Өзекті

Шығыста тағы бір аспалы көпір пайда болды

Семейде жапондар салған аспалы көпір бар. Үржар ауданының Көктал ауылында қазақтар салған аспалы көпір бар. Екіншісі пайдалануға бір ай бұрын ғана берілді.

 

«Шопандар еңбектеп өтетін»

 

– Иә, ауылымыздағы көпір Семейдегі көпірдің 10 есе кішірейтілген нұсқасы. Әуелі жобасын қағазға сызғанбыз. Сосын макетін жасағанбыз. Макетін жасағанда парақтағы жобаның қателіктерін дұрыстап, жетілдіретін жерлерін жетілдірдік, – деді Ахат Рақышев.

Ауыл әкімі Нұрым Садуақасовтың айтуынша, жоба авторы – Ахат. Ал Ахат Рақышевтің өзінің айтуынша, жоба авторы – халық.

– Мен жалғыз салған жоқпын. 1973 пен 1983 жылғы азаматтар, яғни мектеп бітіргеніне 20, 30 жыл болған түлектердің қаражат жинап, ауылға тартқан сыйы. Қосымша ауыл жастары мен жан-жақтағы кәсіпкерлер де көмектесті, – деді Ахат Рақышев. Ол өзі де мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектердің қатарында.

Семейдегі аспалы көпір мәшинелерге арналған. Көкталдағы аспалы көпір жаяу жүргіншілерге арналған. Ат, белесебет, мотоциклмен де өтуге болады. Көпірдің жалпы ұзындығы 130 метр. Биіктігі – 10, ені – 1,4 метр. Өзен үстінен биіктігі үш метр.

– Ең алғаш көпірді мотоциклмен өтіп сынап көрдік, – деді Ахат Рақышев.

Семейдегі көпірде адам жұмысқа барар-қайтар уақытта кептеліс болады. Көкталдағы көпірде мал өріске шығар-қайтар мезгілде кептеліс болады.

– Қатынсу деген өзен бар. Алакөлге құятын негізгі судың бірі. Көктемде атты кісіге өткел бермейді. Өзеннің түбі құмды, лайлы ұйық болып жатады. Анау-мынау көлік өте алмайды. Су тартылды-ау деген жаздың өзінде мал түгендеуге, шабындықты шөмелелеуге деген секілді жұмыстарға ауыл халқы бара алмай қалады. Алакөл жақын ғой, 10-15 шақырым ғана. Балықшылар күзгі суықта суды кешіп өтіп жүретін. Күніне екі рет – бару-қайту. Иә, түсінген адамға көпірдің маңызы өте зор, – деді Ахат Рақышев.

Көкталдықтар «көпір болса ғо-о-ой» деп бұрыннан армандап келген.

– Кезінде сайтан көпір деген көпір болған. Колхоз уақытында. Екі жағалауға тарта салған ғой жай ғана. Ені – 80-ақ сантиметр. Ортасы салбырап тұратын. Ортасына жеткенде суға тиіп қалатын. Шопандар, амал жоқ, еңбектеп өтіп жүретін. Сөйтіп жүріп, бір көктемде тасқын кезінде көпір мұзға тіреліп, ақыры құлап қалды, – деді Ахат Рақышев.

 

«Әжетхананы да 15 миллионға салады»

 

Көктал Ахат Рақышевтың суреттеуінде, біраз нәрсе істеліп жатқан, дегенмен әлі көп нәрсені қажет ететін шекарадағы қарапайым қазақ ауылы. Үржар ауданына қарайды. Бұрынғы Мақаншы ауданының жерінде орналасқан, 150-дей үй тұрады. Халқы, шамамен, 700-800-дей. Ауылда клуб, әкімшілік, мешіт, 200 орындық дәмхана бар және жаңа мектеп салынған. Ауызсу тартылып болып қалды.

Ауылда телефон байланысы жоқ. Бірақ уайфай тартылған. Біз кейіпкерімізбен «уатсап» желісі арқылы сұхбаттастық.

