Тарих

Шығыстағы сахна өнері

 Театр өнерінің тұмалары

Ежелден өнер мен мәдениеттің ордасы, ұлттық саяси қозғалыстың орталығы болған Семейде тұңғыш сахналық өнердің тууына 1890 жылы ұйымдастырылған «Музыка мен драмалық өнер әуесқойларының қоғамы» себеп болған екен («Артист» журналы, 1892, № 20, 159-бет). Арнайы жарғымен жұмыс істеген бұл өнер ұйымының сахнасында шағын пьесалар, интермедиялар қойылып тұрған. Алғашқы драмалық шығармалар ретінде Г.Гребенщиковтың «Жақсы жігіт» пьесасын (1907), Н.Анненкова-Бернардың «Бекет» атты драмасын (1908) сахнаға шығарады. Міне, осылай Семейде алғашқы әуесқойлық театрдың негізі қаланып, тұрақты өнерпаздардың өнер көрсетуі қаланың мәдени өміріне үлкен өзгеріс енгізе бастайды. Семейдегі алғашқы ірі сауық кештің бірі – 1914 жылы Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына байланысты өткізілген әдеби-этнографиялық, музыкалық кеш. Семей музыкалы драма театры «Ес-аймақ» қоғамы ұйымдастырған жартылай кәсіби драма труппасы негізінде 1920 жылы құрылған екен. Труппаның ұйымдастырушылары М.Әуезов пен Қ.Сәтбаев және режиссер Ғ.Төребаев бастаған зиялылар өкілдері мен студент-жастар болды.  Семейдегі өнер-мәдениет ордаларының тарихы туралы әр деңгейдегі басылым беттерінде жарияланған материалдар аз емес. Сондықтан біз ертеден жергілікті ұлттан гөрі өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған, соның кесірінен қазақтың тілі де, өнері де өгейсіп келген Өскемен өңіріндегі театр мен өнер тарихына ойысайық.

1920 жылы Өскеменде П.Бажовтың бастамасымен құрамында 23 адамы бар мұсылман драмасының труппасы (мусульманская драматическая труппа) ұйымдастырылады. Осы деректі нақтылау мақсатымен облыстық мемлекеттік архивке барғанымызда, алдымен қолға іліккен құжат – Өскемен уездік білім бөлімі бастығының (ол кездері мәдениет саласы білім бөлімдерінің құзырында болған) 1920 жылғы 21 мамырдағы № 67 бұйрығы болды. Онда былай деп жазылыпты: «Бүгінгі күннен бастап Губин Константин Александрович Өскемен халық театрының меңгерушісі болып тағайындалсын…».

Бізге қажетті келесі құжат – Өскемен уездік білім бөлімі бастығының сол 1920 жылғы 29 маусымдағы № 90 бұйрығы. Осы бұйрықтың 3-тармағында «Төмендегі тізімдегі азаматтар мұсылман драмалық труппасының көрсетілген лауазымдарына тағайындалады» дей келіп, 23 адамның тізімі берілген:

1 .Аубакиров Мубарак – театр меңгерушісі

  1. Казырев Галлям (Қазыев болуы мүмкін. А.Қ.) – режиссер
  2. 3. Измайлов Мариф – суфлер
  3. 4. Габдеев Галим – актер
  4. 5. Сейфуллин Мустафа
  5. 6. Усманов Сибдик
  6. 7. Дулатова Сарвар
  7. Усманова Райхана
  8. 9. Кадырова Фархинур
  9. 10. Жулдубалин Мустафа
  10. 11. Уралбаев Ханафия

12. Куленев Гадий

  1. 13. Куленев Закий
  2. 14. Махмутов Вилдан
  3. 15. Уразалин Хасян
  4. 16. Дайрабаев Ескендер
  5. 17. Гольдберг Александр – капельмейстер
  6. 18. Угерек Иосиф – музыкант
  7. 19. Дробик Карл
  8. 20. Станкевич Константин
  9. 21. Черницкий Антон
  10. Волков Иван – шаштараз

23.Сулеманов – күзетші

(Бұл тізімдегілерді танитын ұрпақтары бар болар деген үмітпен толық жариялап отырмыз).

Демек, бұл труппа мемлекеттік мекеме болып, тиісінше қаржыландырылып, аймақтағы мәдени шараларға мұрындық болып, біраз шаруалар атқарған деуге негіз бар. Бұған «Бұратаналар бөлімшесінің берген анықтамасына сәйкес, мұсылман труппасы 14 күндік іссапарда деп есептелсін» деген 1920 жылғы 18 шілдедегі Өскемен уездік білім бөлімі бастығының № 104 бұйрығы дәлел. Әрине, көркем үйірме деңгейіндегі бұл труппа бірден драмалық шығармаларды сахналай бастады деуге келмес, бірақ біртіндеп соған ұмтыла отырып, болашақ кәсіби театрларға құнар беретіндей, тәжірибе қалдыратындай айтарлықтай рөлінің болғанын жоққа шығаруға болмайды.

