«Дидардың» қонағы

Шахимардан ӘБІЛОВ: Абай – Құдайдың қазаққа берген үлкен сыйы

Шахимардан ӘБІЛОВ:  Абай – Құдайдың қазаққа берген үлкен сыйы

Қазақтың талантты ұлдарының бірі, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының жетекші әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Шахимардан Әбілов. Ұлттық опера өнерінің туын жоғары ұстап келе жатқан әншіні жұртшылық Ұлы Абайдың рухани мұрасын насихаттаушы ретінде де жақсы біледі. Таяуда Өскеменде тұңғыш рет өткен «Ақ Ертіс» халықаралық өнер фестиваліне Шахимардан Әбілов та келген болатын. Міне, осы жолы өнер майталманымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Есті ән мен есер әнді айыра алмайтындар көп

– «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» дейді Абай. Осы орайда әннің қасиеті туралы әншіден артық ешкім де айта алмайтын шығар. Ән дегеніміз не?
– Ән –рухани шөліңді басады, мейіріңді қандырады. Санаңа сәуле түсіріп, көңіл құсын құйқылжытады. Ән жайында Абайдан артық айтқан ешкім жоқ, сірә. «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар» дейтін де Абай ғой.
Ән – тәрбие құралы. Ән арқылы адамның жанын тәрбиелеуге, сұлулыққа, әдемілікке деген құштарлығын оятуға болады. Бір өкініштісі, қазір талғамсыз жастардың қатары көбеюде. Арамызда есті ән мен есер әнді айыра алмайтындар жетерлік. Жастарымыз ұлттық музыкамыздан гөрі шетелдің даңғырлақ әуеніне құмар. Бұл – біздің өнеріміз үшін қауіпті. Ұлттық музыка өнеріне төнген қатер. Ұлттық бітім-болмысымыздан, ұлттық бейнемізден алшақтаудың басы. Кейде қазақта опера болмаған деген әңгімені де естіп жатамыз. Неге болмаған? Қазақ даласының өзі опера емес пе? Ақан сері, Біржан сал, Мұхит, Естайлардың өнерін қалай сызып тастауға болады? Біздің тіліміз тіпті итальяндықтардың тілінен де әдемі. Біз тек өзімізді өзіміз бағалауды білмейміз. Халықтың ғасырлар бойы жасаған осыншама байлығын жоққа шығаруға әсте болмайды.
Сондықтан да бұған немқұрайлы қарамау керек. Ол үшін мектептегі ән сабағын оқытуға мән беру керек, сағатын көбейту қажет деп санаймын. Ал бұл салада өзіңіз қандай еңбек сіңіріп жатырсыз десеңіз, менің Павлодарда «Балалардың дауысын қорғау мектебі» деп аталатын өнер мектебім бар. Мұнда болашағынан зор үміт күттіретін талантты балаларды 10 жастан бастап өзіме шәкірт етіп, баулимын. Өйткені, біздің жолымызды жалғайтын ұрпақ қашан да керек. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз де – осы.
– Биыл Абайдың туғанына 170 жыл толғанын республика көлемінде кеңінен атап өттік. Осы орайда өзіңіз ұзақ жылдар бойы Абай операсындағы Абай рөлін сомдап келе жатырсыз. Қазақ әншілерінің ішінде Абайдың рухани мұрасын насихаттап, ақын өлеңдеріне жазылған романстардан концерт те беріп жүрсіз. Жалпы, Абайға қалай келдіңіз?
– Абай – құдайдың қазаққа берген үлкен сыйы ғой. Абай – қазақтың бағы. Абаймен қалай мақтансақ та жарасады. Ал өзім Абай әлеміне аяқастынан келген жоқпын. Абай әндері кішкентайымнан жаныма жақын. Өйткені, Абай әндерін менің анам жақсы көретін. Ыңылдап айтып отыратын. Бала кезден құлаққа сіңісті болған әуен жадыңда жатталып қалады екен. Консерваториядағы ұстазым, Халық әртісі, профессор Бекен Жылысбаев та Абай әндерін тамаша орындайтын. Кейіннен консерваторияны бітірердегі дипломдық жұмысымды опера театрында Абай партиясын орындап қорғадым. Сонда мемлекеттік емтихан комиссиясының мүшесі Латиф аға риза болып, бес қойғызған болатын. Қазір сол кезде бұл тақырыпқа қалай жүрексінбей барғаныма әлі де таңғаламын. 1986 жылы композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» романсын жарыққа алып шықтым. Рахмадиев бұл шығарманы отыз жасында жазған екен. Бірақ орындаушысын таппағандықтан, ұмытылып кеткен көрінеді. Тіпті, қызық болғанда, бұл шығарма Еркеғали ағамыздың өзінің де есінен шығып кетіпті. Риза болғаны сондай, кейін маған арнап Абай сөздеріне жазылған тағы да алты романс жазып берді. Сөйтіп, 1991 жылы Мәскеу консерваториясының кіші залында қазақ романстарынан концерт бердім. Сонда Рахмадиевтің Абай өлеңдеріне жазылған жеті романсын орындадым. Сондағы зал толы көрерменнің қалай риза болғанын көрсеңіз. Бұл кеңестер одағының іргесі сөгіліп, ыдырап жатқан кезі болатын. Артынша бұл туралы «Музыкальное обозрение» газеті жазды. Кейіннен композитор Төлеген Мұхамеджанов та төрт романс сыйлады. Міне, Абайға жол осылай басталған болатын.

