«Дидардың» қонағы

Серік СӘПИЕВ: – Кәсіпқой боксқа кеткім келген кездер де болды

  Серік СӘПИЕВ: – Кәсіпқой боксқа кеткім келген кездер де болды

Өскеменде «Astana Arlans» және «Uzbek Tigers» командаларының қатысуымен кәсіпқой бокс кеші өткені мәлім. Айтулы спорттық шара кезінде қазақстандық бокс клубының бас директоры, даңқты былғары қолғап шебері, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевпен сұхбаттасудың сәті түскен-ді.

Бейжіңде Бунжумнонгтан басым түстім деп айта алмаймын

– Серік Жұманғалиұлы, бірінші кезекте, сіздің қазіргі қызметіңіз жайында білгіміз келеді. «Астана арландары» алдына қойылған мақсат-міндеттер қандай?
– «Астана арландарының» тізгінін ұстағаныма осымен екі жыл болды. Қызметім өте қызықты, өзіме қатты ұнайды, дегенмен артылатын жауапкершілік те өте зор. Ал клуб алдына қойылған мақсаттарға келетін болсақ, әрине, тек қана жеңіске жету. Жалпы, біз, қазақ халқы максималистпіз ғой, қашанда ең үздік нәтиже көрсетіп, тұғырдың ең жоғары сатысынан көрінгіміз келеді. Біздің клуб та солай. Басты мақсатымыз – былтырғы жетістігімізді қайталау, яғни Бүкіләлімдік бокс сериясының биылғы маусымында да топ жару. Бізде бұл үшін бар мүмкіндік бар. Бұған қоса, клубымызды халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында өңірлерде бокс кештерін ұйымдастырудамыз. Осыған дейін мұндай кездесулер Петропавл, Қарағанды сияқты қалаларда өтті. Алдағы уақытта да жекпе-жектерімізді Астана мен Алматыға қарағанда, өзге шаһарларымызда көбірек өткізуге басымдық береміз.
– «Арландардың» биылғы маусымдағы мүмкіншіліктерін қалай бағалар едіңіз? Биылғы серияда топ жаруға боксшыларымыздың әлеуеті жете ме?
– Рас, командамыздың құрамы былтырғымен салыстырғанда біраз өзгеріске ұшырады. Қатарымызға әлі таныла қоймаған жас боксшылар келіп қосылды. Дегенмен, команда құрамында былтыр чемпиондық атаққа қол жеткізген жігіттерді сақтап қалдық. Сол себепті, біз өз күшімізге сенімдіміз. Кем дегенде финалға шығуға әлеуетіміз жетеді деп ойлаймын.
– Сіз – Олимпиада чемпионысыз! Британдық Фредди Эванспен өткен ақтық жекпе-жектен кейінгі эмоцияларыңыз әлі көз алдымызда. Сол сәтте қандай күйде болдыңыз?
– Мен бұл кездесуде жеңіске жеткеніме ақырғы раунд аяқталғанда ғана сендім. Себебі, менен жеңісті тартып алатындай болып көрінді маған. Сондықтан жекпе-жек басынан қарсыласты соққының астына алып, айқын басымдықпен жеңу керектігін түсіндім. Ал кездесудің соңғы гонгі естілгенде мойнымнан ауыр жүк түскендей болды. Қатты ақырып, бүкіл жиналған эмоциямды сарпып тастағым келді. Сол сәтте көп жылғы еңбегімнің зая кетпегенін түсіндім. Ең бастысы, ел үмітін ақтағаныма қуандым. Ал Олимп шыңына шығып, жат елде көк туымыздың биікке көтерілгенін көру, Әнұранымызды есту – мұндайдағы тебіреністі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
– Төрт жылға кері шегінейік, Бейжің олимпиадасы, тайландтық Манус Бунжумнонгпен кездесуіңіз. Сарапшылардың көбі бұл жекпе-жектің төрешілер қаралығына толы болғанын айтады. Өзіңіз бұл жайында не дер едіңіз?
– Бәлкім, адамдар айтқандай, бұл жекпе-жекте төрешілердің бүйрегі қарсыласыма бұрғаны рас та шығар. Бірақ өз басым аталған кездесуде жеңіске лайық өнер көрсеткен жоқпын деп есептеймін. Жалпы, мен Бейжің олимпиадасына дейін екі дүркін Әлем чемпионы атанып қойған едім. Сондықтан Олимпиадаға «маған тең келер қарсылас жоқ, алтын медаль – қолымда» деген оймен аттандым. Жеңілуімнің басты себебі де осы деп ойлаймын. Мен Олимпиада чемпионы атануға физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да дайын болмай шықтым. Дегенмен, бұл жеңіліс маған үлкен сабақ болып, көп нәрсеге үйреткені рас. Бұдан кейін мен барлық жарысқа, кез келген қарсыласқа зор мән беріп, тиянақты дайындалатын болдым.
– Ештеңеге өкінбейсіз бе?
– Енді, өмір болған соң, өкінетін тұстар да болады ғой. Спортта да солай. Кейде артынан өзіңнің істеген ісіңді, айтқан сөзіңді саралайсың, «мұным дұрыс болмады» деп ойлайсың. Бірақ менде, құдайға шүкір, сондай өзекті өртейтіндей өкініш жоқ. Тәубе, спорттық мансабымда жеткен жетістігім көп. Қандай қиын сәтте де қасымнан маған қымбат адамдар табылып, демеу болды. Тіпті, Бейжіңдегі сәтсіздіктен кейін менде «кәсіпқой боксқа ауысып кетейін» деген ой болды. Елімнің, жақындарымның үмітін ақтамағаныма қатты өкіндім. Сонда Олимпиададан кейін Елбасының қабылдауында болғанымызда Нұрсұлтан Әбішұлы қасына шақырып, маған сенетінін айтты. Бұл сөздер мені қалай қанаттандырғанын білсеңіздер ғой. Осыдан кейін іштей «не де болса, Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізуім керек» деп шештім.