1920 жылы Ахмер ауылында Қазақ Автономиялы Республикасының бір жылдығының тойы тойланады. Салтанатты жиынды уездік революция комитетінің төрағасы, жазушы Павел Бажов ашады. Сол салтанатқа өлкемізде кеңес өкіметінің орнауына мол үлес қосқан жерлесіміз, қазақтың сол кездегі оқыған, патриот азаматы, «Правда» газетінің қазақстандық тілшісі Жұбандық Болғанбаев қатысып, Уездік атқару комитетінің бөлім меңгерушісі Баяш Өтепов ауылды кеңестендіру жайында сөз сөйлейді. Сол күні жиынға жиналған жұрт  М.Әуезовтің «Бәйбіше-Тоқал» пьесасын осы мұсылман труппасының орындауында тамашалайды. Алайда Өскемен өңірінде құрылған бұл алғашқы театрдың ғұмыры қысқа болады. Экономикалық қиындықтарға байланысты бұл труппа екі жылдан кейін, 1922 жылы жабылады.

1929 жылғы сәуір айында өткен Бүкілодақтық партия конференциясы СССР халық шаруашылығын дамытудың бірінші бесжылдық жоспарын (1928 – 1932) қабылдады. Онда еліміздегі қорғасын өндірудің ең басты көзі болып саналатын Риддер қаласына да үлкен маңыз берілді. Тек үш жылда ғана мемлекет комбинаттың дамуына 30 миллион рубльге жуық қаржы бөліп, жаңа өндірістік буындар іске қосылды. Быструха су-электр станциясы кеңейтіліп, Ульба ГЭС-і салына бастады, жаңа байыту фабрикасы іске қосылып, қорғасын заводы кеңейтілді, нан заводы, асхана, монша, жүзге жуық тұрғын үй, басқа да бірқатар мәдени-тұрмыстық, өндірістік нысандар іске қосылды.

Атағы дүрілдеп тұрған Риддерге ол кезде жан-жақтан жұмыс іздеп өз бетімен келіп жатқан қазақтар да аз болмады, Үкіметтің кәсіпорынға жергілікті ұлт өкілдерін қабылдау (коренизация) саясаты да болды. Осы Риддерде алғашқы ұлттық жұмысшы табы қалыптаса бастады. Ауылдардан келген кедей-батрақтар өндірістік-техникалық курстарда, мектеп-шеберханаларда, ФЗО мен 1929 жылы ашылған кен-металлургия техникумында білім алып, кеншілер, металлургтер, металлистер қатарын толықтырып отырды.

Міне, осындай ұлттандыру (коренизация) саясатының алғашқы екпінімен 1930 жылы Риддер қаласында қазақ жұмысшы жастарының театры  ұйымдастырылды. Оны ұйымдастыруға кейін Қазақстанның халық әртісі болған Камал Қармысов көп еңбек сіңірді. Бұл Қазақстанда алғаш құрылған кәсіби ұлттық драма театрларының бірі болды. Мұнда О.Жұмағұлов, К.Қармысов, Ш.Мәрденов, Ж.Өгізбаев, М.Шамова сияқты, кейін танымал өнер тарландары болған актерлар өздерінің шығармашылық жолдарын бастаған. Алайда мұндағы театр өнері көркемөнерпаздық деңгейден аспады. Ол 1934 жылға дейін жұмыс істеді («Облыстық қазақ театрлары». Алматы, 1965 ж.).   Риддер театрының репертуары туралы ешқандай дерек жоқ, бірақ олардың Семей театрымен шығармашылық тығыз байланыста болып, солармен бірлесе отырып, Риддер жұмысшыларына М.Әуезовтің «Қарагөз», А.Тоқмағамбетовтің «Екі заң», Б.Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі», «Майдан» сияқты пьесаларының сахналанғандығын жобалауға болады. Өйткені Шәкен Айманов туралы естеліктерінде Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Елубай Өмірзақов былай деп жазады: «1933 жылы Семейге келген сапарында Ғабит Мүсірепов дарынды жастардың бір тобымен кездесті. Олардың ішінде Шәкен Айманов, Жағда Өгізбаев, Жанысбек Құсманғалиев, Ғаббас Ғалиев, Шәріп Мәрденов, Оразғали Жұмағұлов болды. Ғабит олардың Риддер жұмысшы-жастар театрындағы қойылымын көріп, бәрін Алматы театрына шақырды. Дос ағаларының ақылына құлақ асқан олар сол жылы-ақ бізге келіп қосылды. Ол өнерлі, үлкен істерге бейім топ еді. Театрда көңілді ахуал орнықты. Барлығы театрдың төлесінде тұрып жатты. Ол кезде актерлер пәтер туралы армандамайтын да. Қалыбек екеуіміз олардың шаттыққа толы шаңырақтарына жиі соғатынбыз…».

Негізгі өнерпаздар кетіп қалған соң риддерлік труппа бір жылға жетер-жетпес ғұмыр кешіп, билік тарапынан ешқандай қолдау болмаған соң, 1934 жылы жабылып тынады. Сол труппадан қалған жалғыз актер – Ғабдолла Тохметов Риддерде 1931 жылы ашылған жергілікті қазақ газеті – «Жұмысшыға» тілші болып орналасады. Кезінде қазаққа құшағын ашпаған кеңестік саясат, бертінге дейін жергілікті ұлтқа қақпасы жабық болған Риддер қазақтың мәдениетін қайте қойсын?!..

