Ауыл шаруашылығы

Шаруалар озық технологияларды меңгермек

   Отандық және халықаралық ұйымдар шығысқазақстандық шаруаларға сүтті және етті бағыттағы мал басын көбейтіп, жергілікті өнімнің сапасын жақсартуға көмектеспек. Мұның бір жолы өңірге алыс-жақыннан мамандар тартып, агроөнеркәсіп кешенінің түрлі салаларындағы заманауи технологияларға жергілікті жұртшылықты үйрету.

Алтай мен Шыңғыстаудың, Қалба мен Сауыр-Сайханның арасындағы атырапта не жоқ дейсіз? Суы мен нуы мол Шығыс өңірінде шаруашылықтың сан түрі дамыған. Терістікке тартсаңыз, омартасы мен егінін орған, шығысында марал бағып, мүйізін кескен, күнгейі мен күнбатысында төрт түлігін өріске өрбіткен елді көресіз. Түлік түрінің бірі азайып, бірі көбейіп жатқан жайы бар. Қорадағы малын көбейтіп, оны талғажау еткен тұрғынға осы да жететін сияқты болғанымен, соңғы кезде нарық өз талабын басқаша қоюды Десек те, қолдағы төрт түліктің пайдасын көріп, оның өнімін алыс-жақынға экспорттау үшін заманауи технологияларды меңгеріп, жол мезгейтін маман керек. Бұл істен кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы да қалыс қалып жатқан жоқ. Соңғы жартыжылдықта бірнеше ондаған семинар өткізген ұйым шаруалардың сауатын арттыру мақсатында отандық мамандармен қатар шетелдік сарапшыларды да қатар шақыруда.

Бал сапасын жақсартады

Алғашқы семинар маусым айында бастау алған болатын. Жыл сайын тонналап бал өндіретін үш мыңға жуық омарташының жұмыс өнімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға бағытталған «Омарта өнімдерін экспорттаудағы ережелер мен талаптар» тақырыбындағы семинар өңірдегі 30-дан астам шаруа қожалығының өкілдері мен өз ауласында бал арасын асырайтын азаматтардың басын бір жерге тоғыстырды. Өскемен, Глубокое, Бородулиха және Ұлан аудандарындағы шаруашылық өкілдері жиналған шарада қатысушылар теориялық білімді Опытное поле ауылында орналасқан «Шығыс» білім беру орталығының базасында алса, тәжірибелік бөлім Меновное ауылында орналасқан «Пасека» кәсіпорнында ұйымдастырылды.

Семинарға қатысқан еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері омарташыларға бал арасын бағу, омарта ұстау және сапалы өнім өндіру талаптары жайында айтса, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері мемлекеттен ауыл шаруашылығы құрылғыларын алу жолдары жайында хабардар етті. Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, қазіргі уақытта омарташыларымыз бал өнімдерін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Моңғолия, Қытай, тіпті АҚШ-қа дейін экспорттайтын көрінеді. Алайда олар тауарды экспорттау жолдарын оп-оңай тауып алады деуге келмес. Аталмыш семинар нақты осы сауалдарға жауап беру үшін ұйымдастырылды.

Сондай-ақ іс-шарада отандық омарта өнімдерін дамыту үшін, бірінші кезекте, өңірлердегі жәрмеңкелер санын арттыру қажеттігі де айтылды. Жергілікті омарташылар осыған дейін тек елордада ғана ұйымдастырылып келген көшпелі бал жәрмеңкелерін бұдан былай еліміздің оңтүстігіндегі Алматы, Шымкент қалаларында да ұйымдастыру қажеттігін алға тартты.

Марал өсірушілер тәжірибе алмасты

Қытайлық маманның қатысуымен тамыз айында ұйымдастырылған кезекті семинар марал бағудағы талаптар мен мүйіз кесудің және өнімді консервациялаудың заманауи технологияларына арналды. Шараға осы іске ден қойған отыз шаруашылық қатысты.

Үш модульден тұратын семинардың теориялық бөлімінде белгілі марал өсіруші, техника ғылымдарының кандидаты Нұрлан Тоқтаров марал мен бұғы өсірудегі қазіргі уақытта қолданып жүрген технологиялар жайын айтса, Қытайдың Чань-Чунь қаласындағы сирек кездесетін жануарлар институтының профессоры Ксю Сю Мей семинарға қатысушыларды өз еліндегі марал шаруашылығының дамуы мен оны тамақтандыру рационы жайында хабардар етті.

Семинардың тәжірибелік бөлімі Нұрлан Тоқтаровтың  жетекшілігімен «Катон-Карагайский олений парк» шаруа қожалығының базасында өткізілді. Кәсіпкерлер бұғыны табиғи жағдайда көбейту және тамақтандыру бағытында пайдалы кеңестер алса, «Маралды», «Топқайың» және «Абзал» сияқты марал өсіруші шаруашылықтарының басшылары өздерін қызықтырған марал өнімдерін қайта өңдеу, жануарларды шектелген аумақтарда өсіру жайында толыққанды мәлімет алды.

