Шаруалар дайындықтарын жан-жақты пысықтады
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тапсырмасы бойынша жер-жерлерде көктемгі егіс науқанына дайындықты пысықтайтын басқосулар өткізілуде. Сондай басқосудың бірі егіс алқабының көлемі жөнінен облыста алдыңғы орындардың бірін алатын Бородулиха ауданында өтті. Семинар-кеңесте мал шаруашылығын одан әрі дамыту, шаруа қожалықтарын ірілендіру, жерді мейлінше тиімді пайдалану талаптары сөз болды.
Жиында облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев сала бойынша биылғы жылдан күтілетін межелерді атап, облыс көлемінде жыртылатын жердің көлемін жоқ дегенде 5 пайызға арттыру, тыңайтуға қалдырылған жерлердің көлемін 10,5 мың гектардан асырмау сынды қадау-қадау міндеттерді тізбелеп өтті. Оның айтуынша, 20 жыл бойы «әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы» болмаған диқан қауымына талап күшейтіле түспек. Республика Үкіметінің өткен жылдың сәуірінде күшіне енген қаулысына сәйкес, жерді тиімді пайдалану мақсатында егін шаруашылығымен айналысатын қожалықтар мен серіктестіктер құжаттарын ғана емес, жұмыс принциптерін де өзгертуге міндетті. Бұдан былайғы уақытта әрбір егістігі бар шаруа алқаптың тарихы көрсетілген кітап бастап, жерді пайдалану тәртібінің жобасын жасауы тиіс. Осыларды нақтылап түсіндірген Владимир Кошелев көктемгі науқанға дайындықты күшейтіп, себілетін тұқымның сапасын қадағалау қажеттігін де ескертті. Сондай-ақ, Бородулиха ауданының осы бағытта барлық тапсырманы ойдағыдай орындап отырғанын да атап көрсетті.
Бородулиханың бұл тұрғыда өзге аудандардан алда тұрғанын аудан әкімінің орынбасары Ахметқали Нұрғожин да нақты деректермен растады. Ауданның жалпы аумағы 698,9 мың га. болса, оның ауылшаруашылығына арналған 412,3 мың гектарының 337,5 мың гектары жыртылған, ал 3,5 мың гектары тыңайтуға қалдырылған. Тұқым сапасын арттыру бағытында атқарылған шаруалар көңілге қонымды: төрт бірдей шаруашылық тұқым өсіріп, баптаумен айналысуда. Бұлар І, ІІ және ІІІ репродукциялы тұқымдарды белгіленген бағамен сатады. Бүгінге дейін қолда бар 18005 тонна тұқымның 96,1 па-йызы «КазАгрЭкстің» зертханасына тексеруге берілген. Алайда, тұқым шаруашылығын бұдан да жоғары деңгейде дамытуға салаға бөлінген субсидияның жеткіліксіздігі кедергі болып отыр.
Қаржы минералды тыңайтқышқа да жеткіліксіз мөлшерде бөлінуде. Сөз арасында А.Нұрғожин облыс Әкімінің орынбасарынан алдағы уақытта осы мәселелердің оңды шешілуіне ықпал етуді сұрады.
Күнбағыстың жер құнарын өте көп тартатынын екінің бірі біледі. Осы дақылды өсіруде минералды тыңайтқышты дұрыс қолданудың қыр-сырын үйрену мақсатында «Раушан» шаруа қожалығының басшысы Талғат Оразаев Түркияға барып, тәжірибе алмасып қайтқан екен.
Ал облыс Әкімінің тапсырмасына орай «Лада» шаруа қожалығы тамшылатып суару технологиясын енгізбек.
