«Дидардың» қонағы

Серік Қуанғанұлы, айтыскер: – Әркім өз қазанында қайнауы керек

Халықаралық айтыстарда Моңғолияның, республикалық айтыстарда Семейдің атынан шығатын Серік Қуанғанұлы бұдан былай Ұлан ауданының намысын қорғауы мүмкін. Ол неге өзге әріптестері секілді «жұлдыз» болуға ұмтылмайды? Жүрсін Ерман ерекше жақсы көретін ақынның айтары көп.

 

 Ерман ерекше жақсы көреді

 

– «Алтын домбыра» айтысының алғашқы айналымдарынан өттіңіз ғой?

– Иә, финалдық кезеңге жолдама алдым. Желтоқсанның сегізінде сегіз ақын айтысамыз.

– Сол алғашқы айналымнан кейін Жүрсін Ерман Фейсбук желісінде сіз туралы пікір қалдырды. «Ертең алтын домбыра өтеді деген күні түнде Серікті өзім жатқан қонақ үйге шақырып алып, қасыма қондырдым, төсегіме түнеттім. Осы баланы неге ерекше жақсы көретінімді білмеймін. Таза сәби болмысы үшін бе, қазақы табиғаты үшін бе білмеймін. Түн ауғанша менен ананы, мынаны сұраумен болды. Айтыстан өзгенің бәрін әңгіме қылдық. Ертең осы бала жеңімпаз болып кетсе, тағы мені өсектейсіңдер-ау? Мейлі, сен топты жаршы, бауырым! Мен не естімей жүрген адаммын?» деп жазды Жүрсін Ерман.

–  Иә, Жүрсін аға шақырды. Ол кісімен күнде жолыға бермейміз ғой. Бұрынғы ақындар туралы сұрадым. Ертеректегі оқиғалар төңірегінде әңгіме өрбіттік. «Айтыстан өзгені сөз қылдық» дегенде, сол жолғы айтыстан басқа нәрсе айттық дегенді меңзеп отыр. «Ойбай ертеңгі айтыстың барысы қалай болады?», «Кім жүлде алады?» деп сұраған жоқпын. (Күлді).  Бұл туралы Жүрсін аға да ештеңе айтқан жоқ. Одан бұрын Жүрсін ағаның «Алыстан және жақыннан» деген естелік кітабын оқып едім. Кітаптағы кейіпкерлер туралы көп сөйлестік.

Ол кісі қаншама адаммен араласады. Бірақ Фейсбукте бәріне жаза бермейді ғой. Маған жазды. Сол себепті «енді осы «Алтын домбырада» Серік жүлделі орын алып кетсе, мені өсектейсіңдер ғой» деп отырған болар. Жалпы айтыс дау-дамайсыз өтпейді емес пе.

– Түсінікті. Серік, жалпы сіздің қай жердің азаматы екеніңізді тыңдарман жұрт нақты біле бермейтін секілді. Бірде Моңғолияның, кейде Семейдің ақыны деп хабарлап жатады. Бұл туралы Рүстем Қайыртайұлының «Республикалық айтыс болса, Шыңғыстаудың төрінен, халықаралық айтыс болса, Шыңғысханның елінен шығасың» деген қалжың қайырымдарын есімізде сақтап қалыппыз. Халықаралық айтыстарды сіз үшін ұйымдастыра ма, қалай?

– Жоқ. Мысалмен айтсақ, «Халықаралық спорт додасы!» деген секілді статус қой бұл. Айтыстың статусы. Халықаралық айтыс! Моңғолия мен Қытайдан ақындар алдыру күрделірек. Әрі ол жақта кім деген ақын бар екенін, оның қалай айтысатынын мындағылар көп біле бермейді. Сондайда көз алдында жүрген мені Жүрсін ағамыз Моңғолияның атынан шығасың деп қосып жіберетін. Студент кезде халықаралық түгілі, әлемдік болса да қарайсың ба, әйтеу сахнаға шықсақ болды деп алыпұшып тұратынбыз. Кейін университет бітірген соң барып біржола Шығыстан шықтық қой. Енді ұят болар деп Жүрсін ағамызға ескертіп, рұқсатын алдық. Бірақ айтысты «шу» деп бастағанда туған жерімнің туын аз да болса көтергеніме марқаймасам, өкінбеймін. «Ер туған жеріне» деген емес пе. Өзімнің туған жерім жөнінде де бірауыз сөз айта кетейін. Сұрадыңыз ғой. Қазақтың байырғы мекені, қаймағы бұзылмаған әйгілі Баян-Өлгей аймағы, Жасылкөл деген жерде дүниеге келдім. Сол жақта мектеп бітіргеннен кейін 2010 жылы атажұртқа қоныс аудардық. Көштің басын Семей қаласына тіредік. Оқуды сонда тәмамдадық. Өсіп-өндік. Міне, жуықта ғана Ұлан ауданына қоныс аударып, мәдениет бөліміне жұмысқа орналастым. Семейдің менде өкпесі жоқ шығар. Менің де Семейге өкпем жоқ.

