Сервистік орталық құрып, қызмет көрсетпек
Осыдан алты жыл бұрын құрылған Ақжар коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны Тарбағатай ауданының осы өңіріндегі жеті елді мекеніндегі осындай шаруашылықтардың басын біріктіріп, бір орталыққа бағындырғаннан бері тозған техниканың зардабын тартып, шаруашылық жүргізуге біршама қиындық келіп жүрген еді.
Таяуда кәсіпорын облыс басшылығының көмегімен бөлінген 27 миллион теңгеге жаңа техникалар сатып алып, осы қиындықтан құтылды. Бір «МТЗ-80» тракторы мен оның тіркемесі және плугы, оған қоса бір экскаватор мен қоқыс таситын көлікті пайдалана отырып, мекеме өздеріне қарасты ауылдардағы шаруаларды атқарумен бірге шаруа қожалықтарына да көмектерін көрсетуді мақсат етіп отыр. Ол үшін сервистік орталық құрып, тиісті ақылы қызмет көрсете бастамақ.
– Кәсіпорынға қарасты елді мекендердегі су құбырларын күтіп ұстау мен ағымдағы жөндеу жұмыстарынан басқа уақытта техникалар текке тұрмауы үшін осылай істеуді жөн көрдік. Техникаға сұраныс болатынына сенімдіміз, – дейді осы орайда кәсіпорын директоры Әбдрахман Қарихожин.