Сонымен, 1930 жылы Риддер жұмысшы-жастар театрын ұйымдастыруға атақты Камал Қармысов атсалысқан екен. 1931-32 жылдары әнші, композитор, күйші, актер Манарбек Ержанов еңбек еткен екен («Қазақ мәдениеті» энциклопедиялық анықтамалығы, Алматы, 2010 ж.). Кейін Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі атағына ие болған жерлесіміз – Ұлан ауданының тумасы Жағда Өгізбаев сахналық жолын осы Риддерде бастаса, Абай ауданының тумасы Оразғали Жұмағұлов қорғасын заводында жұмысшы бола жүріп, осындағы Риддер жұмысшы-жастар театрының спектакльдеріне қатысады. Ол – Қозы Көрпеш рөлінің тұңғыш орындаушысы…

Тұрақты кәсіби театр болмағандықтан, өскемендіктер 1935 жылы сол кездегі «Одақтық староста» М.Калининге труппа қалыптастыруға көмек көрсету жөнінде өтініш білдіріп хат жазады. Өтініш қабылданып, 1936 жылдың қаңтар айында Өскемен орыс драма театры Н.Гогольдің «Женитьба» спектаклімен алғашқы театрлық маусымын ашады. Облыстық орыс драма театры өздерінің ресми құрылған кезін осы 1936 жылдан бастайды. Осы театрдың жанынан 15 адамнан тұратын қазақ ұлттық драма үйірмесі де ашылады. Бұл үйірме жерлес жазушы Г.Гребенщиковтың оқу оқып, төрелік қызмет атқарған Сұлтанбек деген қазақ жігіті туралы жазылған «Жақсы жігіт» пьесасын сахналағаны туралы деректер бар.  Біздіңше,  бұл өнер ұжымы негізінен концерттік қызметпен айналысып, 1939 жылы Шығыс Қазақстан Семейден бөлініп, жеке облыс болған кезде, Өскемен қалалық орыс театры облыстық дәрежені иеленген соң, мұндағы қазақ ұлттық драма үйірмесі де жұмыстарын тоқтатқан сияқты…

1941-45 жылғы сұрапыл соғыс кездері мен бұрынғы КСРО тарихына «Ұлы Отан соғысынан кейінгі күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіру және оны одан әрі өркендету кезеңі» болып енген 1946-51 жылдары еліміздегі ірі театрлар өмірінде жанкештілік еңбек жылдары болғаны сөзсіз. Өскемен облыстық орыс театрының суық залдарында жеңіске деген сенімді нығайтуға күш-жігер беретін «Орыс адамдары», «Шапқыншылық», «Ленинград қабырғасында» сияқты патриоттық қойылымдар кезінде көрермен қауым толып отыратын.

 

Өскемен қазақтарының рухын маздатқан «Маздақ»

Қай заманда да, кезеңде де өзінің тілін, өнерін жанындай сыйлап, дәріптеген ұлтжанды азаматтар болған ғой. Сондай азаматтардың бірі – қазақы қаймағы бұзылмаған Тарбағатай жерінен Өскеменге жұмыс іздеп келген, кейіннен «Еңбек даңқы» орденінің толық иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген металлургі болған Қайырбек Айжігітов еді. Ол орта мектепті бітірген соң, 1952 жылы Өскеменде құрылған қорғасын-мырыш комбинатының фабрика-завод мектебінде (ФЗО) оқып, металл балқытушы мамандығын алып шығады. Ал бес жылдан соң, 1957 жылы сәулетші Л.Маковеевтің жобасымен салынған Металлургтердің мәдениет үйі ашылып, өз жұмысын бастады. Ауыр жұмыстағы металлургтердің демалыс ордасына айналуға тиіс бұл ғимаратта түрлі-түрлі үйірмелер ашылып жатты. Міне, сол кезде қорғасын заводының жас жұмысшысы Қайырбек Айжігітов өзі сияқты Ахмет Дәуітов, Ерлес, Елемес Сағымбаевтар, Амантай Қамидулин, Ораз Қайдулин, Марат Оралов, Гүлсім Рақымжанова сынды өнерге жақын жастардың басын қосып, драма үйірмесін ашты (облыстық драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ш.Лақаеваның естелік деректері пайдаланылды). 1956 жылы Қазақ политехникалық институтының «Түсті металдар металлургиясы» мамандығы бойынша оқуын бітіріп, комбинаттың агломерация цехына ауысым мастері болып Ахат Күленов келеді. Біраздан соң осында цех бастығы болған білімді, іскер, әр істе де белсенді, тегеурінді жас жігіт ұйымдасып жүрген өнерлі жастарға үлкен қолдау көрсетеді. Шешесінен сәби шағында айырылған Қайырбек пен әкесі «халық жауы» болып, жетімдіктің тауқыметін ерте тартып, Қаскелеңнің балалар үйінде тәрбиеленген Ахат өзара әңгімеден соң жақсы түсінісіп, ортақ тіл тауып, бірі ұйымдастырып, бірі қолдап, үйірме жұмысын жолға қойып, дөңгелентіп әкетеді.

Ол кезде Өскеменде Жамбыл атындағы жалғыз ғана қазақ мектеп-интернаты болды, жалпы қала халқының төрт пайыздан сәл ғана астамы қазақтар болатын (ШҚО статистика басқармасының мұрағаты. Қор-41, тізбе-28, іс-8). Осының барлығы көкейлерінде сайрап тұрған ұлтжанды жастар Өскемендегі ұлттық өнердің болашақта қазақтың рухын көтеріп, жүрегіндегі намыс пен жігерін оятып, шоқтай жандырса екен деген тілекпен өз үйірмелеріне «Маздақ» деген атауды таңдап алды. Марат Ораловтың режиссерлігімен негізгі жұмыстарынан кейін Мәдениет сарайында бас қосатын әуесқой актерлер ең алғашқы қойылымдары – Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» драмасын сахналауға әзірліктерін бастап кетті. СССР халық әртісі Роза Бағланованың Өскеменге келген гастрольдік сапарына орайластырып қойылған бұл спектакльдің шымылдығын да ашқан, «Маздақ» драма үйірмесінің тұсауын да кескен қазақтың күміс көмей әншісі Роза Бағланова еді. Бұл – 1958 жыл болатын.

