Ауыл шаруашылығы

Шаруашылықтар сапалы тұқыммен қамтылды

Шаруашылықтар сапалы тұқыммен қамтылды
Ауа райына қарап жүрген шаруалар көктемнің алғашқы күндерінен бастап тұқымдарын әзірлеп, техникаларын дайындап, жанар-жағармайын түгендеп көктемгі егістікке дайын отыр.
Ағымдағы жылы аудан бойынша егіс көлемінің жалпы аумағын 64 654 гектарға жеткізіп, өткен жылмен салыстырғанда дәнді дақылдардың егіс аумағын 2,75 мың гектарға көбейтіп, ал күнбағыстың аумағын 1,7 мың гектарға азайту көзделген. Қажетті 4500 тонна дәнді дақылдардың тұқымы толығымен кондициялы жағдайда. Жалпы, Катонқарағай ауданында тұқым мәселесі толығымен шешілген. Себебі 2015 жылы тұқым шаруашылығы мәртебесін алған Анатолий Матасов басшылық жасайтын «Жас Қанат» шаруа қожалығы ауданның ауылшаруашылық құрылымдарына репродукциялы, бірінші класты «Омская-18» және «Алтайская-325» жаздық бидайы және басқа да тұқымдарды сатуда.
1235 тонна арзандатылған дизельдік отын шаруашылықтарға бөлініп, оған қатысатын тракторлар, соқалар, тырмалар, дән сепкіштер, басқа да ауылшаруашылық техникалар 100 пайызға даярланып, сақадай-сай тұр. Өткен жылы аудан шаруашылықтары 400 млн. теңгенің әртүрлі жаңа ауылшаруашылық техникаларын сатып алды. Олардың ішінде «Жас Қанат» және «Селигер» шаруашылықтары бірнеше «Быстрица» маркалы кешенді сепкіштерді сатып алды. Сонымен қатар, «Достық Агроинвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ылғал сақтау технологияларын қолдану мақсатында жаңа себу кешенді техникасын енгізу үстінде. Жалпы, науқанды қаржыландыру мәселесі де аудан шаруашылықтары үшін толығымен шешілген. Ол үшін шаруашылықтар «Катонқарағай несиелік серіктестік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы алты пайыздық несие алды. Таяуда аудандық әкімдіктің кезекті отырысында Алтынбел және Солоновка ауылдық округ әкімдерінің 2017 жылдың көктемгі дала жұмыстарына дайындық туралы мәселе қаралып, құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, биыл өсімдік шаруашылығына мемлекеттік қолдау, яғни, субсидиялау ережелеріне енгізілген өзгерістер ауылдық округтердегі шаруа қожалықтарымен арнайы өткізілген жиыңдарда толығымен түсіндірілген. Өсімдік, мал шаруашылықтарын қолдау көрсету ережелері аудан әкімінің ресми сайтына орналастырылып, аудандық «Арай» және «Луч» газеттерінің бетінде жарық көрді. Шаруашылықтарға қажетті механизаторлар мәселесі де шешілген. Бүгінгі таңда Үлкен Нарын ауылындағы аграрлық-техникалық колледжі ұстанған бағытынан таймай, аудан үшін білікті де, білімді мамандар дайындау үстінде. Биыл ауданның шаруашылықтары өз уақытында егістік науқанын сапалы өткізуге бар күшімізді салуға дайынбыз дейді.

Тұрсынқан Базарбаев
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button