Шіліктінің жұрты неге наразы?

Осыдан бірнеше жыл бұрын Көкпекті ауданының малына індет боп жабысқан бруцеллез – сарып ауруы биыл шекара шебіндегі Шілікті өңірінің ірі қарасынан қайта-қайта шығып жатыр. Бұның алдында жазғанымыздай осыған дейін бұл аймақта 400 бас бруцеллезге шалдыққан болса, қазіргі күні ауырған малдың ұзын саны 2000-нан асып кетіп отыр.
Арық мал арзанға сатылып жатыр
Зайсан ауданына барған іссапарымызда бруцеллез белең алған осы Шілікті ауылдық округінде де болдық. «Өлмеген құлға келді жаз» деп отырған ауыл жұрты қорасындағы малының қарасы азайып қалғанын қабырғасы қайыса айтты. Ауырған малдан құтылудан басқа амал жоқ. Ауыл-ауылды аралаған «КамАЗ» ауру малды күн сайын тиеп әкетіп жатыр екен.
-Құнажынымыздың бұзаулағанына бір апта ғана болды. Мал туғанда шуы түспей қойды, бұл малдың да ауруға шалдыққанын осыдан ақ білгенбіз. Бұзауын үйге қалдырып өзін міне көлікке тиеп, етке өткізіп жатырмыз. Былтыр да, бұрнағы жылы да бір бас малымыз ауырып көрген жоқ болатын. Енді биыл ана ауылдан да, мына ауылдан да бруцеллез шығып, жұрттың мазасы кетіп қалды. Жалғыз біздікінен емес, елдің бәрінікінен шығып жатыр, көппен бірге көреміз енді не болса да. Үйде қалған жас бұзауға бөтелкемен сүт беріп, қолдан тамақтандырамыз. Қалған 30 бас ірі қара жайлауға кетті, – деді малын төбе басында күтіп тұрған «КамАЗ»-ға айдап келген шіліктілік Бақытгүл Мананова.
Бруцеллезге шалдыққан бұл сиырдан жаңа туған бір апталық бұзау ауру ма, сау ма? Ол қашан тексеріледі, оны күту үй иесіне қауіпті емес пе? Көкейге келген осы сауалдарды бірнеше жыл бұрын Семейдегі мал дәрігерлік колледжін бітіргенін айтқан көршілес ауылдардың бірінің мал дәрігеріне қойып, мардымды жауап ала алмадым. Осы ауылдан 18 шақырым жердегі шектеу қойылған өзіне қарасты ауылға мал маманы өз көлігімен барып, келіп істейді екен.

Иә, жұрт көппен бірге көреміз дейді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қорасында бір тұяқ ірі қарасы қалмай қалғандар бар. «Мал ашуы жан ашуы» деген, «Малыңыз ауру» деген сөз малымен жан баққан жұрттың ызасын, наразылығын да тудырып жатыр. Себебі, ауруға ұшыраған сол малдың дені арықтығына орай арзанға сатылып жатыр. Ертеңіне алаңдаған ауыл халқының «Малымыздың бір бөлігіне өтемақы берілсе, малды көктемгі арық кезінде емес, күзде қоңданған кезінде өткізсек, ауру деген желеумен малдың бәрін арзанға сатып алып жатыр» деген орынды, орынсыз шуылына түрткі болып отырған басты жайт осы.
Қожалық иесі сиырларын тығып қойған
Қазір ауру малдар Зайсандағы «Нұр» қожалығының мал сою пунктінде сойылып, қатырылып, әрі қарай Өскемендегі Ұлан ет комбинатына өткізіліп, комбинат малдың ақшасын жеке шот арқылы тұрғындарға жіберіп жатыр. Малдың қоңдылығына қарай ұсынылып отырған сатып алу бағасы келісіне 600-900 теңгеден көрінеді. Зайсан ауданының бас мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторы Серік Қожекеновтің айтуынша, тұрғындардан ауру шыққан малды жинап алу, алынған малды сату да әуре-сарсаңға түсіріп отыр. Жеткізіліп жатқан көп малды союға, қабылдауға Ұлан ет комбинатының мүмкіндігі, өндірістік қуаты жетпей қалуына байланысты, қазір малдар аудан орталығындағы мал сою пунктінде сойылып жатыр. Алайда, ауыл-ауылдан жиналып әкелінген көтерім ірі қараның мал сою пунктінің алдында тәулік бойы сойылмай тұрып қалатын, пунктің мұздатқышы бұзылып қалатын жағдайлар мұнда да орын алып, малын алып келгендердің шуын үдете түсуде. Басында тұрғындардың малы Семей ет комбинатына да өткізіліпті. Бірақ ол кәсіпорын малды «ауру», «арық» деген сылтаумен бүгінгі бағадан да арзанға сатып алып келген. Соған байланысты қазір ел тек Ұлан комбинатына өткізуде. Ұсынылған бағаға келіспегендер мен мүмкіндігі барлар мал етін өз беттерімен өзге өңірлерге сатып, базарлар мен дүкендерге өткізіп жатыр.
