Оқиғалар

Шекарада күдіктіні ұстауға көмектесті

Шекарада күдіктіні ұстауға көмектесті

Кез келген азамат Отан үшін отқа күйіп, еліміздің тыныштығы мен бақытты ғұмыр кешуі үшін жанын құрбан етуге әзір деп ойлаймын. Еліміздің Шығысындағы қасиетті шекараны көзінің қарашығындай қорғап жүрген өрімдей жастар Отан дегенде көз алдына ата-анасын, кіндік қаны тамған ауылды елестететіні де өмір шындығы. Зайсан шекара отрядында қызмет етіп жүрген сарбаздар өз мерекелерін айтулы табыстармен қарсы алды.
Еліміздің шекарасын қорғауға жергілікті тұрғындар да белсене араласуда. Бір ғана мысал. Бұл оқиға үстіміздегі жылдың 29-шы сәуірінде орын алған еді. Кешкілік мезгіл, іңір қараңғысы қоюлана бастаған шақ. Зайсан ауданының «Жадыра» фермасы маңында қойларын жайып, енді отарды қораға қамау үшін кері қайта бастаған Асан Қабденов пен Айдархан Салиық кенет Қаратал ауылына кетіп бара жатқан бір азаматты байқап қалды. Жүрісі суыт, жан-жағына алақтап бара жатқан одан күдіктенген Асан мен Айдархан оған таяу келіп, жөн сұрасты. Танымайтын, бұрын кездеспеген тосын адамның шекараны бұзып, бері өтіп кетуін сезген екі жерлесіміз түрлі сылтау айтып, сауалдарды төпелете бастайды. Қараталға ертіп барайық деп келе жатқанда алдарынан «Көктекше» шекара заставасында келісімшартпен қызмет етіп жатқан, қазір еңбек демалысына жүрген старшина Медет Жұмабаев кездесіп қалады. Тәжірибелі шекарашы оның шетел азаматы екенін бірден сезіп, қалта телефоны арқылы 2017 әскери бөлімнің командирі Саят Жұмабаевқа хабарлайды.
Командир суыт хабарды ести салысымен «Қаратал» шекара комендатурасы комендантының орынбасары, майор Е.Нүсіпбаевқа шұғыл тапсырма беріп, күдіктіні алып келуге бұйрық береді. Сонымен күдікті жедел Қаратал комендатурасына жеткізілді.
Қасиетті Отан шекарасын қорғауда қырағылық танытып, ерекше көзге түскен шекарашы Медет Жұмабаев, шопандар Асан Қабденов пен Айдархан Салиыққа алғыс жарияланып, оларды марапаттау жөнінде жоғары жаққа ұсыныс жасалды.
Шекараны көздің қарашығындай күзетіп жатқан сарбаздар әрдайым жергілікті тұрғындардың көмегіне сүйенеді. Себебі, олар атажұртта ғұмыр бойы тұрғандықтан сырттан келген азаматтарды бірден таниды. Мұндай мысалдар көп. Зайсан шекара отрядының қызметкерлері алдағы уақытта да өз қызметтерін асқан жауапкершілікпен атқара бермек.

Т.Винокурова,
2017 әскери бөлімдегі клуб басшысы , аға сержант.

Осы айдарда

Back to top button