«Дидардың» қонағы

Айдарбек Ғазизов, карикатурашы: Шона ағаның ақылымен саяси карикатураны қолға алдым

Айдарбек Ғазизов, карикатурашы: Шона ағаның ақылымен саяси карикатураны қолға алдым


Сөзбен жеткізе алмағаныңды суретпен астарлап, әзілдеп жеткізу өнері біздің елде кенжелеп келе жатқаны рас. Карикатурашылар да елімізде санаулы-ақ. Солардың бірі, бірегейі Күршім ауданы, Теректібұлақ ауылының тумасы Айдарбек Ғазизов. Карикатура өнерінің қыр-сырын бала жастан меңгеріп, кейін әлемдік көрмелерде жүлде қанжығалап жүрген карикатураның хас шеберімен әңгімелескен едік.
Казанцевтің еңбектерін жинап өстім

– Карикатура өнеріне аса мән бере бермейтініміз рас енді. Ал байыбына барып, зер салсақ, журналистиканың бір саласы деуге де болады. Сіздің осы өнерге бет бұруыңыз бала кезден басталған сияқты…

– 1950 жылдары қазақ баспасөзі сатирасының ауыртпалығын көтерген жалғыз суретші Николай Казанцевті білмейтіндер кемде кем шығар. Сол жылдары ол «Ара» журналында редактор болып жұмыс істеген еді. Журналға шыққан Казанцевтің суреттерін 5-сыныптан бастап жинадым. Журналдың келе сала бір қарап шығып, суреттерін қайшымен қиып алатынмын. Карикатуралары екі альбом, достық әзілдері бір альбом болды ғой деймін. Мөлшермен 700-800 сурет жиналды. Жатарда карикатураларын жинап алып, фонарьмен қарап жататынмын. Николай Казанцев негізі Семей өңірінде туып өскен. Әкесі Семейдегі теміржол көпірінің жобасын жасауға сүбелі үлес қосқан инженер болған екен. Ұлы да өз жолын қусын дегенімен суретшілікті таңдаған. Бірде Казанцев ақша тапқысы келіп, бір карикатура салады да, «Ара» журналына апарады. Апарған суреті журналдың соңғы бетіне шығып, үлкен гонорар алған. Содан өз жолым осы деп карикатураға ден қояды. Ауыл-аймағымыздың халқы сөзге шешен, сатираға жақын болғандықтан ба, Казанцевтің карикатураларын жоғары бағалайтын. Әскерде жүргенде де, ауылдағы достарым журналдағы карикатураларды қиып, конвертке салып жіберіп отыратын.

– Суреттерін жастанып өскен Казанцевпен кездесе алдыңыз ба?

– Кездестім ғой. Әскерден келгеннен кейін өнерімен тәнті еткен суретшіні көргім келіп, Алматыға тарттым. Карикатураларын жинақтаған альбомымды алып бардым. Ол кісінің «Ара» журналынан зейнетке шыққанын білемін. Сонда да редакциясына бардым. Редакторы Мун деген кәрістің жігіті қарсы алды. Суреттерді көрсетіп, Казанцевті іздеп жүргенімді айттым. Дереу оның үйіне қоңырау шалып, мән-жайды түсіндірді. Казанцев үйіне шақырыпты. Жол-жөнекей сәлем-сауқатымды алып, айтқан мекен-жайына беттедім. Есікті Казанцевтің өзі ашты. Бірден төрге шығарды. Мен кішкентайымнан жинаған суреттерін көрсеттім. Тіпті, өз архивінде жоқ суреттерді менің альбомымнан көріп таңғалды. Шай ішіп, арқа-жарқа әңгімелескеннен кейін кетуге жиналып едім, қонуға алып қалды. Казанцевтің үйінде қонақ болу деген – үлкен құрмет мен үшін. Өзінің архивтерін көрсетті. Бір-біріміздің достық шарждарымызды салдық. Ол кезде «Крокодил» журналын оқып жүретінімді айтып едім, әңгімеміз одан әрі жарасты. Суретші Семенов туралы айттық. Ол Мәскеуден келіп, Казанцевтің үйінде ала жаздай жатады екен. Семенов суретке берілгендігі сондай, автобуста, көшеде жүргенде, өзіне ұнаған кейіпкерді ыңғайсызданбай салып алады екен. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Сөйтіп, Казанцевтің үйінде бірнеше күн жатып, қонақ болдым. Шынымды айтсам, Өнер академиясын бітіріп қайтқандай әсер қалдырды. Карикатурашы елдің мәселесін, мемлекеттің саясатын білуі керек, ол үшін оқыған-тоқығаны болуы керек деп ақылын айтты. Айналдырған екі күн ішінде ой-өрісімді едәуір кеңейттім. Кейін ауылдағылар Қазездің ұлы Казанцевпен кездесіпті деп қуанған екен.

