Ауыл шаруашылығы

ШАШ ЕТЕК ПАЙДА БЕРЕР ШАРУАШЫЛЫҚ ҚАЙДА?

ШАШ ЕТЕК ПАЙДА БЕРЕР ШАРУАШЫЛЫҚ ҚАЙДА?


Үш жылдан бері елімізде көктемгі аңшылық маусымына тыйым салынып келеді. Жыл сайын көктемде ұңғысын оққа толтырып, қару асынып, орман-тоғай, өзен-көлдерді кезіп кететін аңшылар енді аңға қоңыр күзде ғана шыға алады.

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАННАН КЕЙІН ҚҰСТАР КӨБЕЙДІ

Қазақстанда көктемгі аңшылыққа тыйым салуға су айдындарын мекендейтін құстардың азайып кеткені басты себеп болып отыр. Ерте көктемде қанаты талып, бірнеше мыңдаған шақырым жерден сілесі қатып ұшып жеткен қаз-үйрекке аңшылар қырғидай тиетін. Қауырсын қанаттылардың барлығы жұмыртқа басып, балапан шығарып, аң біткен төлдеп жататын мезгілде мылтық атылып, қақпан құрылып, тұяқтылар да, құстар да мезгілсіз оққа ұшатын.

Тыйым салынған үш жылдан бері өңірде жергілікті аң мен құстың популяциясы көбейіп қалғаны байқалған. Соңғы бес жылдың ішінде облыста қоңыр аю 4,1 пайызға, елік, бұлан, марал тәрізді тұяқтылар 5,9 пайызға, қаз, үйрек, ұлар, кекіліктей орман құстары 17,2 пайызға, құндыз, суыр, басқа да аңдар түрі 5,4 пайызға дейін көбейген.

ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНДАҒЫ БҰҒЫЛАР БОСТАНДЫҚҚА ЖІБЕРІЛДІ

Көбейіп қалған аң-құстардың қатары өткен айда тағы бірнеше аңмен толықты. Облыстық қорық-мұражайдың хайуанаттар бағында тұрған төрт марал мен үш теңбіл бұғының ендігі мекені ен дала, орман-тоғай болмақ. Хайуанаттар бағынан көлікке тиеліп апарылған бұғылар мен маралдар сәуірдің шуақты күнінде Сібе көлдері маңына жіберілді. Қоршауда тұрып науадағы жем мен суды ғана нәр еткен жануарлар тау-тасты далаға тұяқтары тигенде, кең-байтаққа үрке қарағанымен, іле бүлкілдей желіп, маң далаға сіңіп кетті. Дала еркелері енді бұл жақта еркін жайылып, табиғатпен бірге жасаспақ.

Облыстық орман және аң шаруашылығының жедел қимыл отряды басшысының орынбасары Василий Ткаченко қолға үйретілген жануарларды табиғатқа жіберуге Сібе көлдерінің маңы әдейілеп таңдалып алынғанын айтты. Бұл маңда аң аулауға тыйым салынған, тұяқтыларға тамақ болатындай шүйгінді шөбі мен суы жеткілікті. Көлге таяу тұстағы шаруа қожалықтарымен қажет болған жағдайда жануарларға жемшөп әзірлеп қоюға келісім де жасалынған екен. Сондықтан бостандыққа жіберілген бұғылар мен маралдар жабайы табиғатта тіршілік етуге тез бейімделіп кететінін айтады мамандар.
Қазіргі күні Өскемендегі хайуанаттар бағында тоғыз теңбіл бұғы мен жеті марал қалған.

ӨСІРІП, ҚОРҒАУҒА ҚҰЛЫҚСЫЗ

ШАШ ЕТЕК ПАЙДА БЕРЕР ШАРУАШЫЛЫҚ ҚАЙДА?

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаевтың айтқанындай, аймақта аң мен құстың көбеюіне көктемгі аңшылыққа тыйым салу шарасы ғана емес, жалға берілген аңшылық шаруашылықтардың мемлекет қарамағына қайтып алынуы да өзіндік септігін тигізген.

– 2003-2004 жылдары облыстағы аң шаруашылықтарын жалға алған тұлғалар ол алқаптарда тиісті биотехникалық шараларды жүргізген жоқ. Тек аңшыларға лицензия сатумен айналысып келді. Осындай «пайдалансақ болды» деген көзқарастың, немкеттіліктің кесірінен аңшылық шаруашылықтарында аң мен құстың саны азайып кетті. Тіпті аңшылар шаруашылықтарға аң атуға келгенімен, ататын да, аулайтын да аң-құс болмай қалды. Ауланғаны ауланып, қалғаны басқа жаққа ауып кетті. Аң кетіп қалған соң, шаруашылықтар қолындағы лицензияларын сата алмай қалды. Сатса да, оны алған адам ол жерден аң атып ала алмайды. Аң-құсы қалмаған соң, иелері лажсыздан қайтадан мемлекетке қайтарып берді. Енді, міне, аң-құс саны қайта көбейе бастаған сәтте қайтадан иеліктеріне алуға асығуда. Бұдан былай осындай жағдай орын алмас үшін, аңшылық шаруашылықтарын аңшылық туризмі бағытында пайдалану үшін, дамыту үшін қолданыстағы заңға, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп, аңшылық шаруашылықтарының жұмысын реттеуіміз керек. Шетелден сол аңшыларды көптеп шақыру үшін, алдымен, заңды реттеу керек. Басқа елде келген аңшыларға мылтықты жалға береді, бізде ондай заң жоқ. Қару-жарақты пайдалану туралы заңды да жетілдіру қажет. Осы реттеулер жүргізіліп, ереже-талаптар бекітілген соң барып қана жалға беру қажет деп есептейміз. Жер, ондағы аң мен құс – мемлекеттік мүлік. Оны пайдалану үшін мемлекет жалға беріліп отырған аңшылық шаруашылықтарына шарт қоюы керек. Сонда жалға берілген аңшылық шаруашылықтарының әлеуметтік-экономикалық пайдасы болады, тиімділігі артады, жалға алынған шаруашылықтарда аң мен құс қазіргідей азайып кетпейді, оларға жағдай жасалынады, – дейді Арман Есентаев.