Одан кейінгі жылдары «Маздақ» үнемі өсу, өркендеу, өрлеу үстінде болды. Үйірменің режиссерлік тізгінін Мәскеудің Щепкин атындағы өнер училищесін бітіріп келген жас маман Төлеухан Бадығанов өз қолына алды. Өнер ұжымы Халық театры атағына ие болды. Өскеменнің қазақтары халық театрын өздері іздеп, оның қойылымдарын асыға күтетіндей дәрежеге жетті. Оның қатарын Жамбыл мектебінің мұғалімдері, оқу іздеп облыс орталығына келген студент жастар толықтырып отырды. «Маздақ» театрының жанынан «Балауса» атты әншілер тобы құрылып, өскемендік қазақтар мен келген қонақтарына рух беріп, түрлі мәдени шараларға атсалысты. Сексенінші жылдары оның құрамында бүгінгі күнгі облыстық қазақ театрының ардагер актерлері, танымал сахна шеберлері болып отырған Майра Арғынбекова, Тұрсынбек Дүзбаев, Гүлбақыт Бақтыбаева, Шолпан Лақаева сынды жастар өнер көрсетті.

Өзі сол кезде құрылыс-жол институтында оқып жүрген, кейіннен Халықаралық Алаш әдеби сыйлығын иеленген танымал жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып еңбек еткен, өмірден ерте озған Талаптан Ахметжан өзінің бір естелігінде былай дейді:

– Металлургтер Мәдениет сарайында «Маздақ» халық театры жұмыс істейді екен дегенді естіп, әдейі іздеп бардым. Қазақтың әнін, күйін сағынып бардым. Әртістерінің барлығы дерлік өзім сияқты өрімдей жастар. Төлеухан деген режиссеріміздің көзі жайнап, от шашып тұрғандай екен, «Қазақтарды ояту керек!» деп бізді қайрай сөйлейді, «Өзгелерге кім екенімізді танытуымыз керек!» деп жігерлендіріп, рухтандырып отырады. Біз Қ.Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астында», М.Әуезовтің «Қарагөз», М.Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» пьесаларын сахнаға шығардық. Қай қойылым болмасын, көрермендер, студенттер залға сыймай кететін. Облыстық газет, телевидение, радио жарыса насихаттап жататын, – дей келіп, сол жылдарын, сондағы ағаларын сағына еске алады. «Бізді сол «Маздақ» өсірді. Сол қара шаңыраққа кірген кезде ғана өзімізді ұлт ретінде сезінетінбіз. Қайырбек Айжігітов, Ахмет Дәуітов, Ерлес Сағымбаев деген металлург ағаларымыз ыстық цехта жұмыс істеп шығып, кешкісін халық театрына келіп ойнайтын. Бір үйдің адамдарындай болып кетіп едік. Олар бізге ақылдарын айтып, реті келгенде, құрдастарындай әзілдесетін. «Қазақтың өнерінің өлгені – өзінің өлгені» дейтін Қайырбек аға. Үшеуі де нағыз кәсіби актер деңгейіне көтерілген өнерпаздар болатын. Әттең, кезінде өнер қууға мүмкіндіктері болмай қалған ғой. Сағынамын сол ағаларды…».

Сол сексенінші жылдары «Маздақ» театрының актерлері Металлургтер Мәдениет сарайының сахнасында Ә.Нұршайықовтың «Махаббат жыры» повесінің желісімен жазылған «Сөнбеген шоқ» спектаклін қойды. Ол Өскемен қазақтары үшін олардың мәдени өмірінде ұзақ уақыт есте қаларлықтай ерекше оқиға болды. Өйткені Алматыдан Әзілхан ағаның өзі, Таврия ауданының Тасөткел ауылынан шығарманың бас кейіпкері, Әзілхан ағаның майдандас досы, екі көзінен бірдей айырылған соғыс ардагері Әділхан Құсайынов өзінің жарымен, ұрпағымен арнайы келіп, осы қойылымды тамашалады.

1983 жылғы 14 қазанда Совет халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің 40 жылдығына арналған көркемөнерпаздар шығармашылығының Бүкілодақтық байқауы жарияланды. Екі жылға созылатын бұл ауқымды байқаудың шымылдығын ашу құрметіне «Еңбек даңқы» орденінің толық иегері, «Маздақ» қазақ халық театрының белсенді актері, Ленин атындағы Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының балқытушысы Қайырбек Айжігітов ие болды. Атақты металлург бұл тұсаукесерде көркемөнердің адамды рухани байытатыны, еңбек адамының жұмысына қарқын қосып, қуаныш сыйлайтындығы жөнінде мазмұнды да мәнді сөз сөйледі.

Сол 1983 жылғы 28 қазанда «Маздақ» қазақ халық театры өзінің құрылуына 25 жыл толуын салтанатты жағдайда атап өтті. 1985 жылғы шілде айының 18-і күні Бүкілодақтық байқаудың қорытындысы шығарылып, Металлургтер Мәдениет үйінің аясында өнер көрсететін «Маздақ» қазақ театры аттестациядан өтіп, өзінің «халық театры» деген атағын абыроймен қорғап шықты. Оған қоса облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Т.Якименко төрағалық еткен Бүкілодақтық байқау өткізу жөніндегі комиссияның шешімімен «Маздақтың» он бес мүшесі байқаудың медальдарымен және Дипломдарымен марапатталды (ШҚМА. Қор-952, тізбе -1, іс-72).