– Өнер жолына түсуіңізге Казанцевтің карикатуралары ғана емес, өз талантыңыз бен талабыңыздың әсері болғаны сөзсіз. Өзіңіз де бейнелеу өнеріне жақын болып, сурет салып жүрдіңіз бе?

– Әрине. Алғашында табиғаттың суретін де, портрет те салып жүрдім. Еңбек адамдарын бейнеледім. Мектепте Көкен Байдағұлов деген мықты суретші болды. Клубта сол кісі салған ауылдың, қырманның, жайлаудың суреттері ілініп тұратын. Бірақ бізге бір-ақ жыл сабақ берді. Көкен ағада 24 түрлі бояу қарындашы бар деп таңданатынбыз. Ішінде ақ қарындашқа дейін бар болатын. Ондай бояу ауылда ешкімде жоқ. Менің суреттерімді ұнатып, бояу қарындаштарын үйге беретін. Клубтағы үш суретті үлкен полотноға салғанда, жанына алып жүрді мені. Кенеп тартуды, грунт жағуды, оны кептіріп, майлы бояумен картина салуды үйретті. Мінезі ауыр, тәкаппар кісі еді. Осы үш картинаны бастан-аяқ салғанша, жанында жүрдім. Енді-енді үйрене бергенімде Төсқайыңға көшіп, кетіп мұғалімсіз қалдық. Сурет сабағында тақтаға мен сурет саламын, балалар көшіреді. Кейін Уәш Шақаева деген сынып жетекшім болды. Сол кісі өнерге деген, суретке деген көзқарасымды қалыптастыруға септігін тигізді. Оныншы сыныпта оқып жүрген кезім. Уәш апайымыз сынып сағатын Қазақстан суретшілеріне арнады. Ұзақ жыл газет-журналдардан жинаған папкасынан суретшілердің суреттерін, өмірбаяндарын отыз оқушыға бөліп берді. Әркім өзіне керегін таңдап алып жатты. Мен Казанцевті алсам деп отырсам, «сен өзіңнің суретшілікке қалай келгенің туралы айт» деді. Атам да ағаштан түйін түйген кісі. Өзім туралы айттым. Сөйтіп кеудемді мақтаныш кернеп, Уәш апайдың тапсырмасын үйге айтып келдім. Апам да қуанып, атамның ауылда шебер болғанын, құрметті кісі болғанын айтты. Әжемнің ақылын көп тыңдадым. Кейінірек совхоздан суреттерге көлемді тапсырыстар түсіп жатты. Әжем сонда: «ананы салдым, мынаны салдым деп бұлданба. Қазездің баласы салды деп ел айтсын. Сонда ғана сенің мойындалғаның» дейтін.
«Суретіңді әлем танысын» деп тілек жазыпты

– Ауылыңыз ғана емес, кейіннен әлем мойындады сізді. Суреттеріңіз Египет, Дания, Германия, Бразилия, Бельгия, Аргентина, Англия, Америка сынды мемлекеттерде өткен байқауларда топ жарды. Шығармашылықтың шыңы десек те болады. Бірақ сіз осындай жетістікке жетем деп ойладыңыз ба?

– 1976 жылы ауыл мектебінің директоры, мұғалімдері ауданға келген екі жолдаманың біреуін маған алып берді. Ауылға алғаш рет берілген жолдама Семейдің Крупская атындағы пединститутына еді. Бұл оқуға түсуге зор мүмкіндік еді. Бірақ оқуға бара алмай, жолдамам жарамсыз болып қалды. Үйде жеті баламыз. Мүмкіндік болмады. Кейін ауыл ақсақалдарының ақылымен мені оқытты. Бақташы болып жүрген кезімде ауылдасым: «Сенің мал бағып, күрек ұстайтының ұнамайды. Сен – орталықта суретші болатын адамсың» дейтін. Оған ағайым үйдегі жұмысты кім істейді деп ыза болатын. Сөйтіп келесі жылында оқуға бардым. Оқуым ойдағыдай жүріп жатты. Кезекті каникулдардың бірінде ауылға келдім. Сонда мәдениет үйінің бастығы үйіне қонаққа шақырды. Жеңгеміз жайнатып дастарқан жайып қойыпты. Кетерімде ауыл тақырыбында картиналар жазатын Пластев деген суретшінің альбомын сыйлады. Бірінші бетінде «Суретіңді әлем танысын» деген тілегін жазыпты. Іштей «Қазақстанға танылсам да жетеді» деп қойдым. Ол кезде шекарадан асу ойға да кірмейтін. Тегі періштелер «әумин» десе керек, арманым артығымен орындалды.

