Әсемхан қорасының құпиясы
Қалың тоғай, аққан су – бәрі сонда…
Мен неліктен, япыра-ай, кеттім онда?
Күләнім-ай, Көкенім-ай,
Сендер еске түскенде,
Жер бауырлап жасымды төккенім-ай!
(Ә.Мырзаханов)
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасының бір мақсаты – әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған біртуар перзенттерінің есімдерін жас ұрпаққа таныту және осы бағдарлама арқылы шынайы патриотизмді қалыптастыру болып табылады. Оқырман назарына осы мақсатпен бұрынғы Семей губерниясы, Көкен болысының тумасы, «Робин Гуды» Әсемхан Мырзаханұлының жұмбақ өмірі жайлы мақаланы ұсынып отырмыз.
Әсерлі әңгіме
2016 жылдың жазында Семейге тойға барған сапарымнан үйге қалың ой құшағына батып, бейжай күйде оралдым. Өйткені тойдың абыр-сабыры басылып, ертең жолға шығамын деп отырған күні кешкісін күйеу балам Ерғалидың айтқан, мен үшін тосын естелігі есімнен кетпей қойғаны.
«1977 жылдың көктемінде әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыстағы Забайкал әскери округіне тап болдым, – деп бастаған әңгімесін Ерғали. – Армияға келе салысымен мен сержант мектебіне оқуға жіберіліп, жарты жылдан соң взвод командирінің орынбасары болып тағайындалдым. 1978 жылдың май айында мені оншақты солдатпен Чита қаласының шетінде орналасқан автомобиль прицептерін жөндеу зауытына командировкаға жіберді.
Осында келген алғашқы күндері байқамаппын, кейін көріп жүрдім. Күнде түске дейін зауыт қақпасы алдында бір шал отырады, түстен кейін көзден ғайып болады. Жұпыны киінген, қалың сақалы төсін жапқан, жүзі жылы қария.
Бір күні әлгі шал қасынан өтіп бара жатқан маған кенет:
– Стой, сынок ! – деп бұйырды таза орысша.
Мен кілт тұра қалдым сасқанымнан. Ол менен қай жерден келгенімді сұрады.
– Из Казахстана, – дедім мен де орысшалап.
– А точнее, – деді шалым бетіне қан жүгіріп.
– Из совхоза «Знаменский» Жанасемейского района Семипалатинской области.
Шал бір сәт үнсіз қалды. Байқаймын, қобалжып отырған сияқты. Көздеріне жас үйірілгендей.
– Е, Көкентау жақтан екенсің ғой, қарағым, – деді ол біраздан соң тап-таза қазақша. Бір адамдардың аты-жөндерін тізе жөнелді. Танисың ба, білесің бе? – дейді маған бажырайып.
Мен білмейтінімді, семьямыздың Знаменкаға бірер жыл ғана бұрын көшіп келгенін, әке-шешемнің өмір бойы Семейтауда тұрғанын айттым.
– Онда Қондыбай болдың ғой, батырым. Ал мен Уақпын, Көкен уағы, – деді шал күрсініп. – Ә, онда сен «Әсемхан қорасын» да білмейтін шығарсың?
Мен оны құптап, басымды изедім. Шал біраз уақыт жерге тесіліп қарап отырды да, елге қашан қайтатынымды білгісі келді. Әлгі «Әсемхан қорасын» бір кезде өзі тұрғызғанын, ол оның қонысы болғанын айтты. «Ауылда мені білетін шал-шауқандар қалса, менен сәлем айта бар», – деді сөзін сабақтап ақсақал.
Мен аяқ астынан жерлес қарияны кездестіргеніме аң-таң болып, бір сәт абыржып қалдым. Не айтарымды білмеймін, аузыма сөз түссеші…
Осыдан кейін командировкам аяқталғанша әлгі шалымды қақпа алдынан жолықтыра алмай, дел-сал күй кештім. Әйтпесе, одан оның бұл жақта неғып жүргенін, елде туған-туыстары бар-жоғын сұрауға оқталып-ақ едім…», – деп әңгімесін аяқтағандай болды күйеу балам.
– Елге ақсақалдың сәлемін жеткіздің бе? – деп сұрадым бұл естеліктің немен аяқталарын білгім келіп.
