Денсаулық сақтау

Үш ауданның тұрғындарына қызмет көрсетеді

Өңірдегі екі  аудандық  орталық  аурухана ғана жоғары деңгейде жұмыс істеп, медициналық мекеме заманауи қалыпқа келтірілген.  Оның бірі Аягөзде орналасқан. Міне,  Аягөз ауданында  болған аймақ басшысы Даниал Ахметов аталмыш мекеменің  жұмысына  осындай баға берді.  

Шынымен де, аудандық орталық аурухананың кіреберісінен  оңды өзгерістер көзге бірден шалынады. Қабылдау бөліміндегі триаж жүйесінен басталатын заманауи жабдықтар, аурухана ғимаратының төртінші қабатында орналасқан инсульттік орталық пен перзентхана бөліміндегі соңғы технологиялар мен еуропалық стильдегі жөндеу жұмыстары көңілді марқайтады.

– Инсульт қазіргі неврологияның негізгі әлеуметтік және медициналық проблемасы болып табылады. Жүрек-қан тамырлары және инсульттен зардап шегетіндер қатарының жылдан- жылға өсіп келе жатқаны дәрігерлерді қатты алаңдатады. Статистикалық деректерге жүгінсек, аурудың осы түріне шалдыққандар бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі орынды иеленген. Міне, осы себепті «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі нақ осы аурулардың алдын алуға және оны емдеуге арналған. Облыс басшылығы осы жағдайларды ескере отырып,  былтыр  аудандық  орталық аурухана базасында инсульт орталығын ашуға шешім қабылдаған еді, – дейді Аягөз аудандық  орталық ауруханасының бас дәрігері Шалқар Омаров.

Инсульт орталығы аурухананың төртінші қабатына орналастырылды. Орталықтың қызмет көрсету шеңбері анықталып, онда Аягөз, Үржар аудандарының және Жарма ауданының Аягөз қаласына жақын орналасқан елді мекендері тұрғындарына қызмет көрсете алатындығы белгіленді. Жалпы, аталмыш орталықтың қажет болған жағдайда 170 мың адамға медициналық көмек көрсете алатын әлеуеті бар.

– Инсульт орталығының штат кестесі жасалып, қажетті мамандарды қайта даярлап, біліктілігін көтеру жоспары бекітілді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні екі анестезиолог, үш невропатолог дәрігер білімін жетілдірді. Бұдан бөлек, екі дәрігер рентгенолог,  екі рентген лаборанты  компьютерлік томографиялық тексеру бойынша облыстық ауруханада білімдерін жетілдіріп, жұмысқа кірісті, – дейді аурухананың бас дәрігері.

Соңғы екі жылда аталмыш аурухананың 20 маманы Ұлыбританияда білімін жетілдірді. Ал 2019 жылы бес адам неонатология, акушерлік және гинекология мамандықтары бойынша Литва еліне оқуға жіберілген.

Бас дәрігердің  айтуынша, 639 млн. теңгеден астам сомаға инсульт орталығына компьютерлік томограф, қолдан дем алдыратын аппарат, УДИ, физиотерапиялық және басқа да құрал-жабдықтар толық сатып алынған. Сондай-ақ компьютерлік томограф орналасқан жерде 73,6 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл мұнда жаңа үлгідегі қабылдау бөлімі жасалып, 3Н «triage» жүйесі бойынша жұмысын бастады. III деңгейлі перзентхана бөліміне 500 млн. теңгеге жуық ақша бөлініп, қажетті медициналық құрал-жабдықтары жеткізіліп, аймақ басшысының шешімімен аталмыш бөлімнің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 111,2 млн. теңге бөлінді. Мұнда күрделі жөндеу жүргізіп жатқан «Құрылыс» ЖШС жұмыстарды қараша айының соңына таман толық аяқтамақ.

– Құрылғылардың барлығы жеткізілген, жүргізіліп жатқан жұмыстарға көңілім толады. Жалпы,  мұндай жұмыстар өңіріміздегі екі аудандық орталық ауруханада ғана сәтті жүргізілуде. Үржар және Аягөз аудандарының бас дәрігерлері өте жақсы жұмыс істеуде. Қараша айының соңында  жұмыстардың аяқталу барысымен тағы бір танысатын боламын, – деді ауруханадағы жөндеу жұмыстарын көзімен көрген облыс әкімі Даниал Ахметов.

Қоса кетсек, 2019 жылдың  тоғыз  айында инсульт бөлімінде 337 сырқат емделіп шығып, 3442 адам стационарда жатқан. Ал көрші аудандардан жүгінген сырқаттардың саны 71 адамды құраған. Олардың 49-ы Үржардан, бесеуі Мақаншыдан, екеуі Таскескеннен, үшеуі Жармадан, 12-сі басқа аудандардан келген. Сондай-ақ  өткен тоғыз айда 950 адам компьютерлік томографиялық тексеруден өтсе, оның 130-на қызмет тегін көрсетілген. Жалпы, компьютерлік томограф іске қосылғаннан бергі уақытта 1900 адам тексерістен өткен екен.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button