– Еуропалық стандартта салынған карикатураларыңызды көріп шықтым. Әр суретіңізді бір қарап қана өту мүмкін емес. Өйткені философияға тұнып тұр. Әр деталында терең мағына бар. Осыншама идеяны қайдан аласыз?

– Алғашқы еңбектерім туралы «Дидардың» бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев «Коммуним туы» газетіне «Нәзіктік» деген тақырыпта мақала жазды. Кейіннен Уәкең тағы да мен туралы теледидарда хабар жасап, «Алматы» арнасынан көрсетті. Сонда бөлмеде отырған бір журналист ағамыз: «Сен өнер жолына түскен екенсің, керегіңді тастан да, судан да, таудан да ал» деді. Кейін түсіндім ол сөзінің мағынасын. Содан бастап Өскеменде мақал-мәтелдердің сырын ашатын суреттер сала бастадық. Мақалдарды газеттің жауапты хатшысы Бекәділ аға жазды. Ол кісілерді қашанғы әурелеймін деп кітап жинауды бастадым. Бүгінге дейін бір қабырға кітап жиналды. Оспанхан Әубәкір, Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайлин, Шона Смаханұлының кітаптарын оқып өстім. Кейін Шона Смаханұлымен кездестім де. Сонда Шона ағамыз: «Сурет өнерін бастаған екенсің, тастап кетпе. Сөзбен жеткізе алмағаныңды суретпен жеткізе аласың» дейтін. Саяси карикатураға келу де сол кісінің әсері еді. Дін, тіл, салт-дәстүр тақырыбын да ұмыт қалдырма дейтін. Ол кезде, 88 жылдары мұндай әңгіме айтыла бермейтін. Идея да өмір ағысынан алынады. Ғаламтордың заманы болса да, кітаптарды пайдаланамын.

– Саяси карикатураларыңыздың алғаш басылым беттеріне шыққаннан кейін қоғамның пікірі қандай болды? «Жарайсың» деп арқаңыздан қаққандар болды ма? Реніш білдіргендер де кездескен шығар…

– Салған карикатураларымды алғашында газеттер қозғалмаған тақырып, бізге жарамайды деп қайырып тастайтын. Кейін еліміз Тәуелсіздігін алып, тынысымыз ашылды ғой. Студенттік шағым. Таңсықбаев атындағы көркемсурет училищесінде оқимын. Жасым отызда. Екі балам бар. «Исскуство требует жертв» деген Достоевскийдің сөзін ұран еттім. Артониянс деген атақты карикатурашы да осы училищені бітіріп, Украинаға көшіп кеткен. Сол жаққа барып мемлекет сыйлығын алды. Бізде атақ бергенді қойып, карикатурашыларды суретшілер Одағына қабылдамайтын. Сөйтіп жүргенде алғашқы карикатураларымның бірін Қали Сәрсенбаев Алматы облысының «Жетісу» газетіне пайдаланды. Суретте суға батып бара жатқан қайықтан қашып бара жатқан тышқанды салған едім. Ол суреттің астарына үңілсек, өз тілінен қашқандар бейнеленген еді. Сол тақырыпты көптен бері ішіме түйіп жүрген едім. «Өз тіліне жаны ашымаған – жәндік» деген тақырыппен шықты. Партияның құламаған кезі ғой. Қоңырау шалып, мақтау айтты. Бет-бет қылып жазғаннан бір сурет салған артық десті көбі. Пәлсапалық деңгейге жеттім деп қатты қуандым. Тағы бірде «Теспей сорған» деген сурет салдым. Қазақтың басына қонған масалар бейнеленген сурет еді. Бұған да көпшілік риза болды. Бірақ ізденісімді тоқтатқан жоқпын. Қазақ сатирасын әдебиеттің бір жанры екенін мойындатқан Темірбек Қолжекеевтің лекциясына қатысуға рұқсат алдым. «Халық кеңесінде» жұмыс істеп жүріп, Темірбек ағаның лекциясына асығатынмын. Театрларға баратынмын. Мұражайларды аралайтынмын. Тақырып-тақырыппен, материалдар жинап, папкіге тігіп отырдым.

