Шетелдік дәрігерлер өмір бойы оқиды

Облыстың неонатология қызметі еуропалық деңгейге көтеріледі. Тұманды Альбион еліне Өскемен және Семей қалаларынан неонатолог, гинеколог-акушер, анестезиолог мамандар барлығы он екі дәрігер барып, білімдерін жетілдіріп қайтты. Ағылшындық әріптестерінің артықшылықтары туралы, олардан нені үйреніп келгендері жайында бізге облыстық ана мен бала орталығының дәрігерлері әңгімелеп берді.
-Барлығы облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ біздің облыстық ана мен бала орталығының жұмысымен танысуынан басталды, – деп есіне алады ана мен бала орталығы неонатология қызметінің басшысы, облыстың штаттан тыс бас неонатолог дәрігері Асхат Қуанышбаев. – Өңірде бала өлімінің көрсеткіші жоғары екенін білген аймақ басшысы жағдайды жақсарту үшін не қажеттігін сұрады. Бізді тыңдап болғаннан кейін, ең алдымен мамандардың білімдерін шетелде ұштауға жағдай жасайтынын айтты. Оның үстіне, курстар әдеттегідей бір-екі ай емес, кемінде жарты жылға созылатынын ескертті.
Осылайша, бағдарлама тез қолға алынып, 2016 жылдың ақпан айында құрамында жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуға жауапты неонатология, гинекология-акушерлік және анестезиология қызметтерінің мамандары бар алғашқы топ құрылып, ағылшын тілін жеделдете меңгеруге кіріседі. Үш айдың ішінде аптасына екі рет бір жарым сағаттан тіл сындырған мамандар құжаттарын әзірлеп, 1-тамызда Лондон қаласынан бірақ шығады.
Біздің дәрігерлердің кейбіреуі ағылшын тілін мектепте оқығандарымен, көп нәрсені қайта үйренуге тура келіпті. Қазақстандық мамандарды медицина саласында оқытумен он жылдай айналысып жүрген ағылшындық компанияның өкілдері қарсы алып, алдағы жоспарлармен таныстырған. Осылайша шығысқазақстандық дәрігерлер үшін күнделікті қарбалас тірлік басталады. Олар бала туу және балалыққа қатысы бар үш клиникада тәжірибе жинақтайды. Соңғы бір жарым айда шала туған, 26 аптаға да жетпеген шараналарды жетілдіретін, 40 төсекке арналған, неонатология бөлімшесі бар Әулие Георгий атындағы клиниканың жұмыс тәсілдерімен танысқан. Бұл жерде неонатология қызметі үш деңгейде көрсетіледі. Лондонның өзінде мұндай емдеу мекемесі бар болғаны төртеу-ақ екен. Шетелдік әріптестері шараналарды қалай күтіп-баптау қажеттігін көрсетіп, үйретіпті. Клиникада сонымен қатар күрделі диагноз қойылған, жағдайлары ауыр ересек балалар да бар көрінеді. Оларды осыдан екі жыл бұрын ғана енгізілген австралиялық протоколдармен емдеу қолға алыныпты.

Әр нәрестенің жеке медбикесі бар
Жерлестеріміз жарты күн клиникалардың жұмысымен танысып, тәжірибелерін зерделеп, жарты күн кітапханаларда білімдерін жетілдірген. Барлығы ағылшын тілінде, ұқпағандарын кешке үйге алып, өз беттерімен аударып, түсінуге тырысып бағады.
– Олардың жұмыс күндері де біздегідей палаталарды аралап, науқастардың жағдайымен танысудан басталады, – дейді Асхат Мәуітбекұлы. – Бір қарағанда, көп айырмашылығы жоқ. Басты ерекшелігі – емдеу тәсілдерінде сияқты. Науқастармен әңгімелесу өте ұзаққа, таңертеңгі 9-дан түскі 12-ге дейін созылады. Кеңесші-дәрігер, қасындағы бір-екі жас дәрігермен баланың анасымен, туыстарымен сөйлесіп, ақылдасады. Олар әрі қарай қалай емдеу керектігін сол жерде талқылайды. Әрбір жаңа туған нәрестеге жеке медбике бекітілген. Ал бізде, керісінше, дәрігер алдымен науқастың жалпы клиникалық белгілерімен танысады да, қалай емдеу жолын ординатор бөлмесіне келгесін өзі жеке шешеді.