– Бәке, бұл әңгіме мен әскерден үйге қайтқан соң үш жылдан кейін жалғасын тапты. Ол кезде әлгі шалым естен шығып кеткендей еді.
1982 жылдың көктемі. № 2 бөлімшеде веттехникпін. Бір күні меңгерушімізТәкен Байғазинов зоотехник Рымбек Ақышевпен маған қыстан көтерем боп шыққан бір отар тоқтыны «Әсемхан қорасына» айдап баруғатапсырма берді. «О жақтың шөбі шүйгін, тоқтылар тез-ақ оңалып кетеді», – деді ол.
Сол-ақ екен көптен көрмеген ескі бір танысымдай Чита түбінде кездескен Әсемхан ақсақалдың бет-бейнесі көз алдыма келе қалғаны.
– Мен ол кісіні көргем, білем, – деппін жұлып алғандай.
– Кімді айтып тұрсың? – деп қасымдағылар аң-таң.
– Әсем-хан-ды, – деймін мен тұтығып. Ол кісімен қайда және қалай кездескенімді қысқаша айтып бердім.
– Па, шіркін, Әсемханды көрдім де! Жомарт, мейірімді, жақсы адам болған деуші еді оны көзін көрген қариялар. Бұл керемет жаңалықты ауыл шалдары естіді ме екен? – деді Рымбек маған қарап.
Мен Әсемханды ұмытып кеткенімді, онымен әскерде кездейсоқ кездесіп қалғаным енді ғана есіме түсіп тұрғанын айттым.
Осы оқиғадан кейін, арада бір жылдан артық уақыт өткен. Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде кешкісін біздің үйге сельсовет хатшысы Надя Бреус телефон шалып, маған: «Ерғали, ертең жұмыстан соң бізге келіп кетші. Бір тығыз шаруа болып тұрғаны», – деді.
Ертеңінде барсам, мені әлгі сіздердің үйге келіп жүретін ағай бар еді ғой, сол кісі күтіп отыр екен. Ол маған қызмет куәлігін көрсетіп, менен Әсемханды қашан, қайда және қалай көргенімді толық айтып беруімді өтінді.
– Мен сені жайдан-жай шақыртып алғам жоқ, – деді әлгі ағай мен естелігімді аяқтаған соң. Сен көрген шал – біздің облыстық милиция бастығының туған қайын атасы. Ертеректе «халық жауы» ретінде айдалып кеткен көрінеді. Содан елге оралмаған. Сен бұл әңгімені енді бұдан былай ешкімге айтушы болма! Біреулерге кесірі тиіп жүрер. Менің өтінішімнің салмағын түсінген шығарсың. Жас бала емессің ғой!
Қарындасым Алмамен шаңырақ көтерген 1982 жылдан бері өткен отыз бес жылға жуық уақыт ішінде туған інімдей болып кеткен, 1986 жылы Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысудың салдарынан 2-ші топтың мүгедегі күйін кешкен Ерғалидың (Қойшыбаев) ұзақ жылдар бойы тіс жармай келіп, маған енді ғана айтып отырған естелігінің ұзын-ырғасы осы.
Менен маза кетті. Ең алдымен өзім оныншы класқа көшкен сонау 1968 жылдың жазында сол «Әсемхан қорасының» маңында пішеншілер бригадасында жұмыс істегенімді есіме алдым. Ол қора Знаменка селосынан батысқа қарай шамамен он бес шақырымдай жердегі бұрынғы Суздаловка ауылынан оңтүстік-батысқа қарай жол жүргенде, Көкен тауына дейінгі аралықтың шамамен орта тұсындағы ойлы-шұңқырлы жотаның етегінде болатын.
Ерғали айтқан «біздің үйге келіп жүретін әлгі ағай» – шешемнің аталас бауыры марқұм Кейіс Өзбеков болып шықты. Қызмет бабымен біздің ауылға жолы түсіп келе қалса, алдымен апа-жездесіне келіп, сәлем беретін. Облыстық КГБ басқармасының жауапты қызметкері болған ол 1985 жылы 50 жасқа толғанда, әкем оның бұл тойына арнау өлеңмен шашу шашқан-ды.
