ШҚО-да жарты тонна балықты заңсыз тасымалдаған павлодарлық ұсталды

Шығыс Қазақстаннан жарты тонна балықты заңсыз тасымалдаған павлодарлық құрықталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицейлер 14 қаңтар күні түн жарымда «Өскемен-Самар» тасжолының 60-шы шақырымында «ГАЗ» автокөлігін тоқтатқан.
Құжаттарды тексеру барысында Самар ауылынан Өскемен қаласына бағыт алған 30 жастағы көлік жүргізушісінің 565 келі рипус балығын тиісті рұқсат құжаттарынсыз тасымалдағаны анықталды. Аталған факті бойынша тексеру жұмыстары басталды. Нәтижесі бойынша құқық бұзушы жауапкершілікке тартылады, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев.
Депатамент басшысының айтуынша, бұл аталмыш тасжолда орын алып тұрған осындай жағдайдың алғашқысы емес көрінеді.
Тәртіп сақшылары балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз аулап, тасымалдағаны үшін еліміздің Қылмыстық кодексінің 355-бабы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.
Азамат Темірбеков