Шетелдік гибридтен емес, отандық тұқымнан ұтамыз
Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аймағымыздың, Ресейдің Омск облысының, Алтай өлкесінің ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттары, тұқым шаруашылықтары өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын даярлаудың проблемалары мен болашағын талқылаған семинар -кеңес өтті.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев облыстың егістік алқаптарына егіліп келе жатқан бидай, арпа өнімдері тұқымдарының 70 пайыздан астамы ресейлік тұқым сорттары болып отырғандықтан, осы елдің шекаралас аймақтарының селекционерлері мен ғалымдарының бұл семинарға шақырылып отыруы тегіннен-тегін емес екенін атап көрсетті. Мол, сапалы өнім алуға кепілдік беретін тұқым түрлерін екі елдің мамандары тәжірибе алмаса отырып, зерттеп, игерудің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекелестік қабілетін арттыруға тигізер ықпалы ерекше екенін жеткізді.
Облысымыздың егіс алқаптарына көбінесе бидайдың ресейлік Омск, Алтай сорттары егіліп келеді. Қазіргі күні аймақта 37 тұқым шаруашылығы бар. Соның ішіндегі «Семена масличных» ШҚ, «Майлы дақылдардың тәжірибе шаруашылығы» ЖШС, «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС жаңа тұқым сорттарын шығарып, аудандастырумен, жетілдірумен айналысып отырған асыл тұқымды шаруашылықтар. Алты шаруашылық элиталы тұқым өндіріп отыр. Бірінші, екінші, үшінші сортты репродуктивті тұқым өндіріп отырған 28 шаруашылық бар. Облыстың Күршім, Зырян, Шемонайха аудандарында мемлекеттік үш сорттау, сынақтан өткізу участогы жұмыс істеуде.
– Ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымының сапалы, жоғары сортты болуы астық түсімін 40-50 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік беретінін дәлелдеген ғылыми зерттеулерді ескере отырып, облыста тұқым шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын молайту бағытындағы шараларды одан әрі жетілдіруіміз қажет. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етуге орай берген тапсырмасын орындау барысында өткізіліп отырған бүгінгі семинар-кеңес өңір шаруашылықтарының жақсы сұрыпты сапалы тұқымды пайдалануына, таңдауына бағдар берері анық, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев.
Семинарда Омск 18, Омск 38, Омск 36, Сібір маржаны, Катюша, сияқты «миллионер» сорт атанған жоғары сапалы бидай, майлы дақылдар тұқымын өндіріп келе жатқан Омскідегі Сібір ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты селекциялық орталығының басшысы Әкімбек Асанов институттың тәжірибелік шаруашылықтарында игеріліп жатқан жаңа тұқым түрлерін біздің облысқа бейімдеу, жерсіндірудің мүмкіндіктері мол екенін жеткізіп, осы салада қол жеткізіп отырған озық әдіс, тәсілдерімен бөлісті.
Ресейдің Алтай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Алексей Гаркуша, осындағы селекциялық орталықтың басшысы Николай Коробейников сынды тұқым шаруашылығы саласының ғалымдары тұқымды жаңартып, селекциялауда оның өнімділігімен қоса сапалылығына, ақуызы мен өзге де нәрлік құрамының жеткілікті болуына мән беру қажеттігін, қазіргі нарық талабы өнімнің осындай екі қасиетін теңдестіре ұстауды талап етіп отырғандығын баяндап, семинарға қатысушыларды өздерінің осы мақсатта жүзеге асырып жатқан ғылыми жетістіктерімен хабардар етті.
Көршілес елдің шекаралас аймақтарында жетілдіріліп, енгізіліп жатқан мұндай тың өзгеріс, тәсілдерден біздің өңірдің ауыл шаруашылығы саласы да кенде емес. Агротехникалық шараларды дұрыс жүргізіп, аймақта өсіруге тиімді тұқым түрлерін өндіріп, енгізіп отырған «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС мамандары ізденістерінің нәтижесінде шаруашылық өзгелердің егістігіндегіден екі есеге артық өнім алып келеді. Серіктестік басшысы Фарид Абитаев өздерінің шаруашылықтарында атқарылып жатқан сол жаңа тұқым сорттарымен таныстырды.
Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Нұрлан Тоқтаров облыстың тұқым шаруашылығы саласы ұжымдарының материалдық-техникалық жағдайы нашарлығын, зертхана лаборанттарының еңбекақысы 40 мың теңге көлемінде екендігін, жалақының төмендігінен салада білікті мамандар жетіспейтіндігін айтып, проблемаларды оңды шешудің қажеттілігіне тоқталды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов кеңесте аймақтағы ауыл шаруашылығы алқаптарын шеттен келетін франциялық, канадалық гибридтерден ығыстырып, өзіміздің сапалы тұқыммен, тез пісіп жетілетін сорттармен толтыруымыз керектігіне назар аудартып, бұл бағытта көршілес елдермен күш біріктіре жұмыс істеу міндеті тұрғандығын атап айтты. Елімізде шетелден келетін ұзақ пісетін тұқым түрлерін қолдану көбейіп бара жатқандықтан жәй өнген өнім күзде жиналып үлгермей, қар астында қалуда. Зырян, Бородулиха аудандарында да біраз күнбағыс алқабы қазір қардың астында жатыр.
Семинар-кеңес соңында Алтай, Сібір ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттары мен облыстық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттары тұқым шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтаса жұмыс істеу жөнінде меморандум қабылдады.
Жанаргүл Мұқатай