«Танымалдығын пайдаланатын шығар»

 

– Секе, үлкен ортада жүрген ақынсыз. Өнер иелеріне қатысты сын көп айтылатын келеңсіз жайттар турасында да пікіріңізді білгіміз келеді. Танымал адамдардың шетелде яхтада ән салып, арнау айтып отырған видеолары кейде желіде шығады. Олардың алдында ішімдік болады. Әлдебір қалталы азаматтар долларлап ақшаны үйіп жатады.

– Иә, ондай видеоларды көріп қаламыз. Бәлкім, біреулер «Ақша бергені – өнерді бағалағаны» дер. Бәлкім, басқалар «Қазақ өнерін шетелге паш етіп жүрміз» дер. Өз басым бұл дүниені қолдамаймын. Алдыңа ақша тастатып ән салып отыру биіктік емес, сүйкімі де жоқ нәрсе. Ел ішіндегі сыйлас аға, сырлас достардың ықыласына бөлену – мұның қасында мүлде бөлек дүние. Әр нәрсенің орны болады, шатастырып алмау керек.

– Жалпы, ақындар сахнаға да ішімдік ішіп  алып шығады дейді, сол рас па?

– Ондай-ондай жағдайлар бар. Жеке өз басымда болмаған соң, бұл туралы не айтамын? Әркім өзі үшін жауап берер.

– Ақындар ақшаны жақсы көре ме? Айтыстарға миллиондар тігіледі, ал сіздер демеушілер мен ұйымдастырушылардың мақтауын асырасыздар. Бұл жағымсу ма?

– Тігілген миллиондар ақындарға емес, айтысқа деген қолдау. Бұл өзі қазақтың бір жабылып, қайта ашылған талайлы өнері ғой. Оның қалпына келуіне көмектесіп, ұлт өнеріне жанашыр болып жүрген адамдарды көтермелеудің әбестігі жоқ деп ойлаймыз.

Кейінгі кезде айтысқа сондай мол қаржы тігіліп жатқан жоқ. Биыл карантинге байланысты мүлде дода болмады деуге болады. Жалпы өз басым айтыстан дүние жиып, байыған ақынды білмейді екенмін. Бай ақындарға әсер етуші басқа факторлар бар.

– Ұйымдастырушылық, демеушілік етіп жүргендер кім сонда? Қай арналар көрсетеді?

– Айтысты өзіміз түсіріп, өзіміз көрсетеміз деп «Қазақстан» арнасы мойнына алған. Олар қайда шақырсаңыздар да барамыз деп отыр. Ал қолдауды, төрт-бес жыл болып қалды, «Nur Otan» партиясы көрсетіп келеді. «Алтын домбыраға» дейінгі барлық деңгейдегі айтыстан тыс қалған емес. Жекелей демеушілерге келсек, Шығыста Дулат Тастекеев, Солтүстікте Жомарт Омаров деген атымтай жомарт азаматтар бар. Олар жеке-жеке бір айтыстың қаржысын түгел бөліп береді. Мысалы, Дулат ағамыз жыл сайын Ақсуатта айтыс ұйымдастырады.

– Әсер етуші факторлар туралы айтып қалдыңыз ғой. Уағыз-насихат айтатындарға да сыртқы күштердің әсері бар деп жатады.

– Қазіргі дінді насихаттап жүрген ақындар кезінде айтыс аламанын қыздырған белгілі жүйріктер. Солардың көбі айтыс алаңында жүргенде мен жоқ едім. Жеке азаматтық көзқарастары қандай екенін де білмеймін. Бірақ әлдебір көзге көрінбейтін күштерге осындай танымал адамдар керек шығар деп ойлаймын. Танымалдығын, соңынан кісі ерте алатынын пайдаланатын болса керек. Дегенмен, ешкім қол-аяқтарын байлап алып кетпейді деп ойлаймын, ауыз өздерінікі, жүрек өздерінікі… Мен бұл жерде әрекеттерін халық күмәнді санайтын ақындар туралы айтып отырмын.