Асхат Қуанышбаев ағылшын әріптестерінің өзін таңғалдырған негізгі артықшылықтарын былайша жіліктеп берді.
– Ең бірінші, шетелдік әріптестеріміз өмір бойы оқиды. Оларда кеңесші-дәрігер болу үшін алты жыл университетте, неонатология саласында барлығы 14 жыл үздіксіз оқу керек. Сонда ғана жас мамандарға тәлімгер бола алады. Қызмет істей жүріп, үнемі білімін жетілдіріп отыруға тиіс. Клиникаларда күні бойы біліктілікті ұштайтын әртүрлі семинарлар өтіп отырады. Біз үшін, мысалы, ультрадыбыстық зерттеу, рентген, басқа да салалар бойынша өте пайдалы бағдарламалар болды. Әр жұма сайын бұрын жатқан немесе жаңадан түскен науқастар туралы, оларды емдеу жолдарын айтып отырады. Екінші ұнағаны, өмірге келетін нәрестені анасының құрсағында жатқан кезден бақылауға алып, егер дамуында қандай да бір ауытқулар болса, алдын ала емдеу тәсілдерін ойластырып қояды. Үшіншіден, маман тапшылығы жоқ. Әрбір жаңа туған нәрестеге жеке медбике бекітіледі. Қырық балаға 10 кеңесші-дәрігер, 15 жас маман қызмет көрсетеді. Медбикелер дәрігерлердің көптеген функцияларын орындай береді, өйткені олар үшінші курсқа дейін бір бағдарламамен оқиды. Жұмыс уақыты сегіз сағаттан аспайды, – деп бөлісті бізбен неонатолог.
Бұл жүйені ағылшындар америкалықтардан алып, өздерінде қолданып келе жатқандарына он жылдай ғана болыпты. Оған дейін Англияда да бала өлімі көп болған. Бүгінде сәби өлімі өте аз елдердің қатарынан саналады. Мысалы, 100 мың тірі туған балаға шаққанда өлім көрсеткіші 3-4-тен аспайды. Ал біздің облыста бұл көрсеткіш екі есе артық, 100 мың тірі туған балаға шаққанда – 9. Оның себебін бас неонатолог мамандардың тапшылығынан деп түсіндірді. Жылына 9 мың нәресте дүниеге келетін емдеу мекемесінде бар болғаны екі-ақ неонатолог маман істейді. Асхат Қуанышбаев ана мен бала орталығының медициналық жабдықталуы шетелдіктерден кем емес екенін айтты. Мысалы, инкубаторлар, жасанды дем алдыратын аппараттар бірдей, тек кейбір қосалқы құралдары жоқ екен. Облыс әкімі бұл олқылықтардың орнын толтыруға тапсырма берген.
-Қазір педиатрларды даярлайтын факультеттердің қайта жандандырылып жатқаны көңілге үміт ұялатады. Әсіресе аудандарда маман тапшы. Оларға санавиацияның, телемедицинаның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, кейде телефонмен кеңес береміз. Біздің басты мақсатымыз – шетелде жинақтаған тәжірибелерімізді әріптестерімізге үйретіп, бала өлімінің азаюына ықпал ету, – деп түйіндеді әңгімесін Асхат Мәуітбекұлы.
Неонатология бөлімшесіне интернатураға келіп, осында жұмыс істеуге қалып қойған жас маман Ботагөз Ақашеваның да жолы болып, шетелде білімін жетілдіріп келді. Ботагөз ағылшын тілін мектепте де оқымапты. Ағылшындарды түсінуге қысқа тілдік курстан басқа, медициналық терминологияның латынша болғаны көп жеңілдік берген сияқты.
-Англияға келген соң бейімделуге тура келді. Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық екен. Көп нәрсені үйреніп қайттым. Жаңа әріптестеріммен хабарласып, қызмет барысында әлі де тәжірибе жинақтай беремін, – дейді Ботагөз.
Рениматолог әмбебап болу керек
Анестезиолог-реаниматолог Эвальд Раммер де өзі үшін бірнеше жаңалық ашып келіпті.
