Тылсым дүние

Шарипаға аян берген кім?

Шарипаға аян берген кім?

Өткен жылы қыс басында жолым түсіп, Семей шаһарына бардым. Түс ауа шаруамды бітіріп, сонда тұратын құдағиым Сайлауқанға амандаса шығайын деп, ат басын бұрмаймын ба. Барсам, құда балам Беріктің топ болып туған үш жарымдағы Назерке деген қызы жүгіріп алдымнан шыққаны. Менің таңданғанымды байқаған қыз шешесі Ләйла:
– Құда, халіңіз қалай? Таңданбаңыз, Назеркеміз бір-екі айдан бері аяғын басып жүр, – деді қуанышты кейіпте.
– Қалай? – деппін баланы Алматы, Астана, Семей қалаларының дәрігерлеріне қаратса да, ем қонбағанын білетіндіктен.
– Қазір мұны емдеген емшіні көресіз, – деді Ләйла. Сөйткенше есік қоңырауы соғылып, үйге қырықтардағы орта бойлы, ашық өңді, ақ сары келіншек кіріп келді. Ол амандықтан соң Ләйлаға: «Кәне, іске кірісейік» – деді.
Олар Назеркені алып, төр бөлмеге кетті. Содан мен «не болса да, емшілігі жайында танысып, біле кетейін» деген оймен біраз тостым.
– Біраз жылдың ішінде Назеркемен қосқанда бесінші баланы аяғынан тұрғызып, қатарға қостым, – деді Шарипа.
Оның айтуынша, әкесі Оралхан ел ішіне танымал сынықшы, көріпкел, емші атанған екен. Шамамен 1916 жылғы дүрбелеңде аталары Ақсуат өңірінен көршілес Қытай еліне өтіп, содан тек 1962 жылы ғана елге оралыпты. Оралхан сол төңірекке тамыршы, емші атаныпты. Тіпті, кеңестік дәуірде жасырын ем-дом жасаған көрінеді.
– Бір жылы, – дейді Шарипа, – көршілес Зайсан ауданынан бес жеңіл машина келіп, үй алдына тоқтады. Менің есейіп қалған кезім еді. Әкем «менің жолымды сен жалғастырасың» деп, мені жанынан тастамайтын. Бұл жолы да сөйтті. Сол жолы бәйбішесі Дариғаға: «Ауыр науқас келеді, үйді дайында» деп, маза бермеді. Айтқанындай, әлгі бес көліктің ішінен жүре алмай қалған егде әйелді зембілмен көтеріп, үйге кіргізді. Әйел өте әлсіз, жүдеу. Оның үстіне көзі көруден қалыпты.
Әкем емшілік құралдарын реттеп, мені қасына алып, іске кірісті. Содан талайдан көзі көрмей қалған әйелдің көзі ашылды. Бірер күннен соң аяғын басты. Бұған риза болған қыз-күйеулері әкеме алтын сағат тарту етті. Бірақ, әкем алмады. Менің құлағыма сырға салды. Әкем 1998 жылы қайтыс болғанда сол әйел Зайсаннан арнайы келіп, жоқтау айтты.
Шарипа өзі Риддер медучилищесін бітіріп, ет комбинатына жұмысқа тұрады. Оның айтуынша, сол тұстары ғажайып өңді ақсақал түсіне кіріп: «Қызым, әкеңнің басына жалғыз барып түнеп, батасын алып, іске көш. Әкеңнің жолын ұста» деп аян беріпті. Шарипа содан әке жолына түскен екен.
– Әкемнің басына барғанда, алдымнан сұр жылан шығып, қолыма уын шашып жіберді. Кейін білсем, жылан елес екен. Сол у қолыма шипалы, емдік қасиет дарытты, – дейді Шарипа.
Негізінен ол бел, буын, құяң ауруларын емдейді, массаж жасаудың нағыз шебері. Өткен жылы арнайы комиссия келіп, массаж жасайтын 27 адамнан сынақ алғанда екі-ақ емші мүдірмей өтіпті. Соның біреуі Шарипа екен. Емшіге еліміздің әр түкпірінен сырқаттар келіп, емделетін көрінеді.

Мәуітқазы Зүкенов

Осы айдарда

Back to top button