Сейсенхан Маханбет, суретші, журналист: -Оралханның шапағаты көп тиді
Қасқатаудың етегінде бір топ суретші керілген кенептерін алып шығып, этюд жазуға кіріскен. Жазып отырған картинасы ерекшеленіп тұрған соң, Сейсенхан ағаны әңгімеге тартқам.
– Жуықта теледидардан Оралхан Бөкейдің жастармен кездесуін көріп пе едің? – деп Сейсенхан аға алдымен өзіме сұрақ қойды.
– Көргем, – дедім.
– Сондағы Оралханның әңгімелеріне иллюстрация жасап, жазушыға табыстаған бұйра шашты жігіт мен едім, – деді де палитрадағы бояуларын араластыра бастаған.
– Демек, Оралхан Бөкеймен жақын араластыңыз ғой…
– Оралханның шапағаты көп тиді маған. Романтик жазушы еді. Мектепте оқып жүрген кезім. Сонда \”Мәдениет және тұрмыс\” журналына \”Қасқыр ұлыған түнде\” деген әңгімесі шықты. Ол журналдың тиражы миллионға жуық. Ауылдағылардың бәрі сүйіп оқитын. Сондағы жазушының «Алтайдағы бүкіл қасқырды қырып тастар ма еді» деген сөздері қатты әсер етіп, әңгімесіне иллюстрация жасаған едім. Кейін журналистика факультетіне түстім. Бір күні Оралхан Бөкеймен кездесу болатынын естідік. Қуанғанымызды-ай. Біздің факультет тайлы-тұяғымызбен бардық. Оралханмен бетпе-бет кездесу әркімге бұйыра бермейді ғой. Кездесу тамаша өтті. Көкейдегі сұрақтарымызды қойдық. Мен де орнымнан тұрып ризашылығымды білдірдім, әңгімелеріне жасаған иллюстрацияларымды көрсеттім. Содан бастап Оралхан аға мені өзіне жақын тарта бастады.
– Шапағаты көп тиді дедіңіз, қалай көмектесті?
– Оқуымызды тәмамдаған соң елу баланың ішінен үшеу ғана Алматыда қалдық. Мені алғашында ауданға жібермекші болған. Бірақ «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарып жүрген Оралхан ағамыз «ауылға барсаң құрисың» деп сол газетке жұмысқа алды. Онда мүйізі қарағайдай жазушылар ғана қызмет ететін. Сөйтіп, Алматыдағы өмірім басталды. Кейін басқа басылымда жүрсем де Орекең бауырына басып жүрді. Ол кісінің жақсылығын ешқашан ұмытпаймын.
– Сіз білетін Оралхан Бөкей қандай еді?
– Ешкімге ұқсамайтын. Мінезді, кісілік келбеті жоғары болды. Жазушылардың ортасында ерекшеленіп тұратын. Тұрысының өзі қыр басында тұрған кербұғыдай-тын. Біз кербұғы жазушы дейтінбіз. Әңгімесі қандай?! Кейде Оралханның шығармаларын қайталап оқып, қазіргі әдебиеттің деңгейімен салыстырып қараймын.
– Қазір қалай?
– 60-80-інші жылдар аралығында Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Қажығали Мұхаметқалиев, Дүкенбай Досжан әдебиетке бір шоғыр болып келді. Бірінен-бірі өтеді. Бірақ жазушыларды уақыт екшейді. Дүркіреп тұрған жазушы ертең оқылмай қалуы мүмкін. Өмір – спираль. Кейін олардың жазғандары қайта жаңғыруы да мүмкін. Ал Абай қай кезде де Абай. Өшпейді. Қазақтың мақал-мәтелдері мен классиктері мәңгі. Біз соларды оқып өстік. Ал қазіргі әдебиетті бәлен-түген деп айта алмаймын.
– Бүгінгі жастарға кімді оқы деп кеңес берер едіңіз?
– Өз дәуірін жырлаған Бейімбет Майлин дер едім. Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезовті оқысын. Әуезовті оқысаң, қазақтың қара орман терең тілін түсінесің. Фольклор, ертегі-дастандар сені нағыз қазақ етеді. Ал Ғабиттің тілі сұлу. Мысалы, қазақтың «айналайын» деген сөзін басқа тілге қалай аударасың?! Аударылмайды. Сол сияқты Ғабит те аударылмайтын ерекше жазушы. Одан кейін Абайды оқысын. Міне!
Қаламда құдірет бар
– Өзіңіз ше, журналистика факультетінде оқыдыңыз. Жан-жақты тақырыптарды қаузаған шығарсыз?
– Мен жазып келе жатқан уақытта желтоқсан оқиғасы елді дүр сілкіндірді. Халықтың психологиясы күрт өзгерді. Қап арқалаған заман басталды. Сонымен жазып жүргенім біраз кенжелеп қалған. Ал суретшілік пен әншілік қанымда бар. Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетінде оқып жүрген баритон дауысты туған ағамнан әншіліктің қыр- сырын үйрендім. Мектеп қабырғасында жүргенде режиссер болғым келетін. Спектакль де қойдым. Қабдеш Жұмаділовтің «Еменнің иір бұтағы» деген әңгімесін мектепте, көрші совхоздарда сахналадық. Елге ұнады. Содан түскен 250 сом ақшаны жинап мектепке бергеніміз есте қалыпты.
– Әншілік пен суретшілік қаныңызда бар. Журналистикаға, жазушылыққа қалай келдіңіз?
