Мәдениет

Шалқар Рысханов: – Әрбір шәкіртім өнердің шынайы жанашыры болуы керек

Шалқар Рысханов:   – Әрбір шәкіртім өнердің шынайы жанашыры болуы керек

Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы облыстық өнер училищесіндегі қазақ ұлттық аспаптар бөлімінің меңгерушісі, облыстық мемлекеттік филармонияға қарасты «Алтай» ансамблі мен «Жігер» ұлттық аспаптар ансамблінің жетекшісі, облыс әкімі сыйлығының лауреаты Шалқар Рысхановпен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Өнерге қалай келдіңіз? Ұстаздарыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Мені өнер өлкесіне қадам бастырған облыс орталығында тұңғыш оркестр құрған Қаныбек Тәжібайұлы болатын. Ата-анамнан кейінгі қамқор болған ол кісінің жақсылығын мен әр кез ұмытпаймын. Одан кейінгі үлкен ұстазым кезінде Ахмет Жұбановтармен пікірлес болған, күйші апамыз Динаның қасында жүріп, күйін тыңдаған Құбыш Әшімұлы. Бұл кісі өнердің қарашаңырағы саналатын Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваториядағы ұстазым. Ол кісінің қолынан Қаршыға Ахмедияр сынды қазақтың біртуар ұлдары түлеп ұшқан. Менің өміріме үлкен жол нұсқаған ұстаздарымның бірі кеше ғана өмірден өткен «қазақтың хан ұстазы» атанған Қанипа Бітібаева апамыз, сондай-ақ, Уәлиахмет Нұрахметұлы сынды дара тұлғалар. Ол кісінің алдында 11 жыл білім алдым. Мен өмірде, өнерде титтей жетістікке жетіп жатсам, сол кісілердің тәрбиесі деп білемін.
– Шәкірттеріңіз көптеген халықаралық байқаулардан жүлделі оралып жүр. Сіз үшін бұл байқаулардың қайсысының орны бөлек?
– Оқушыларымның бұған дейін қанша жүлде әкелгені дәл қазір есімде жоқ. Бірақ әрбір сайыстың біз үшін орны бөлек. Шәкірттерді өнерге тәрбиелеу мен білімге тәрбиелеудің айырмашылығы алшақ. Өнерге тәрбиелеу деген тұлға қылып тәрбиелеу деген сөз. Әрі олардың әрбіріне үлкен ыждағаттылықпен қарап, өнердегі өзіндік бағытын тауып беруің керек. Сондықтан белгілі бір биіктерді бағындырып жатқан кез келген шәкірттеріммен мақтанамын. Бұл менен тәлім алып шыққан балалардың бәрі мықты болып кетеді деген сөз емес. Оларға беретін ең басты тәрбием – ешкім өнерге келгеніне өкінбеуі керек, әрі әрбірі өнердің шынайы жанашыры болу керек. Содан кейін барып жүлде алсын, жұлдыз болсын.

Шалқар Рысханов:   – Әрбір шәкіртім өнердің шынайы жанашыры болуы керек

– Десе де, жүлде алған жаман емес шығар?
– Әрине, жаман емес. Жүлде, біріншіден, еңбегіңнің нәтижесі, екіншіден, ол оқушының өз болашағына деген сенімін арттырып, жауапкершілік жүктейді. Сондықтан жүлдегер болған жақсы. Бірақ қазір өнер байқауы көбінде әділ бағаланбайды. Сол жағы жаныңа батады. Мұндай кезде кейбір оқушылар суынып кетуі мүмкін. Сол себепті де шәкірттеріме жүлденің соңына көп түспей, өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетуге мән беру керектігін ескертіп отырамын.
– Өзіңіз құрған «Жігер» ансамблі қазақ өнерін алыс-жуық шетелдерге танытып жүр. Ал ұлт абыройын асырып, облыс намысын қорғап жүрген ансамбльге көмектесіп жүргендер бар ма?
– Еліміз көлемінде өткен шараларға жергілікті орындардағы тиісті мекемелер көмектесіп жатады. Ал шетелдерге бару үшін балалардың ата-аналары қалтасынан төлеуге мәжбүр. Мұндайда кейбір жаны жомарт атымтай азаматтардың көмегі тиеді. Өз басым ешкімге көмектеспеді деп өкпелеп немесе жеткен жетістіктеріме бола біреуге міндетсініп көрген емеспін.
– «Жігерде» қазір талантты жастар өнер көрсетіп жүр. Ертең олар оқу бітіріп кеткенде орнын басатын басқа шәкірттеріңіз бар ма?
– Қазақ өнері ешқашан бір буынмен аяқталып қалмаған. Сол сияқты бізде де болашағынан зор үміт күттіретін жастар өсіп келе жатыр. Біздің міндетіміздің өзі сондай өнерлі балаларды тауып, «Жігер» сынды топтар арқылы халыққа таныту. Сондықтан біздің ансамбльдің болашағына алаңдаудың еш қажеті жоқ.
– Алдағы шығармашылық жоспарларыңыз қалай?
– Әрине, жоспарсыз жұмыс жасамаймыз. Биыл ансамбльдің құрылғанына 10 жыл толып отыр. Соған орай жақсылап бір кеш өткізсек деген ойымыз бар. Бірақ оның бәріне қаражат керек. Сол жағын қарастырып жатырмыз.
– Әңгімеңізге көп рақмет.

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button