Денсаулық сақтау

Шығыста коронавирустың бірден 4 жағдайы тіркелді

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, індет жұқтырғандардың барлығы да сырттан келген.
Айта кетсек, 1991, 1957, 1992 және 2012 жылғы тұлғаларда ПТР диагностикалық зерттеуі COVID-19 вирусын растады.
Мәселен, 1957 жылғы зейнеткер мемлекеттік шекарадан Уба автоөткелі арқылы өтіп, шетелден келген азамат ретінде тексерілді. Ер адам Новосибирск қаласынан Өскемен қаласына тұрғылықты мекен-жайына бет алған. Ал 1991 жылғы ер адам мемлекеттік шекараны Ауыл автоөткелі арқылы кесіп өтіп, шетелден келген азамат ретінде тексерілген. Науқас Горняк қаласынан Семей қаласына тұрғылықты мекен-жайына келген.
Келесі 1992 жылғы әйел адам 2012 жылғы қыз баласымен мемлекеттік шекарадан Ауыл автоөткелі арқылы өтіп, шетелден келушілер ретінде тексерілді. Олар Владивосток қаласынан Алматы облысы, Үштөбе қаласына тұрғылықты жерлеріне бағыт алған. Барлық науқастар тексеру орны бойынша Шемонайха ауданында карантинге жатқызылды.
Алдын ала жүргізілген эпидемиологиялық тергеу бойынша 3 жақын байланыстағы тұлғасы бар 1 ошақ анықталды. Эпидемиологиялық тергеу және эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда.
Еске салайық, осы уақытта ШҚО-да 66 жағдай тіркеліп отыр. Облыс тұрғындарын әсіресе, сырттан келген тұрғындар мен жолаушылардың індетті қоса ала келуі қатты алаңдатып отырған жайы бар. Облыста індет жұқтырғандардың басым дені Семей аймағында тіркелуі де тұрғындарға карантин талаптарын әлі де болса қатаң сақтау керектігін ескертіп жатқандай.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button