Денсаулық сақтау

Шығыс ковидке қарсы вакциналау бойынша елімізде көш бастап тұр

Айна Ескенқызы

Үкімет отырысында облыстың денсаулық сақтау саласына қатысты біраз сын айтылған болатын. Біз сол ескертулер бойынша облыстық салалық басқармадан түсініктеме сұраған едік.

Соңғы тәулікте облыста ковидтің қатты өршіп кеткенін байқадық. ПТР тестілеу оң нәтиже көрсеткен 394 жаңа жағдай тіркелді. Пациенттердің 353-інде аурудың белгілері білінсе, қалған 41 науқас симптомсыз ауырған. Індеттің көп шоғырланған жері облыс орталығы 184 адам, одан кейін Семей қаласында 174 жаңа жағдай анықталды. Бірлі-жарым науқас Аягөз, Жарма, Шемонайха, Күршім, Үржар аудандарында да тіркелді. Облыс бойынша ковидке арналған инфекциялық стационарлардағы төсек қоры 1437 төсек. Қазір олардың 10,5 пайызы ғана толған. Стационарларда 193 науқас ем қабылдап жатыр, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, деді облыстық денсаулық сақтау басқармасында.

Басқарманың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, өңірде ПТР тестілеуді он тоғыз зертхана жүргізеді. Зертханалар тек облыс орталығы мен қалаларда ғана емес, сонымен қатар Күршім мен Үржар аудандарында, Ақтоғай кентінде орналасқан. 18 қаңтарда ғана облыс бойынша кепілдендірілген тегін медициналық көмектің шеңберінде 2597 тестілеу тегін жүргізілген. Тест қорытындысы күнбе-күн дайын болады. Пандемия басталғалы облыста 1,3 миллионнан астам ПТР тест жүргізілген.

Облыс тұрғындарды ковидке қарсы вакциналау бойынша елімізде көш бастап тұрғаны белгілі. Қазір өңірде ревакцинациялау науқаны да қарқынды жүріп жатыр. Облыста барлығы 120 мың адам бустерлік дозаны салдырса, оның ішінде 8790 медицина қызметкері ревакцинация жасады. Облыста иммундық жүйені нығайтуға QazVac, VeroCell вакциналарымен ревакцинация жүргізілуде.

Республика көлемінде коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлауына байланысты елімізде біршама шектеу шаралары қатайып, мектеп пен колледж оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері қаңтар айының аяғына дейін қашықтан оқуға көшкені белгілі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға арналған брифингте облыста қарастырылған шектеулерге тоқталып өтті. Облыстың бас санитарлық мемлекеттік дәрігерінің  қаулысымен 2022 жылғы 20 қаңтардан бастап біздің өңірде де шектеу шараларын қатаңдату қарастырылған.

17 қаңтардан бастап облыстағы барлық мектептер қашықтан оқыту форматына көшті. Вакцинациялаудың толық курсын аяқтаған, биылғы түлектер болып саналатын  9, 11-сынып оқушылары ғана штаттық форматта оқиды. Сыныпта COVID-19 ауруының 1 жағдайы тіркелсе, сынып оқушылары 14 күн үйде оқшауланады, деді спикер.

Колледждер мен ЖОО студенттері үшін аралас оқыту форматы енгізілген. Барлық дәрістер икемді кесте бойынша онлайн, ал тәжірибелік, зертханалық, семинарлық сабақтар штаттық режимде өтеді. Алайда оқу орны әкімшілігінің қалауы бойынша вакцинацияланған оқушылар мен вакцинацияның толық курсын аяқтаған студенттерді штаттық режимде оқытуға рұқсат беріледі.

Ғалымбек Алин қосымша білім беру ұйымдарында жеке сабақтар мен топта 10 адамнан аспағанда топтық сабақтар да штаттық режимде, балалар мен ересектер үшін коррекция орталықтарында жеке сабақтар мен 10 адамға дейін топтық сабақтарды штаттық режимде өткізуге рұқсат етілгенін айтты.

Коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, 2022 жылдың 20 қаңтарынан бастап облыста  Ashyq жобасына қатысушы нысандарға да бұқаралық көпшілік шараларды өткізуге тыйым салынғанын ескертті Ғалымбек Алин. Мысалы, Ashyq жобасына қатысуына қарамастан концерт залдары, театрлар, цирктер, филармониялардың қызметтеріне, діни бірлестіктер объектілерінде (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және т.б.) ұжымдық іс-шаралар (жұма намазы, діни жоралар және т.б.) өткізуге, конференциялар, семинарлар, көрмелер, форумдар ұйымдастыруға, түнгі клубтардың қызметіне тыйым салынады. Спорттық-сауықтыру орталықтарына, фитнес-орталықтарға, йога-орталықтарға, моншаларға, сауналарға, бассейндерге тек Ashyq жасыл статусы бар адамдарға ғана кіруге болады.

Енгізілген шектеулер елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға, аурулар санының ұлғаю қаупін азайтуға, неғұрлым қатаң шектеу шараларын енгізуге жол бермеуге бағытталған. Елді мекендер, қалалар арасында қажетсіз артық жүріп-тұрудан бас тартуға кеңес береміз, деп қорытындылады департамент басшысының орынбасары.

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button