ТағдырТарих

Шабадан түбіне жасырылған тағдыр

Өткен ғасырда сталиндік репрессия салдарынан қазақтың 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауымы жазықсыз атылып кетті. Бұдан бөлек 100 мыңдаған адам қамалып, айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Ату жазасына кесіліп, нақақтан-нақақ жала жабылған арда азаматтардың бірі – кезінде  Ұлан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған  Әбдірахман  Айдарбеков.

Әбдірахман Айдарбековтің жиені, өңірге танымал меценат, жеке кәсіпкер, қажы Мұрат Телебаев бірнеше жылдан бері нағашы атасы туралы деректерді там-тұмдап жинап, елі үшін қызыл террордың құрбаны болған есіл ердің есімін ұлықтауға  үлес қосып жүрген азаматтардың бірі. Ол кісінің қолында құнды құжаттармен бірге Әбдірахман Айдарбеков пен жары Айтбөбе екеуі түскен жалғыз сурет сақтаулы.

–Менің анам Бижамал Айдарбекова – Әбдірахманның туған інісі Оразайдың қызы. Анамнан бес жасымда қалғандықтан, көп нәрселерді  нағашы әжемнен естідім. Әжем ертеректе қайнағасы Әбдірахман туралы жүрегі қарс айырыла айтып отыратын. Сол зұлмат күндерді есіне алғанда көз жасын жаулығының ұшымен сүртіп, кейде ұзақ уақыт үнсіз қалушы еді. Оның себебін қазір түсіне бастадым, туыстары бертінге дейін ол кісінің есімін ашық айтудан қорыққан ғой, – деп бастады әңгімесін Мұрат аға. –  Әбдірахман  Айдарбековті 1929 жылы Ұлан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындайды. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат елді аштық жайлаған зобалаң жылдары халықтың қолындағы соңғы тұяғына дейін тартып алып жатқан әділетсіздікке жаны төзбейді. Адамгершілігі мол Әбдірахман ауылдастарына қандай да бір шапағатын тигізу үшін  қызыл жағалыларға өздері ашқұрсақ жүрген ауылдастарының қорасындағы мал басын айтпай, жасырып жүреді.  Осылайша, көптеген отбасын аштықтан құтқарып қалған. Кейін оны  біреулер ұжымдастыққа қарсы шықты, «халық жауы» деп көрсетіп,  Ұлан жерінде ұлтшыл-фашистік ұйым құрды деген лақаппен  НКВД жендеттері айдап әкетеді. Қызыл жендеттердің қорқақтығын, қорқаулығын айтсаңызшы,  қасында жүрген бас көтерер  азаматтардың барлығына «айдарбековизмді» жақтаушылар» деген айдар тағылып, оларды түп-тамырымен жою үшін ату жазасына кеседі.

Мұрат Телебаевтың нағашы атасы туралы айтқан бұл мәліметтердің растығын МҚК мұрағатындағы құпия құжаттарға қол жеткізген, кезінде облыстық мұрағаттың басшысы болған  Алдияр Әубәкіровтің Алашорданың 100 жылдығына орай шығарған «Құжаттардағы «Алашорда» кітабының 108-бетінен табуға болады.

«1937 жылы НКВД  қызметкерлері Ұлан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы  Әбдірахман  Айдарбековті тұтқындайды. Алашордашы Райымжан Мәрсековпен оның ағасы Шериаздан Мәрсеков арқылы хат жазысып, Райымжаннан тапсырма алып отырған. Әбдірахман мен осы іске қатысты басқа фигуранттардың айтуынша, олар Кеңес үкіметіне қарсы жұмыс істеуге тиіс болыпты. Яғни, ұжымдастыруға қарсы, жекеменшікті сақтап қалу үшін. Онымен қоса 28 адам тұтқындалып, олардың 22-сі атылды» делінген кітапта.

Әбдірахман Айдарбеков 1891 жылы Ұлан жерінде дүниеге келген, шаруа-малшылар отбасынан шыққан. Әкесі Айдарбектен үш ұл:  Әбдірахман, Оразай және Құсайын тарайды. Әбдірахман ұсталып кеткенде 46 жаста болған. Артында 35 жастағы жары Айтбөбе  үйелмелі-сүйелмелі  төрт баламен шырқырап қала береді. Үлкен ұлы  Ағзам 13 жаста, қызы Задаш 5 жаста, Болаты 3 жаста және сүт кенжелері – ұлы Жанат сегіз айлық сәби.