-Ветеринарлық заң бойынша мал иесі ауру малды бес күннің ішінде етке өткізуі керек. Шілікті округіндегі бір шаруа қожалығына бірнеше бас малдан бруцеллез шыққандығы туралы нұсқама бергенімізге бір ай болды, әлі ала алмай жүрміз. Малды «жоқ» дейді, жасырып отыр. Өткізіп жібердім дейді, ауру малды өткізсе, мал дәрігерінен анықтамалық құжаттар алуы керек, соны көрсетуі керек, егер тірі жүрсе, басқа малдарға жұқтырып жатыр, амалсыз айыппұл саламыз, сотқа береміз. Бұдан басқа қазір малын тіркетпеген, уақытында қан алдырмаған, шектеу іс шарасы талабын орындамаған 8 адамды әкімшілік жауапқа тартып отырмыз. Шілікті ауылдық округінің аға мал дәрігеріне, мал дәрігеріне және меңгерушісіне де өз міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін айыппұл салынды, – дейді аудандағы бас мемлекеттік ветеринерлық-санитарлық инспектор Серік Қожекенов
Бруцеллезбен ауырған малдың етін 12 сағаттан соң пайдалана беруге болады. Бірақ әбден қайнатып барып жеу керек. Қай дүкеннен, қай базардан алмаса да ел етті әбден пісіруі, сүтті әбден қайнатуы керек.
Бруцеллездің көбеюіне ветеринарлық ереже де кінәлі
Марат Уәли, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:
-Қазіргі күні жыл басынан бері бруцеллезбен ауырған малдың саны 2000-нан асып кетіп отыр. Бұл өте көп, жылда ең ұзағанда 300-400 бас шығатын. Аудан малының ішінде бруцеллез ірі қарадан шығып жатыр. Әсіресе, ауру Шілікті өңірінде белең алып тұр. Зайсан жағындағы бірнеше ауылда да шығып отыр. Қазір аудан бойынша мал ауруын алдын алуға орай нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бруцеллез көп шыққан ауылдарға шектеу қойылып, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп жатыр. Бүгінгі күні тоғыз ауылға шектеу қойылып, ауылдарды ауру малдан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Көктем айы, мал арық. Сол себептен етке алынып жатқан малды сатып алу бағасы арзан болып тұр. Халық бұған наразылық танытып жатыр. Бруцеллез ауруына байланысты ауданда бірнеше рет үйлестіру кеңесін өткіздік. Алдығы күні ғана үлкен кеңес өтіп, мал дәрігерлік жағдайға жауапты адамдарға жіберген кемшіліктері, мерзімінде тиісті шара қолданбағандары үшін сөгіс берілді. Егер ертең міндеттерін дұрыс атқармаса, малмен бірге өздері де кетеді орындарынан. Себебі, малдың ауруға ұшырауына жергілікті жердегі мал дәрігерлерінің де кінәсі көп. Ауданда 80-нен артық мал дәрігері жұмыс істейді. Мал дәрігерлік бөлімі, ветеринарлық коммуналдық мекеме, ветинспекция, республикалық бюджеттен салынған жаңа үлкен зертхана бар, олардың көліктері бәрі бар. Артқа шегіну жоқ, ендігі мақсат ауру малдан арылып, індеттің алдын алуымыз керек. Кеше маған 40 адам келді, малды кейін, күзде өткізуді алдыға тартып, ел түсінбейді, ертең өздері ауырады. Ал бруцеллез өте қауіпті дерт, оны жұқтырған ұл, қыз болашақта ұрпақсыз қалады, бала көтермейді.
Аудан әкімінің орынбасары малда бруцеллездің көбейіп кетуіне өңірдегі оралмандардың, жалпы тұрғындардың әкелген, сатып алған малды тексертпей, тексеруге дейін оқшауламауы да басты себеп болып отырғандығын жасырмады. Сонымен бірге елімізде ветеринарлық заңдылық ережелері дұрыс жасалмаған, дұрыс құрылмаған ереже бруцеллезбен күресуде көлденеңдеп тұр.
-Бұрын кеңшар кезінде көктемде малдан түгел жаппай қан алынып, ауруы сол кезде анықталатын. Содан кейін көктемде бәріне вакцина егілетін, сөйтіп, ауру болмайтын. Ал қазір жоспарлы түрде деп көктемде қанды малдың жартысынан ғана алады да, қалғанынан күзде алады. Жоспарда жоқ болғандықтан көктемде малдың жартысынан қан алынбай қалады. Сол қан алынбай, тексерілмей қалған мал күзге дейін басқа малға ауру жұқтырып жібереді. Көктемде 100 пайыз қан алып, ауру малды анықтап, құртып, сау малға вакцина егіп тастаса, мұндай болмас еді. Бұл министрлікпен, комитетпен қайтадан қаралып, жөнделуі тиіс екенін жылда айтып келеміз, нәтиже жоқ,- дейді кезінде кеңшарда жұмыс істеп, күні бүгінге дейін мал шаруашылығының басы-қасында келе жатқан аудан әкімінің орынбасары Марат Уәли.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ
Зайсан
Сурет жанарүл файл Бруцеллез 2 сурет