– Ауылда жастарға жағдай жоқ. Өздері бірігіп футбол алаңын қоршап қойған. Әкімдік жасанды газон береміз деген. Бермеді. Жастар шаңды бұрқыратып доп ойнап жүр, – деп жазады Ахат Рақышев.

Біз шеберден ауылға тағы не істегісі келетінін сұрадық.

– Ауыл ішіндегі және ауданға баратын жолды асфальттаса, тым болмаса тегістеп, тас төсесе деп ойлаймыз. Интернет мұнара орнатылғанын қалаймыз. Жел соққанда ауыл аппақ шаңнан көрінбейді. Мектепке жеткенше балағың шаң болады. Ал жаңбыр жауғанда езіліп, балшық болады. Оқушылардың аяқ киімінен түк қалмайды, – дейді ол. Ахат Рақышев – мектепте графика және жобалау пәнінен мұғалім.

Оның ойынша, ауылдың болашағы бар. Тек…

– Ауылдың болашағы бар. Тек өркениетті жеткізу керек. Шекаралық аймақты көркейту керек. Халықты ұстап тұру керек, – дейді ол.

Ахат осының бәрін өзі-ақ істегісі келеді. Бірақ жұмыстың оңайы жоқ. Айтқанға оңай көрінгенімен, аспалы көпірді салуда көп қиындық болған.

– Қағазға сызуын сыздық, макетін жасауын жасадық. Ең қиыны өлшемдерді үлкен объемда дұрыс шығару болды. Бізде кран, экскаватор, бульдозер, миксер секілді техникалар жоқ. Адамдардың қолымен, ауылда бар тракторлардың көмегімен тұрғыздық. Негізгі қолданылған материал – жуан труба, темір тіреулер, болат арқандар, – деді мұғалім.

Көкталдықтар көпірдің құрылысын бір жылда бітірген.

– Көпір саламыз дегенде ешкім сенген жоқ. Колхоз кезінде салынбаған дүниені сендер қайтіп саласыңдар деген әңгімелер айтылды ел ішінде, – деп күлді Ахат Рақышев.

– Басында оңай сияқты болған. Кейін көрдік қой көресіні. Тіпті орта жолда «осыны тастап кетейік пе» деген жаман ойлар да иектеді. Бірақ бастаған соң тастаған ыңғайсыз ғой. Ерінбей-жалықпай бір жылда бітіріп шықтық, – деді тағы бір ауыл азаматы Айдын Есболов.

Көпірге 10 миллионның қаражаты жұмсалған.

–Дархан  Есболов деген азамат Көкталдың тумасы. Қазір Ақтоғайда кәсіпкер. Көпірге қажет бүкіл тақтайды алып жеткізіп берді. Дәулет деген кәсіпкер – осы ауылдың күйеу баласы. Семейден жеке жүк көлігімен қажетті материалдарды тегін жеткізіп берген. Мейірман деген азамат қажетті болат арқандарды арзан бағада тауып беріп, көп көмек жасады. Шамамен, 10 миллионнан астам қаражаттың құрал-жабдығы пайдаланылды. Одан көп болуы да мүмкін. Жоғарыдағы азаматтар соның жартысын көтеріп алды ғой. Біздің елде қарапайым аялдама немесе әжетхананы да 15 миллионға салады емес пе, – деді Ахат Рақышев.

 

«Халық істеп жатқанда қарап тұрды ма?»

 

Байланысы нашар ауылдың жағымды жаңалығын бірінші болып Фейсбукте Сайра Нүсіпбаева есімді желі қолданушысы хабарлады.

«Үржар ауданы Көктал ауылының тұрғындары жергілікті биліктен қайыр болмаған соң, өз күштерімен жаяу жүргіншілер мен мотоциклшілер үшін Қатынсу өзенінің үстінен көпір салып алған. Жобасын Семейдегі көпірге ұқсатып ауылдағы қарапайым ұстаз жасапты. Мен жүктеген суреттерді ауылдағы ағайын жолдады», – деп жазды ол.

