«Шәкәрім» романы жарық көретін күн алыс емес
Қазақ жазушысы, драматург, ірі баспагер Роллан Сейсенбаевтың қазақ әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. 15 жыл бойы «Аманат» халықаралық әдеби журналын шығарды. Лондонда Абай үйін ашты. Халықаралық Абай клубының президенті Роллан Сейсенбаевтың мектептерге, колледждер мен университеттерге лайықтап әзірлеген әлем әдебиетінің 100 кітабы мәдени өміріміздегі айтулы құбылыс болды.
Өмірдерек
Роллан Шәкенұлы Сейсенбаев 1946 жылы 11 қазанда Семейде дүниеге келді. 1970 жылы Семей инженер-технологиялық институтын бітірген. Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдебиет курсын бітірген. Оның «Тау басында түйіскен жол», «Түнгі диалог», «Сағынтып жеткен жаз еді» кітаптары қазақ оқырмандарына қазақ тілінде жетті. Жазушы жиырма жылдан астам уақыт Мәскеуде Жазушылар одағы қазақ әдебиетінің өкілі болып қызмет атқарды. «Всего одна ночь», «Если хочешь жить», «Дни октября», «Трон сатаны», тағы басқа кітаптары орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді.
Төрткүл дүниеге Абайды танытуды алдына мақсат етіп қойды. Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Шетелде Абайды он бес тілге аудартты. «Өзімді іздеп жүрмін» пьесасы 1975 жылы драматургтердің Бүкілодақтық байқауында жүлдеге ие болды.
– Назарбаев атындағы зияткерлік мектеп оқушыларымен кездесуден алған әсеріңіз туралы бірер сөз…
– Назарбаев атындағы мектеп оқушыларымен, еліміздің болашағын жасайтын дарынды жастармен бүгінгі кездесуім соңғы жылдардағы ең бір бақытты шағым шығар. Жас қазақтардың болашағы үлкен екендігіне көзім жетті. Жыл сайын осы мектептің 18-20 түлегі әлем университеттеріне түсіп жатыр. 630 оқушысы бар осындай зияткерлік мектептер еліміздің 19 облысында талантты, өнерлі, білімді жастарды оқытып жатыр. Бұл – үш тілді бірдей жетінші сыныптан бастап оқытатын мектеп. Кездесу барысында жастардың табандылығына, олардың оқуға деген құлшынысына разы болдым. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтуым керек. Балалардың жарқын болашағына байланысты жасалып жатқан шаруа – бұл қазақ халқының тағдырына қатысты шаруа деген сөз. Бірақ мына үштілділік мәселесінде жапондықтардың тәжірибесіне сүйенген жөн деп ойлаймын. Ол елде балалар алтыншы сыныпқа дейін тек ана тілінде білім алады. Жаһандану үрдісіне қарамастан еліміз, әсіресе жастарымыз ұлттық болмысын, құндылықтарын жоғалтып алмауы тиіс.
– Латын әліпбиіне көшуіміз, білім саласындағы үштілділік жайында пікіріңіз?
– Латын әліпбиіне көшу өте дұрыс шешім. Әр уақытта ылғи кеш жүреміз ғой. Бұл шаруаны де кеш бастадық. Қазіргі тағы бір үлкен мәселе – аудармашылар тапшы. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде. Өйткені кітап жоқ қазір. Кітапқа деген ықылас жоғалған. Біздің шығармалардың барлығын кезінде шетелдің ұлылары аударды. Ал қазіргі аударма ісі баланың ойыншығына айналды. Олар не тіл білмейді. Қай тілден қай тілге аудару керек, кімді аудару керек? Мәселен, Жапонияда өздерінің мәдени бағдарламалары бойынша, өздерінің ұлы классиктерін орыс тіліне аударады. Оны Мәскеу мен Санкт-Петербургтағы аудармашыларға жібереді. Бізде өкінішке қарай бұл жұмыс ақсап тұр.
– Халықаралық «Абай» клубының, «Аманат» журналының жұмысы қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін, көпұлтты мемлекетімізді одан әрі тұтастыру үшін септігін тигізер игілікті іс болды. Осы жайында айтып өтсеңіз.
