Серікті алға жетелеген сенім еді
Кейде он екі мүшесі сау азамат та тіршілік тұтқасын айналдыра алмай, боркеміктікке салынып жатады. Ондай ағайындарды бірде ақтасақ, бірде кінәлап жатамыз. Өйткені, өмірдің өзі сәттілік пен сәтсіздіктен тұратынын жоққа шығара алмайсыз. Ал құдай өз пендесінің маңдайына мүгедектікті жазса ше?
Боркеміктік пен күйректіктің көкесі сонда туар еді. Бірақ адам бойындағы тылсым күш-қуат кемтарлықты да жеңіп жатады. Дүрмек дүниенің жарығын себезгілеп қана көретін Серік Боданбаевтың қазіргі тіршілігі де соған куә.
Бұл күнде елу жастың асқар белінен асқан ол қазіргі Жаңаауыл ауылдық округінде (бұрынғы – «Қазақстан» кеңшары) туып-өскен. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Ақжардағы кәсіптік-техникалық училищеден кіші мал дәрігері мамандығын алып, малды егіп-емдеумен шұғылдана бастапты.
Бірақ 1981 жылы көзінің көруі нашарлап, Өскеменге емделуге барады. Емдеу орнының ұйғарымымен мұндағы зағиптар қоғамы мекемесіне қабылданып, сондағы магнето шығару цехында күрмеу слесары болып істегенмен, 1995 жылы осы жұмыс орны жабылғасын қысқарып қалады. Қаражатыңыз болмаса, қалада қалай күн көрерсіз? Бұдан кейін зайыбы Гүлзадамен бірге сауда жасауға шығады.
Арада екі-үш жыл өткенде бір күні Серік теледидардан Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сөйлеген сөзіне назар тіге қалады. Елбасы жұмыссыздар мен тұрмысы нашар отбасыларына ақшалай несие берілетінін, оны облыстық әкімшіліктің арнайы қорынан алуға болатынын білдіреді. Серік осы жағымды жаңалықты ести сала облыстық әкімдіктегі несие қорының төрайымы Надежда Аверьячкинаны іздеп тауып алып, келген мақсатын баян етеді. Бұдан әрі екеуінің арасындағы диалог былай жалғасыпты:
– Мақсатыңыз дұрыс. Қордың ашылғаны да рас. Бірақ қолыңызға ұстап жүрген мына таяғыңыз не?
– Көзім нашар көретіндіктен, таяқ ұстап жүремін. Маған несие беруге көмек жасаңыз. Мал баққым келеді.
– Мына түріңізбен мал бақпақ түгіл, өзіңізге бір күтуші керек шығар. Несиені қалай сеніп бермекпін?
– Маған сеніңіз. Несиеңізді ауылға барып, мал бағу арқылы қайтаратын боламын.
– Апыр-ай, ә! Мүгедек адамдардың ішінде өзіне-өзі сенімді адамды бірінші рет көруім. Жарайды, Сізге 30 мың теңге берейін. Оны өз мойныма аламын. Қайтара алмасаңыз, өзім қайтарамын.
Көзсіз тәуекелге барған Серік Аверьячкинаның да мұндай батылдыққа барғанына таңғалады. Екі сөзге келместен қолына 30 мың теңгені ұстатады. Ол кездегі 30 мың теңге 400 долларға тең. Серік осы несиелік қаражатқа қаладан 4-5 тоннадан күнбағыс майы, дизель отыны, бензин сатып алып, оларды жолдасы Қ.Сейілғазиннің жүк автокөлігімен ауылына жеткізеді. Жұрт аса зәру болып отырған осы тауарларды сатудан 50 мың теңге түсіп, оған алты тайынша, соншама ешкі сатып алады.
Серік Аверьячкинаға берген уәдесін орындау үшін туған-туысқандарынан қарыз алып, 1999 жылғы ақпан айында пайдаланған қаражатын апарып береді. Бұған балаша қуанған қор төрайымы:
– Бәрекелді, былайғы жұрт алған несиелерін қайтара алмай жатқанда, Сіз мерзімінен 3-4 ай бұрын әкеліп тұрсыз ғой. Ендеше, Сізге тағы да көмек жасағым келіп тұр, – деп оған 50 мың теңге несие бергізеді. Бұл қаражатқа тағы да 6-7 тайынша сатып алғаннан кейін 2001 жылы қой-ешкісі 50, ірі қарасы 13 басқа жетеді. Ал қазір оның «Надежда» атты шаруа қожалығында 400 қой-ешкі, 44 ірі қара, 15 жылқы өсірілуде. Былтыр осы түліктерден 50 қозы, 120 лақ, 13 бұзау, 3 құлын алыныпты. Серік осындай кемел шаруашылық құруға қамқорлық жасағаны үшін несие қорының басшысы Аверьячкина мен менеджер Сәкен Ғайсаға шексіз риза.
Қазір Серік «Надежда» атты шаруа қожалығын құрғанына қуанбаса, өкінбейді. Айтпақшы, қожалыққа аты берілген Надежда – өзінің туған анасы. Ұлты – белорус. Әкесі Шайхы ауылда ұзақ жылдар моншашы болып істеп, дүниеден қайтқан екен. Бұл күнде Серіктің қожалығындағы түліктер «Китіңқара» телімінде бағылып-күтілуде. Бұл өңірдің бір ғажабы, қандай жұт болса да, өріс-жайылымдығы ашық жатады. Сондықтан жемшөп үшін қомақты қаражат жұмсап, шығындалып жатпайды. Әрине, малдың негізгі қорегі – өріс-жайылымдық болғасын, оны ұтымды пайдалануда көмекшісі Мұратхан Асылғазин қарап отырған жоқ. Қыстың аязды күндеріне қарамастан қарауындағы түліктерді шығынсыз әрі қоңды сақтап келіпті.
Әрине, жартылай шөлейтті өңірдің проблемасы да жоқ емес. Жүздеген ұсақ және ондаған ірі қара мен жылқыны суаруға суат болмағандықтан оларды Серік «Мөржан» қыстағындағы шегенделген құдықтың суын пайдалану арқылы суарып келеді екен.
– Соншама малды қолмен суару қиынға соқпай ма? – деп едім ол:
– Мал күту ауыр да болса, абыройлы жұмыс қой. Ата-бабамыз да оның қиындығына шыдай жүріп, күн көрген екен. Егер ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргім келсе, қаладан ауылға көшіп келер ме едім? Әрине, келмес едім. Құдайға шүкір, мал суаратындай күш-қуаттан кенде емеспін.Үйренген жұмыс қой, – деді.
Серік зайыбы Гүлзадамен бірге тотыдай таранған төрт қыз тәрбиелеп өсіруде. Шынар, Гүлнар атты қыздары қызмет бабымен Ресей, Кипр мемлекеттерінде тұрып жатса, Толғанайы – студент, Құралайы – мектептің 11-сынып оқушысы.
Серік Боданбаев зағиптығына қарамастан шаруа қожалығын осындай бақ-береке, ырыс-құтқа кенелтіп отыр. Егер он екі мүшесі бүтін азаматтардың бәрі бірдей Серіктей құлшына еңбек етсе, өміріміз қазіргіден де көркейе түсер еді-ау!