Шығыс жұртының Елбасына деген қошемет-құрметі ерекше
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құт дарыған ұлан-байтақ Ұлы даласы мен туған халқын ешқашан бөліп-жармаса да, оның Шығыс Қазақстанға, өңірімізге деген қамқорлығы мен қолдауы, ниеті мен көңілі, тіпті талап-тілегі де ерекше бөлек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығысымызды Қазақстан тәжіндегі інжу-маржанға теңеген болатын. Бұл өңірде Тұңғыш Президенттің ізі қалған жерлер жетерлік.
Елбасымыз Төр Алтайға келген әрбір сапарында іргелі де игі істердің көшін бастап кетеді. Даналықты ой қазанында қорыта білетін қара ормандай халқы Елбасының жүрекжарды сөзіне ұйып, береке-бірліктің, татулықтың үздік үлгісін танытып, Тұңғыш Президенттің үкілі үмітін ақтауға тырысып келеді. Елбасы мен елі арасында қалыптасқан осынау бір сыйластық, өзара сенімге негізделген берік байланыс бүгінгі таңда сарабдал саясатқа ұласып, тұрақтылық тағанын мықтап бекіткенін әрбір азамат түсінеді.
Достық үйінің лентасын қиды
Сонау 1990 жылғы Зайсан зілзаласы әлі де болсын көпшіліктің есінен кеткен емес. Табиғат апаты сол өлкедегі біраз елді мекеннің үй-жайларын қиратып, бүлдіріп тастаған болатын. Сол бір қиын-қыстау кезде Елбасымыз дереу Зайсанға арнайы келіп, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асты. Апаттың барлық шығынын бағамдап, жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету шараларын жеке өз бақылауына алды. Елбасының сол бір сапарын Шығыс жұрты ұмытқан жоқ. Мемлекет тарапынан өңір халқына жан-жақты материалдық-техникалық көмек көрсетілді, үйсіз-күйсіз қалған жанұялар баспанамен қамтылды. Елбасының зайсандықтарға білдірген адамгершілік жанашырлығы мен азаматтық қамқорлығы алаң көңілде жүрген халықтың жанын жылытып, сенімін нығайтқан еді.
Сол бір жылдары Елбасының Марқакөл өңірінде өткен облыстық халықтық спорт ойындарына да келіп қатысып қайтқаны бар. Бұл жайт осы табиғаты көркем өңір тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болып қалды. Иә, Нұрсұлтан Назарбаев спортқа жіті көңіл бөледі. Елбасы спортшылардың жетістігіне сүйсініп, олардың жеңістері арқылы Қазақстанның дүние жүзіне аты шығып жатқанына айрықша қуанады.
Қазақстандағы ең алғашқы Достық үйі 1992 жылы Өскеменде ашылған еді. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсімге қатысып, Достық үйінің лентасын қиған. Содан бері Достық үйінде ұлтаралық келісім арта түсіп, салт-дәстүр, халықтар мәдениеті дамыды. Ең бастысы, әрбір ұлт өкілінің бойында қазақстандық патриотизм тереңдей түсті. Ұлт Көшбасшысының келуі шығысқазақстандықтар үшін үлкен мереке болды. Ол Тұңғыш Президент этносаралық татулықты сақтауға үлес қосқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Абай елін назардан тыс қалдырған емес
Елбасы жыл сайын аймағымызға ат басын бұрғанда, ешқашан Семей қаласын елеусіз қалдырмайды. Жалпы, Абай елін Тұңғыш Президент бір сәт те назардан тыс қалдырған емес. Үнемi қамқорлығын Семейден аямайтын Елбасы оны өзi де жасырмайды. «Семейдің болашағы, Семейдің дамуы әруақытта менің бақылауымда» – деген болатын Семей жұртшылығымен кездесіп тұрып.
1995 жылы қазақ елі ұлы ақыны Абайдың 150 жылдық мерейтойын әлемдік деңгейде, дәлірек айтсақ, ЮНЕСКО шеңберінде дүркіретіп атап өткені белгілі. Дүниенің түкпір-түкпірінен қадірменді қонақтар ат басын бұрған сол ұлан-асыр тойдың бастамашысы Тұңғыш Президенттің өзі болған еді. Экономикалық ахуалдың күрделіленіп, әлеуметтік жағдайдың тығырыққа тірелгеніне қарамастан, Елбасы қазақ рухы үшін бар күш-жігерін жұмсап, Абай тойының адамзат тойына айналуына өлшеусіз еңбек сіңірді.
2007 жылдың маусымында Нұрсұлтан Назарбаев Семейге іссапарымен келіп, өз бастамасымен қала атының орысша транскрипциясын «Семей» деп өзгерту туралы ұсыныс айтқаны, қала депутаттарының бұл бастаманы бірден қолдап әкеткені де – көпшілік есінде қалған тарихи оқиғалардың бірі.