–  Әбдірахманды ату жазасына кескенде, нағашы әжемнің айтуынша,  туыстары Айыртау төңірегінде Құдайберген ауылында тұрған ғой. Ол кезде атылған кісілердің отбасын, бала-шағасын, туысқандарын Алжир, Карлаг лагерьлеріне  айдап, ұрпақтарын түбімен құртып отырған қызыл саясат. Сонда солдаттар қару-жарақтарын салдырлатып, күн-түн демей есік-терезені қағып, ауылдан Әбдірахманның туғандарын іздеп келеді екен. Өздері бір ауыз орысша білмейтін әжемдер қатты қорқады. «Біз «Айыртауский болыский,  ол Усть-Камангорский» деп, білген орысшамызды айтып, тығылатынбыз. Біз қашып, Жанамаға кеттік, аты-жөнімізді өзгертіп, елдің арасына сіңіп кетуге тырыстық» дейтін марқұм. Өздерінше, «оны Өскеменге ұстап әкетті, біз ауылда, түк білмейміз» дегендері ғой.  Мен Әбдірахманның  қызы Задашты тоқсан жасқа таяғанда іздеп таптым. Ұланның тарихы, азаматтары туралы бірнеше кітап жазған, осы жерде көп жылдар Сыртқы істер министрлігінің консулы қызметін атқарған Совет Қапанұлы «бір болса, сол кісіде әкесінің суреті болуы керек» деп маған жол сілтеді. Задаш Әбдірахманқызы Жарма ауданының бұрын дүркіреген рудник болған Ақжал деген ауылында тұрады екен. Бертінге дейін әкесінің атын айтуға қорқып, әке-шешесінің жалғыз суретін шабаданның жасырын екінші түбіне сақтап келіпті, – деп жалғастырды сөзін Мұрат аға.  Маған шабаданның түбінде сурет емес, Айдарбековтар әулетінің тағдыры жасырылғандай әсер етті.

Мұрат Телебаевтың өз атасы Теміртек  Сібе уезінде болыс болған адам. Соны айтқанда «менің атам алты жыл болыс болды, кейін Қазаншұңқырдағы алтын шығаратын рудникке басшы болған» деп мақтанатын.

– Сөйтсем, нағашы жағынан атам ел-жұрттың, қара баланың қамы үшін нақақтан-нақақ қараланып, жазаланып кеткен арда азамат екен. Алашордашылармен байланысы болған. Бүгінгі бейбіт күніміз сол аталарымыздың арқасы. Ұлан ауданының көне көздері Әбдірахман Айдарбеков туралы жақсы білуі тиіс. Аудан туралы шыққан бірнеше кітапта аты аталады. «Халық жауы» деп ұсталып кеткені жазылған. Бірақ ақталғаны туралы  құжатты ешкім көрген жоқ. Содан нағашы атамның атын ұрпақтарының, ел-жұртының алдында ақтап алуды өзіме парыз санап, Бас прокуратураға сұрау салғам. Міне, 2021 жылдың  30-сәуірінде облыс прокурорының бірінші орынбасары М.Таутеновтың,  Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті атқару жүйесі басқармасының басшысы А.Смиттің хаттары келді. Осы құжаттарда Әбдірахман Айдарбековтің толық ақталғаны көрсетілген. «Өшкені жанып, өлгені тірілді» деген осы шығар, – дейді Мұрат аға қуанышын жасыра алмай.

Әбдірахман Айдарбековке қатысты қылмыстық іс Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті атқару жүйесі басқармасының арнайы мемлекеттік мұрағатында сақталған екен.  Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті атқару жүйесі басқармасының басшысы А.Смиттің 2021 жылғы 16-сәуірде берген мұрағаттық анықтамасында былай деп жазылған: «А.Айдарбеков 1929 жылы Ұлан аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүргенде осы ауданның аумағында контрреволюциялық ұлттық-фашистік ұйым құрды деп айыпталды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша НКВД үштігінің қаулысымен 1937 жылдың 20 қарашасында жеке мүлкін тәркілей отырып, ату жазасына кесілді. Үкім 1937 жылы 4 желтоқсанда орындалды».

Облыс прокурорының бірінші орынбасары М.Таутеновтың ақталғаны туралы анықтамасында: «Шығыс Қазақстан облыстық соты президиумының 1957 жылғы 8 мамырдағы  қаулысымен  Шығыс Қазақстан облысы бойынша НКВД үштігінің  А.Айдарбековке қатысты 1937 жылдың 20 қарашасындағы қаулысы күшін жойып, қылмыстық іс тоқтатылды» деп көрсетілген.