Яғни, аңшылық шаруашылықтарын жалға алушылар шаруашылық аумағындағы аң-құстарды атқызып, аулата отырып, олардың өсіп-өнуіне қолайлы орта, жағдай жасап, қорғауы қажет. Тіпті көптеген шет елдерде аң-құстарды аңшылық үшін арнайы өсіреді де. Алысқа бармай-ақ ТМД көлемінде алатын болсақ, Литвада 700 гектар аңшылық шаруашылық жерінде екі мыңнан астам бұғы ұстайды екен. Мейрамханалар тарапынан жабайы жануарлар етіне сұраныс жоғары. Аң-құстарды арнайы шаруашылықта өсірсек, аңшылық туризмді дамытсақ, одан шаш етектен пайда табуға болады. Ал аңшылық шаруашылығы мәселесі оң шешімін тапса, халықты жұмыспен қамту жағы да қоса шешіліп, ауылдағы қаншама адам жұмыспен қамтылар еді. Шаруашылықтарға орманшы, күзетші керек. Маусымдық болса да, туристерге түрлі қызмет көрсетуші нысандар ашылып, жұмыс істейді. Ветеринарлық қызмет түрлеріне сұраныс артады дегендей.

Бүгінгі күні облыста бос тұрған аңшылық шаруашылық алқаптары көп. Ұзын саны 54 аңшылық алқап бар, соның 26-сы пайдаланылмай тұрған босалқы алқаптар. Аң-құс көбейген қазіргі кезде сол алқаптарды жалға алуға ниеттенгендердің қолында тым болмаса жұмысты алай ұйымдастырамын, былай ұйымдастырамын деген бизнес-жоба да жоқ болып шығуда. Бұл біздің елде, өңірде аң шаруашылықтарына «пайдаланылатын субъект» деп қана қараушылықтың жойылмай отырғандығын көрсетеді тағы да.

– Аюдың жемі – тұяқтылар. Мемлекеттің қарамағындағы аңшылық шаруашылықтарында біз сол тұяқты аңдарды қорғап, өсіп-өнуіне жағдай жасадық. Аюдың тамағы тоқ болып, аю көбейді. Қорықшылар қыста тұяқты аңдарға қайың, терек жапырақтарын, шөп буып арнайы іліп қояды. Оларды тамақтандыруға орманға жақын қожалықтармен де келісім жасасып отырмыз. Қожалықтар егінін жинап аларда аңдарға арнап масақ қалдырып отырады. Өзіміздің де бидай еккен кезіміз болды. Қыста оппа қардан құтқарылады. Егер осы және басқа да биотехникалық шараларды жалға алушылар атқарса, аң барлық аңшылық шаруашылықтарында көбейіп, жұмыс басқаша бағытта жүрер еді, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Бірер жыл бұрын Зайсан аңшылық шаруашылығын жалға алып, Жеменейдің бойынан қырғауыл ататын аңшылық шаруашылығын ашқан аймақ кәсіпкерлерінің бірінің қолға алған шаруасы – басшы сөзінің дәлелі. Оның ісі – аңшылық шаруашылығы біле-білген адамға туризмді дамытудың бір тетігі екенін көрсетіп отыр. Ішінде шетелден келетін, өзіміздің отандық аңшыларға арналып қонақ үйлер салынған, құстардың көбеюіне жағдай жасалынған бұл шаруашылықты шетелдік аңшылар іздеп келе бастапты.

Қазақстанда аң мен құсқа аса бай өңір – біздің облыс. Аң аулау мерзімінде өңірде 37 аң мен құс түрін атуға рұқсат беріледі. Облыстағы аң шаруашылықтарында бар болғаны 5-6 мың аңшы тіркелген. Егер аңшылық шаруашылықтарына жағдай жасасақ, балық шаруашылығындағыларға көрсетіліп отырған қолдау мен талап етіліп отырған балық қорын қалпына келтіру, көбейту сияқты міндеттер аң шаруашылығына да көрсетілетін және сұралатын болса, аңшылық туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік бар екенін айтады мамандар. Осылайша, аудан халқы балықтың ғана емес, аң шаруашылығының да игілігін көрер еді.

Осы айдарда

Back to top button