«Аузыма өлең салып берген ешкім жоқ»

 

– Жоғарыда Ұланға көшіп келгеніңізді айттыңыз. Облыс орталығына немесе астанаға барып журналист болуға талпынбадыңыз ба? Өзге әріптестеріңіз телеарналар мен газеттерге қызметке барып жатыр ғой.

– Жоқ, ақын екенсің ендеше журналист боласың деген дұрыс емес. Журналист болу үшін сол ортадан шығып, өзінің қазанында қайнау керек. Қызығы мен шыжығын көрмеген дүниеге орта жолдан ат қосу жөнге келмейтін дүние. Журналистикаға бет бұрған ақындар көп. Бізге де бір бағдарламаны жүргізуге болар. Қыспақ жерде сөз таба аламыз. Бірақ сонымыз тілшіліктің әліппесін басынан бастап игергендей болмайды-ау.

– Жалғыз жүру қиын емес пе?

– Жоға, жалғыз емеспін ғой. Құдайға шүкір. Бірақ кейде оңашаланатыным бар. Оның несі жаман? Ойланамын.

– Енді айтысқа дайындаларда кеңесетін адам керек шығар дегенім ғой.

– Әлбетте, айтысқа дайындаламыз ғой. Тарихты жақсы білетін, көзкөрген ағаларымыздан ақыл сұраймыз. Сол кісілердің тоқтатқан тұжырымдарынан ой түйіп, халықтың жүрегіне жылы тиетін сөздерді айтуға тырысамыз. Бірақ аузымызға ешкім өлең салып берген жоқ осы уақытқа дейін. Кітаптарды парақтап, ұдайы ізденіс үстінде боламыз. Талант екенмін деп әшейін жата берсең, өз сөзіңді өзің ұмытып қаласың ғой. «Бір пайыз – талант, тоқсан тоғыз пайыз – еңбек» дегенді мойындаймын өз басым.

– Демек, айтыскерлердің өз ортасынан бөлек, жеке-жеке араласатын рухани ортасы болады ғой?

– Әр айтыскердің өзінің араласатын ақын-жазушылары бар ғой. Жеке ортасы болады… бір-бірін түсінетін… Сондай орта.

– «Алтын домбыраның» ақтық сындарында қарсыласыңыз кім?

– Қазір белгісіз. Өзімізден өзге жеті ақынға іштей дайындалып жүрміз. Бірақ айтыстың сапалы өтуі үшін төрт-бес күн бұрын ақындарды алдын ала жұптауы мүмкін деп ойлаймыз. Одан ары қарайғы айналымдар бәрібір шаппа-шап болады ғой.

– Айтыс алдындағы жиналыста не айтылады? Ұйымдастырушылар бағыт-бағдар көрсете ме?

– Әр уақытта елде ушығып тұрған дүниелер болады ғой. Халықтың көтеріліп кетуіне бір ауыз сөз ғана жетпей тұрған нәрселер. Мысалы, қазақ-дұнған қақтығысын алайық. Сол секілді ұлтараздық туындауы мүмкін мәселеде бұл тақырыпты айналып өтіңдер деп ескертіп жатады. Халық көтерілсе, бізге де, ол кісілерге де, ана жақтағы үшінші тарапқа да жақсы дүние емес қой. Бірақ соны тыңдап жатқан ақынды көрген жоқпын. Ойға алған дүниесін бәрібір айтады. Содан кейін айтыс телеарнадан қиылады. Қателеспесем, 21-ғасырдың басындағы «Жекпе-жектен» кейін тікелей эфирде айтыс болған жоқ. Айтыс іздеген адам залға келеді ғой негізі.

– «Ютуб» арналарында толық көрсетіледі, иә?

– Иә, ол жақта көбіне қиылмай салынады.

– Ал жаңағы ұйымдастырушылардың ескертпелерін орындайтын ақындар да болады ғой?

– Енді… болады, әлбетте.

– Жақсы, Секе, әңгімеңізге рахмет! Қосымша сұрақтар болса тағы хабарласармын!

– Әй, осы да болатын шығар.

 

Сұхбаттасқан – Тасқын Болатұлы

 

Осы айдарда

Back to top button