Өзекті

Шуаққа жылу беріледі

Жарма ауданының Шуақ кентіндегі сегіз жыл бойы жырға айналған жылу қазандығының мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметов аталмыш елді мекендегі ОВ-156/18 мекемесінің өнеркәсіптік аймағында жүргізілген құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Естеріңізде болса, жаңа қазандықтың құрылысы сонау 2011 жылдың мамыр айында басталып, 2013 жылы қолданысқа берілуі тиіс болған. Алайда, нысанның жобасында іске қосу және жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылмағандықтан, іс алға баспай тоқтап қалған еді. Ол аздай, 2016 жылы жобаның бас мердігері “Алматы – құрылыс-монтаждау кәсіпорны” ЖШС банкрот деп танылды. Жалпы алғанда мұндағы құрылыс-монтаждау жұмыстары 71 пайызға орындалған. Ал осы уақытқа дейін кентке 1965 жылы салынған, мазут арқылы жұмыс істейтін ескі қазандық жылу беріп келген-ді. Қанша айтқанмен, ескінің аты ескі әрі шығыны да айтарлықтай көп болды. Мәселен, мазутты ескі қазандықты қолдануға жылына 500 млн. теңгеге дейін қаражат жұмсалатын. Соның өзінде кенттегі үйлерді қажетті деңгейде жылумен қамтамасыз ете алмайтын.

Ағымдағы жылдың басында арнайы жұмыс комиссиясы аяқталмаған нысанға техникалық зерттеу жүргізіп, артынша шілде айында жаңа мердігер – «АзияЭнергоПроектМонтаж» ЖШС жұмысқа кірісті. Компания жобадағы қателіктерге тиісті түзетулер енгізіп, қазандық құрылысын толық аяқтап шықты. Соңғы кезеңдегі іске қосу мен реттеу жұмыстары да аяқталуға жақын.

– Бірнеше күннің ішінде мұндағы барлық жұмыс толық аяқталады, жаңа қазандықты іске қосамыз. Тұрғындарды ұзақ жыл мазалап келген бұл мәселе енді артта қалды. 10 қазанға қарай кенттегі барлық үйге жылу берілетін болады, – деді аймақ әкімі Даниал Ахметов.

Қосымша айта кетсек, қазіргі уақытта Шуақ кентінде 500-ге тарта түтін бар және тоғыз көпқабатты тұрғын үй қолданыста. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін қоса алғанда барлығы 550 адам жұмыс істейді, оның 395-і Шуақ кентінде тұрады.

Сонымен қатар кентте 2544 әскери бөлімінің (ҰҚК шекара әскері) 15 және 47007 әскери бөлімінің (Қорғаныс министрлігі) 12 әскери қызметшісі тұрады.

Кентте ҚАЖ нысандары мен қызмет көрсетуші ұйымдардан бөлек №236 орта мектеп бар, онда 309 бала оқиды. Сондай-ақ, «Бастау» балабақшасы, кешкілік мектептер және кәсіпкерлік бағыттағы 13 нысан жұмыс істеп тұр.

Д.Қасенов

Осы айдарда

Back to top button