Тұңғыш Президент

Шекараны шегендеу кезек күттірмейтін міндет еді…

«Келер ұрпақ шекара дауы деген мәселеге басын ауыртпайды. Біз бұл мәселені түбегейлі шештік». Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жас буын өкілдерімен бір кездесуінде осылай деген еді. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Елбасы елдің шекарасын заңды түрде рәсімдеу үшін көрші елдермен келіссөздер жүргізуді қолға алды. Қазақстан Ресей мен Қытай секілді алпауыттардың арасында орналасқан. Сондықтан да бұл елдермен шекара сызығын белгілеуге ерекше мән берді.

Кезек күттірмейтін міндет – шекараны шегендеу

Тәуелсіздік жылдарында еліміз қол жеткізген ұланғайыр табыстың бірі – ел аумағының тұтастығын бекіткен әрі оны мызғымастай етіп шегендеген шекарасы. Бұл – ұлтымыздың тарихында бұрын-соңды болмаған, мемлекеттілігімізді айшықтайтын баға жетпес құндылық.

Егемендік алған 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағы кезінде белгіленген шекараларымыз түгелдей ашық-шашық жатқан болатын. Сондықтан тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында Тұңғыш Президент белгілеген кезек күттірмейтін басымдықтың бірі шекараларды межелеу, оларды халықаралық тұрғыдан заңдастырып алу еді.

Өзінің 1996 жылғы халыққа Жолдауында Елбасының: «Әлемдік қоғамдастық тарапынан қауіпсіздік, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымайтынына кепілдік алмайынша, мемлекеттіліктің қалыптасуы, егемендік, экономикалық реформалар, әлеуметтік саланы дамыту туралы әңгіме қозғау құрғақ сөз болып қала береді» деуі соның дәлелі.

Біздің ел шекараларды рәсімдеу үшін Қытаймен, Ресеймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және Түркіменстанмен келіссөздерді бастап кетті.

«Дударайды» қосыла шырқаған қос Көшбасшы

1992 жылдан бастап Қазақстан өз делегациясын жасақтап, Қытаймен шекара мәселелері жөніндегі келіссөздерді қолға алды. Екі елдің арасындағы шекараларды делимитациялау туралы келіссөздер 1992-1998 жылдары өтіп, демаркация 2002 жылы толығымен аяқталды.

Келіссөздерге бұрынғы Ресей империясы мен Қытай арасында XIX ғасырда жасалған сегіз шарт пен хаттамалар негіз болды. 1994-1999 жылдар арасында Қазақстан мен Қытай шекарасын нақты анықтап, әрі егжей-тегжейлі сипаттап беретін халықаралық бес келісім жасалды.

Аспан асты елімен шекара мәселесін шеше алғанымыз Елбасы мен Қытайдың сол кездегі басшысы Цзян Цзэминь арасындағы мына жайт себеп болған еді. Цзян Цзэминь Мәскеуде оқыған, орыс, ағылшын, жапон тілдерін жетік білетін. Музыканы сондай жақсы көреді. Өзі ән айтады. Елбасы өзіміздің «Дударайды» шырқап бергенде ол аң-таң қалады. Содан кейін дәл сол әнді өзі қытай тілінде айтады да, «Біздің әніміз сіздерге қалай жеткен?» деп сұрайды. Ұлт Көшбасшысы «Бұл біздің әніміз – орыс қызының қазақ жігітіне ғашық болып шығарған әні» дейді. Сөйтсе, «Дударай» Қытайда халық әні болып саналады екен, әрине, мүлдем басқа мәтінмен айтылады. Аты – «Ақ лалагүл». Мемлекет басшыларының арасында осыдан соң қалыптасқан адами жылы қарым-қатынас халықаралық саясатта үлкен рөл атқарып, келіссөздердің еліміз үшін тиімді аяқталуына себеп болған.

Осылайша, демаркациялық жұмыстарды алты жұмыс тобы 1992 жылдың шілдесінен бастап 2001 жылдың желтоқсанына дейін жүзеге асырып, 2002 жылы Пекинде Қазақстанның сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытайдың Сыртқы істер министрі Цзясюан Қазақстан-Қытай шекарасын демаркациялау туралы хаттамаға қол қойды.

