Экология

Шатыр ұшып, төбе қопарылды

Зайсан мен Ұлан ауданында екі күн соққан қатты жел салдарынан үйлер мен ғимараттардың шатыры ұшып, үйлердің қоршаулары мен қақпалары қисайып жатыр. Құтқарушылардың айтуынша, Зайсанда шағымданушылар көп.

Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылында тұрғындар түсірген видео әлеуметтік желілер арқылы таралды. Онда шатыры ұшқан үй және сол үйдің төбесінде электр сымынан жарқылдаған от көрінеді. Ауыл халқының айтуынша, жоғары кернеулі сым үзіліп кеткен.

Ауданда жедел комиссия құрылған. Оның мүшесі Еркебұлан Зағыпаровтың айтуынша, комиссия Қарабұлаққа енді барады.

– Жел ұйытқып-ұйытқып, біртүрлі соқты. Естеріңізде болса, бұдан бұрын Қараталда да осыған ұқсас жағдай болған. Онда бірнеше үйге ғана зардап келген еді. Міне, Қарабұлақта да бір үйдің шатыры сыпырылып қалыпты. Электр сымы да үзілген. Ауылға барып, аталған үйдің жағдайымен танысамыз. Ол үйді қалпына келтіруге кәсіпкер азаматтар ұйымдаспақ екені алдын ала белгілі болып отыр, – дейді қоғам белсендісі Еркебұлан Зағыпаров. Оның айтуынша, Зайсан қаласында үйлерінің қоршаулары мен қақпалары қисайған тұрғындар баршылық. Тұрғындар ондай жеңіл жұмыстарды өздері қалпына келтіріп алатынын  айтқан.

Төтенше жағдайлар департаментінің Зайсан қаласы бойынша мәліметіне сүйенсек, Кондюрин көшесіндегі көпқабатты үйдің шатыры (150 шаршы метр), Боқажанов көшесіндегі екі қабатты ғимараттың шатыр (110 шаршы метр) және Әуезов пен М.Дәуленов мектептерінің спорт залдарының шатыры (150 және 130 шаршы метр) ішінара ұшып, майысқан.

– Жалпы аудан бойынша желдің зардабы негізінен Зайсан қаласына тиді. Жел қатты соқты. Өзіміз де үйіміздің шатыры кете ме екен деп қорықтық. Дегенмен, төтенше жағдай жарияланған жоқ. Ондайға жетпеді. Жедел құрылған комиссия мүшелері түске дейін қаланы аралап шықты. Мектеп пен өзге ғимараттарды ауданымыздың кәсіпкерлері қалпына келтіріп беретін болды. Ал Кондюрин көшесіндегі үйдің шатырын сол үйді салған мердігер өзі жөндейді, – деген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева комиссия мүшелері анықтау жұмыстары бойынша әлі біраз жерді аралап шығатынын ескертті.

Зайсан аудандық төтенше жағдайлар басқармасының маманы шағымданушылар көп екенін, әлі шығын мөлшері толық анықталып болмағанын хабарлады.

Ал Ұлан ауданы, Асубұлақ ауылында аурухананың төбесі қопарылған.

– Аурухананың төбесі 1505 шаршы метр. Шатыр жоқ, жұмсақ жабын – бикрост. Соның 226 метрі қопарылып қалған. Төтенше жағдай мен денсаулық сақтау саласының мамандары ол жерге барып, жағдаймен танысты. Алдағы уақытта тиісті қаражат бөлініп, қалпына келтіріледі. Келесі жылы бұл ғимаратты шатырлау жоспарға енгізілді. Ауданымызда бұдан өзге жағдай тіркелмеді, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button