ШЫҒЫСТЫҢ ЖАНҒАН ШЫРАҒЫ

Маңырақ елді мекенінде Дәулетбай батыр мен ақын Әрімжан Жанұзақұлының тас мүсіндері қойылып, ауыл ажарын аша түсті. Жалпы, бұл өткен тарихты жаңғырту мақсатындағы игі іс Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында берілген тапсырма аясында іске асты.

Ақынның ел ортасына оралуы

Қазақ топырағында туып, Қытай елінде өмірінің соңын өткізіп, сол жақта өмірден озған ақын-жыраулардың, әнші-жыршылардың тізімінен ойып тұрып орын алатын өнер қайраткерлерін атасақ, олар атақты Әсет Найманбайұлы, Кәрібай Таңатарұлы, Арғынбек Апашбайұлы, Ержан Ахметұлы, Ақыт Үлімжіұлы сияқты тағы басқа әрі ақын, әрі әнші дүлдүлдер. Мысалы, атақты Әсет ақынның 80-ге жуық толғауы, 19 дастаны, 13 айтысы және 30-дан астам әні қамтылған екі томдық шығармалар жинағы Қытайда жарық көрді. А.Апашбайұлының (1876 — 1946) «Қазақ Сырдан ауғанда» деген тарихи шежіресі, З.Мәмиұлының (1897 — 1928) «Ырыс пен бақ», «Ғылым хикилометрат», Көдек Маралбайұлының (1888 — 1937) «Бір қызға», «Әдепсіз балаға», тағы басқа өлеңдері, «Кең Текес», «Сасан ауылына барғанда», «Туған елді аралау» атты шығармалары жарық көрді.

Осылардың қатарынан таңдайына «бұлбұл ұя салған» деп дәріптелетін, биыл туғанына 140 жыл толып отырған Жанұзақұлы Әрімжан ақынның орны ерекше. Әрімжан ақын 1878 жылы Тарбағатай ауданындағы, Маңырақ тауының бөктерінде дүниеге келіп, 1931 жылға дейін өзінің туып-өскен мекені Тарбағатай жерінде тұрып, Кеңес өкіметі түрмеге жауып, қудалай бастаған соң Қытай еліне өтіп кеткен. 1946 жылы Қытайдың Құлыстай өңірінің Жылантіл ауылында 68 жасында дүние салған. Атасы Шыңан байлығы басынан асқан ауқатты, ол сонымен бірге сөз зергері, арғы мен бергіні жақсы білетін шежіре, елге сыйлы адам болған деп айтатын ескі көздер. Сондай-ақ өз заманының ақыны, жыраулық дәстүрден де хабары болған. Бірақ ол осы өнерді мансұқ көрмеген, сондықтан болар ел аузында сақталмаған. Қанда бар қасиет ұлы Жанұзаққа дарып, оны немересі Әрімжан жалғастырған.

ШЫҒЫСТЫҢ ЖАНҒАН ШЫРАҒЫ

Осы күнге дейін Маңырақ тауында Шыңанның бұлағы, Жанұзақтың сайы деген жерлер бар. Ал Әрімжанның әкесі Жанұзақ Шыңанұлы «Бақтиярдың 40 бұтағын» 40 күн бойы жырлаған арқалы, асқақ үнді ақын. Оның дәлелі ретінде ең алғаш хатқа түскен, ақын Сараның Біржанмен айтысында төмендегідей сөздер бар:

«Қолтықтан көтере көр, аруақ демеп.

Дулат, Сабыр, Кеншінбай, Сұртай жылтыр,

Жанұзақ қолда дедім бәрің жебеп!» — дейді ақын Сара.

Бұл жерде Жанұзақтың атақты Дулат, Сабырбай, Кеншінбай, Сұртай ақындармен теңестірілуі тегін емес. Әрімжанның ата жолын қуалайтын болсақ, ол Байжігіттен тарайтын Саты Дәулетбай батырдың тікелей ұрпағы. Дәулетбай батырдан – Көтеш батыр – Айбас – Шыңан бай – Жанұзақ ақын, одан Әрімжан болып таралады.