Ауданда егіншілікпен қатар мал шаруа-шылығы да біртіндеп өркен жайып келе жатқан көрінеді. Ішкі жалпы өнімнің 40 пайы-зын осы саланың өнімі құрап отыр. Қолдағы 40 603 мүйізді ірі қараның 21,7 пайызын асыл тұқымды мал құрайды. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша мал өсіруге ниет білдіргендер саны да күн сайын артуда. Былтыр аталған бағытқа 44 млн. 765 мың теңгенің несиесі берілсе, биыл бұл көрсеткішті 74 млн. теңгеге дейін жеткізудің мүмкіндігі бар. Қазірде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәй-кес 13 инвестициялық жоба дайындалып, оның алтауы мақұлданған. Бұлардың бәрі – тамшылатып суару технологиясын енгізу, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, тауарлы-сүт фермаларын түлету, жемшөп дақылдарын суару сынды Елбасы тапсырмаларын іске асыруға арналған жобалар.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық жер инспекциясының бастығы Владимир Соловьев жерді инвентаризациялау тәртібі жөнінде ақпарат берді. Жерлерді инвентаризациялау жұмыстары биыл басталып, 2014 жылға дейін созылатын көрінеді. Осы аралықта облыстағы ауылшаруашылығы жерлерінің қазіргі жай-күйі зерттеліп, қалай пайдаланылып жатқандығына жіті назар аударылмақ. Бұған қоса, сапалық сипат-тамалары зерделеніп, егіндікке арналған жерлердің өнімсіз телімдері анықталып, пайдаланылмай жатқан жерлер ізделеді.
Қазірде әр ауданда топырақтың құнарлылығына мониторинг жүргізілу қажеттігі де туындап отыр. Ғылыми мәліметтерге сенсек, соңғы жылдары жыртылған жерлердің көлемі артып, олардағы қарашірік мөлшері 15 пайызға дейін азайған. Осыларды жеткізген В.Соловьев Жер кодексінде жерді тиімді пайдалану туралы арнайы бап қолданысқа енгізілгенін айтып өтті.
Осы өзгерістерге сәйкес жер иеленушінің қолында болуға тиіс құжаттар саны да көбеймек. Жері бар кез келген жеке немесе заңды тұлға шаруашылық бағытын өздігінен өзгерте алмайды. Жерді пайдаланудың тәртібін бұзған жағдайда заңды тұлғаларға 70-тен 200, жеке тұлғаларға 10-нан 70 айлық есептік көрсеткішке дейін айып салынады. Жердің орынды пайдаланылуын анықтау барысында иеліктегі жайылымдардың көлемі мен мал басының сәйкестігіне де назар аударылмақ. Мейлі шаруашылыққа арналсын, мейлі құрылысқа берілсін, кез келген жер 2 жыл ішінде пайдаланылмаса, сот тәртібімен мәжбүрлі түрде мемлекеттің меншігіне өтеді.
Аталған мәселе бойынша облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Қонысбай Төлеубеков өз ойын ортаға салса, «Лада» және «Е.Зайтенов» шаруа қожалықтарының басшылары ауданның ауыл-шаруашылығы саласын дамытудың алдағы міндеттері жайында сөз етті.
Ал шаруалар тарапынан игерілмеген жерді қайтарудың тәртібі, сойылған малға анықтама беру жолын жеңілдету турасында сауалдар қойылды.
Облыстық ауылшаруашылығы басқарма-сының бастығы Дүйсембай Селиханов өңірдегі 17200 шаруа қожалығы мен серіктестіктің 27 пайызы мал шаруашылығына бет бұрғанын айта келіп, субсидиялау шарттарына енгізілетін өзгерістер жөнінде мәлімет берді.
Оның айтуынша, Бородулиха ауданы ауылшаруашылығын дамыту бағытында облыс бойынша көшбасшы орында. Аудан бір жылдың ішінде егіс алқабын едәуір ұлғайтқан. Көктемгі науқан кезінде шаруалар дизельдік отынның бір литріне 82 теңге төлейтін болады. Басқарма бастығы кедендік одақ жағдайында халықты азықпен қамтығанға малданып жүре бермей, шетке сатудың жолдарын қарастыру керектігін баса айтты. Бұл мәселеде жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау қарастырылған.
Семинарда ветеринариялық сақтық шаралары да әңгіме арқауына айналды.