Шәкерімнің күміс кемерлі белбеуі табылды
Семей облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Абай ауданындағы филиалының меңгерушісі Малғаждар Жүнісжанов Шәкерім Құдайбердіұлының белбеуі табылғанын хабарлап отыр.
Оның айтуынша, осыдан жеті-сегіз ай шамасы бұрын аудандық ішкі істер бөлімі басшысының бірінші орынбасары Арафат Нұрсаматұлы қасына Олжас Есенғарин есімді досымен келіп, мұражайды аралаған екен. Олжас Қабденұлы өзінде Шәкерімнің белбеуі сақталғанын жеткізіп, музей қорына өткізуге уәде беріпті. Уәде – құдай сөзі. Жуырда Олжас аталған құнды жәдігерді мұражайға өткізген екен.
– Зият Қытайға қашып бара жатқан кезінде әкесі мен баласы кездесіп, сонда Шәкерім ақсақал «көзімдей көріп жүр» деп белбеуін шешіп беріпті. Зият шекарадан өткен соң Қапырық есімді адаммен жолығып, достасады. Кейін әкесінің белбеуін осы кісіге сыйлапты. 2004 жылы Қытайға барған сапарымда Шәкерімнің белбеуін Қапырықтың ұрпақтарынан сатып алдым. Белбеудің ұзындығы – 120 см, ені – 4 см. Әр жерінен күміспен көмкерілген. Үш жерінен үзілсе де, қайта тігіліп жалғанған. Жалпы, белбеу жақсы сақталған, – дейді Олжас Есенғарин. Музей қоры, сонымен бірге, осы өлкеде атағы шыққан Тәуке батырдың 130 жылдық тарихы бар шиті мылтығымен толығып отыр.