Кейіс нағашымның Ерғалиды сельсоветке шақыртып алып, онымен оңаша тілдесуіне түрткі болған не? Қызмет бабы ма? Әлде біреудің өтініші ме? Содан соң мынадай қисынды сұрақтар туды: Егер Әсемхан «халық жауы» болып айдалып кетсе, жазасын өтеген соң, туған жеріне неғып оралмаған? Жерлес ағамыз–сол жылдардағыСемей облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Қ.Беспаев кезінде біле тұрып, «халық жауы» Әсемханның қызына қалай үйленген? Әдетте сынықтан сылтау іздеп, аяқтан шалатын ағайындар оның атына «домалақ» арызды неге жаудырмаған? Жалпы, Әсемхан деген кім өзі? «Уақпын» депті, кімнің туысы екен? Қаршадай бала кезімнен осы ауылда – Знаменкада өсіп-есейген мен неліктен ол жайында ештеңе естімегем?..
Әсемхан тағдыры мені елітіп, баурап алғаны сондай, бұл сұрақтарға жауап іздеуге бел будым. Сөйтіп, ол туралы азды-көпті мәлімет-деректер жинаудың арқасында ашаршылық нәубетінің алдында жазықсыз қуғынға ұшырап, ұзақ жылдар бойы тағдыр тәлкегіне түссе де, бойындағы адамгершілік қадір-қасиетін жоғалтпаған, жырақта жүріп өзінің кіндік қаны тамған жерге, еліне деген сағынышын өлеңмен өрген Әсемханның өмір жолына көз жүгіртуге әрекет жасап көрдік. Осындай мүмкіндік туғаны үшін мен ең алдымен:
Маған өскемендік жазушы Рахметоллақажы Смағұлдыңәкелері туралы жазған «Көкен тауының қаршығасы» кітабын сыйлап, нағашы аталары туралы ой бөліскен марқұм Қ.Беспаевтың қыздарына, әсіресе Гулия Қабенқызына, Әсемханның жақын туысы болып шыққан өзімнің туған бөлем Ержан Мырзахановқа, қазір «Әсемхан қорасында» шаруа қожалығын дөңгелетіп отырған жерлесім Жарасбектің ағасы Төлеш Шаймардановқа, бұл күндері жетпіс жастан асып, сексеннің сеңгіріне бет түзеген, Көкен елінің тарихына қатысты әңгімелерге жастайынан құлақ түріп өскеннағашыларым Тасболат Оразғалиев пен Сансызбай Оразжановқа, кезінде Әсемханның сенімді серіктерінің бірі болған , рулас жерлесі, ел ішінде «соқыр Ахмет» атанып кеткен әкесінен естіген әңгімелерді жадында сақтап қалған , биыл қыста жетпіске шығар шағында ауыр науқастан қайтыс болған, бала кезгі досым марқұм Рысқали Ақтаевқа және Назарбаев университетінің оқытушысы, өлкетанушы- ғалым, жерлес бауырым Айдын Жүнісхановқа ризашылығымды білдіремін. Маған Әсемхан туралы естіп- білгендерін айтып, ағынан жарылған осы жерлестерімнің арқасында «Өзі өлтірмейді, жат жарылқамайды» деген нақыл сөздің шындығына тағы да көз жеткізгендей болдым.
«Ал мен Уақпын, Көкен уағы…»
Әсемханның Ерғалиға айтқан осы сөздерінің мән-жайын байыптап көрейік. Көкен уағы негізінен Сарман мен Шоғадан тарайды. Әсемханның арғы атасы Сарман, оның ішінде Қаракөз уақ, одан Өтеген батыр, одан ұлы атасы белгілі би әрі батыр Жарқын туады. Семей қаласының іргесіндегі «Жарқын» ауылына сол кісінің есімі берілгені белгілі. Жарқыннан: Төрехан, Әділхан, Өзбекхан, Қарахан деген төрт ұл болған. 2009 жылы Астананың «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Уақ» шежіресінде Жарқынның төрт ұлы да би болғаны көрсетілген. Бізге керегі – Өзбекхан. Одан Рүстемхан, Жәңгірхан, Мырзахан туады. Мырзаханнан Әсемхан, Шайхыкәкім (Шанай), Әзімхан, Әуелхан тарайды.
