ШҚО әкімі: Мерзімдердің бұзылуын қабылдамаймын
Биыл ШҚО-да алты қала мен 13 ауылда 19 сумен жабдықтау және су бұру жобасы аяқталады. Облыс әкімі жұмыс мерзімдерінің бұзылуын қабылдамайтынын айтты.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің активінде маңызды әрі өзекті мәселелер талқыға түсті. Жиында жылыту маусымына дайындық, ауызсумен қамту, тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, білім беру және интернетпен қамту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Қалалар мен аудандардың әкімдері тұрғындардың жайлылық деңгейін арттыру үшін әр елді мекенге қандай абаттандыру жұмыстары жетіспейтінін талдауы керек. Көгалдандыру да кәсіби тұрғыдан жүргізілуі керек, көпжылдық өсімдіктерді егу керек. Ол үшін қандай өсімдіктерді және қайда отырғызу керектігін білетін мамандарға жүгінген жөн.
Биыл алты қала мен 13 ауылда 19 сумен жабдықтау және су бұру жобасы аяқталады. Облыс әкімі барлық жергілікті атқарушы органдарға орындалатын жұмыстардың мерзімі мен сапасын бақылауды, сондай-ақ жобаның іске асырылудың қай сатысында тұрғанын және мүмкін болатын түзетулер туралы халыққа хабарлап отыруды тапсырды.
– Мерзімдердің бұзылуын қабылдамаймын, бұл әкімдердің тиімсіз жұмыс істейтінін және халықпен өзара іс-қимыл жасамайтынын білдіреді, – деді облыс әкімі.