Шетелдік импланттың орнын отандық өнім басады
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ғалымдары жасап шығарған медициналық импланттар медицинада қолданыла бастады. Осыдан екі-үш апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары отыз жастағы әйел мен 45 жастағы ер адамның омыртқасына жасаған ота кезінде қазақстандық импланттарды алғаш рет қолданды. Қазір екі науқас та өздерін жақсы сезінеді.
Отандық өнімді шығару идеясын ШҚМТУ ғалымдары Өскемендегі Үлбі металлургия зауыты және Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп,
үшжақты ауқымды жоба аясында 2017 жылы қолға алған болатын. Жобаны жүзеге асыру үшін университет базасында елімізде алғаш рет травматология мен ортопедияға қажет медициналық импланттар өндірісі үшін тәжірибелі-өндірістік аймақ құрылған-ды.
Полимер орнына титан
Біз тәжірибе алаңына арнайы барып, университеттің ғылыми қызметкері, аталмыш жобаның жетекшісі Бағдат Азаматовпен жолыққан едік. Негізі автомобиль және автомобиль шаруашылығы саласының маманы болғанымен, жас ғалым қазір табиғаттағы ең күрделі механизм – адам ағзасы үшін медициналық импланттарды әзірлеумен айналысады. Тәжірибелі-өндірістік аймақта 3D принтерлердің қарапайым түрінен ең күрделісіне дейін бар. Адам ағзасына зиянын тигізбейтін PEEK ( полиэфирэфиркетон) полимерінен стоматологиялық импланттар жасауға болады. 3D принтинг аймағында техникалық физика мамандығының магистранттары Дмитрий Догадкин мен Сергей Руденко жұмыс істейді.
-Командада барлығы он қызметкер бар, көбі магистранттар мен докторанттар. Дмитрий, Сергей және Ақбота деген тағы бір маманымыз үшеуі де биыл магистратураны аяқтап, осы жылы докторантураға түсуді көздеп отыр. Дмитрий қазір 3D моделі арқылы травматологтарға импланттың жаңа түрін жасап жатыр. Менің қолымдағы мына үлгіні астаналық ортопедтер жіберген болатын. Олар түпнұсқаның конструкциясын адамның анатомиясына қарай бейімдеп, бізге металдан жасап беруді өтінген еді. Ең алдымен біз бұның сызбасын 3D үлгісінде жасап, одан кейін металдан жонып, өңдеп шығарамыз, – деп түсіндірді жұмыс процессін Бағдат.
Жоба басталғанда ғылыми-зерттеу институтынан сегіз түрлі имплант: төрт пластина тәрізді имплант және төрт кейдж жасауға тапсырыс түскен. Кейджді титан Titanium Grade 5 ELI (Grade23) металл ұнтағынан лазермен пісіру арқылы басып шығарады. Қазір жобаны толық аяқтап, шығарған өнімдерін астаналық ғалымдарға тапсырыпты.
-Қазақстандық өнім болу үшін түпнұсқадан өзгешелеу болуы керек. Сол себепті біздің травматолог ғалымдар шетелдік импланттардың конструкциясын жетілдіре түсетін өзгерістер енгізіп отыр. Оның үстіне біздің металл құймаларының сапасы да жоғары. Польша, Германия, Ресей мен Қытай нарығынан келген өнімдер PEEK-тен жасалған, ол полимер болып саналады, оның да адам ағзасына зияны жоқ. Дегенмен біз PEEK пластикалық полимер орнына титан қолданғандықтан, бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, адам ағзасына залалы тимейді, екіншіден, ол пластик емес, металл, үшіншіден, біздің басты ерекшелігіміз – конструкцияның құрылымы. Егер жарыққа қарасақ, құрылымы тор тәрізді, бұл трабекулярлы структура деп аталады, яғни адамның сүйегі біткен кезде адамның тамырлары осы тесіктерден өтіп, тезірек жетіліп кетуіне көмектеседі. Бұл омыртқаларға қойылатын кейдждер, принтерден басылып шығады, – дейді ғылыми қызметкер.
Университет қызметкерлері науқастардың бұғанасы зақымданған кезде, алақан-білек сүйегі, шынтақ сынғанда эндопротездеуге арналған, бел-омыртқа жарақаттары кезінде кеңінен қолданылатын импланттардың түр-түрін шығарады. Шынтақ буынының эндопротезі сүйекті бұрғылап, ішіне орналастырылады. Импланттың сырты кедір-бұдыр, арнайы танталмен қапталыпты. Танталдың ерекшелігі – адамның ағзасына 100 пайыз сіңісіп кетеді, бұл да біздің мамандардың енгізген жаңалығы. Ең күрделісі – жамбас сүйектерінің имплантын жасау, бұл әлі қолға алынбапты. Сол сияқты стоматологиялық импланттар да болашақтың еншісінде. Өндіріс аймағы стоматология өндірісінде, зергерлік бұйымдар шығаруда қолданылатын, қара шайыр (смола) арқылы басып шығаратын ең үздік принтерлердің бірімен жабдықталған.
