Ауыл шаруашылығы

Шаруалар марапатталды

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы – жері шұрайлы, ежелден ауыл шаруашылығы саласымен айналысып келе жатқан өңір. Жуырда мұнда ауылшаруашылық еңбеккерлері күні кең көлемде аталып өтті.

Салтанатты шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген ауылшаруашылық саласының мамандары мен шаруа қожалықтары жетекшілері мен еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді. Агроөнеркәсіп саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері үшін Президент жарлығы бойынша «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» орденімен, ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілерімен, «Еңбек ардагері» медальдарымен, Абай облысы әкімінің «Алғыс хатымен», ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының «ІІ дәрежелі Еңбек даңқы» төсбелгілерімен марапатталды.

Сондай-ақ басқа да сала озаттарына және ауыл шаруашылығы саласында жүрген қарапайым еңбек адамдарына облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, Аягөз ауданының «Алғыс хаттары» табысталды.

Жалпы, өткен жылы Аягөз ауданы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Президент Жодауын іске асыру шеңберінде облыс әкімінің тікелей басшылығымен жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар мен мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігі аясында аудан экономикасы  қарқынды даму үстінде.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек» деген сөзі бізге жаңа серпін берді, – деді аудан әкімі Сейілбек Ысқақов жиналғандар алдында. – Іске асырылып жатқан жобалардың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын көтеру, елді мекендерде инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік салада жинақталған мәселелерді тиімді шешу. Ауданның 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен әр саладағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2021 жылы 204 миллиард 928 миллион теңгені құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 28 миллиард 197 миллион теңгеге көп. Өсу қарқыны 116 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 2021 жылы 52 миллиард 953 миллион  теңге немесе 2020 жылға қатысты 120,6 пайыз болды. Ауыл шаруашылығы өнімінің  жалпы көлемі 2021 жылы 40 миллиард 833 миллион теңге болды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5 миллиард теңгеге артық. Яғни, өсу қарқыны 116,5 пайызды құрады.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға  арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Аягөз ауданында 2021 жылы 3 миллиард 825 миллион теңгенің қаржысы тартылды. Жоспар-тапсырманың орындалуы 166,3% болғанын мақтанышпен айтуға болады.

Ауылшаруашылық күніне жиылған сала еңбеккерлері атқарылған істер мен жоспарланған ауқымды шараларды талқылап, тәжірибелерімен бөлісті.

 Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button