Біз ең бірінші ауыл әкімі Нұрым Садуақасовқа хабарласып, «Бұл халық өзі салған көпір ме?» деп сұрағанбыз.

– Халық өзі салғанда, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ұйымдастырылды ғой. Бітіргеніне 20, 30 жыл болған түлектер ақша жинады. Жетпегенін халық пен жан-жақта жүрген ауыл азаматтары қосты. Жалпы Қатынсу өзені бірталай терең. Аттың бойынан келеді. Жолдан тұмалар қосылады. Күз-көктемде өткел бермейді. Қабыршық мұз қатқанда арғы беттен мал қарау үшін көпір керек болған, – деді Нұрым Садуақасов.

Сайра Нүсіпбаеваның жазбасына пікір қалдырғандардың ішінде Ғибрат Азубаевтың жазғаны көптің көңілінен шыққан сияқты. Лайк көп басылды.

«Біраз уақыттан кейін Үкіметтің керегі жоқ болатын сияқты ғой. Коронавируспен халық өзі күресті. Көпірді өзі салады. Сонда олар не істейді?» – деп жазды Ғибрат Азубаев.

Арада үш-төрт күн өткенде «Қазақстан» арнасы «Ауыл тұрғындары өз күштерімен аспалы көпір салып алды» деп телеарнадан ұсынды.

Бұл жаңалықты Мақаншы өңірінен шыққан танымал журналист, спорт комментаторы Амангелді Сейітхан да естігенін айтып, жерлестерін құттықтады.

– Көпірдің зардабын тартып отырған халыққа көмектескен азаматтар жарады. Видеосын әлеуметтік желіден көріп қуанып қалдым. Жобасын қарапайым мұғалім жасаған екен. Қандай керемет. Бұған қатысты пікір білдіріп жатқан адамдардың өкпесі орынды, әрине. Мұндай күрделі әлеуметтік мәселені Үкімет өзі шешіп беруі керек. Дегенмен ауылдан түлеп ұшқан ұл-қыздардың туған жерге қызмет етсек деген ниеті үлкен алғысқа лайық, – деді Амангелді Сейітхан.

– Біз жергілікті биліктен ештеңе сұраған жоқпыз. Олар бізге керемет көмек көрсеткен жоқ. Ауыл әкімі біраз кеңес айтып, өз қалтасынан ел қосқандай ақша қосты. Фейсбукте бұл жұмыс халық талқысына түсті. Ал бұған қатысты өз ауылымыздың тұрғындарының пікірі де әрқалай. 50 де 50 десек болады, – деді Ахат Рақышев.

Заңгер Алексей Божков та Көкталдағы көпірге қатысты маман ретінде пікір білдірді.

– Көкталдағы жаңалық мен үшін күлкілі әрі ауыр болды. Конституцияда адамдардың құқығы мен міндеті айқын жазылып тұр емес пе. Оның үстіне жуықта ғана бұл нәрсе әлеуметтік желілер мен жауапты адамдардың халық алдында сөйлеген сөзінде айтылды. Сонда не болды? Адамдар өзі салық төлеп, онымен қоймай көпірді де өзі сала ма? Осыны халық істеп жатқанда, мемлекет қарап тұрды ма? Халық салық төлегені үшін сол көпірді салып беруді сұрауға, тіпті талап етуге тиіс. Бұл жерде көпірдің қауіпсіздігі де мені мазалап тұр. Арнайы жоба жасалып, көпірге түсетін салмақ мөлшері есептелуі керек қой. Ал сынақ неге жасалмайды? Сонымен қоса, көпір бір мекеменің балансында болуы керек. Ертең қандай да бір жағдай болса, кім жауапты? – деді заңгер Алексей Божков.

Біз ауыл әкімімен байланыс нашарлығынан қайта хабарласа алмадық. Аудан әкімдігіне шықтық. Олардың бізге берген жауабына сүйенсек, көпір әлі пайдалануға берілмеген деп саналады. Алдағы уақытта ауыл әкімдігінің балансына алынады.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button