– Әке-шешем шаруа адамдары еді. Бірақ нағашыларымның ішінде қалам ұстағандар, әншілер, суретшілер болыпты. Өзіміздің де тұқымымызда бар. Шешем; «қалам ұста, қаламда құдірет бар» дегенді жиі айтатын. Кейін құран қазақшаға аударылғаннан кейін оқып отырсам, тура осы сөзді көрдім. «Алла алдымен қаламды жаратты» делінген екен. Ал анам өзінің өмірлік философиясымен айтқан ғой. Жалпы шешем әдеби кітаптарды көп оқыған. Мені де әдебиетке баулыды. «Көзім көрмей тұр» деп журналдардан әңгімелер оқытатын. Сөйтіп жүріп әдебиетке қызығып кеттік.
– Туған жеріңіздің де топырағы қасиетті ғой…
– Иә, Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Арыстан баб кесенесінің жанындағы ауыл. Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шаханов сияқты қазақтың маңдайына біткен тұлғалар шыққан ауылда өсіп-өндім. Халық ақындары да көп шықты.
Суреттің арқасында үй-жайымды жөндеп алдым
– Ал бейнелеу өнерімен қашаннан бастап кәсіби түрде айналыса бастадыңыз?
– Журналистика факультетіне түскеннен кейін де қылқаламымды қолымнан тастамадым. Соны байқаған мұғалімдер Камилл Муллашев туралы жазуға тапсырма берді. Алдында ғана «Огонек» журналына «Қазақстан. Жер. Уақыт» деген суреттері шыққан. Оның шығармалары бүкіл Кеңес Одағына танымал еді. Сонда бірінші рет атақты адаммен әңгімелестім. Сол күннен бастап суретке ден қойдым.
– Тоқсаныншы жылдары қатып қалған палитраңызға дейін сатып жібергеніңізді білемін. Жасырын емес шығар, ең қымбат картинаңыз қаншаға өтті?
– Нәпақамды суретпен де тауып жүргенім рас. Несін жасырамын. Жалпы ұзындығы сегіз метр, биіктігі үш жарым метр топтық портрет үшін 20-30 мың доллар көлемінде қаламақы алғанымыз бар. Оны екі суретші бірігіп жазып, «Егемен Қазақстан» газетінің фойесіне ілдік. Пейзаждарды да өте көп саттым. Суреттің арқасында үй-жайымды жөндеп алдым, жеке полиграфиямды аштым.
– Полиграфия ашып бизнеске бет бұрдыңыз ба?
– Оны ашуын аштық. Дөңгелету үшін біраз күш салуға тура келді. Тоқсанынышы жылдары тұңғыш рет «Иман» деген діни газет шығардым. Кейін ашқан «Ислам және өркениет» газеті әлі де шығып жатыр. Сонымен қатар суретшілер туралы журнал шығарып бастаған едік… Бұйырса әлі де жалғастырамыз. Суретшілер туралы қазақша жазатын журналистер болса, осы бағытта жұмыс істеуді қолға аламыз.
– Еңбегіңіз ескеріліп, нәтижесін көре алдыңыз ба?
– 2009 жылы полиграфия саласында еңбек сіңіргенім үшін Мәдениет қайраткері атағын берді. Жеке көрмемді өткіздім. Белоруссияда да көрмем өтті. Қазақстан суретшілер Одағына мүше болдым. Негізі реалистік бағыттағы пейзажды жақсы көремін. Жанрлардың атасы – реализм.
Әдебиет қалай дамыса, сурет те солай дамыды
– Сонау Кеңес кезінен елдегі, шетелдегі қылқалам шеберлерімен жақын араластыңыз. Бізде бейнелеу өнерінің даму деңгейі қалай?
– Алпысыншы жылдары әдебиет қалай дамыса, сурет те солай дамыды. Айтбаев, Сыдықанов, Сариев, Телжанов сияқты тұлғалар қалыптасты. Ал қазір бейнелеу өнеріне билік көңіл бөлмейді. Бірақ олар көңіл бөлмейді екен деп суретшілер жоқ болып кетпейді. Әркім өзінше сурет салып жүр. Алайда қай бағытта дамуымыз керек? Осының аражігін анықтап алсақ жөн еді. Сондықтан да шығар, Айтбаевтар жеткен дәрежеге жете алмай жатырмыз.
– Қай саланың маманы болмасын, үнемі білімдерін жетілдіріп, шеберліктерін шыңдап отыруға тырысады. Суретшілер үшін ше, пленэрдің берері бар ма?
– Әр облыста жылда пленэр өтеді. Бұған да шүкір. Әйтпесе шеберханада отыра берсең, палитра жаттанды болып кетеді. Алладан асқан шебер жоқ ғой. Табиғатта отырып жазған картина ерекше шығады. Кейін шеберханада асықпай қорытып, аяқтай саламыз.
– Негізгі мамандығыңыз журналист. Карикатура жанры мен журналистика егіз емес пе?!
– Бұрын «Ара-Шмель» деген журнал шығатын. Көпен Әмірбек сонда фельетон жазатын. Сонда бір-екі карикатурам шықты. Шарждар да салдым. Негізі бұнымен газет-журнал жағында жүргендер айналысады.
– Газет-журналға жақынсыз. Өз ойыңызды айтыңызшы, ертеңгі күні интернет-сайттар газетті мүлде ысырып тастамай ма?
– Интернет телефон адамның есте сақтау қабілетін жоғалтады. Ол жерде ақпарат көп. Керегі бар, керексізі бар. Ал газетте сүзгіден өткен ақпараттар ғана жарияланады. Оның үстіне бүгінгі жаңалық ертеңгі тарих болып қалуы үшін қағаздағы нұсқасы сақталуы керек.
– Әңгімеңізге рақмет аға!
Әңгімелескен – Мерей Қайнарұлы