 

Отан үшін мерт болған

 

Мұрат Сұлтанғазының айтысына қарағанда, Әбдірахманның екі інісі Оразай мен Құсайын соғысқа аттанып, қызыл жағалылардың құрығынан аман қалған. Оразай взвод командирі болған, қан майданда қатты жараланып,  елге оралған соң, қырқыншы жылдардың аяғында қайтыс болады. Кенже інісі Құсайын туралы жерлес жазушы Ғаббас Құмаров тамаша естелік жазып әкеліп, Мұрат ағаға табыстапты.

–Ғаббас Құмаровтың бес беттен тұратын сол қолжазбасы, міне, менде әлі сақтаулы. Қысқаша айтсам, Ғаббастың ата-анасы Құсайынның отбасымен бір ауылда, Қазаншұңқырда тұрыпты, аталас адамдар. Ғаббастың айтуынша, он екі-он үш жастағы жасөспірім кезі, бір күні майданнан ауылға, Айдарбековтердің отбасына хат келеді. Онда солардың баласы ма, інісі ме, біреуінің ерлікпен соғысқаны, жоғары наградаға ұсынылғаны жазылыпты, деп ел гу-гу етеді. Әлгі құжат қолдан-қолға өтіп, аяғы хат танитын Ғаббасқа дауыстап оқытады. Ғаббастың есінде мына екі факті жатталып қалады: бірі – Құсайын жау танктерін жағып жібереді, сосын көмекке келген жау танкілерінің қоршауында қалғанда, өзін-өзі танкте өртеп жіберіп, ерлікпен қаза болғаны және екіншісі – Карелия-фин АССР, Питкорявский район деген мекенжай. Осыны қорытындылай келе маған:  «аталарың Құсайын офицер болған, яғни әскери білім алған,   Прибалтикада ерлікпен қаза тапты, оның жоғары наградаға ұсынылғаны туралы құжатты мына қолдарыммен ұстап, өз көзіммен оқыдым, іздеу керек» деді. Қазір көптеген сайттар ашылып жатыр, бұл да кезегін күтіп тұрған шаруа, – деп тоқтады Мұрат аға.

Елі үшін атылып кете барған Әбдірахман Айдарбековтің есімі ұландықтарға таныс болғанымен, тіпті  жергілікті музейде де ол кісі туралы бір парақ болсын естеліктің жоқтығы қынжылтады.

– Тарих ақтаңдақтарының бірі – НКВД үштігі  сол кездегі ұлтымыздың сүт бетіндегі қаймақтарын қалқып алып, ешқандай сот-тергеусіз  көзін құртып отырған. Сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған Әбдірахман Айдарбеков Ұлан аудандық партия комитетінің тұңғыш  хатшысы. Орташа сауаты болса да іскерлігі мен жалынды жігерінің арқасында ауданды басқарған. Қызылсіңір ауылдастарының қамын жасап, басын қатерге тіге жүріп, талай жанның қолындағы малын жасырып, тәркілеуге жол бермеген. Бірақ өзіміздің музейден де ол кісі туралы дерек көргем жоқ.  Жиені Мұрат Телебаев деген азаматтың қолында біраз құнды құжаттар бар деседі, соларды жинастырып, бұл кісінің есімін ұлықтайтын мезгіл жетті деп ойлаймын. Бүгінгі ұрпақтың санасында қалу үшін көше, не болмаса мектептің атын берген де дұрыс, – дейді Ұлан ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Аймұхамет Бәкімбаев.

«Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» демекші, Мұрат Телебаевтың өзі де осал азамат емес.  Ұланның тумасы, өмір бойы милиция саласында қызмет атқарған, бүгінде өңірге танымал меценат, бірнеше рет қажылыққа барған, 2012 жылы Сауд Аравиясы Патшасының жарлығымен Мұрат-қажы ағамыз Мекке қаласына шақырылып, қасиетті Қағбаның ішіне кіру бақыты бұйырады. 2014 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Шығыс Қазақстан аймағының бақылаушысы ретінде генерал-майор шені берілді. 2015 жылы БҰҰ «Алтын қыран» орденімен марапатталған. Қайырымдылық шараларына белсене қатысып, үйсіз-күйсіз жүрген жандарға баспана әперіп, бірнеше елді мекенде ме    шіт салған азамат.

 

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button