Жалпы, жер-су атауларын өзгертуге қатысты батыл қадамды Елбасы 2002 жылы Риддер қаласында да жасаған еді. Сол жолы кеншілер қаласында Еуразиялық медиа-форум өткен болатын. Тұңғыш Президент форумды өткізуге тектен-тек Риддер қаласын таңдап алмаған еді. Халықаралық бұл шара табиғаты тамылжыған Алтайдың туристік әлеуетін әлемге паш етуге мүмкіндік берді. Сол іс-шараның құрметті қонағы болған Елбасы өз сапарында Лениногор аталған шағын қаланың атауын өзгертіп кетті. Қалаға өзінің бұрынғы Риддер атауы қайтарылды.
Ал 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өлімнен де күшті» монументі орнатылған алаңда өткен полигон жабылуының 20 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысқаны тағы бір тарихи оқиғамен есте қалды. Аталмыш митингте Елбасы әлем назарын аударарлық ой айтты. 29 тамызды ядролық қарудан бас тартудың Бүкіләлемдік күні деп жариялауды ұсынды. Артынан бұл бастаманы БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдап, арнайы қарар қабылдады. «Әлем жұртшылығы кезінде Семей өңірін полигон алаңы ретінде білді. Шын мәнінде Семей – Абай мен Шәкәрім сияқты даналарымыздың туған жері! Семей – қазақ білімі мен ғылымының, әдебиеті мен өнерінің ордасы!» деді Елбасы сонда. Иә, Семей полигонын жабуда және елдің ядролық қарудан бас тартуы жөніндегі тарихи шешімді қабылдауда Тұңғыш Президенттің рөлі айрықша екені даусыз.
Халқының қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп келеді
2010 жылғы Елбасының кезекті аймағымызға сапары да айрықша оқиғамен тарихта қалды. Бұл жолы Елбасы Ресей Федерациясының сол кездегі Президенті Дмитрий Медведевпен бірге Өскеменде өткен шекаралас өңірдегі экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға арналған 7-ші халықаралық форумның жұмысына қатысты. Бұл ауқымды іс-шарада екі ел арасындағы маңызды құжаттарға қол қойылды. Осылайша, тұңғыш рет Ресей сынды алып державаның Мемлекет басшысы біздің өңірге табан тіреді.
Тағы бір атап өтерлік жайт, сол жылы қыс Шығыс аймағы үшін тым қатал болған-ды. Қақаған аяз бен ақ түтек боран кезек-кезек алмасып, жұртты әбден титықтатты. Бұрын-соңды болып көрмеген қалың қар жауды аумаққа. Сол қасат қардың көбесі жазғытұрым жылдам сөгіліп, бірқатар елді мекенді су басты. Дәл осы сәтте Ақордада Елбасы облыстағы тасқынның салдарын жою мәселесін талқылаған шұғыл кеңес өткізіп жатқан еді.
– Мен облыстағы ірі компаниялардың бәрі де өз жерлестеріне барынша көмек береді деп сенемін. Зардап шеккен өңірге көршілес жатқан Павлодар және Қарағанды облыстары, сондай-ақ өзге облыстар да қолдау көрсетеді. Адамдар мемлекет өз азаматтарын қиын жағдайда көмексіз қалдырмайтынын білулері тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының тікелей тапсырмасымен Үкіметтен қажетті қаражат бөлініп, аймақта апаттың алдын алу шаралары атқарылды, осы дер кезінде қолға алынған жұмыстардың арқасында Шығыс өңірі су тасқынынан аман қалып, ең бастысы, адам шығынына жол берілмеді. Тасқын су астында қалып, толығымен бүлінген Көкжыра мен Жәнтікей ауылдары бір жазда қалпына келтірілді. Айтпағымыз, қоныстойға Елбасының өзі келіп, жұртшылықты жаңа баспаналарымен құттықтап, ақ батасын беріп қайтқан болатын.
Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылының тұрғындары 2011 жылғы Наурыз мейрамын әлі күнге дейін еске алып жүреді. Сол мерекелі күні Елбасы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында салынған жаңа ауылда болып, қоныстой иелерін құттықтаған еді. Қандастарымыз тарихи отандарына қайтып оралғанына бақытты екендігін айтып, Елбасына көрсетіп жатқан қамқорлығы үшін алғыс білдірген.
Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын
Біз арыға бармай-ақ, соңғы үш-төрт жылдың көлеміндегі Елбасының Шығысқа жасаған сапарларын еске түсіріп, ой елегінен өткізіп көрелікші. 2017 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Өскемен қаласындағы «Нұрлы жол» саябағының ашылу салтанатына қатысып, бұл жерде өңірдегі Шілікті, Берел қорғандары мен Аблайкит ғибадатханасынан табылған жәдігерлермен және аймақта бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолға алынған жобалармен танысты, облыстың қоғамдық ұйым өкілдерімен жүздесті.
Бес гектар аумақты алатын жаңа «Нұрлы жол» саябағы бос жатқан жерде бой көтерген. Жаңа саябаққа «Нұрлы жол» атауы тегін берілген емес. Бұл – еліміздің кемел келешегінің символы.
– Мұндай демалыс орнын тамашалаудың өзі бір ғанибет. Бұл саябақ Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығады деп ойлаймын. Өндірісті шаһарда тағы да бір жасыл желекпен көмкерілген орынның пайда болғаны қуантады, – деп еді саябақ ішін аралап көрген Тұңғыш Президент.
Президенттің назарына, сондай-ақ археологиялық көрме ұсынылды. Онда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қолға алынған «Шығыс Қазақстанның көне мұрасы» жобасы аясында Зайсан ауданындағы Шілікті қорғанында, Катонқарағайдағы Берел алқабында, Ұлан ауданының Аблайкит ғибадатханасында жүргізілген қазба жұмыстарынан табылған екі мыңнан аса жәдігер қойылды. Елбасы атқарылған жұмысқа жоғары баға беріп, Алтайдың бүкіл түркі өркениетінің орталығы екенін, осы бағытта кешенді зерттеу, насихаттау жұмыстарын қолға алуды баса айтты.
– Бұл өлке – еліміз үшін аса маңызды. Мен жалпы Шығыс Қазақстанды ерекше жақсы көремін! Бұл – ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың елі. Өндірісті өңір, индустриалды өлке. Еліміздегі индустрия, түсті және қара металлургия, химия, ауыл шаруашылығы, машина жасау салаларының негізі осында. Мұнда бәрі де бар! Түсті металдарды, уранды өңдеу ісі дамыған. Облыс өсіп-өркендеп келеді. Даму қарқыны қуантады. Жергілікті бюджет қаржысының 53 проценті әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалады, жыл сайын медицинаға, білім саласына кететін шығындар ұлғаюда. Балабақшамен қамтылу 99 пайызды құрайды, бұл – еліміздегі үздік көрсеткіш! – деген еді саябақ ішінде қалалықтармен әңгімелескен Елбасы.
Тұрғындармен сұхбаттасу барысында Тұңғыш Президент облыс басшысы Даниал Ахметовтің тындырымды ісі мен ұйымдастырушылық қабілетіне, қайраткерлігіне жоғары баға беріп кетті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегені болар.
2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлан ауданындағы балық өсірумен шұғылданатын «Ost Fish» кәсіпорнының жұмысымен танысып, «Силумин-Восток» серіктестігі өндірістік кешенінің ұжымымен кездескен еді, сонымен қатар Өскемен қалалық №1 ауруханаға ат басын бұрып, дәрігерлердің еңбек жағдайын біліп, мекеменің жарақтануын көрген болатын. Байқап отырғандарыңыздай, әр саланы қамтыған қауырт жұмыс кестесі.
Былтыр жыл басында Тұңғыш Президент облыс әкімі Даниал Ахметовті қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есебін тыңдады. Нұрсұлтан Назарбаев облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың маңыздылығын атап өтіп, аймақтағы бірқатар экономикалық көрсеткіштердің жақсарып келе жатқанын айтты. Сол жолы Тұңғыш Президент «Рухани жаңғыру» және облыстың туристік әлеуетін дамыту бағдарламаларын сапалы іске асыру қажеттігіне баса назар аударып, бірқатар нақты тапсырма берді. Елбасы әркез Шығыстың тыныс-тіршілігін бақылауда ұстап отырады.
Даниал Ахметовтің айтуынша, Шығыс Қазақстан – Елбасы үшін ерекше өлке. Бір кездері Нұрсұлтан Назарбаев оны Қазақстанның тәжіндегі інжу-маржан деп атаған еді. Шығыста Елбасының жеке қатысуымен көп нәрсе байланысты. Шығыс Қазақстан – бұл Тұңғыш Президенттің барша батыл идеялары бастау алған және сәтті іске асқан ерекше өңір.
Қандай құрмет көрсетсек те лайық!
Былтыр Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының қарсаңы ел тарихындағы маңызды әрі өзгерісті күндер болды. Елді отыз жылдай басқарып келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатты, десек те оның Тұңғыш Президент – Елбасы, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және «Nur Otan» партиясының төрағасы дәрежелері сақталады, осылайша, ол мемлекет тұрақтылығының кепілі болып қала бермек.