Ол өзінің ата тегін «Ата тегім» деген өлеңінде жазып қалдырған. Ақынның еңбектерін алғаш жарыққа шығарған сол өздерімен аталас Қайырбай қажының немересі, кезінде аудандық газеттің редакторы, кейіннен облыстық «Коммунизм туы» газетінің Тарбағатай ауданындағы тілшісі болған Әнуархан аға Қайырбаев болатын. Ол кісімен Ақжарда көп жылдар көрші тұрдық. Ол кісілер күре жолдың арғы жағында, біз бергі жағында қарама-қарсы үйде. Бұрын баспа бетін көрмеген, тек көнекөздердің аузында жүрген, сұрасаң ғана айтатын, сұрамасаң өзімен бірге жүре беретін сөзге сараң қариялардан жинап жазып алудың мехнаты мен машақатының өзі неге тұрады.

Әнеш ағамыз (замандастары солай атайтын) ақын еңбектерін ұзақ жинады. Оны бір ізге түсіріп, өңдеп 1992 жылы Өскемен қаласындағы «Полиграфия» баспасынан «Өлеңдер, толғаулар, дастандар» деген атпен бастырды. Бұл кішкентай ғана кітапша Әрімжан ақынның өнер мұрасының елге таралуының бастауы болды десе де болады. Кітаптың аяққы жағында атсалысқан көнекөз қариялардың тізімі мен суреттері қоса берілген.

Соның ішіндегі көрнектілеуі – сүйегі Есенкелдінің Айтқожасынан тарайтын Байпейіс қажының ұрпағы Нұрахмет ақсақал. Ел-жұрты құрметтеп «Нұха» дейтін, бәріміз де солай атайтынбыз. Өз заманына орай өте-мөте білімді, араб-парсы тілінен қазақшаға құран сөздерін аударатын молда, шежіреші, көптеген өлең-жыр, қиссаларды жатқа айтатын. Жаңалық ауылындағы мешіт сол кісінің атында. Бізге туыстық жағы болғандықтан көзі тірісінде жақын араластық, біздің әулетке қыз беріп, қыз алысқан құда. Қарындасы Зайданы біздің жақын ағамыз Сейтбекке ұзатып, сол Секеңнің апайын, інісі Биахметке (Бәжен) қосқан, соны қазақта сүйек шатыс  қарама-қарсы құда дейді.

Абыз ақсақал 1910 жылы туған. 1929-30 жылдардың бірінде жайлауда Әрімжан ақынмен табақтас болдым. Өлең-жырларын тыңдап, үйге келген соң төте жазумен есімде қалғандарын қағазға түсіріп, жаттап айтып жүрмін деген болатын. Бізге қызық, Әрімжанның түр-тұлғасын сұраймыз ғой, қандай адам деп. Сонда Нұхаң былай деп суреттеген:

– Орта бойлыдан сәл биіктеу, сидаң, артық еті жоқ, көзі көк, нұрлы, өлең айтқанда жайнап тұратын. Қалыпты ғана мұрты, соған сай шоқша сақалы бар. Өлең айтқанда қыза шабатын ат сияқты шоқырақтап, бір жерде тұра алмай кететін.

Осыдан кейін араға төрт жыл салып 1996 жылы жарияланған  журналист, зерттеуші Асқар Игеннің төте жазумен Қытай елінің Күйтің қаласында бастырған жинағы шықты.

Егеменді ел болып, етегімізді жия бастаған шақта 2006 жылы жазушы, тележурналист жерлесіміз Құсман Игісін ағамыз құрастырған «Көш-керуен» кітабы «Толағай» баспасынан жарық көрді.

Таяуда  Қытай елінен жағымды жаңалық келді, сүйінші хабар. Әрімжан ақынның суреті табылыпты. Тарбағатай ауданының Қарасу ауылында тұратын ел мен жер тағдырына, оның өткені мен кеткеніне сыни баға беріп келе жатқан қазыналы қарт, шежіреші Асхат Хабибуллин ақсақалдың ықпалымен мына төмендегі ақын суреті елге келді. Қазіргі уақытта Ақжарда тұратын Әрімжанның немересі  Сағдоллаұлы Тұрсынбектің  қолында.