 

Іргетас қалай қаланды?

Бұл әңгімеге кірісер алдында сол кезде облыс әкімінің В.Метте, оның бірінші орынбасары Ә.Бергенов, идеология жөніндегі орынбасары Т.Абайділдин, ал облыстық мәдениет басқармасының бастығы Бағлан Данияров болғандығын айтып өту қажет.

Өскеменді қазақыландыру бағытындағы біраз шаруалардың ішінде облыстық мәдениет басқармасының жас басшысын «Бізде қазақ театры неге жоқ?» деген мәселе қатты мазалайды. Ол белді де беделді адамдардың біразымен сөйлесіп, орынбасарлары арқылы да, реті келгенде, осы мәселені облыс басшысының назарына да жеткізгенімен, ол ешқандай құлық таныта қоймайды. Бағлан Қапайұлы бұл мәселені Ақсақалдар алқасының мүшелері арқылы айтқызып, осы облысқа іссапармен келген Білім, спорт және денсаулық сақтау министрі Қырымбек  Көшербаев арқылы облыс басшысының алдына қазақ театрын ашу мәселесін ресми түрде қойғызады. Сондай-ақ оған ыңғайлы орын ретінде Орталық Мәдениет үйі аталады.

Бағлан Қапайұлы сол бір өліара кезеңді былайша еске алады:

– Содан аз уақыт өткен соң «Тез келсін!» деп Әділғазы Бергенов шақыртты. Барсам, сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты А.Черкашина, Орталық Мәдениет үйінің директоры, тағы біраз белсенділер отыр екен. Сөйтсек, олар тарихи ғимаратты алып қойғалы отыр деп Президент әкімшілігіне хат жолдап, мені Орталық Мәдениет үйіне жолауға болмайтындығын ескерту үшін шақыртыпты. «Ол ғимарат өзінің мәдени бағытын жоғалтпайды, қайта көрермен көп келетін болмай ма?! Алдағы жыл елімізде «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланды, қолдағандарыңыз осы ма?!»  деген менің біраз ашулы уәжіме ешкім құлақ аспады. Сонымен, облыс әкімінің бірінші орынбасары қазақ театрының ашылуына қарсы еместіктерін, бірақ оның ғимаратына басқа қолайлы жер іздеу қажеттігін айтып, шығарып салды.

Содан Бағлан Қапайұлы өзіне бағынышты орыс театрының директоры В.Аленчукті шақырып алып, оларға көп кедергі болмайтындай, шағын ғана қазақ труппасын құрып, екі труппаға да өзінің директор болып, осы театрда бірге жұмыс істеуге көндіреді. Одан соң Т.Абайділдинге кіріп, облыс басшылығының жазбаша ресми рұқсатын алады. «Темірді қызған кезінде соқ» деген ғой, дереу «Маздақ» театрының жетекшісі Төлеухан Бадығановты шақырып, ақылдасып, 2000 жылдың басында актерлерді іріктеу кастингін ұйымдастырады. Бағлан Қапайұлының өзі төраға болып, мүшелігіне Төлеухан Бадығанов, В.Аленчук, Қазақстанның халық әртісі, семейлік актер Б.Имаханов, Семей театрының режиссері Ш.Кәрібаев, журналист А.Қасымов, тағы біраз өнер адамдары енгізілген комиссияның сараптауына облыстың жер-жерінен келген талантты тарландар өз өнерлерін көрсетіп, солардың арасынан он бес адам таңдап алынды. Сол алғашқы кастингтен өткен Қанатбек Ниязбеков, Тұрсынбек Дүзбаев, Гүлбақыт Бақтыбаева, Майра Қаламқызы, Аманжол Хамзин сынды жігіттер мен қыздар – бүгінгі күні осы театрмен бірге жасасып келе жатқан сахна тарландары, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген сахна саңлақтары, ардагер актерлер.

Сол алғашқылар қатарында болған екі-үш актриса біраздан соң өздерінің негізгі кәсібі – мұғалімдік қызметтеріне қайта оралса, Бауыржан Рақымбеков Алматыға, Минутбек Шідеринов бертінірек Германияға қоныс аударды. Оның есесіне, алғашқы бір айдың ішінде Ертай Хасенов, Мадина Исина, Сайраш Қопабаева, Мадина Құмарова, Сырым Маратбек, Сырым Алпысбаев, Қалық Қамит, Жасұлан Серкетаев, Айдын Салбанов, Бейбіт Құсанбаев, Жадыра Әділова сынды жас мамандар театр актерлерінің қатарын толықтырды. Труппа меңгерушісі болып Жазира Шамшиева қызмет етсе, режиссердің көмекшісі болған Сәуле Мұқұшева, костюмер ретінде Алма Қаңтарбаеваның да еңбектері ерен болды.

Сонымен, 2000 жылғы 15 ақпанда шығарылған № 22-л   бұйрық бойынша Шығыс Қазақстан облыстық орыс драма театрының жанынан қазақ труппасы құрылып, оның режиссерлік тізгініне бұған дейін «Маздақ» халық театрына жетекшілік етіп келген Төлеухан Бадығанов ие болады.

