Ауыл шаруашылығы

Сенат депутаты сауал жолдады

Осы жылдың қаңтарында облысқа жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездескен болатын. Жиындарда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, оның ішінде мал шаруашылығына қатысты бірқатар мәселе көтеріліп, талқыланған.

Осыған байланысты Дүйсенғазы Мағауияұлы 6 ақпанда Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Сенат отырысында елімізде қазақтың ақбас сиырын өсіру саласын дамыту жөнінде депутаттық сауалын оқып, аталған мәселе бойынша Премьер-Министр Асқар Маминге бірнеше ұсыным жолдаған-ды.

Сауал елімізде қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіру саласының дамуы жайында болды. Аталмыш тұқым ғалымдар мен шаруашылық мамандарының бірлескен еңбегі нәтижесінде жергілікті аналық қазақ сиырларын герефорд тұқымымен будандастыру арқылы шығарылып, 1950 жылы бекітілді.

1950-1990 жылдары бұл отандық тұқымның қарқынды өсуіне, өнімділігін арттыруға бағытталған жүйелі селекциялық жұмыстар жүргізілді.Еліміздегі асыл тұқымды он шақты ірі қара малдың ішінде негізгі тұқым болып табылатын қазақтың ақбас тұқымды малының үлесі бүгінде 53%-ды құрап отыр.

Мемлекеттің азық-түліктік қауіпсіздігі мен экспортқа бағдарланған экологиялық таза өнім өндіруді қамтамасыз етуде бұл малдың әлеуеті өте жоғары.

Біріншіден, негізінен жайылымда бағылатын, суық пен ыстыққа төзімді, ауруларға иммунитетін жоғалтпайтын бұл бағалы тұқымның импорттық малдарға қарағанда жергілікті табиғи-экономикалық жағдайға анағұрлым бейімді екені уақытпен дәлелденген.

Екіншіден, аталған мал тұқымының ет өнімділік көрсеткіші, сапасы шетелдік мамандандырылған етті мал тұқымдарынан еш кем түспейді.Оның жайылып семіруге бейімділігі пайдаланылмай жатқан ондаған миллион гектар жайылымдарды игеру тұрғысынан да өте тиімді.

Өкінішке қарай, бүгінде қазақтың ақбас тұқымының даму көрсеткіштері төмендеуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, 90-шы жылдардан бері өнімділігі өз стандарттарынан 44 пайызға кеміген.

Саны жағынан 1990 жылы 1 миллион 300 мың басқа жетсе, қазір күрт азайып, бір миллионға кеміп отыр.Сонымен қатар қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама аясында мал шаруашылығын дамытуда айтарлықтай кемшіліктер орын алуда.

Бұл саланы қолдауға бағытталған субсидиялардың тиімділігі өте төмен, өңделген өнім экспортын ұлғайту мәселесі отандық өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз ету проблемасына тірелуде. Оның бір дәлелі – өткен жылы экспортталған 156 мың тірі ірі қара малы, өкінішке қарай, оның ішінде он мыңдай аналық бас шетке сатылған.

Қорыта айтқанда, бұл малдың ресурстық мүмкіндіктерін ұлғайтуға және тектік әлеуеті жоғары отандық тұқымды көбейтуге бағытталған асылдандыру жұмыстарының жүйесі қалыптаспаған.

Бұл ретте АШТӨ тарапынан қолданыстағы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заң шеңберінде жауапты уәкілетті орган – Ауыл шаруашылығы министрлігінің аймақтарда осы саладағы жұмыстарды үйлестіру, оларға әдістемелік басшылық жасау, малдың асыл тұқымдық құндылығын бонитирлеу (бағалау) және т.б. сұрақтарды жетілдіру мен реттеу қызметін айқындау мәселесі алға тартылуда.

Ел игілігі болып табылатын, жергілікті жерге бейім қазақтың ақбас тұқымды малын жетілдіріп, бәсекеге қабілетті, заманауи талаптарға сай отандық брендімізді қалыптастыру үшін келесі маңызды шараларды жүзеге асыру қажет деп санаймыз.

  1. Нарықтық экономика жағдайындағы күн талаптарына сай және халықаралық келісімдер аясында біріздендіру, сәйкестендіру шараларын, сондай-ақ цифрландыру бағдарламасын іске асыру, жалпы асыл тұқымды мал шаруашылығының тиімді жүйесін құру мақсатында заманауи нормативтік-құқықтық база қалыптастыру өте маңызды.

Осыған орай, қолданыстағы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңын және бұл саланы мемлекеттік реттеудің басқа да заңнамалық базасын жетілдіру қажеттігі туындайды.

  1. Әлеуеті өте жоғары отандық тұқым – қазақтың ақбас малын дамыту мақсатында мүдделі органдар мен ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, арнайы бағдарлама қабылдау қажет деп санаймыз.
  2. Жауапты мемлекеттік органдар мен қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы тараптарынан селекциялық және асыл тұқымды мал өсіру жұмыстарының сапасын бағалау тетіктерін жетілдіру, олардың асыл тұқымды мал шаруашылығының жағдайы мен даму деңгейіне жауапкершілігін нақтылауды ұсынамыз.
  3. Малшы тапшылығын ескере отырып, оның мәртебесін көтеруге бағытталған жаңа сипаттағы мемлекеттік көзқарас қажет.Бүгінгі қалыптасып отырған урбанизация деңгейі жағдайында шалғайдағы малшы қауымы балаларының интернатқа орналасуы, жоғары оқу орындарына түсу үшін квота, сондай-ақ зейнеткерлік жасы және т.б. әлеуметтік қолдау шаралары Үкімет тарапынан кешенді қаралуы саланың дамуына серпін берер еді.
  4. Селекциялық асыл тұқымдық жұмыс деңгейі түбегейлі қалыптасқан бұрынғы асыл тұқымды мал зауыттары мен шаруашылықтарда шоғырланған сапалы асыл тұқымды жануарлар қорының сақталуына ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

Қазақстанның әр аймағында табиғи, жемшөп, инфрақұрылым ерекшеліктеріне байланысты бейімделген желі, зауыттық тип популяциялары біздің селекционерлер үшін өте құнды.

Бұл мәселелерге қатысты ғалымдар мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ұсыныстары ескерілуі керек деп санаймыз.

Осы айдарда

Back to top button