– Ал карикатураларыңыз әлемдік көрмелерге қалай жол тартты? Алғашқы байқауларда-ақ жүлделерді қанжығаладыңыз ба?

– Отыз бес жылдай Косалукин деген Украинаның карикатурашысының суреттерін қызықтап келдім. Бірақ түсінбейтінмін. Сөйтсем Еуропалық стандарттағы жұмыстар екен. Мен де іздендім, өзімді қамшылап пәлсапалық ой айтуға жеттім. Ал әлемге шығуыма себепкер болған – замандасым, карикатурашы Серік Күлмешкенов. Үш мемлекетте өткен көрмелерге қатысқан. Өкінішке қарай оның көзі көрмей қалады. Оның өнерін байқаған американдықтар алып кетіп, көзіне саңылау салып, сурет салуға мүмкіндік берген. Сол кісі 50 жылдығына орай Астанада көрмесін ұйымдастырып, соған бардым. Жақын танысып, әңгімелестік. Қай көрмеге қатысқанымды сұрады. Сөйтсем Мәскеуден аспаппын. Қатысқым келгенімен, өтпей қала беретін суреттерім. Сарапшылардың көңілінен шықпады деген мәтінде хаттар келіп жататын.

– Ондайда қолды бір сілтемеуші ме едіңіз?

– Жо-жоқ. Олжас Сүлейменов «Арғымақ» деген өлеңін бір газетке он рет апарып, он рет жаратпайды редакция алқасы. Он рет өзгертеді. Он бірінші рет апарғанда бірақ басады. Өйткені бір қате таппаған. Сол сияқты мен де мақсат қойдым. Әріптестерім «глубже надо копать» дейтін. Сол сөз де үлкен өнерге есік ашып тастағандай болды. Латыштардың, немістердің журналдарын ала бастадым. Оларда карикатура мүлдем басқа. 2006 жылы Серік Күлмешкеновтің көрмесі ұйымдастырылды. «Теңіздің дәмі тамшыдан» демекші орындалу техникасының өзгергенін байқадым. Мен де жұмыстарымды өңдеп, жөндеп, көрмелерге жібердім. Бір-екі айдан кейін каталог келді. Бірінші Ресейден келді, онда аты-жөнім жүр. Екінші рет Кореядан, Чехиядан келді. Суреттерім жүр екен ішінде. Көрмеге қатысыңыз деген ұсыныстары бар. Кейін сайттардан қарап отырып, көңілімнен шыққан суреттерді жібердім. Түркияда өткен бір көрмеге қатыстым. Онда 1400 суретші қатысып, он үздік суретшінің ішіне кіріппін. Алғашында білмеймін, каталог жіберіпті. Парақтап шықтым да, қоя салдым. Қасымдағы жігіт: «Аға сіз сыйлық алыпсыз» деп қояды. Бөркімді аспанға атып қуандым. 2011 жылы Түркиядағы Қожанасыр карикатуралық ұйымының 30 жылдық мерекесіне шақырту алдым. Мүйіздері қарағайдай суретшілермен таныстым, дастархандас болдық. Бұдан кейін стилімді өзгерттім. Фонды қазақы қоңыр түске ауыстырдым. Ойымды затпен айтайын деп, заттарды бейнелеуді қолға алдым.

– Шығармашылығыңыз туралы әңгімелесуге болады екен. Жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?

– Құдайдың берген екі ұл, бір қызым бар. Қызым тұрмысқа шығып, жиенді болдым жуықта. Ұлым – өнер жолында. Өнерге келуіне қарсылық білдіргеніммен дизайнер-интерьерді таңдады. Жеке фирмасы бар. Тегімізде болғаннан кейін, өнерден алшақтап кетпейді екенбіз.

– Әңгімеңізге рақымет, шығармашылық табыстар тілейміз!

Айдарбек Ғазизов, карикатурашы: Шона ағаның ақылымен саяси карикатураны қолға алдым
Айдарбек Ғазизов, карикатурашы: Шона ағаның ақылымен саяси карикатураны қолға алдым
Айдарбек Ғазизов, карикатурашы: Шона ағаның ақылымен саяси карикатураны қолға алдым

Әңгімелескен – Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button