РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Шаңыраққа қара!

Түгел сөздің төркіні

«Шаңыраққа қара!» дейтін осы бір шектеу шектен шыққандарға ғана айтылып жүргені анық. Біз осы тіркесті ескерту ретінде ғана қарап, этиканың шеңберімен шектеп тастағандаймыз. Әуелгіде қазақтың көне дүниетанымы тоғысқан қазыналы қарашаңырағын нұсқап, тентегін тезге салған бабаларымыз тыйымының тереңіне не жасырды екен! Құпия сырын ашуға құлшынып көрейік.

Құрылымына сана-салтын, әдет-ғұрпын тоғыстырған қазақтың кигіз үйінің астарлы ақиқаты көп. Үйдің жасалу барысының жаһандану ғасырындағы ғалымдарды таңғалдырған тұсы да болған. Кигіз үй – бір тал шеге қағылмай, ешбір темір қосылмай жасалған әлемдегі жалғыз баспана. «Отауың орда болсын» деген тілекпен отау көтергенде ең әуелі шаңырақ көтеріледі. Шаңырақ көтерілгенде тыныштық орнауы шарт. Оның мәні шаңырақ көтерілгенде, оған космостың құрылымы көшіріліп, Тәңірдің нұры құйылады. Жеті уық байланған соң барып, шаңырақ көтерген адам бақаннан шаңырақты босатып, сыртқа шығады. Жеті уық шаншылғаннан кейін бақанын алмаса, «жетесізсің бе!» деп жекіп жатады. Осы бір күмбез пішінді шаңырақ күн астына көтерілгенде «шаңырағың биік болсын», «шаңырағыңа шаттық қонсын» деген тілектер айтылып жатады. Осы айтылған тілектің барлығы шаңыраққа қонақтайды екен. Шаңырақ Тәңір мен адам арасындағы ақпарат алмастырушы рөлін атқарады. Қазақтың қара шаңырақты сақтауы да сондықтан. Бабаларының бата тілегі, өсиет өнегесі, киесі сақталған, сіңген деп білген. Сондықтан да қара шаңырақтың киесіне ұрынып, Тәңірдің  қаһарына қалмасын деп, «шаңыраққа қара» деп ескерту жасаған.

Әуелгі бір аңызда қасиетті Қас Сақтың жанын шаңырақты айнала ұшқан ақ бүркіт көкке алып кетеді. Аспантекті бабаға бірнеше мәрте есіктен кірген ажал жолай алмапты. Қара шаңырақтың қасиеті турлы Тыныштықбек Әбдікәкімовтің де қалам тартқан сәті бар екен. Көңіліңіз қош көрсе, ақынның «Қас сақ аңқымасы» атты философиялық еңбегін бір қарап өтіңіз.

Қара шаңыраққа қатысты толғамдар мен тіркестер, ырымдар мен тыйымдар көп. Тіптен адамды бір-бірлеп санауды да ырымдап бәленпай шаңырақ, түгенпай түтін деп санаған. Көкке көтерілген кез келген шаңырақ жер әлемнің кіндігі, космостың құрылымы. Сол төңіректің иесі. Жер иесі. Жан иесі. Әр ұрпақ шаңырақ киесімен, Тәңір иесінің қаһарынан тентегін тежеп, «Шаңыраққа қара!» деп ескертіп отыру шарт…

Қызырбек Дүргінбайұлы

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button