Облыстық мәслихаттың сессиясы

ШҚО-да үш инвестициялық жоба аяқталды

ШҚО-да 31 млрд теңгеге 3 АӨК жобасы аяқталды.

Шығыс Қазақстанда облыстық мәслихаттың IV сессиясы өтті. Отырыс барысында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев бүгінгі таңда облыста 57 млрд.теңгеге іске асырылып жатқан 9 ірі инвестициялық жобаның 31 млрд. теңгені құрайтын 3 жобасы аяқталғанын айтты, деп хабарлайды Didar ақпарат. 

Атап айтқанда, Өскемен құс фабрикасының бройлер өндірісін кеңейту, Ұлан ауданында 1000 басқа арналған бордақылау алаңын және 300 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу бойынша жобалар.

Жыл соңына дейін тағы 6 жоба аяқталады, олардың ішіндегі ең ірілері: Глубокое ауданында астық кептіру кешенін жаңғырту, Өскемен қаласында қуаттылығы жылына 50 мың тонна болатын май экстракциялық зауытының құрылысы, Алтай ауданында 1000 басқа арналған сүт-тауар фермасы.

Ағымдағы жылдың басынан бері ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімдерің 14%-ға, АӨК өнімінің экспорты 18%-ға ұлғайғандығы байқалады. Сүт өндірісі 4%-ға, жұмыртқа 2%-ға, ет 30%-ға, оның ішінде құс еті 82%-ға өсті.

«Біз жаңа технологияларға инвестиция тартуға, шикізатты терең өңдеуді және жаңа агроөнімдерді шығаруды қамтамасыз етуге ниеттіміз. Экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі 42% -құрады. Ағымдағы жылдың соңына дейін өңделген өнімнің үлесін 45%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін СҚО-ның сүт мал шаруашылығындағы тәжірибесін пайдалана отырып, 10 млрд. теңгеге сүт-тауар фермаларын салу және реконструкциялау бойынша 6 жоба қаржыландырылады,оның ішінде 3-уі Шемонаиха ауданында, Глубокое, Ұлан және Алтай ауданында бір-бірден», – деді Е. Көшербаев.

Жобалардың іске асуының қорытындысы бойынша сүт өндіру көлемі жылына 47,5 мың тоннаға дейін, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 2024 жылы 65% – ға дейін өседі деп күтіледі.

«Мұның бәрі халықты ішкі нарық өнімдерімен қамтамасыз етуге және инфляциялық процестерді тежеуге бағытталған. Облыс орталығының айналасында азық-түлік белдеуін құрумен қатар, жеміс-көкөніс және азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша өңіраралық және мемлекетаралық сауда байланыстарын орнату жоспарлануда. Ағымдағы жылдың күзінде “Алтай” көтерме-бөлшек сауда орталығын іске қосу – ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және ішінара өңдеу мүмкіндігімен фермерден тұтынушыға делдалсыз сауданы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазақстанның Оңтүстік өңірлерінен, сондай-ақ Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресей мен Беларуссиядан өнімдерді тікелей жеткізуді реттеу жоспарлануда», – деп қосты ШҚО әкімі.

Осы айдарда

Back to top button