 Жылқышылар бас қосты

Қамбар ата төлін көбейтуді мақсат еткен шаруалар қыркүйек айында Бесқарағай ауданының Ерназар ауылында бас қосты. Осы бағытта жұмыс істеп жатқан жергілікті шаруалар қожалық базасында Хабидулла Қабдылұлының тәжірибесімен танысты. Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасы бірлесе ұйымдастырған іс-шараға жылқы шаруашылығымен айналысатын 46 шаруа қатысты. Екі теориялық және бір тәжірибелік бөліктен тұратын семинарда шетелдік маман Жан Новак экструдерленген азықтың жылқы шаруашылығына тигізер пайдасын атап өтті. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі жылқы өсіру жайында дәріс оқыған отандық дәріскер Қайрат Ихсан семинар қатысушыларын қазақ жабысын қабы тектес етті жылқының қанымен араластыру арқылы алынған Бесқарағай етті жылқысының тұқымы жайлы хабардар етті.

Бұдан бөлек, семинар қатысушыларына жылқы шаруашылығына бөлінетін мемлекеттік субсидиялар жайы айтылып, жылқыны шетелге экспорттау, етті тұқымды жылқыларды бордақылау мерзімін қысқарту бойынша кеңестер берілді.

 Сүт сапасын қалай арттырамыз?

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тауарлы-сүт фермаларының санын көбейтіп, сүт өндірудің сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, осы бағытта да жұмыстар қарқын алған. Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен сүт сауу гигиенасын, сүт өнімдерінің тұтынушыға бұзылмай жетуін, өнім сапасының артуын қамтамасыз ететін кезекті семинар қыркүйек айында өткізілді. Халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен іс-шарада Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы саласы бойынша халықаралық сарапшысы Евгений Шатохин ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге шағын және қосалқы шаруашылықпен айналысудың тұжырымдамасы туралы айтып берді. Сүтті шикізат түрінде сатудың Кеден Одағы елдеріндегі талаптары жайында сөз қозғаған ол сүт сауудағы гигиена сақтаудың сапаға әсер ететінін де тілге тиек етті. Сондай-ақ семинар барысында сиыр желінінің қабынуы, оны емдеудегі клиникалық және субклиникалық бағыттары да талқыланды. Бұдан бөлек кәсіпкерлер сүт сауатын құрылғылар, оны сақтайтын ыдыстар мен зауытқа дейін тасымалдайтын көлік жайында тұшымды ақпарат алды.

Семинардың келесі бөлігін өз басқаруына алған ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Виктор Шин негізгі назарды селекциялық асылдандыру жұмыстарына аударды. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бөлімінің сарапшысы Ғалиябану Сығаева шаруаларға сүтті бағыттағы мал шаруашылығына берілетін мемлекеттік қолдау шаралары мен сүт сатушыларға берілетін жеңілдетілген несиелеу және субсидиялау жайында айтып берді.

 Заманауи құрылғылармен танысты

Кәсіпкерлер палатасы мал шаруашылығын дамытуға да заманауи технологияларды жұмылдыруда. Етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қараның санын заманауи технологияларды қолдана отырып көбейтуді мақсат еткен кезекті семинарда қалмақ тұқымды сиыр өсірушілер палатасының директоры Бахтияр Өтелбаев тері астына орнатылатын RFID чиптер, радиосырғалар, сканерлер, чип орнататын құрылғылар, электронды бақылағыштар мен ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын түрлі бағдарламалық қосымшалар туралы айтып берді.

Семинар барысында кәсіпкерлер палатасының Үржар аудандық филиалының директоры Леонид Шиянов шаруаларға тері астына орнатылатын чиптер жайында қызықты мәліметтер берді. Сондай-ақ семинарға қатысушылар ірі қараны түрлі аурулардан қорғау, қолдан ұрықтандыру, субсидиялау мәселелерін де көтерді. Спикерлер қатысушыларға әр малдың қай жерде жүргенін бақылауға мүмкіндік беретін GPS-технологиялар жайында айтты. Семинардың тәжірибелік бөлігінде кәсіпкерлерге «Алғабас» шаруа қожалығының бордақылау алаңында чипті тері астына орнататын құрылғы таныстырылып, қалай жұмыс істейтіндігі көрсетілді.

 ***

 Өңірдегі мұндай жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайтыны белгілі. Облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен оқыту семинарлары келесі жылы да агрөнеркәсіп кешенінің түрлі салалары бойынша жалғасын табатыны белгілі.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button