Ауыл шаруашылығы

Шаруалар жүгері мен сояға ден қойды

Үржар – облыстағы ірі аграрлы өңірдің бірі. Сулы, көкжелекті өлкенің ауыл шаруашылығы кейінгі жылдары оңға басып, жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр.

Мемлекет басшысы Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген болатын. Ауданның ауыл шаруашылығын дамыту мемлекеттің 2017-2021 жылдарға арналған  бағдарламасына сай жүзеге асуда.

Биыл егіс алқаптары 181,7 мың гектарға жетті. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 1629 бас мал шетелден әкелінді. Мал бордақылау аландарына 1998 бас бұқашық өткізіліп, облыста алғашқы болып «Алғабас» шаруа қожалығы Өзбекстанға 123 тонна ет экспорттады. «Сағади» қожалығы және «Юбилейный» серіктестігі жалпы сыйымдылығы 400 басқа арналған сүт фермаларының жұмысын жалғастырды. «Арыстанбек» серіктестігі тұрғындардан 1953 тонна сүт қабылдап, өңдеді.

– Алты айда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 14,8 миллиард теңгені құрады. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығына жұмсалған инвестиция көлемі 2,1 млрд. теңгеге жетті. Жалпы, инвестиция саласында ауданның облыстағы үлесі 7 пайызды құрайды. Сондай-ақ, осы жылдың бірінші жартысында ауыл шаруашылығы саласында бір жұмысшының еңбек өнімділігі 1067 мың теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 115 пайызға артты, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Ерзат Болатов.

Егін шаруашылығында биыл дақылдар 184,9 мың гектарға егілді. Дәнді дақылдар егістігі 60,3 мың, майлы дақылдар 71,7 мың гектарды құрады. Нақты айтсақ, күнбағыс егістігі 68,5 мың гектар болып, 2019 жылмен салыстырғанда 3,5 мың гектарға азайды. Облыс әкімінің тапсырмасына сай қожалықтар 4020 гектарға жүгері, 1 мың гектарға соя екті.

Биыл егістікке 7360 тонна тұқым себілді. Тынайтқыштар көлемі 2075 тоннаға жетті. Бүгінде егін орағы қарқынды жүруде. Дала жұмыстарына 330 комбайн, 2603 трактор жұмылған. Бұл іс-шараға облыстан 3250 тонна дизель отыны бөлініп, қожалықтарға литрі 172 теңгеден босатылуда.

Бидай ору толық аяқталып, алдын ала ақпарат бойынша 154,9 мың тонна өнім жиналды. Сүдігер жырту 34,3 мың гектарға жетіп, жоспар 56 пайызға жүзеге асты.

Ауданда ірі қара 128 702 басқа көбейді. Жылқы 33 976 басқа, ұсақ мал 247 758 басқа молайды. Үй құстары 308 261 басқа жетті. Түйе 47 басқа өсті. Жыл басынан шаруашылықтар басқа аудандардан 224 бас ірі қара сатып әкелді. Бүгінде өндірілген ет көлемі (тірі салмақта) 11,2 тоннаны, сиыр сүті 61,8 мың тоннаны құрады.

– Малды асылдандыру бойынша биыл селекциялық түрлендірумен қамтылған аналық ірі қара 28 157 басқа жетіп, ауданның жалпы аналық мал басының 50 пайызын құрады. Бұл көрсеткіш осы жылы өңірде алғашқы рет жеке үй шаруашылығындағы 11 174 аналық бас ірі қараны селекциялық түрлендірумен қамту арқылы мүмкін болды, – дейді бөлім басшысы.

Бордақылау аландарына 3800 бас бұқашықты өткізу межеленіп, жүзеге асуда. Былтыр «Алғабас» қожалығы шарт негізінде ауданның 131 қожалығына 500 бас асыл тұқымды бұқаны жалға таратты, соның биыл алған төлдерінен өсірілген тайыншалар аталған қожалықтың бордақылау алаңына тапсырылады. Тайыншаларды тапсыру қазан айына жоспарланған.

Қыстамаға мал азығын дайындау қарқын алып, осы уақытқа дейін 220,2 мың тонна шөп, 11,5 мың тонна пішендеме, 19,1 мың тонна сабан, 13,3 мың тонна жем жиналды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында тоғыз жоба 133,2 миллион теңгеге қаржыландырылып, көптеген бас ірі қара, 130 бас жылқы, 580 бас қой, 3 ауыл шаруашылығы техникасы сатылып алынды.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 119 жоба бойынша 413,7 миллион теңге шағын несиелер берілді.

Жыл басынан 67 қожалық жалпы сомасы 1 274,9 миллион тенгеге 153, оның ішінде лизинг арқылы 126, өз қаражаты есебінен 27 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Жаңадан сатып алынған тракторлар саны – 73.

– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы шеңберіндегі жалпы құны 5585 миллион теңгені құрайтын үш ірі жобаның біреуі толық аяқталып, екі жоба жүзеге асуда. Ақжар ауылындағы «Заря» шаруа қожалығының 200 тоннаға арналған жеміс-жидек сақтау қоймасы былтыр аяқталды. Жоба құны – 30 миллион теңге. Мақаншы ауылындағы «Бәкей» шаруа қожалығының бір мың басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысы (құны – 100 миллион теңге) жүруде. «UrdzharAgroCompani» серіктестігі 2,2 мың егістік алқабына айналмалы суару жүйесін орнатуда (құны – 5 455 миллион теңге). Биыл 210 гектар егістікке 3 «Zimatik» суару жүйесі орнатылды. Келесі жылы 26 суару жүйесін орнату жоспарланып отыр, – дейді Ерзат Болатов.

Мемлекеттік бағдарлама аясында жыл басынан ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 600 миллион теңге, оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығы бағдарламасы шеңберінде 257 миллион теңге және өсімдік шаруашылығына 343 миллион теңге субсидия төленді.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button