Театрдың жаңадан құрылған қазақ труппасы өздерінің алғашқы маусымын Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклімен ашты. Қозының ролін Бауыржан Рақымбеков, Бейбіт Құсанбаев, Баян – Мадина Құмарова, Қодарды – Әскербек Қайырханов, Қарабайды – Тұрсынбек Дүзбаев, Жантықты Аманжол Хамзин асқан шеберлікпен сомдап, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кәдімгідей кәсіби театрдың сахнасында қойылған жаңа труппаның алғашқы қойылымдары шынайы өнерге шөліркеп жүрген қала қазақтары үшін үлкен мерекеге, айтулы оқиғаға айналды. Спектакль кейіпкерлерінің бүкіл киімдерін кәсіпкер, танымал суретші Күләш Ақашеваның «Терме» фирмасы тегін тігіп берсе, жеке кәсіпкер Жанымхан Бадығанов қазақ труппасына автобус сыйлады. Тұрсынғазы Баяқов басқарған ұлт-аспаптар оркестрі, театр артистері келген көрерменге ән мен күйден шашу шашып, құшақ жая қарсы алды.

Семей драма театрының режиссері Шопан Кәрібаевтың жетекшілігімен жас труппа «Желтоқсанның желі» драмасы, сол 2000 жылғы тамыз айында М.Әуезов атындағы академиялық қазақ театрының актері, режиссер, ҚР еңбек сіңірген артисі Төлеубек Аралбаевтың жетекшілігімен Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» шығармасы сахналанып, үлкен аншлагпен өтіп, жас өнер ұжымы біртіндеп тәжірибе жинақтай бастады.

– Мақсатымыз – жаңадан шаңырақ көтерген Өскемендегі қазақ театрына қолдау көрсету. Өзім Алматыдағы эстрада-цирк колледжінде сабақ беремін. Биыл бітіретін бес түлегімді алып келдім, шәкірттерімді осында қалдырып кетсем деймін, – деген еді өзінің берген бір сұхбатында Төлеубек Аралбаев («Дидар» газеті, 22.08. 2000 ж.).

Балалар үшін жас труппа Р.Есдәулеттің (сахналық жобасын жасаған) «Ұр тоқпақ» ертегісін сахналап, О.Бөкейдің «Құлыным менің» драмасын, Г.Бақтыбаеваның режиссерлік етуімен О.Бодықовтың «Ойбай, күйеу керек!» комедиясын ерекше бір құлшыныспен, қуатты жігермен дайындады. Қандай ұжым болсын, жалаң энтузиазммен ұзаққа шаба алмайтындығы белгілі. Облыстық мәдениет басқармасының күшімен жас актерлердің екі-үшеуі жатақханаларға орналастырылды, екі отбасына пәтер берілді. Дегенмен, біраз актерлердің кісі есігінде жүруі, екі бірдей өнер ұжымының қысылып-қымтырылып бір сахнада дайындалуы сияқты қиындықтар театрдың қазақ труппасы мүшелерін қолына қалам алуға мәжбүр етеді. Олар сол кездегі облыс әкімі В.Меттенің атына ашық хат жазып, ең алдымен, алдын ала уәде берілген қазақ театрының жеке ғимараты жайының қалай шешілетіндігін, екіншіден, актерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің жағдайы туралы айтып, 2000 жылғы (ол жыл «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланған екен) 2 қазан күні облыс әкіміне жолдаған екен.

Алайда мұндай қиындықтар жуық арада түзеле қойған жоқ. Театр актерлері пәтер азабын да, сахнаның тарлығын да аз көрген жоқ.

 

Жұлдызды кезең

Дегенмен, театр ұжымын шығармашылық жағынан дүр сілкіндіріп, өнер баспалдағымен биікке өрлеткен жұлдызды кезеңі – бұл театрға Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының режиссура факультетінің түлегі, режиссер, театр және кино актері, ақын, драматург, жанып тұрған жас маман Рүстем Есдәулетовтің алдымен режиссер, кейінірек директор болып келген кездері еді. Рүстем Оразбайұлы еңбек еткен жеті жылдың ішінде, яғни 2002 – 2009 жылдар аралығында сүбелі-сүбелі жиырма бес қойылымды сахналап үлгерді.

Бұл фәниден асығыс, аққан жұлдыздай, небәрі 31 жасында бақиға аттанып кете барған Рүстемнің осы театрға келуін оның туған апайы, мәдениет саласының ардагері, сазгер Бағдат Есдәулетова былай әңгімелейді:

– Облыс әкімінің сол кездегі орынбасарларының бірі театр саласындағы жұмыстарды қатал сынапты. Мен театр директорының орынбасары едім. Сол кездегі мәдениет басқармасының басшысы Түсіпхан Түсіпбеков мені шақырып алып, «Жақсы режиссер тап!» деді. Еңбекақысы мардымсыз жұмысқа білікті мамандар қайдан келе қойсын. «Қазақстан» арнасында жұмысқа тұрып, еңбегі енді танылып келе жатқан бауырымды алғашында мұнда шақырғым келмеді. Содан бір қойылым қойып бер деп шақырдық. Рүстем келді, қазақ театрының үшінші маусымын Ғалым Байбатыровтың «Өңім бе, ойбай, түсім бе?» комедиясымен ашты. Халық көп жиналды, спектакль жақсы шықты. Қойылымды көрген басшылық «Баспана береміз, барлық жағдайыңды жасаймыз, осында қал» деп ұсыныс айтты. Екі айдан кейін ол Өскеменге көшіп келді. Уәде берген басшылар ауысып кетіп, Рүстем көп уақыт баспанасыз жүрді. Қиналған кезде маған келіп, кетемін деп қиғылық салатын. Бірақ өзі жасақтаған ортаны қимайтын… («Рүстемді Өскеменге шақырғаныма өкінемін». «Дидар» газеті, 5.10.2017 ж.).