Еліміздің жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беру рәсімінде елорда атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертуді ұсынды. «Біздің астанамыз Тұңғыш Президенттің атымен «Нұр-Сұлтан» деп аталуы керек» деді ол. Сондай-ақ барлық облыс орталықтарындағы басты көшелерге Тұңғыш Президент есімін беру керектігін мәлім етті.
Шығысқазақстандықтар еліміздің бас қаласының Нұр-Сұлтан болып өзгеруін алғашқылардың бірі болып қызу құптады. Облыстың жер-жерінде, кәсіпорындар мен мекемелерде қолдау іс-шаралары өтті.
– Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Ол – жаңа Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаған Ұлы тұлға, сарабдал саясаткер, байыпты реформатор, парасатты стратег, еуразиялық кеңістіктегі ынтымақтастық үдерістердің бастамашысы. Отыз жыл ішінде Елбасының тікелей бастамасымен аса ауқымды әрі тағдыршешті істер жүзеге асты. Көпжылдық қызметі барысында Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді қуатты, тәуелсіз, іргелі, мықты мемлекетке айналдырды. Басты тарихи еңбегі – еліміздің халықаралық аренада танылып, әлемдік абырой-беделге ие болуы. Ал ұлы замандасымыздың ішкі саясаттағы негізгі жетістігі – көпұлтты Қазақстандағы тұрақтылық, бейбітшілік және тыныштық.
– Елбасына қандай құрмет көрсетсек те лайық! Елордамыздың жаңа атауы – Нұр-Сұлтан – елдің тілегі, халықтың ниеті! Қазақстан мен Нұр-Сұлтан – ажырамас ақиқат! – деген облыс әкімі Даниал Ахметов Елбасының тарихи үндеуіне орай бір топ Шығыс Қазақстан тұрғыны, атап айтқанда, ірі өндіріс орындарының, білім беру және денсаулық сақтау салаларының еңбеккерлері алғыс айту Үндеуін жариялағанын атап өтті.
Ол құжатқа алғашқы күні-ақ 20 мыңнан астам шығысқазақстандық қол қойды. Бұл – облыс жұртшылығының Ұлт Көшбасшысының атқарған еңбегіне деген шексіз құрметі мен ризашылығының айқын белгісі.
Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік еткен жылдары ішінде тек Шығыс Қазақстан облысының ішкі жалпы өнімі 90 есеге артты. Ал бұл кезеңде бой көтерген өндіріс ошақтары мен баспаналар, әлеуметтік нысандар, төселген жолдар мен негізі қаланған кәсіпкерлік нысандары қаншама!
Еліміздің алтын тәжі
Иә, Нұрсұлтан Назарбаевтың Шығысқа деген ықыласы ерекше, әр келген сапарында Елбасы өңірдің алпауыт кәсіпорындарына бас сұқпай кетпейді. Ол кісі Өскемендегі «Казцинк», «Титан-магний комбинаты», «Үлбі металлургиялық зауыты», «Конденсатор зауыты», тағы басқа кәсіпорындарға жиі-жиі ат басын бұрып, жұмыс қарқынына қанығып, жаңа межелер мен міндеттер жүктеп отырады.
«Өскемен өңірі, Алтай аймағы ел өндірісінің кіндік ортасы болып саналады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы облыстың жетекші өндіріс орындарына барған сайын жұмысшыларымен кездесіп, еркін тілдесіп, еңбек ұжымына жаңа жетістіктер тілейді. Иә, қарапайым еңбек адамымен әрдайым емен-жарқын әңгімелесіп, олардың хал-жағдайын сұрап-білу Елбасының ежелден келе жатқан әдеті екенін біледі жұрт.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің өңірге, яғни, Шығыс аймағына деген ықыласы ыстық, пейілі кең. Тұңғыш Президент жыл сайын облысымызға іссапармен келіп, осылайша өндірісті өлкенің тыныс-тіршілігімен танысып, жаңа бастамаларға жол ашып кетеді.
Шығыс жұртының да Елбасына деген қошеметі мен құрметі ерекше. Елін сүйген ұлын елі де мақтан тұтып, құрмет көрсетеді.
Төр Алтайды Елбасы өзінің бір сұхбатында еліміздің алтын тәжіне теңеген болатын. Расында да, Шығыс Қазақстан – алтын мен күміске, басқа да сирек кездесетін металдарға, төрт түлік малға да, өзен мен көлдерге де аса бай қасиетті өлке. «Шығыстың шырайлануы – ел экономикасының өркендеуі» деп Елбасы бір сөзінде қадап айтқанындай, осы өңірдегі көл-көсір байлықты адам игілігіне жарата білсек, Ел мен Елбасының сенімін ақтағанымыз емес пе?!
Ержан Кеңесұлы