«Сәнді» нөмірлерге сұраныс артты
Ержан ӘБІШ
Облыс тұрғындары вип-нөмірлерді көбірек сатып ала бастады. Айталық, Өскеменде 2020 жылы 175, 2021 жылы 411, ал былтыр 443 «сәнді» номер сатылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының директоры Азамат Есембулов мәлімдеді.
Бұл нөмірлердің құны – сандар мен әріптеріне байланысты 196 650 теңгеден 983 250 теңгеге дейін. Нөмір иесі оны басқа адамға бере алмайды не сата алмайды. Көлік сатылғанда иесі оны жаңа көлік алғанға дейін 6 ай арнайы бағамен сақтай алады.
– Корпорация 694 мемлекеттік қызметтің 665-ін көрсетеді, оның 637-сі электронды форматта қолжетімді. Былтыр Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы облыста 866 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, 2021 жылы 1 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Бұл тұрғындар электронды қызметтерді жиі пайдалана бастады деген сөз, – деді атқарған істері туралы баяндаған Азамат Есенбулов.
Филиал басшысы мемлекеттік қызметтерді онлайн алудың маңызын атап өтті. Мәселен, өткен жылы «Мобильдік ХҚО» қосымшасы пайда болды. Ол арқылы азаматтар кеңес пен кей қызметтерді, сондай-ақ электронды цифрлық қолтаңбаны да ала алады. Бір жылда қосымшаны 68 мыңнан астам адам жүктеп алған.
Баспасөз мәслхаты барысында өткен жылы ХҚО-лар арқылы тапсырыс берілген танымал қызметтер аталды. Мәселен, ЭЦҚ беру – 288 301, көлік құралын тіркеу – 166 390, паспорт, жеке куәлік беру –101 471, жылжымайтын мүлікке құқық тіркеу – 83 415, жүргізуші куәлігін беру 63 758 рет көрсетілген екен.