ШҚО тұрғынына 7 млн теңгенің отасы тегін жасалды
Жамбас буынын эндопротездеу отасынан кейін пациент толыққанды өмірге қайта оралды.
ШҚО тұрғынына дәрігерлер МӘМС шеңберінде жеті миллион теңгенің отасын тегін жасады, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Өскемендік Лаура Ақшанова операциядан кейінгі алғашқы «ауырмайтын» қадамдары туралы айтып берді.
Ол буынындағы ауырсынуды бас кезде дәрі-дәрмектермен басып жүрген. Кейін ауырсыну күшейе түскен соң мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.
Коксартроз диагнозын қойған дәрігер оған буын шеміршектерінің біртіндеп мүжіліп жатқанын түсіндіреді. Бейнелі түрде айтсақ, бұны ілмектері майланбаған есікпен салыстыруға болады. Буын ішіндегі “майлаудың” болмауы салдарынан сүйектер бір-бірімен жанаса бастайды. Салдарынан буыны қатты ауырып, қимыл-қозғалыстары шектеледі. Дәрігерлердің айтуынша, көптеген жағдайларда қалыпты және сапалы өмірге қайта оралудың жалғыз жолы – ол ауру буынды эндопротезбен алмастыру.
– Денсаулығыма байланысты мен көп жылдар бойы толыққанды жұмыс істей алмадым. Уақытша әрі толық емес жұмыс күнімен табыс тауып жүрдім. Толық дәрігерлік көмек ала алмауымның бір себебі – менде “сақтандырылмаған” мәртебесі болды. Өткен жылдың желтоқсан айында ӘМС қорының облыстық филиалында маған жарналарды бір жылға алдын ала төлеп, сақтандырылуға болатынын түсіндірді. Солай жасадым. Нәтижесінде 2023 жылдың ақпан айында маған ота жасалды, — дейді Лаура Ақшанова.
“Сақтандырылған” мәртебесін алғаннан кейін 51 жастағы әйел барлық консультативтік-диагностикалық және мамандандырылған медициналық көмекті тегін алды. Күрделі жедел ота – жамбас буынын эндопротездеу операциясын №4 Өскемен қалалық ауруханасының ортопедия бөлімшесінің дәрігерлері жасады.
Ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Карасев бөлімшенің барлық талаптарға сай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, даярлықтан өткен білікті мамандары бар екенін айтты.
– Әбден қажытқан аурудан құтылдым. Ал бұрын ауырсынуды басатын дәрілерсіз мүлдем жүре алмайтын едім. Дәрігерлерге өте ризамын! Көрсетілген көмек үшін мамандарға шын жүректен алғыс айтамын. Менде толыққанды өмір сүруге үміт пайда болды, мен жұмыс істегім келеді, – дейді пациент Лаура Ақшанова.
Сақтандырылған пациенттер қымбат медициналық қызметтердің бірнеше түрін ала алады екен.
– МӘМС – бұл жақсы қаржылық көмек. Өйткені ертең қай жерің ауырып қалатынын білмейсің, медициналық көмекке байланысты шығындарды болжау мүмкін емес. Медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі туралы ертерек ойланған пациенттер қымбат медициналық қызметтердің бірнеше түрін ала алады. Мысалы, аталмыш отаның құны шамамен жеті миллион теңге болса, әйел үшін медициналық көмектің бұл түрі МӘМС есебінен тегін көрсетілді, – деп атап өтті Қордың облыстық филиалында.
Кәмал Естай