«Алтайдың араладым шартарабын…»

Енді ауызекі айтылса да онша зерттелмей жүрген Әрімжанның Алтай еліне баруы дер едім. Тағы да сол Нұрахмет атамыз айтып отыратын әңгіменің бір парасы мынау. Есенкелді ішіндегі 17 қажының ең көрнектісі Ақыш қажы. Оның мекені Маңырақ тауының сілемі Қызыладыр Толағай тауынан басталып, Зайсанға дейінгі таулы алқапты алып жатқан шұрайлы жер. Айтқанға сөзі өтетін, өз заманының ірі тұлғасы, Меккеге қажылық сапарды бірден-бір ұйымдастырушы, өзі екі рет қажыға барған данагөй адам болған. Сол кісінің  нұсқауымен Әрімжан ақын Алқабек-Білезік өзенінің тұсынан салынған өткел арқылы Қара Ертістен өтіп, Бөкенбай тауының Майлышат жайлауында отырған атақты бай, сол елде болыс болған, қажы Бұтабайдың үйіне барады. Бұл сапарына ақын төмендегідей жыр жолдарын арнаған:

Жолаушылап Бөкенбай, Марқа бардым,

Алтайдың араладым шартарабын.

Ақнайман, Қожамбетте туыстас ел,

Өлеңнің мен ақтардым бір парағын — дей келе,

Бөкенбай бір әдемі жер екен ғой,

Қожамбет мекен еткен ел екен ғой,

Әр рудың өзінде бір құты бар,

Бұтабай шалқып тұрған көл екен ғой.

 

Сәлем бердім қажыға аттан түсіп,

Баласы Қаббас мырза екен пысық.

«Бұлбұлым, қош келдіңіз!» деп құрметтеп,

Иығыма әкеп жапты күзен ішік.

 

Бергені Қаббас мырза күрең жорға,

Түседі құс жаңылса жібек торға,

«Еліме аман-есен барғаннан соң,

Даңқыңды жаям дедім, оң мен солға» — деп түйіндейді.

Осы өлеңде айтылған Бұтабай кім, оның баласы Қаббас кім? Осыған біраз тоқталып өтсек. Бұтабай Ақжанұлы Қожамбет руының Сырымбет биінен тарайтын Жирен табынан. Баласы Қаббас ол да суырыпсалма ақын, серілігі бір басына жететін, палуан болған, мырза жігіт. Бұтабайдың өзі де, баласы Қаббас та сауатты адамдар болған. Бұтабай бай жылына бір рет Рахман қайнарына барып емделуінің өзі-ақ осыны білдірсе керек. Бұл жерде Бұтабай өзінің әулетімен Қатынқарағайдың Шәңгіштайында мектеп ашқан атақты Әбдікерім болыспен өте жақын қарым-қатынаста болып, аралас-құралас жүрген. Төр Алтайдағы Шабанбай жайлауы мен Өр Алтайдағы Сырымбет ауылының жаз жайлауы Сарытау биігінің арасы онша алыс емес, шамамен 30-40 шақырымдай ғана жер. Жер жаннаты жайлауда бірнеше күн аунап-қунап жақсылап демалған Әрімжан ақын жанына Қаббас мырзаны ертіп Қаратай еліне жол тартқан. Әбдікерім болыстың үйіне түскенде, жақтырмаған оған:

«Ассалаумағалейкум!» деп едім, күбірледің,

«Мал-жаның аман ба?» деп едім «шүкір» дедің.

Өзімнен «Қай елсің?» деп жөн сұрамай,

Қасымдағы еріп келген кісіден «Бұ кім?» дедің, – деген екен.

Қасындағы еріп келген кісісі Қаббас, Апақаңа (Әбдікерімді солай атаған) таныстырып, салған мектепті аралатып көрсеткен екен. Апақаңның жер-жерден білімді мұғалімдерді жалдап, балаларға есеп, жағрапия, тарих пен әдебиеттен сабақ бергізгендігін, солардың қатарында Алаш ардақтысы Сұлтанмахмұттың да болғандығынан (Әрімжан барған ол кезде Сұлтанмахмұт Зайсан, Тарбағатай елінде ұстаздық етіп жатса керек) мағлұмат алады.

