Шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр – ШҚО
ШҚО-да аумақтарды аса қауіпті зиянкестерден өңдеу бойынша бірқатар іс-шаралар қолға алынды.
Атап айтқанда Күршім ауданында итальяндық прус пен азиялық шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша, шегірткелердің одан әрі таралуына жол бермеу үшін арнайы техникалар қолданылады екен. Олар – желдеткіш бүріккіштер және аса жеңіл авиация. Қазірдің өзінде өңдеу жұмыстары 6,9 мың гектар алаңда жүргізілді, оның ішінде Абай, Қалжыр, Құйған, Күршім, Сарыөлең және Марқакөл ауылдық округтері бар.
Шегірткелердің түрі мен таралу аймағын нақты анықтау үшін Төсқайың ауылына мобильді топ шықты. Топтың құрамына “Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы” РММ филиалының, ҚР АШМ АӨК облыстық аумақтық инспекциясының және Күршім ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары кіреді. Өңдеуге жататын түрлер құрамы мен алаңдар анықталғаннан кейін облыстық бюджет есебінен жою шаралары жүргізілетін болады.
Аймақтың ауыл шаруашылығы басқармасы алаңдауға негіз жоқ екенін хабарлады.