Сонымен, Рүстем Оразбайұлы Өскемен театрында қалып қойды. Театрдың директоры Владимир Аленчук зейнеткерлікке шығып, ұжым директорлыққа Рүстемді ұсынды. Жастығына қарап, орыс тілінің нашарлығын көлденең тартып, оның кандидатурасына қарсылық білдіргендер де болды. Бірақ өнер әлеміндегі танымал тұлға Асанәлі Әшімовтің ұсыныс-кеңесімен Рүстем директорлыққа тағайындалып, жалындап тұрған талантты режиссер әрі жас директор енді жұмысына бұрынғыдан бетер құлшына кірісіп, театр жұмысын шырқ үйірді…

2003 жылы Орал қаласында өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған ХV республикалық театрлар фестивалінде Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиялық қойылымы көрсетіліп, «Жас театр ұжымының дебюті» номинациясының лауреаты атанды. 2005 жылы Қызылорда қаласында өткен Қ.Жандарбеков пен К.Байсейітовтің 100 жылдығына арналған ХІІІ республикалық театрлар фестивалінде Т.Ахановтың «Әке мен бала» психологиялық драмасы ойналып, «Ең үздік эпизодтық рөл» номинациясын иеленді. 2006 жылы Қырғызстанның Шопан-Ата қаласында өткізілген Орта Азия театрларының халықаралық «АЗЕМИ – 2006» театр фестивалінде қазақ труппасы Ж.Өзубекованың «Толғақ» психологиялық драмасын сахналап, «Ең үздік психологиялық спектакль» номинациясының лауреаты атанды және «Заманауи тақырыпқа ең үздік интерпретация» номинациясына ие болды. 2008 жылы қазақ труппасы Ақтау қаласына шығармашылық іссапармен барып, Н.Жантөриннің 80 жылдығына арналған ХVІ республикалық театрлар фестивалінде Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» драмасын қойып, арнайы ақшалай сыйлықпен марапатталды. 2009 жылы Қарағанды қаласында Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған ХVІІІ республикалық театр фестивалінде талантты жас режиссер Рүстем Есдәулетов ұлы Абай өлеңдерінен өзі сахналық жоба жасап, «Атымды адам қойған соң…» эксперименттік қойылымдарын сахналады. Осы фестивальда бұл қойылым үшінші жүлделі орынға ие болды.

Бұл – өнер аспанында жасындай жарқ ете қалған жас таланттың сахнаға шығарған соңғы туындысы еді. Рүстем Оразбайұлы 2009 жылғы 25 қарашада бұл жарық дүниемен қош айтысып, бақиға аттанып кетті…

– Өзінің көзі тірісінде мәңгілік өмірдің мәні, адамның тазалығы туралы ой қозғайтын, сана сезімі мен жан дүниесі таза адамдар ғана өзінің аңсаған жұмағына жете алатынын дәріптейтін «Атымды адам қойған соң…» қойылымына дайындық үстінде актерлерге «Әй, осы қойылым талай жерге баратын шығар» деп айтып жүреді екен, – дейді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаева, – айтқаны айдай келді, облыстық драма театрының бойтұмарына айналған бұл қойылым содан бері қаншама өнер сайыстарында жүлделі орындарды иеленіп келеді.

2011 жылдың мамыр-маусым айлары кезінде осы қойылым Татарстандағы Қазан қаласында өткен Х халықаралық түркітілдес халықтарының «Науруз» фестивалінде Татарстан Республикасының мәдениет министрі А.Сигабатуллиннің дипломымен және Татарстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. 2012 жылы Түркияның Конья қаласында өткен түркітілдес театрлардың халықаралық фестивалінде осы «Атымды адам қойған соң…» эксперименттік қойылымы «Ең үздік қойылым» болып табылды. Сол жылы Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өткен түркітілдес театрлардың халықаралық фестиалінде «Ұлттық классиканың бірегей және көркем шешімі» номинациясының лауреаты атанды.

 

Жаңа ғимарат

      «Өскеменім, қашан сенен қазақы от көремін?!..» деп жырлап өткен  ұлтжанды ақын, дарынды режиссер Рүстем Есдәулетовтің басты арманының бірі – Өскеменде қазақ театрын салдырту еді. Алматының танымал сәулетшілерімен тығыз байланыс жасап, болашақ театр ғимаратының макет-нобайын жасауға да атсалысқан арда азамат өзінің арманының орындалғанын көре алмады. Жаңа театр ғимаратының құрылысы 2011 жылғы жазда ғана қолға алынды. Құны үш миллиард теңге тұратын бұл ғимаратты алматылық мердігер компания 25 айда бітіруі керек болатын. Алайда жобаға енгізілген елеулі өзгерістерге және қаржының жетпей қалуы сияқты біраз кедергілерге байланысты театр құрылысы төрт жылға созылып, 2015 жылғы 7 сәуірде ғана іске қосылды. Өнер ордасының ашылу салтанатына сол кездегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Жаңа ғимаратқа көшудің өзі үлкен дау-дамаймен өткізілді.

