесін аша аламын ба, аша алмаймын ба? Айтайын деген ойын, мінез-құлқын бере аламын ба, жоқ па?

Пьесаны оқып отырған кезде-ақ кейбір рөлдер көңіліңде сомдалып қояды. Кейіпкеріңнің болмысын, табиғатын тез ұға қоясың. Ал кейбіреулері әріптестеріңіздің сізге берген бағасы, сізді суреттеуі арқылы көз алдыңа келеді. Мысалы, «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектаклінде өзге кейіпкердің: «Мына үйдің хозяйкасы керемет екен. Үйі деген мұнтаздай, тап-таза. Соған қарағанда керемет пысық адам болып тұр ғой», – дейтіні бар. Сол сәт сен өзіңнің кейіпкеріңнің мұнтаздай таза, жинақы жүретін пысық әйел екенін бірден түсінесің. Негізі, актер болған соң,  көп бейнелерді, кейіпкерлерді көшеден іздеп тауып қоясың. Кездесулерде, той-томалақтарда бір адамды көрсең, елең етіп, «мынау бір ерекше типаж екен» деп отырасың. Сол типаж санаңның бір жерінде сақталып тұрады. Кейін бір рөл алған кезде ойыңа сап ете түсіп: «Әй, мынадай адам өмірде бар ғой. Мен ол адамды көрдім ғой» дейсің.

Мысалы,  «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектакліндегі сомдаған келіннің рөлі менің жаныма жат рөл болды. Әріптестерім де «Сенің жүрегің нәзік, сен қатал, шайпау әйелдердің бейнесін ойнай алмайсың» деп жиі айтатын. Бірақ сол рөлді тәуекелге бел буып алдым. Сол кезде маған бұрын көрген-білгенім, көңіліме түйген нәрселерім көп көмектесті. Мен өзім біраз уақыт жатақханада тұрдым, кеш тұрмысқа шықтым. Сол кезде жас отбасылар көп болды.  Сол жердегі келіндердің қылығы, отбасылық қарым-қатынас бәрібір көңіліңде сақталып қалады екен. Ауылдан әкесі немесе шешесі келсе, әйелінен аса алмай, қипақтап қалатын небір ез еркектерді де көрдік қой. Сонда сол көргендерім маған рөлімнің табиғатын ашуға көп көмектесті.

Тележүргізушілік жаңа қырымды ашты

– Режиссер таңдайсыз ба?

– Жоқ, керісінше режиссер бізді таңдайды. Менің рөлім керемет шығуы үшін маған ана актерді бер деп сахнадағы серігімізді таңдауға құқымыз жоқ. Әркім өз рөліне өзі жауап береді.

– Шынар, енді сіздің тележүргізушілік қырыңызға тоқталсақ деймін. Тележүргізуші болу сізге не берді? «Қыздар арасында» атты  ток-шоуға қалай тап болдыңыз?

– Тележүргізушілік өз-өзімді басқа қырымнан тануыма көмектесті. Ток-шоуға кездейсоқ келдім деп айта алмаймын. Кастинг болды. Мені елу жүргізушінің ішінен таңдап алды. Иә, басында күмәнім болды,  өйткені хабарды жүргізуге үміткерлердің арасында небір тісқаққан тележүргізушілер болды. Бірақ Францияда тұратын жобаның авторы Виржиния өз дауысын маған берді. Кейін маған неге дауыс бергенін Вирджиния былай түсіндірді: «Мен қазақ тілін түсінбеймін, бұл жүргізушінің не дегенін де білмеймін, бірақ бұл жүргізушінің көзі сөйлейді екен», – деді. Жалпы, мен кез келген отырысты басқарып кете аламын. Тойды кім басқарады  деген мәселе туындағанда, қасымдағылардың барлығы «Шынар басқарады» дейтін. Жүргізуші болуыма  кез келген ортаны басқарып кететін осы қасиетім де көмектескен шығар деп ойлаймын. Бірақ мен бар болмысымды,  табиғатымды көрсеттім.

– Хабарда қозғалған мәселелердің барлығы көңіліңнен шықты ма?  

– Әрине, мен келіспейтін дүниелер де көп болды. Мысалы, әйелдің жүкті кезіндегі жыныстық қатынас туралы мәселені эфирге шығаруға мен қарсы болдым. Ертең осы хабарға не бір қонақ келмейді, не бір маман келмейді, көресіз дедім. Шынында да, менің айтқанымдай болды.

– Жаныңыз күйзелетін, қамығып, жылайтын сәттеріңіз бола ма? 

– Болады. Бұрын жиі жылайтынмын, қазір қойдым. Біреуді орынсыз ренжітсем, өзім барып кешірім сұраймын. Жақсылық та, жамандық та өзімнен екенін түсіндім. Қатты қиналсам, мешітке барам да, өз-өзіммен тілдесемін. Тіпті, жылап та аламын. Шынында, осыдан кейін жеңілдеп, үйге қалай ұшып келгеніңді білмейсің. Одан кейін біздің өнеріміз бар ғой. Өнер деген ауырып тұрсаң емдейді. Жалпы, ішкі әлеміңнің үйлесімі маңызды. Өзіңмен-өзің келісу, өзіңмен-өзің бір толқында болу өте қажет. Кейде адам өзіне-өзі қарсы шығып,  қайшылыққа ұрынып жатады ғой. Оның емі – кешірім, сыйластық, мейірімділік пен махаббат қана. Адам өмірге ғашық болуы керек. Жаман адамның өзінің бір жақсылығын көре біл, сүрінген жерінде демей біл. Сіз өзіңіз бір адамға жақсылық жасап көріңізші. Бір рахаттанып қаласың! Күні бойы марқайып жүресіз. Білмеймін, ол қандай құдірет екенін.

– Ақсуатқа жиі барасыз ба?  

– Осы жазда ғана бардым. Мектеп бітіргенімізге 30 жыл болып, кластастармен жақсылап тойладық.

  • Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button