Құқық

ШҰБАРАҒАШТАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Шығыстағы жер жәннаты саналатын бұл жақ –  қарасаң көзің тоймайтын, келсең кеткің келмейтін көрікті жердің бірі. Тау-тасын арқар кезіп, бөктерін марал мекен еткен бес-алты түтінді шағын елді мекеннің азын-аулақ тұрғындары марал бағып, мал өсірумен айналысады.

2020 жылдың алғашқы күндері. Табиғат аясындағы, тау ішіндегі алақандай ауыл тұрғындары  малын жайлап, қарын күреп дегендей, күнделікті күйбең тірлігін кешіп жатқан. Ақ қарға оранған бұйығы ауылға 9 қаңтардың кешінде «Ауылдың екі бірдей азаматын біреулер өлтіріп кетіпті» деген суыт хабар әп-сәтте тарап кетті. Бірін-бірі өлтірген бе? Әлде осы ауылдағы, өз араларында жүрген біреу мерт қылды ма? Екі бірдей адамды құмырсқа құрлы көрмей өлтіріп тастаған кім? Мүмкін, басқа жақтан келген біреулердің ісі ме бұл?

 

Шұбарағаштықтардың зәресін алып, шошытқан қанды оқиға көшеде емес, далада емес, ауылдағы үйлердің бірінде болған. Көп ұзамай қылмыскер ұсталды. Қаныпезер, расында да, басқа жақтан, алыстан келген  және өз араларында жүрген адам болып шықты. Анығын айтқанда, екі азаматтың да Алматыдан Катонқарағай ауданының осы Шұбарағаш ауылына марал бағуға келген  кісінің қолынан қаза тапқаны белгілі болады.

Алматыдан келген С. есімді жігіт Шұбарағаштағы марал шаруашылығына бригадир болып жұмысқа орналасып, осы ауылдағы үйлердің бірін жалдап тұрып жатқан. 8 қаңтар күні кешкісін осы ауылдағы екі азамат С-ның үйіне келеді. Қонақтар күтіліп, әлгі жерде арақ-шарап ішіледі. Көңілді отырысты С-ның үйіне келген екеудің біреуі – Төженовтің (тегі өзгертілген) үй иесіне қойған сауалы бұзады. Төженов өзімен бірге тұрып жатқан әйелді С-дан қызғанып, өршіген даудың аяғы төбелеске ұласады. С-ның үйіне келіп отырған екінші адам – Сөреков те (тегі өзгертілген) төбелеске араласады. Жанжал үстінде С.  Төженовті ұрып-соғып, тепкілеп, тамағынан қылқындырып өлтіреді. Онымен бірге келген Сөрековті де асқан айуандықпен соғып, қылқындырып өлтіріп барып, бірақ тоқтайды.

– Ауыр дене жарақаттарын алған екі жігіт те оқиға болған жерде қайтыс болған. Одан соң С. екі адамның мәйітін екінші бөлмеге апарып жасырып, ертеңінде басқа ауылға кетіп қалады. Сол күні де арақ ішуін жалғастырған С. кешке жанындағы жолдасымен үйіне қайтып келген.  Келген соң мәйіттерді моншаның артына апарып қарға көміп тастайды. Оны көріп қалған қасындағы жігіт дереу ауылға келіп полицияға хабарлап, қаскөй қамауға алынды, – дейді Катонқарағай ауданының Шұбарағаш ауылындағы қанды оқиғаға қатысты істі қараған облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бердіғали Қасенов (суретте).

Хабарды естіген бойы полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетеді. Алайда мас күйіндегі С. өзінің ештеңе білмейтінін, ешкімді өлтірмегенін айтып жалтарады. Полиция куәгердің көрсетуімен қардың астында жатқан жерінен екі адамның да өлі денесін алып шыққан соң барып қана С. өзінің екі жігіттің бірін өлтіргенін, ал екінші жігітті қайтыс болып кеткен жігіттің өзі өлтіргенін айтып бұлтарады.  С-ның қылмысы тергеу барысында жиналған деректермен дәлелдене отырып, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен қылмыскер 18 жылға сотталды.

