Ауыл шаруашылығы

Шабындық жерлер жеткілікті ме?

 Алты ай азынаған аязы мен ақ бораны толастамайтын  өңірімізде  мал азығын дайындамау тіптен мүмкін емес. Бұл – әсіресе өңірдің қыста қары қалың түсіп, қарекеті саябырситын солтүстік аудандарындағы басты мәселе. Ақ көрпенің шеті сөгіле төскейге төрт түлігін өрбітетін жұрттың ала жаздайғы  тірлігі осы науқанмен тікелей байланысты. Шаруаның шабындық таппай шала бүлінетіні де, істің алға баспайтыны да нақ осы мезгілге дөп келіп жатады. Сол  себепті бүгінгі әңгімені  осы мәселеге арнамақпыз.

Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарының бірінде  өңіріміздегі жайылым жерлер жайын жазған едік.  Мақалада елімізде мал азықтық жерлердің ауқымды бөлігін (95 пайызы) жайылым жерлер, ал азғантай бөлігін  (5 пайызы) шабындық жерлер алатынын  айтқан болатынбыз.

Деректер не дейді?

Осыдан 10 жыл бұрынғы статистикалық деректерге көз жүгіртсек, елімізде бар-жоғы 4,7 млн.  гектар ғана шабындық жерлер  болған екен. Яғни 39 гектар жайылымға бір гектар шабындықтан ғана келген. Мұндағы басты себеп – сонау ХХ ғасырдың 50-70 жылдары аралығында құнарлы шабындықтардың астық өндірудің көлемін арттыру мақсатында жыртылып, егіс алқаптарына айналып кетуі. Нәтижесінде еліміздің көптеген аймақтарында, әсіресе егістік алқаптары басым өңірлерде шабындық жерлер тарылып, мал азығын дайындау мүмкін болмай кетті. Осы себепті 70-80-ші жылдары пішен амалсыз табиғи жайылымдардан дайындала бастады. Мұндай шөбі шабылатын жайылымдар үкіметтің жоспарына кіріп, біраз жылда алқаптар көлемі 15-20 млн. гектарға жетті. Алайда мұндай шабындықтардан түсетін өнім төмен болып, мал шаруашылығына бірқатар зиянын тигізді. 90-шы жылдардың ортасынан бастап егістік жерлерге дәнді және  мал азықтық дақылдарының себілмеуі  салдарынан егістіктерді арамшөп басып, пайдасы жоқ алқаптарға айналды.

Әлеуеті бар аудандар

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, бүгінгі таңда өңіріміздің аудан, қалаларында барлығы 1063,2 мың гектар шабындық алқаптары бар көрінеді. Бұл аймақтағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің  3,3 пайызын құрайды. Оның 50,3 пайызы, яғни 477,9 гектары бос жатқан шабындық алқаптары.

Шабындық алқаптары қолданыста жүрген аудандар бойынша алғашқы бестікті Жарма (54,1 мың га.), Көкпекті (52,2 мың га.), Тарбағатай (46,4 мың га.), Аягөз (42,7 мың га.) және Катонқарағай (38 мың га.) аудандары құрайды.

Ал шабындығы  әлі де пайдаланылмай  бос жатқан аудандар қатарында Аягөз (100,9 мың га.), Жарма (69,5 мың га.), Үржар (50,7 мың га.) және Күршім (47,3 мың га.) аудандары тұр. Демек, болашақта бұл аудандардың мал азығын молынан дайындайтын әлеуеті бар. Тек төрт түліктің санын көбейтемін деген шаруалар болса…

Шабындыққа жұтаң аудандар  да бар.  Бүгінде қолданыстағы шабындығы  аз аумақтар қатарына қалаларды қоспағанда, Бесқарағай (6,8 мың га.), Бородулиха (7,9 мың га.), Абай (9,9 мың га.) жатады. Алайда аталмыш аудандардың бір ерекшелігі – бұларда қолданылмай, яғни бос жатқан шабындық алқаптар санының жетіп артылатындығы. Мысалы,  Бесқарағайда бос тұрған  шабындық  көлемі 21 мың гектарды құраса, Абайда 30 мың гектарға жетіп жығылады. Демек, бұл аудандардың да мал басын арттырамын деген шаруаға берер мүмкіндігі әлі алда.

 Жекеменшікке берілмейді

Шабындық жердің жалға берілу мерзімі мәселесі көпшіліктің көңілін мазалайтыны белгілі. Шабындық алқаптары азаматтарға қандай тәртіпте, қанша жылға жалға беріледі?

– Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 36-бабына сай жер учаскелері ел азаматтары мен заңды тұлғаларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен, шалғайдағы мал шаруашылығы, яғни маусымдық жайылымдар үшін және тұрғын халықтың мал жаюы мен шөп шабуы үшін беріледі, – дейді  облыстық  жер қатынастары  басқармасының басшысы Виктория Барсукова. – Уақытша өтеусіз жер пайдалану мерзімі бес жылдан аспауы тиіс. Жер учаскесін беру тәртібі аталмыш Кодекстің 43-бабымен анықталған. Азамат жер учаскесі орналасқан жердегі жергілікті атқарушы органға өтініш берген соң ол жер комиссиясында қаралып, оң қорытынды болған жағдайда өтініш беруші жерге орналастыру жобасын әзірлейді. Соның негізінде әкімдік шешім қабылдап, уақытша жер пайдалану шартын жасасады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жер актісін әзірлеген соң, құжат әділет органдарында тіркеледі. Тағы бір ескере кететін жайт, жер учаскесін құжаттары толық дайын болғанға дейін пайдалануға жол берілмейді.

Жауапты тұлғаның айтуынша, заңнамаға сай шаруа немесе фермер қожалығының ауыл шаруашылығы өндірісіне арналған жер учаскесін пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап, қатарынан екі жыл бойы мақсатына сай пайдаланылмаған жағдайда Жер кодексінің 94-бабында көрсетілген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюға жататын көрінеді.

Сондай-ақ шабындық жерлер жекеменшікке берілмейді. Бұған байланысты  Президенттің 2016 жылғы 6 мамырдағы №148 Жарлығы шыққан. Онда мемлекеттік меншікте тұрған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жекеменшік құқығын және заңды тұлғаларға беруге 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта мораторий жарияланғандығы көрсетілген.

***

Сонымен, мал азығын қамдау ең маңызды мәселе. Облысымыз жайылым мәселесі жоқ өңірлердің біріне жатады. Сондай-ақ  шаруаға берер әлеуеті бар аймақта бос жатқан шабындығы  жетерлік. Десек те, шаруалар  үшін ендігі мәселе – алынатын мал азығының сапасы. Шаруаларымыз сүрлем мен пішендеме дайындау технологиясының мүм­кін­діктерін толық игере алмай отыр. Ал соңғы жылдардағы қысқы аяз бен қалың қар шаруаларға шөп дайындаудың қан­ша­лықты маңызды екендігін ескерткендей. Өкінішке қарай, бүгінгі күні өзен-көлге жақын орналасқан  шабындықтардың  өнімділігі төмен, гектарынан 11-13 центнерден аспайтын шөп дайындалады.  Бұл – қай тарапты  болмасын ойлантатын мәселе.

               Шабындық  жерлерді  пайдалану тәртібі

(облыстық мəслихаттың 2018 жылғы 12 сəуірдегі шешімі)

 

Сапалық жағдайы Әр гектарына төленетін төлемақы мөлшерлемесі Теңгемен
Жақсы (гектарына 8 центнерден жоғары) 0,12 АЕК 303 теңге
Орташа (гектарына 5-тен 8 центнерге дейін) 0,09 АЕК 227 теңге
Нашар (гектарына 5 центнерге дейін) 0,07 АЕК 176 теңге

Аудан, қалалардағы шабындық жерлер 

Аудан, қала атауы Ауылшаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі

(мың га.)

Шабындықтар
Қолданыстағы жерлер

(мың га.)

Бос тұрған жерлер

(мың га.)

Абай ауданы 2009,4 9,9 29,9
Аягөз ауданы 4958,8 42,7 100,9
Бесқарағай ауданы 1140,4 6,8 21
Бородулиха ауданы 699 7,9
Глубокое ауданы 586,6 18,1 5,4
Жарма ауданы 2342,3 54,1 69,5
Зайсан ауданы 1044,4 37,9 14,5
Алтай ауданы 1057,7 33,2 10,3
Катонқарағай ауданы 1317,4 38 27,5
Көкпекті ауданы 1457,7 52,2 24,8
Күршім ауданы 2319,9 23,6 47,3
Тарбағатай ауданы 2373,2 46,4 15
Ұлан ауданы 953,7 35,6 25,3
Үржар ауданы 2341,4 33,4 50,7
Шемонайха ауданы 399,6 17,5 0,5
Риддер қаласы 487,4 5,8 6,3
Семей қаласы 2779,1 7 28
Өскемен қаласы 54,6 1,7 1
Облыс бойынша 28322,6 471,8 477,9

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button