Жәнібек екеуіміз екі концерт бердік

– Бір сұхбатыңызда Абай шығармашылығына терең бойлауыңызға Жәнібек Кәрменовтің де ықпалы болғанын айтыпсыз.
– Иә, Абайдың әндері мен өлеңдеріне жазылған романстардан құралған концерттен соң, қасыма Жәнібектің өзі келіп құттықтағаны есімде. Сосын «Шәке, Абайдың келесі концерттеріне мен жүргізуші болайын» деп ұсыныс жасады. Әрине, қарсы болмадым. Өйткені, ол Абай шығармашылығын жетік білетін. Сөйтіп, Жамбыл филармониясында «Әнді сүйсең, менше сүй», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деп атап, екі лекция-концерт берген болатынбыз. Жоспарларымыз көп еді, бірақ Жәнібектің қазасы оған мүмкіндік бермеді. Бұл қаза маған да оңай соқпады. Кейін Жәнібектің рухына арнап «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты жеке концерт бердім.
– Сізді бір қарағанда Абайға ұқсататындар да бар көрінеді. Тіпті, Мәскеудегі Абай ескерткішін сомдаған мүсінші Марат Әйнеков прототип ретінде өзіңіздің бейнеңізге жүгінген екен. Сол рас па?
– Тыңдармандарым бітім-болмысымнан Абайға ұқсастық тауып жатса, ол ең алдымен гримердің еңбегінің нәтижесі деп ойлаймын. Тіпті, Мәскеудегі концерттен соң «Сіз Абайдың нағыз өзісіз ғой» деп қолымды қысқандар болды. Алматыда да үлкен ақсақалдар Абай мұрасын насихаттағаным үшін алғыстарын жеткізіп жатады. Әрине, ұлы ақынға мені ұқсатып жатса, іштей қуанамын. Бірақ, Абайдың рухани деңгейіне жету, ұлы ақынның қайғысы мен қуанышын сезіну екінің бірінің қолынан келмейді.
– 1996 жылы Абайдың ұрпақтары сізге «Абайды әлемге танытқаныңыз үшін рақмет» деп хат жазған да көрінеді.
– Иә, ол хат «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған болатын. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында елуден астам концерт қойған болатынмын. Осы 150 жылдық мерейтой аясында белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев Лондонда халықаралық «Абай» клубын ашқан еді. Сол клубта жыл сайын барып концерт қоятынмын. Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова үшеуіміз Барбикон-холлда да концерт бердік.