– 2000 жылы драма театрының жанынан қазақ труппасы құрылған кезде облыс басшылығы «Қазақ труппасы үшін жеке қазақ театрының ғимаратын саламыз, ал орыс труппасы бұрынғы ескі ғимаратта қалады» деп уәде берген, – деген еді театрдың бас режиссері Андрей Воронин, – бұған дейін 15 жыл бойы бір сахнаны бөліп келген едік, енді әрқайсысының өз репертуары, өз драматургиясы бар, репетициялары, спектакльдерінің кестелері бар екі ұжымды тағы да бірге көшіріп, бір сахнаға телміртіп қоятын болды…

– Қалыптасып қалған, шығармашылық өсу үстіндегі ұжымға жеке сахнаның болғаны дұрыс. Ұжымымыз негізінен жас актерлер, талантты жас режиссерлерден құралған. Соны декорациялар жасап, жаңа ұлттық дәстүрлерді енгізе отырып, үлкен сахнаны солар игермегенде кім игереді?! Екі ұжымның бір сахнада жұмыс істеуі – бүкіл шығармашылық процеске тежеу, кедергі жасайды, – деген еді театрдың сол кездегі директоры Сахан Әкелеев.

Дегенмен, өнер ұжымдарының екеуі де жаңа театрға көшіріліп, бүгінгі күні театр сахнасын қазақ, орыс, жастар театры сияқты үш бірдей ұжым бөлісіп, еңбек етіп келеді.

Осы уақытқа дейін шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – жаңа театрдың атауы. Рүстемнің өнеріне өзі де тәнті болған, алғаш іргетасы қалана бастағаннан тікелей өзі қадағалауында ұстаған, «осы театрға Рүстем Есдәулетовтің есімін беруіміз керек» деп уәде еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 2014 жылғы қарашада ауысып кетті  де, бұл мәселе ашық күйінде қалып келеді. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар дәл осы мәселе бойынша тиісті жұмыстардың атқарылып жатқандығын айтуына қарағанда, он жылдан бергі әңгіменің арқауы болып келе жатқан түйінді шаруаның оңынан шешілетін кезі де алыс емес болар деп үміт етеміз.

Рүстем Есдәулетовтен кейін театр тізгінін мемлекеттік көркемсурет институтының кино және драма актері мамандығын, Құрманғазы атындағы консерваторияның концерттік опера әншісі және дәріскер мамандығын бітірген, мәдениет саласының майталманы Сахан Әкелеев ұстады. Одан соң біраз уақыт Руслан Қайырсынов басшылық жасады. Жаңа театр ғимаратының ашылу қарсаңынан, яғни 2014 жылғы желтоқсаннан бері театрға Семей музыка колледжін, Т.Жүргенов атындағы өнер институтын бітіріп, Аймауытов атындағы Павлодар облыстық драма театрында актерліктен театр директорының орынбасарлығына дейінгі жолдан өткен Дінмұхамет Ұябай басшылық жасап келеді. Қазақ труппасының көркемдік жетекшісі – Сахан Әкелеев, Жастар театрының көркемдік жетекшісі – Т.Жүргенов атындағы өнер институтының түлегі Едіге Қайыртаев.

Театрда 500 және 130 орындық екі көрермендер залы, бірнеше репетициялық, музыкалық, балет, тренажер залдары, грим бөлмелері бар. Театрға қажетті жарық және музыка бөлімдеріне арналған арнайы құрал-жабдықтармен жарақталған, дыбыс жазу студиясы бар.

Өнер ордасы биыл өзінің 20-маусымын ашты. Театр қоржынында бүгінгі күні Д.Исабековтің «Мұрагерлер», Д.Рамазанның «Кенесары-Күнімжан», «Керей-Жәнібек», Т.Ахметжанның «Қараторғай», Б.Рамазанның «Шырмауық», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Ұ.Есдәулетовтің «Қара пима», Б.Ұзақовтың «Жан дауа», М.Әуезовтің «Қанды азу» сияқты жиыны 23 қойылым, балаларға арналған сегіз спектакль бар, биыл тағы да 3-4 спектакль қосылмақ.

– Әрине, спектакльдердің барлығы бірдей қойыла бермейді, оның ішінде арнайы бір даталар кезінде қойылатындары, сәтсіз шығып, көрермендер көңілінен шықпай жататындары, керісінше, аншлагпен өтетіндері болып жатады. Мәселен, биылғы маусымдағы М.Әуезовтің «Қанды азу», Қ.Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» комедиясы мен театр актері Е.Мәсәлім сахналық жобасын жасаған, балаларға арналған «Жеті лақ, қасқыр және…» ертегісін көрермендер үлкен ықыласпен қабылдады, – дейді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ш. Лақаева.

Әрине, қиыншылықтар мен проблемалар, кез келген ұжымдағыдай, мұнда да аз емес. Бірақ мақаланың мақсаты театрдың тарихын зерделеу болғандықтан, ол жағына тоқталуды артық санадық. Бүгінгі күні өскемендік өнерсүйер қауымның рухани қазынасын байыта түсер сүйікті бір мекеніне айналып отырған театр ұжымы өздерінің күнделікті тіршілігіне қоса әлемдік деңгейде тойланатын ұлы Абайдың 175 жылдық мерекесіне де қызу дайындық үстінде.

Оған тартулары – К.Жұмабековтің «Замана, неткен тар едің», Абайдың «Атымды адам қойған соң…» спектакльдері, С.Акелеевтің режиссерлік етуімен «Мен бір жұмбақ адаммын…» театрландырылған композициясын, М.Әуезовтің «Жас Абай» қойылымын көпшілік назарына ұсынбақ.

Айтмұхамбет Қасымов,

Қазақстанның Құрметті журналисі, филология ғылымдарының кандидаты

Осы айдарда

Back to top button