ШҚО-да болашақ аналар қамқорлыққа алынған
ШҚО-дағы ана мен бала орталығының базасында былтыр амбулаториялық, емдеу-профилактикалық, акушерлік-гинекологиялық көмек көрсететін консультациялық-диагностикалық бөлімше ашылған.
Консультациялық-диагностикалық бөлімшеде мезгілсіз түсік тастаған және экстрагениталды аурулармен ауыратын жүкті әйелдерге кеңес беріледі. Тәуекел тобына кіретін жүкті әйелдер жүктіліктің ерте кезеңінен бастап босанғанға дейін бақылауда болады. Бір ғана талап – оларда амбулаториялық-емханалық қызмет дәрігерлерінен жолдама болуы керек, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Мұнда әйелдердің денсаулықтары тексеріліп, медициналық көмек көрсету деңгейінің сақталуына, ауруханаға уақтылы жатқызылуына және босанғаннан кейінгі кезеңде оңалту қажеттілігіне бақылау жүргізіледі.
– Орталықта жүкті әйелдердің толық тексеруден өтуіне барлық жағдай жасалған. Мысалы, генетик, кардиолог, невролог, травматолог сияқты бейінді мамандарға қаралуға болады. Ұрықты ультрадыбыстық зерттеудің үш кабинеті жұмыс істейді. Ұрықтың кардиотокография кабинеті бар, – деп мәлімдейді емдеу орталығы.
Сонымен қатар болашақ аналар мектебі белсенді жұмыс істейді. Мектептерде жасөспірімдерге жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі физиологияға арналған тегін сабақтар циклі жүргізіледі.
Облыстың бас балалар гинекологының қабылдауы ұйымдастырылған. Бес айда 625 қыз бен жасөспірім тексерілді.
Облыстың жетекші мамандары ұрықтың дамуында ақаулары анықталған жүкті әйелдерге апта сайын перинаталдық консилиумдар өткізеді. Солардың қорытындысы бойынша пациентті қосымша тексерулерге не болмаса жүктілікті үзуге жібереді.
– Функционалды диагностиканың барлық әдістері жүкті әйелдер үшін мүлдем қауіпсіз және жүргізіліп жатқан ем-домды динамикалық бақылау үшін бірнеше рет тағайындалуы мүмкін. Сондықтан тексерілуден үнемі бір жерде өту және зерттеулердің заманауи жабдықта жүргізілуі маңызды. Бұл – дұрыс диагностика мен қажетті көмек көрсетудің кепілі, – деп толықтырды орталықта.