– «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген Абай бабамыздың ғұлама сөзі өмірімнің де, өнерімнің де асыл қазығы болды. Мәселен, Абайдың 38 қара сөзін шағын құран десе де болатындай.
Баспагерлік қызметімде әлем әдебиетінің 200 томдық кітаптарын шығардық. Екі жүзінші томды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Ақыл-парасат» кітабына арнадық.
Әлем халықтарының әдебиетіне арналған «Аmanat» журналында оқырмандарымызды әйгілі сөз зергерлерімен, Нобель сыйлығы лауреаттарының еңбектерімен таныстырдық. Мәселен, түріктің ұлы ақыны Осман Түркайды ерекше атап өтуге болады. Ол ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Абайды түрік тіліне аударған еді. Абай үйін ашқанда да сол кісімен ақылдастым. «Абай үйін Лондонда ашқан жөн. Өйткені бұл тек қаржы-экономика орталығы ғана емес, мәдениет пен руханияттың ордасы. Ал Парижде у-шу көп. Шу болған жерде ақыл-ой азырақ болады» деген еді. Бұл – өте дұрыс шешім болды. Әрі Лондон тоғыз жолдың торабы ғой. Ұшаққа отырсаң, үш сағатта Құрама Штаттарда боласың, ал Еуропа елдеріне жеңіл көлікпен-ақ жүйткіп баруға болады.
Осман Түркайдың еңбектерін Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов сынды мықты ақындарымыз алғаш рет қазақ тіліне аударды. Оның керемет туындыларын Нобель сыйлығының лауреаты Чеслав Милошпен немесе поляктың ұлы ақыны Вислава Шимборскаямен теңестіруге болады.
Қазіргі шығармашылығыма тоқталсам, Шәкәрім романын жазып жатырмын. Бұрындары отбасы құндылықтары, әке тәрбиесі деген керемет еді. Әкені қас-қабағынан ұғатынбыз. Әкенің айтқан бір сөзі біз үшін заң еді. Әке беделінің жоғары болғаны соншалық, бала кездегі туындыларымның ең алғашқы оқырманы – әкем еді. Шәкәрім Құдайбердіұлы жайындағы еңбегімді жарамсыз етіп, машинкаға басылған 300-ден аса парақты өртегеніміз бар. «Не жазсаң да шындықты жаз. Ал ол кісі туралы барлық шындықты жазу үшін қолыңда құжаттар жоқ» деді. Ол кезде Шәкәрім атамыз әлі ақталмаған еді. Әкем өте әділ, шыншыл адам болды. Қазір осы тақырыпқа қайта оралып отырмын. Абай мен Шәкәрімнің жері – Қарауылда өскендіктен, қолға қалам алмау мүмкін емес шығар. Ес білген бала күнімде бастаған әңгімелерімде шындықты жазғанды жақсы көрдім. Сондықтан шығармаларымда лирикадан гөрі қарапайым халықтың басындағы әділетсіздіктер, ядролық сынақ зардаптары көрініс табады.
Алла қаласа, биылғы күзде «Славлю тебя, человек» жобасы бойынша Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен бірлескен шара өткізбек ниетіміз бар. Онда жастарымыз әлемге әйгілі ақындардың 100 өлеңін үш тілде мәнерлеп оқитын болады.
Қазақ елінің қуатты әдебиетінде Роллан Сейсенбаев бүтіндей бөлек, оқшау құбылыс еді. Өзі ғана ұмтылған асау соқпақты таңдап, жалғыз кеткен. Тіптен көңіл алаңдатқан қызыққа, ұсақ атақ-абыройға, далаңбай даңққа назар да салмаған. Өйткені оның ұмтылысы нағыз жазушы болуды, нағыз суреткер болуды, Дешті-Қыпшақ мәдениетінің нағыз иесі болуды, қазақ елінің нағыз азаматы болуды көксеген. Сол үшін арын да, жанын да салған. Қазақ әдебиетінде ол ешкімге ұқсамайды. Үйірінен үзіліп, бөлек, оқшау жүрер, еркін мінезді жылқыны қазақтар саяқ дейді. Маған Роллан Сейсенбаев қазақ әдебиетіндегі саяқ арғымақ болып елестейді де тұрады.
Герольд Бельгер
Айжанат Бақытқызы