Ешкімге еліктеген жоқпын

– Сізбен қолғап түйістірген боксшылардың ішінен кімді атап өтер едіңіз? Балалық шағыңызда кімге ұқсағыңыз келіп еді?
– Менімен жұдырықтасқан боксшылардың ішінен бірінші кезекте ресейлік Андрей Замковойды атап өтер едім. Бұл боксшымен үш рет кездестім, оның біріншісінде жеңілсем, қалған екеуінде жеңіске жеттім. Лондон олимпиадасының жартылай финалында осы боксшыны ұтқан болатынмын. Жалпы, Олимпиададағы ең қиын жекпе-жегім финал емес, осы Андрей Замковоймен өткізген кездесуім болды.
Бала кезімде атақты американдық боксшы Рой Джонстың жұдырықтасу мәнеріне тәнті болатынмын. Сондай-ақ, қазақстандық боксшылардың да жекпе-жектерін қалдырмай көретінмін. Дегенмен, мен ешкімге еліктеген жоқпын. Керісінше, өзіндік стилімді қалыптастыруға тырыстым. Көрерменге қызықты, шабуылдаушы бокс көрсеткім келді.
– Жерлесіңіз Геннадий Головкинмен жиі кездесіп тұрасыз ба? Гена сияқты кәсіпқой бокспен айналысуға ниетіңіз болған жоқ па?
– Қазір Генамен сирек кездесеміз. Себебі, бүгінде ол негізінен АҚШ-та тұрып, жаттығады. Жекпе-жектерінің көбі сол жақта өтеді. Дегенмен, арагідік Қазақстанға, Қарағандыға келгенде кездесіп тұрамыз. Оның жекпе-жектеріне бір-екі рет арнайы барып, көріп қайтқаным да бар.
Жоғарыда айтқанымдай, кәсіпқой боксқа ауысу туралы ой Бейжің олимпиадасынан кейін ғана болған. Ал Лондонда жеңіске жеткеннен соң, боксшы ретіндегі карьерамды біржолата аяқтауға бел будым. Себебі, әуесқой бокста қол жеткізуге тиіс жүлденің бәріне қол жеткіздім. Ал кәсіпқой боксқа ауысуға кештеу болып қалды. Ол кезде жасым 31-де еді.
– Кәсіпқой бокс тақырыбын жалғастырсақ. Сіздің ойыңызша, бүгінде Гена сияқты кәсіпқой бокспен айналысатын ұлты қазақ боксшылар неге кемде-кем?
– Бұған кедергі болып тұрған, ең алдымен, жер шалғайлығы дер едім. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі уақытта кәсіпқой бокс негізінен Батыс елдерінде, әсіресе, АҚШ-та жақсы дамыған. Ол жаққа барып, кәсіпқой боксшы карьерасын бастау үшін спортшыға ең алдымен демеуші керек, промоутер керек. Ал біздің боксшыларға алдыменен әуесқой бокста жеңіске жету маңызды. Себебі, кәсіпқой боксқа қарағанда мұнда сенің қамыңды мемлекет, бокс федерациясы мен жергілікті билік ойлайды. Оның үстіне, шетел болғандықтан, тіл білу де маңызды.
– Адамның ең үлкен жауы не? Жеңіске жету үшін не қажет?
– Адамның ең үлкен жауы деп өз күшіне деген сенімсіздікті айтар едім. Әрине, оның қатарына жалқаулықты да қосуға болады. Дегенмен, егер де бойыңда титтей ғана сенімсіздік бар болса, онда сен жеңіске жете алмайсың.
Ал жеңіске жету үшін еңбектену керек. Еңбектенген адам жеңіске таланттыға қарағанда бір адым жақын тұрады. Сондықтан жастарға қажымай-талмай еңбектенуге кеңес берер едім. Сонымен қатар, адамда жеңіске жетудің кешенді жоспары болу тиіс. Яғни, өмірде болсын, спортта болсын, өзіңе нақты ненің қажет екенін білгенің шарт. Әрине, бәсекелестік те болуы керек.
– Бос уақытыңызда немен айналысқанды ұнатасыз? Бокстан басқа жаныңызға жақын қандай спорт түрі бар?
– Бос уақытымда футбол, ватерполо ойнағанды ұнатамын. Қазір анда-санда достарыммен хоккей де ойнап тұрамыз. Үлкен тенниске деген де қызығушылығым зор. Бір сөзбен айтқанда, менің хоббиім – спорт пен белсенді демалыс.
– Неге боксты таңдадыңыз?
– Менің туған жерім – Қарағандыдан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Абай қаласы. Біздің қалада тәжірибелі бапкерлерден жасақталған, бай тарихы бар бокс секциясы жұмыс істейді. Оның үстіне, менің әкем кішкентай кезімнен «сен боксшы болуың керек» деп миыма құя берді. Менің, тіпті, кезінде бокспен айналысып, спорт шебері атанған ағам да бар. Осы фактордың бәрі ақыр соңында менің боксты таңдауыма әсер еткен болар деп ойлаймын. Ал жалпы, біздің қалада мықты футбол секциясы бар болса, доп қуып кетер ме едім, кім білсін? (күледі)