 

«Маңызды мәселені шешіп қайттық»

– Әлі есімде, 1999 жылы Назарбаев бастаған делегация Қытайға арнайы іссапармен бардық. Күн тәртібінде Қытаймен арадағы шекараны бекіту мәселесі тұрды. Жер уайымы – бірінші кезектегі мәселе. Ол тұста мен шекараны заңдастыруға қатысты комиссияға жетекшілік ететінмін. Жасырары жоқ, ұзаққа созылған қиын да күрделі келіссөз жүрді. Міне, сол кезде Назарбаевтың тұлғалық қасиетін толық деңгейде бағалай алдым. Бұл келіссөздердің ақыр соңы екі тарапқа да тиімді келісіммен аяқталды. Әлбетте, қазір айтуға оңай.

Шекараға қатысты ақырғы шешім қабылданатын шешуші сәтте Қытай басшысы Цзян Цзэминь: «Қытай елі тарихында ешбір елмен шекараны бекіту туралы келісімшартқа қол қоймаған. Бірақ Қазақ елімен біз осындай құжатқа тұңғыш рет қол қоятын боламыз, бұл ең алдымен менің Президент Назарбаевқа деген жеке ықылас-ілтипатымның белгісі» деп мәлімдеді.

Мұның бәріне сол кездесуге қатысқан мына мен куәмін. Аса маңызды стратегиялық мәселені Назарбаевтың қайраткерлік қабілетінің арқасында  асқындырмай, ушықтырмай шешіп қайттық, – деп еске алады облыс әкіміДаниал Ахметов.

Иә, бір қарағанда бұл нәтижеге оп-оңай қол жеткен сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал шындап келгенде, бұл – нағыз ерлікке балайтын Елбасының сындарлы сыртқы саясатының жемісі екенінде күмән жоқ. Бұлайша түйіндеуге үлкен негіз бар. Мәселен, Қытайдың ішкі-сыртқы саясатын терең білетін, 1995-2001 жылдары Қазақстанның Қытайдағы елшісі болған саясаткер Қуаныш Сұлтановтың «Қазақтың жаңа дәуірі» атты сараптамалық туындысынан мына мағлұматтарды кездестіреміз:

«Жүздеген жылдар бойы мойындалмай келген біздің территориялық тұтастығымызды Қытайдың мойындап, шекаралық келісімге қол қойғаны қатты таңғалдырады. Себебі Қытаймен шекаралас 15 мемлекеттің ішінде Қазақстан Қытай үкіметінің келісімімен 100 пайыз шекара аумағын тиянақтап алған жалғыз мемлекет екенін аңғарасың. Сосын Қытай тарихта өзімен шекаралас елдердің ешқайсысымен шекаралық келісім жасауға ешқашан мүдделі болмаған».

Ешбір келіссөз оңайға түскен жоқ

Ал басқа көршілес елдермен шекара шегендеуде тараптар бұрынғы одақтас республикалар арасындағы әкімшілік-аумақтық межелеуді басты негіз етіп алды. Сонымен, 2001 жылғы 5 шілдеде Түркіменстанмен, 2001 жылғы 15 желтоқсанда Қырғызстанмен, 2002 жылғы 9 қыркүйекте Өзбекстанмен мемлекеттік шекара туралы шарттарға қол қойылды.

Жеті жарым мың шақырымға созылған әлемдегі ең ұзын Қазақстан – Ресей шекарасын делимитациялау туралы келіссөздер 1999 жылдан 2005 жылға дейін жалғасты. Шартқа екі ел Президенттері 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеу қаласында қол қойды. Аталмыш келіссөздер де оңайға түскен жоқ, Өзбек елімен шекарадағы даулы аймақтар, Ресеймен Каспий теңізінің табанын бөлісу барысында қаншама түйткілдерді шешуге, өзімізге тиімді ымыраға келуге, тарихи құжаттарды қопаруға тура келді десеңізші…

Сөйтіп, Тұңғыш Президенттің ерен еңбегі арқасында Қазақстан өзінің күллі шекараларын құқықтық тұрғыдан рәсімдеуді толық аяқтады. Елбасының бұл тарихи ісін жоққа шығару мүмкін емес…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тұңғыш рет тарихта біздің  мемлекет  халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Біз ұрпақтарымызға көршілермен даулы аумақтар қалдырған жоқпыз».

Әзірлеген – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button