Шығыста тілді үйретудің тың тәсілі қолға алынды
Ержан ӘБІШ
«Қонақжай отбасы» жобасы аясында өскемендік оқушылар жазғы каникул кезінде Катонқарағай ауданына барып, тілдік ортаға толық ену арқылы қазақша сөйлеуді үйренеді. Аймақ басшысы Даниал Ахметов осы жобаны талқылаған кеңес өткізді.
– Балаларды қабылдайтын отбасылар анықталды. Мен жобаға кейбір түзетулер енгіздім, атап айтқанда оқушылар жұмыс күндері сағат 10-нан 13-ке дейін жергілікті мектепке барып, мұғалімдерден қазақ тілі бойынша дәріс алатын болады. Әр жанұяда екі баладан тұрады деп көзделген, – деді облыс әкімі.
Оқу бағдарламасынан бөлек мәдени мекемелерге бару, спортпен шұғылдану, табиғатты, тарихты, салт-дәстүрді зерттеу сияқты танымдық шаралар болады.
Балалар яғни дүкенге бару, ас дайындау, ойнау тәрізді тұрмыстық жағдайлар барысында ауызекі тілді үйренеді.
– Біз – осындай жобаны жүзеге асыратын алғашқы өңірміз, нәтиже болса, оны басқа аймақтар да негізге ала алады. Келесі жылы жобаға Шығыс Қазақстанның басқа аудандары да қатысуы керек, – деді аймақ басшысы.