Риода жігіттеріміз бір емес, екі алтын алса екен деп тілеймін

– Алдағы Олимпиададан не күтесіз? Жалпы, ұлттық құрама сапындағы боксшыларымыздан кімді атап өтер едіңіз?
– Рио Олимпиадасынан үмітіміз зор, әрине. Өз басым біздің боксшылар бір емес, екі алтын алса екен деп тілеймін. Жалпы, ұлттық құраманың сапында нағыз бабындағы, чемпиондық атаққа лайық спортшылар көп. Олардың ішінде әсіресе, Данияр Елеусінов пен Иван Дычконы атап өтуге болады. Олимпиадада Абылайхан Жүсіповке ерекше жанкүйерлік ететін боламын. Себебі, Абылайхан мен сияқты Абай бокс мектебінің түлегі, жерлесім. Тіпті, бапкерлеріміз де бір адам. Біздің бокстасу стиліміз де ұқсас. Сондай-ақ, әрине, досым Біржан Жақыповтың жеңісін көргім келеді. Бұл оның үшінші Олимпиадасы болайын деп тұр. Біржан өте еңбекқор боксшы және чемпион болуға әбден лайық.
– Сіз үшін Вэл Баркер кубогының алар орны қандай?
– Бұл кубок менің спорттық мансабымының шыңы, көп жылғы еңбегімнің жемісі деп айтуға болады.
– Бапкерлікпен айналысуға қалай қарайсыз?
– Жалпы, жоғарыда айтқанымдай, мен өте білікті бапкерлерден тәлім алдым. Сондықтан жастарды жаттықтыруға әлеуетім де, тәжірибем де жетеді деп ойлаймын. Дегенмен, әзірге бапкер болу жөінде түбегейлі шешім қабылдаган жоқпын.
– Біздің облысқа, Өскемен қаласына жиі келіп тұрасыз ба?
– Шығыста осыған дейін бірнеше рет болдым. Бірінші рет 2012 жылы облыс басшылығы олимпиада жүлдегерлерін шақырғанда келгенмін. Өскемен қаласы маған өте ұнайды, халқы да қонақжай. Мұнда боксшы Данабек Сужанов сияқты жақын досым бар. Негізі, болашақта «Астана арландарының» кездесулерін осындай өңірлерде көбірек өткізуге тырысамыз. Сондықтан сіздердің қалаларыңызға әлі талай келеміз деп ойлаймын.
– Жеке басыңызға қатысты жоспарларыңыз қандай?
– Жоспар көп. Өзімді одан әрі жетілдіргім келеді. Бірінші кезекте қосымша білім алуды көздеудемін. Осы мақсатта Алматыдағы спорт және туризм академиясына оқуға түстім. Сондай-ақ, ағылшын тілін меңгеруге көп көңіл бөлудемін.
– Соңғы сұрағымыз, Сіздің ойыңызша, Олимпиада ойындарына кәсіпқой боксшыларды қатыстыру туралы шешім қаншалықты тиімді? Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы мұндай қадамға неліктен барып отыр?
– Негізінен, бұл әуесқой боксқа деген қызығушылықты арттыру үшін жасалып отырған қадам екенін түсіну керек. Әрине, халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының бұл бастамасы құптарлық. Дегенмен, асығыс шешім қабылдауға да болмайды. Менің ойымша, әуесқой бокстан Әлем чемпионаты мен Олимпиадаға біздің Геннадий Головкин немесе басқа да атақты кәсіпқой былғары қолғап шеберлері емес, керісінше, олардың көлеңкесінде жүрген боксшылар ғана қатысуға ниет білдіретін сияқты. Себебі, кәсіпқой мен әуесқой бокстың арасы жер мен көктей, ережесі, тәртібі, дайындық үрдісі, бәрі өзгеше. Шетелде бір кездесуден миллиондаған доллар көлемінде гонорар табатын кәсіпқойларға әуесқой боксқа қайтып, мәселен, әлем біріншілігінде топ жару аса қызықты емес деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button