Нарықта баламасы жоқ жаңа материал
Бағдат Азаматов ШҚМТУ-ды «Автомобиль және автомобиль шаруашылығы» мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін докторантураны «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша оқығанын, сөйтіп станокторға жақын болғанын айтады. Имплант жасаған кезде каталогтарды ақтарып, операция жасау техникасын зерттеп, травматологтармен сөйлесіп, білімін өз бетімен жетілдіріп отырған. Қазір облыстық аурухананың травматология бөлімшесімен, травматолог-ортопед Сергей Карасевпен тығыз байланыс орнатқан. Құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді Мәскеуден, Екатеринбургтен оқып келіпті. Жақсылық Мұхаметбек деген қызметкер Германиядан оқып келсе, Санкт-Петербург қаласынан оқып келген мамандар да бар. Қазір кез келген құрылғымен жұмыс істеуді толық меңгеріп алған.
Станоктардың өнімділігі жоғары. Импланттардың көлеміне байланысты, омыртқа-белге арналған кейдждердің 24 данасын бір мезгілде шығара алады, сегіз сағат дайындалады. Бұдан басқа импланттарды сүйектерге бекітетін арнайы шуруптар – сүйек винттерінің түр-түрін де өндіреді. Бұл енді таза отандық өнім. Қазір ғылыми-зерттеу институтының травматолог мамандарымен бірлесіп, құрылымына өзгеріс енгізіп, патентке лицензия алу құжаттары дайындалып жатыр.
-ҒЗИ-ның жылдық сұранысы бойынша винттердің кейбіреулерінен 480 мың не 340 мың дана керек, өйткені бір имплантты бекіту үшін кейде оншақты винт қолданылады. Ал Қазақстан бойынша 16 травматологиялық орталық бар. Винт жасау бойынша Қазақстанның нарығын толық қамти аламыз. Францияның Manurhin 726 evo станогы орташа бір винтті 4 минут жасайды. Бағдарламаны бір-ақ рет жазамыз, сосын ол тоқтамай істей береді. Омыртқаға операция жасаған кезде полиаксиалды винттер қолданылады. Бұл құрылғылардың жылдық сұранысы – бір-бір жарым мың дана (тек бір мекеме бойынша). Оны станок орташа жеті минутта жасайды. Келесі имплант – үлкен жілік сүйегіне арналған қашықтық пластина. Бұл имплантты ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Жұмағұлұлының жеке патентімен және жаңа матариалдан, яғни (Ti-Nb-Ta) титан-ниобий-танталдан жасап жатырмыз. Бұл жаңа материал. Оның құймасын ҮМЗ дайындап береді. Ғалымдардың пайымынша, ВТ6 титан құймасынан гөрі Ti-Nb-Ta құймасының адам ағзасына жағымды әсерлері мол, – деп жалғастырды Бағдат Азаматов.
Екі науқасқа отандық имплант салынды
Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыс және стратегия жөніндегі орынбасары, Қазақстандық травматолог-ортопедтер қауымдастығының вице-президенті, медицина ғылымдарының кандидаты Олжас Бекарысовтың пікіріне сүйенсек, қазіргі уақытта шетелдік импланттарды отандық өніммен алмастыру өте өзекті мәселелердің бірі. Нарықта Польша, Үндістан, Ресей, АҚШ, Германия өнімдері жеткілікті. Бізде имплантты қажет ететін оталардың барлығы мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмектің көлеміне кіреді де, науқастарға тегін жасалады. Ал импланттарды ғалымдарымыз беделді компаниялардан сатып алуға тырысады. Бұл мемлекетке өте қымбатқа түсетіні түсінікті. Мысалы, эндопротездеу отасын алатын болсақ, Олжас Сапарғалиұлының айтуынша, импланттың бір данасының құны, өндірушісіне қарай, 1000-1500 АҚШ долларына жетеді. Алайда қазір жағдай өзгерді. Бүгінгі таңда өз ғалымдарымыздың жасап шығарған отандық өнімдері медицинада сәтті қолданыла бастапты.
– Осы тұста облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей қолдауы біз үшін өте маңызды әрі қуанышты болды. Елімізде шикізат жеткілікті, өндіріс бар, ендеше осы импланттарды неге өзімізде шығармасқа деген ұсыныс дер кезінде айтылды. Біз имплант өндірісіне медициналық титанды пайдаландық, біздің метал құймаларымыз улы емес, аллергия тудырмайды әрі адам ағзасына тез бейімделетініне көзіміз жетті. Бұған дейін жануарларда биоүйлесімділікке тексеріліп, қанағаттанарлық нәтиже көрсеткен, клиникаға дейінгі сынақтан екі рет сәтті өткен импланттарды таяуда екі пациенттің омыртқасына салдық. Қазір олардың жағдайы қалыпты, өздерін жақсы сезінеді, – дейді Олжас Бекарысов.
Қазір шығысқазақстандық жас ғалымдардың қызметіне қызығушылық танытушылар көп. Көптеген ортопед дәрігерлер хабарласады, Семей медициналық университетінің болашақ травматолог мамандары, Павлодардан стоматолог мамандар кеңес алуға келеді.
Айна Ескенқызы
Суреттерді түсірген Тілеубек Шаяхмет