-Білім деңгейі жағынан олардан артта қалғанымызды бірден сезіндім. Оларда реаниматолог-әмбебап маман, барлық көмекті көрсете береді. Бізде жас мамандар алғашқы үш-төрт жылда ештеңенің байыбына бармай, инертті түрде жұмыс істей береді. Мамандығымызды, іс-әрекетімізді түсіну соңынан келеді. Ал ағылшындық әріптестерімізге алғашқы күннен бастап сенім артылады, бірден жауапкершілік жүктеледі. Бізде қалыптасқан жүйені бұзу керек, – деп санайды Эвальд.
Соңғы жылдары елімізде енгізілген еуропалық емдеу протоколдары өз жемісін беріп келеді. Жүкті әйелдерден қан кету азайған, көп дәрі ішіп те керегі жоқ. Бұрын препараттар тоңазытқышта сақталатын. Ал оның емдеу тиімділігі жоғары болуы үшін адамның дене қызуындай температурада болғаны дұрыс екен. Қазір орталыққа дәрі-дәрмекті дене қызуына жететіндей деңгейде жылытып тұратын құрал алынған.
-Алдағы уақытта шетелдіктерден көрген тағы бір жаңа технологияға қол жеткізсек, тіпті оңды болар еді, – дейді Эвальд. – Оларда пациенттің қанын тазартып, қайта өзіне құятын аппарат- тромбоэластограф бар. Сонымен қатар әйелдердің толғағын жеңілдететін құрал болады. Пациентке қойылған катетер жүйеге қосылады да, жүкті әйел ешкімді көмекке шақырмай, түймені басу арқылы ауырғанды басатын дәріні салып, толғағын өзі басқарып, бақылай алады. Қатты қинала бастаса, тағы дәрісін салып алады. Бұл жеңіл босануға, туған кезде балада жарақаттың болмауына мүмкіндік береді. Орталыққа үш-төрт осындай аппарат жеткілікті. Оның бағасы тромбоэластографтан арзанға түседі.
Эвальд Реймер шетелде дәрігердің медициналық анықтаманы ашып, қалай емдеу қажеттігін қарауының еш сөкеттігі жоқтығын, науқастың ешқандай наразылығын тудырмайтынын айтады. «Бізде менталитет мүлде басқа ғой. Егер дәрігер анықтамалықты қолына алса, біздің адамдардың оған деген құрметі мен сенімі бірден жоғалады».
-Шетелдік әріптестерімнің үнемі ізденіс үстінде жүретіндері қызықтырды. Содан кейін оларда қайырымдылық жасайтындар өте көп. Мысалы, зейнеткерлер үйде отырудан жалығады. Қоғамға пайдалы болғысы келсе, клиникаларға келіп, науқастарды қажетті мамандардың кабинеттеріне дейін шығарып салады. Мұның бәрін тегін істейді! Англияда салауатты өмір салтына, дерттің алдын алу шараларына үлкен мән беріледі. Дәріханаларда антибиотиктер мүлде босатылмайды, – дейді анестезиолог.
Орта буын персоналдар да оқиды
Неонатолгия бөлімшесінің меңгерушісі Жанна Мұқанова шетелде біліктіліктерін жетілдіріп, ой-өрістері кеңіп келген әріптестеріне үлкен үміт артады.
-Дәрігерлеріміз алған білімдерін тәжірибеде табысты қолданып, жұмысымыздағы проблемалардың шешілуіне игі ықпал етеді деп сенемін. Жақсы бастама осымен тоқтап қалмай, жалғасын табады деген үміттеміз. Алдағы уақытта медбикелердің де біліктіліктерін ұштау, Алматы, Астана қалаларынан мамандар шақырып, орта буын персоналды оқыту ойда бар, – деп бөлісті меңгеруші.
Үш жылдың ішінде бала денсаулығына жауапты қызметтердің 50 маманын шетелде оқыту жоспарланған. Келесі жолы баратындар ағылшын тілін жұмыстан қол үзе үйреніп, медициналық терминологияларды меңгеріп баруға тиіс. Шілде айында шығысқазақстандық дәрігерлердің тағы бір тобы шетелге аттанады.
Айна Ескенқызы