Бұл 1915 жылдың жаз айы болатын. Бұл жайында ақын:

— Жақсылар, барып қайттым Қаратайға,

Пайда үшін барғаным жоқ бекер жайға.

«Атың барда жер таны» деген атаң,

Жақсыны көрген жөн ғой осындайда.

 

Әбдікерім Шыңғыстайға салған мектеп,

Негізін ойласаңдар анық тектеп.

Қараңғы артта қалған өргі найман,

Білімді алған дұрыс содан ептеп.

 

Апақаң өз елінде қорған екен,

Жастарға білім беру арманы екен.

Шәкіртке жақсы білім беретұғын,

Шақыртып көп мұғалім алған екен – деп толғаған көрінеді.

Енді Қаббас жайында бір-екі ауыз сөз. Әкесі Бұтабай қайтыс болғаннан соң, Кеңес үкіметі «байдың тұқымы» деп оны 10 жылға соттаған. Содан Түріксіб темір жолын салу жұмысында, басқа да ауыр жұмыстарда жүріп ауырып қайтыс болған. Бұл жөнінде бірге болған Аймұхамбет деген кісі: «Қаббас керемет қарулы еді, жердегі ауыр тастарды аюша қопаратын, аяқ астынан ауырып қайтыс болды» — деп, жерлегенін айтқан.

«Бір күні ыстық жел соғып,

Жығылды Қаббас ауырып.

Ыстық-суық нәрсе деп,

Байқамадық айырып.

Жатып-тұрып жыладық,

Көздің жасын бұладық.

«Қоюға қолдан бола ма?» деп,

Дәрігерден сұрадық.»

Сол Қаббастан артында Мина атты бір қыз қалды. Әйелі Ғазиза кейін Минаны оқытып, жеткізіп тұрмысқа беріп, ол кісі Күршім аудандық жинақ банкінің меңгерушісі болды, қазір ұрпақтары сол ауданда тұрады.

Кезінде Әрімжан ақын Әбдікерімнен әлде Қаббас мырзадан алған төрт аяғы бірдей су жорғаны күміспен қапталған  ер-тұрманымен бірге Смадидің әкесіне ұсынып, өзінің Нәбиолда деген жарымжандау баласына Смадидің қарындасы Мәриямды алып берген екен.

Атақты керейдің төресі Мамырбек үкірдай Майлының Қоңыроба сазында жылма-жыл той жасап, Ақымжандай сыбызғышыны, Әсеттей арындаған ақынды, уақ Бәзғаламдай күйшіні шақыртып, думандатып өткізіп отырған. Міне осындай бір жиынға біз сөз етіп отырған Әрімжан ақын да қатысып, көптеген өлеңдерін жазған. Осыдан кейін керейдің белгілі биі Мұқыдан тарайтын Көбен батырдың тікелей ұрпағы болып келетін Сәлімжан байдың шақыртуымен он күн қонақ болған. Сонымен бірге Сәлімжан Хорылдай қызметін атқарған Қытай қызметшісі де болған (Хорылдай — шекара күзетінің жауапты адамы). Міне осы жерде Сұлтанмахмұтпен кезігіп, мұңдасады.

Ол жайында «Керейге сапар» деген өлеңінде (Көш-керуен кітабынан алынды) анық айтылған:

«Майлының шөбі шүйгін, жері жатық,

Аулында Хорылдайдың он күн жаттық.

Ғылымнан сан-салалы хабары бар,

Молданы Сұлтанмахмұт содан таптық.

Мұңдастым, сыр шертістім ұзақ таңға,

Халықтың қамын айтып, мұңға баттық.

Ғалымның әрбір сөзі ой салады,

Сенімді шариғаты тілге жатық.»

Ақжар ауылдық мәдениет үйінің  қызметкерлері ұйымдастырған ақынның 140 жылдығы аясында  өлеңдері мен толғауларынан үзінділерін жатқа оқып, ұлағатты ұрпақтың ұл-қыздары айды аспанға шығарды.

«Артында бар оңалады» демекші, осындай ұрпақ барда, қараша халқы барда ақынның аты өлмейді.

Кәрібек Шопатов

  зейнеткер,

Ақжар ауылы.