Жоғарыда айтылған Рахметолла қажы Смағұлдың «Көкен тауының қаршығасы» кітабында (бұдан әрі – Кітап) Әсемханның текті жерден шыққаны айтылады. Мұның мынадай дәлелдері болуы мүмкін:
Біріншіден, Әсемханның ата-бабаларының ішінде батыр да, би де болғаны туралы қолымызда бар деректерді келтірдік.
Екіншіден, Әсемханның атасы Өзбекханның ағасы Әділхан мен әкесі Мырзаханның ағасы Рүстемхан ірі домбырашылар болса, Әділханның ұлы Мұқа (шын аты Мұхаметқанапия) – Абайдың сегіз қырлы өнерпаз, талантты шәкірттерінің бірі. Ол – асқан домбырашы, шебер скрипкашы, әрі әнші, әрі ақын. Әрі ол М.Әуезовтің «Абай жолы» романының өз атымен алынған кейіпкерлерінің бірі. Ал атасы Өзбекханмен бірге туысқан Қараханның ұлы Әлімхан – белгілі шешен, би және Абаймен сыйлас, дос болған адам. Көкен тауындағы оның атақонысы – «Қандар сайын» жұрт кейде «Әлімхан сайы» деп те атай береді. Оның бір інісі Қасымханның ұлы Қайсахан – кеңес заманында басшы қызметтер атқарған Арғынғазы Қайсахановтың әкесі. Бұдан Әсемханның ұлы атасы Жарқыннан еліне танымал талай ұрпақ өсіп-өнгенін байқаймыз.
Үшіншіден, Ә.Бөкейханның «Шығармалар жинағының» 6-шы томында Семей губерниясының болыстары туралы 1909 жылғы статистикалық деректер келтіріледі. Осы томның 382-бетінде Көкен болысының № 1 ауылы, оған қарайтын әрбір қыстау, оның орналасқан жері, ру басы, ауызсуы, қаладан (Семейден) қашықтығы, шаруашылығы, мал-жан саны, ақсақалдары туралы және т.б. егжей-тегжейлі деректер бар. Осы бетте Рүстемхан Өзбекхан, Әлімхан Қарахан, Мұстафа Байболат, Молдахан Жәңгірхан, Мұсахан Әлімхан деген адамдардың аты-жөні тұр. Бұлардың бәрі де – Әсемханның ең жақын туыстары.
Міне, осындай еліне әйгілі туған-туыстары ортасында туып-өсіп, тәлім-тәрбие алған Әсемхан жайында Кітаптың 61-бетінде «Әке-шешесі де тәрбиелі, текті кісілер еді. Бізді тыңдасаң, Әсемханның қызынан өзге келінді қаламаймыз, балам!» деген, 197-бетінде «Рахилаштың әкесі Әсемхан ескіше сауаты бар, қиссашыл, шешен сөйлейтін, өлеңге де қаражаяу емес, әрі айтулы мерген, жаны жомарт, текті жігіт еді» деген сөздерді Қабен бала кезінде сан мәрте естіген. Амал қанша, оны білетіндер қазір некен-саяқ. Шынында да, ол мәрттігі басым нар жігіт болса керек» деген деректер келтірілуі тегін емес. Сонымен, біз Әсемханның Кітапта айтылғанындай, «айдалып кеткенге» (шамамен 1928-1929 ж.ж.) дейінгі өмірі туралы не білеміз?
Бұл сұраққа жауап іздеуге барынша мол үлес қосқан бөлем Ержан Мырзахановтың Әсемханмен қалай туысатынына қысқаша тоқталып өтейік. Әсемханның тетелес інісі Шайхыкәкімнің (Шанай) (бұдан әрі – Шанай) Рымхан, Рымғазы деген екі ұлы болған. Рымхан Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен, ал Рымғазының әйелі Фатима – менің шешем Фариданың туған сіңлісі. Яғни олардың үлкен ұлы Ержан екеуіміз – туған бөле боламыз. Қазір Семейде тұрады. Жасы елуден асқан, мамандығы – тарихшы.