ҚАРЫЗҒА БАТҚАН КӘСІПКЕРДІ СОҚҚЫҒА ЖЫҚТЫ

Риддер автопаркінің директоры М. 2013 жылы автобус паркінің бұрынғы иесінен осы шаруашылық субъектісін сатып алғанда, тақырға отырып, таяқ жеймін деген ойда емес, елге қызмет етіп, бизнесімді дамытамын деген үмітте болды.

Кәсіпкер М. қолма-қол беретін ақшасы жоқ болғандықтан, өзі сатып алып отырған автопарктің иесіне беруі қажет ақшаның жартысын автопарк қызметінің болашақтағы кірісі есебінен жауып отыруға келіседі. Кәсіпкер М. автобус паркін теңгеге емес, долларға сатып алғандықтан, қалған ақшаны да АҚШ валютасымен қайтаруы тиіс болады.

Қырсыққанда қымыран іриді. 2015 жылы доллардың бағамы шұғыл көтеріліп кетіп, М-ның онсыз да қайтара алмай жүрген қарызының көлемі одан сайын көбейіп шыға келеді. Амалы таусылған кәсіпкер Риддердегі кәсіпкерлерден қарыз сұрауға көшеді. Өзіне таныс кәсіпкердің бірі Ондырбаевтан (тегі өзгертілген) 40 мың доллар тауып беруін өтінгенде, кәсіпкер өзінің туысынан алып, М-ның сұраған ақшасын қолына ұстатады. М. автопарктің кірісінен бұл қаржыны тез арада жауып тастайтынына сенімді болғаны соншалық, Ондырбаевқа долларды айына 15 пайызбен қайтаруы тиіс болып келіседі. Алайда ол сенімі ақталмай, парк жұмысынан көздегендегідей табыс түспей, кәсіпкер қарыздың пайызы түгіл, өзін қайтаруға қауқарсыз болып қалады.

Бизнесте тәуекел бірге жүреді. М-ның ойындағы жоспары болмай қалғанын көріп, қарызының қайта қоймайтынын білген Ондырбаев 2018 жылы М-ға «Қарызды – 15 млн. теңгемді  қайтар немесе автопаркті менің атыма аудар» деген талап қоя бастайды. Ондырбаевта  М-ның  ақшаны алғаны туралы  қолхат бар. Осы қолхат негізінде Риддер қалалық соты Ондырбаевтың талап арызы бойынша «М. оған  қарызын қайтарып, өндіріп берсін» деген шешім де шығарған.

Осылай, екі кәсіпкер қарыздың жырымен жүрген кезде қаладағы тағы бір О. деген кәсіпкер автопарк иесі М-ға  «автопаркті  маған сатсаң, мен сенің қарыздарыңның бәрін жауып беремін» деп өз ұсынысын айтады. Шырғалаңға түскен жағдайдан құтылудың жолын іздеп, әбден шаршап жүрген М. бұл ұсынысқа қуана келісіп, автопаркті О-ның атына сыйға тарту шарты бойынша (өзінің қарыздарының бәрін О. қайтаратын болғандықтан)  аударып жазып береді.

Сөйтіп, автопарк О-ның иелігіне өтіп, қарыздан құтылатын күн туды ма деген шақта М-ға кезекті рет қарызын сұрап, талабын қоя келген Ондырбаев автопарктің О-ның атына аударылып кеткенін ұғып, санын соғып қалады.

Ашу ызасы қайнаған Ондырбаев ақыры бір күні  Өскемендегі автостанция жанында бірнеше кісімен бірге М-ға кездесіп, бірден жұдырық ала жүгіріп, кәсіпкерді ұрып, соққыға жығады. Сөйтіп, Риддер қаласындағы жолаушылар тасымалдайтын автобус паркіне қатысты талай жылғы қарыз дауы, текетірес кәсіпкерді соққыға жығумен аяқталады.

– Біріне қарызын төлеу қайғы болып, біріне ақшасын қайтару уайым болып жүріп, екі кәсіпкердің бірі соққыға жығылып, екіншісі сотталып кетті. 12 қазандағы сот үкімімен қарызын қайтарта алмай жүрген Ондырбаев сотталып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектелді. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, – дейді Риддердегі  кәсіпкердің соққыға жығылуына байланысты істің жай-жапсары турасында осы істі қараған облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының  судьясы Қуаныш Зәбенов (суретте).

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button