«Абылай хан» операсы
Елбасының тапсырмасымен жазылған

– Жалпы, биылғы жыл еліміз үшін той жылы болғаны белгілі. Десе де, сол тойлардың ішінде халқымыз үшін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының жөні бөлек. Тарихымызды танып, тұлғаларымызды түгендедік дегендей. Мұны айтып отырғаным, сіз Еркеғали Рахмадиевтің «Абылай хан» операсындағы Бұқар жырау партиясын да орындайсыз ғой.
– Бұқар жырау рөлі мен үшін ерекше қымбат. Бұл опера тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тікелей тапсырмасымен жазылған шығарма. Мұндағы Бұқар жыраудың партиясын Еркеғали аға маған арнап жазды. Өйткені ол кісі менің дауысымның тембрлік ерекшелігін жақсы білетін. Бұқар жырау өзіме де қатты ұнады. Партитура қолыма тигеннен-ақ, рөлімді бірден жаттап алдым. Менің орындауымдағы Бұқар жырау партиясы Еркеғали ағаның да көңілінен шықты.
Бұл ұлттық операдағы алғашқы саяси шығарма еді. Жалпы, кеңестік заманда ұлттық тарихымызға қатысты көп дүниелердің беті жабық болды ғой. Тіпті, ел билеген хандарымыз бен ел қорғаған батырларымыздың есімін аузымызға алуға қорықтық. Мектепте де өзіміздің тарихымыздан гөрі көршіміздің тарихын оқуға көп мән бердік. Мұның бәрі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мүмкін болды. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры көрермендерге «Абылай хан» операсының жаңартылған нұсқасын ұсынуды жөн деп тапты. Қойылымның алғашқы нұсқасы 3,5 сағат болса, қазіргісі – 2,5 сағат. Арада қаншама жылдар өтсе де, опера өз маңызын жойған жоқ.
– Павлодарда жыл сайын «Шахимардан достарын шақырады» атты халықаралық классикалық өнер байқауы өтеді екен. Осы жайында айтып беріңізші.
– Мен Павлодар облысынанмын. Рахым дейтін нағашы атам көзі ашық, білімді адам еді. Өз анам да ғаламат әнші кісі болатын. Қазақ, татар, орыс әндерін құйқылжытқанда, елітпейтін адам болмайтын. Әкем – Ұлы Отан соғысына қатысқан адам. Араб тілін жақсы білетін, құран оқитын, ән де салатын. Өзі колхоздың председателі болды. Үйден кісі арылмайтын. Бірақ, ата-анам оларға қабақ шытуды білмейтін еді. Олар үнемі маған да «балам, үлкендерді сыйла, ешкімді ренжітпе» деп отырушы еді. Бірақ, он бес жасқа келгенімде мен олардан айырылып қалдым. Сөйтіп, үлкен ағамның қолында тәрбиелендім. Бесінші сыныптан бастап ән салдым. Оныншы сыныпта республикалық фестивальдің лауреаты атандым. Республикалық эстрада студиясына оқуға түстім. Кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірдім. Тынымсыз еңбектің арқасында осындай дәрежеге жеттім. Десе де, туған жердің аты туған жер. Павлодар өңірі мен үшін қашан да ыстық. Аталған байқау 2003 жылдан бастап өтіп келе жатыр. Негізі халықаралық деңгейдегі бұл байқаудың өмірге келуіне себепкер болған – сіздердің әкімдеріңіз Даниал АХМЕТОВ. Байқаудың атын «Шахимардан достарын шақырады деп атайық» деп ұсыныс жасаған да Даниал Кенжетайұлы болатын. Байқауды қаржыландыруды облыстық әкімдік өз мойнына алған. Оған әлемнің ең мықты әншілері қатысады. Жалпы, мұндай шаралар керек. Мұндай байқаулардың арқасында талай мөлдір бұлақтардың көзі ашылады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button