Ашаршылық алдында
Ержанның әкесінен естіген әңгімелердің бірінде сол кезде «тепсе темір үзетін жастағы» Әсемхан жерлестерінің ешбір себепсіз ұрланған, тәркіленген мал-жанының, оларға жасалған қиянаттың есесін қайтару үшін ақсақалдардың шешімімен арагідік барымтаға шығып тұрған көрінеді. Осы арада қазіргі «барымташыларға» түсінікті болуы үшін «барымта» сөзіне анықтама бере кеткен жөн.
Кезінде барымтаны кегі қайтпаған, есесі кеткен жақ жариялы түрде жасаған. Оған біреудің ақ баталы жесірін не некелі әйелін азғырып әкету, кісі өлтірген жақтың кесімді құнды төлей алмауы, біреудің қорық жеріне мал жайып, қыс қыстауына, жаз жайлауына рұқсатсыз қону, ортаға түскен олжадан тиісті үлес-сыбаға бермеу, тойға шақырмай, елеусіз қалдыру, т.с.с. дала заңына, салт-санасына қайшы келетін жағдаяттар себеп болған. Сондықтан барымталаушының ісі сол заманда заңды әрекет саналған. Сол себепті де барымтаны ұрлықпен, тонаушылықпен, шапқыншылықпен шатастыруға болмайды.
Қазақ елі Ресейдің қол астына қарап, отарлық өктемдіктің күшеюіне, дала халқын билеп-төстеудің жаңа әкімшілік-құқықтық тетіктері енгізілуіне орай көптеген әдет-ғұрып қағидалары өзінің бастапқы мән-мағынасын жоғалтты. Әсіресе құн өтеу амалы — барымта мал ұрлау мен талан-тараж, шапқыншылық ретінде айыпталды.
Ал барымташы – барымтаға қатысушы, барымта жасаушы адам. Аса қарулы, епті шабандоз, айлакер, ізшіл, жылқы, жер-су жайын білетін, түнде жұлдызға қарап жол таба алатын, күн райын ауа райына қарап бақылап, болжай алатын жан-жақты қабілеті бар адам.
Бөлемнің айтуынша, Әсемхан осындай адам болғанға ұқсайды. 1926 жылы ауыл ақсақалдарының кесімімен Әсемхан жолдастарымен Шұбартау жақтан барымталанған жылқыны еліне қарай айдап келе жатқанда, іле-шала артынан шыққан қуғыншылар бұларға оқ атады. Барымташылар да оқ атуға мәжбүр болады. Осы атыста шұбартаулықтардың бірі оққа ұшып, Әсемхандар қуғыннан құтылып кетеді. Бірақ кейін іс насырға шауып, шығын кешкен жақ өлген адамының құнын сұрайды. Мәселе ата салтымен шешілмесе, соттасатынын ескертеді. Кісі өліміне нақ өзі кінәлі болмаса да, Әсемхан істі ушықтырмау үшін жақын туыстарынан жылу жинап, сұралған кесімді құнды өзі төлейді. Сөйтіп, бар малынан айырылып, таяқ ұстап қалған туыстары, оның ішінде Шанай да қалаға (Семейге) көшіп кетеді.
Осы оқиғадан кейін бірер жылдан соң басталған байларды кәмпескелеу науқаны Голощекиннің «Аша тұяқ қалмасын!» ұранымен жүргізіліп, оның «асыра сілтеу» пәрмені малмен ғана жан сақтап отырған қыр қазақтарын жаппай есеңгіретіп жібергені белгілі. Биліктің бұл саясатымен мүлдем келіспеген Әсемхан кәмпескеленген жылқыны жинайтын жерлерді аңдып, сенімді серіктерімен барымтаға шығып тұрған. Сапарлары сәтті бола қалса, әкелген жылқыны Қандар сайының ішіндегі шағын алаңқайға иіріп қойып, Көкеннің сай-сайындағы ауылдарға түнделетіп бірден-екіден таратып беріп отырған. Үкіметтің әр үйге салған ет, жүн, май салықтары сияқты қисапсыз көп салықты төлеуге барын аузынан жырып беріп, ішім-жемнен әбден тарыққан жерлестеріне бұл үлкен көмек болған. Оның жасаған бұл жақсылығы ұрпақтар арқылы бүгінгі күнге жетіп отыр. Мұның бір дәлелі – Әсемханға қол ұшын беріп, осынау қауіпті істің басы-қасында болған серіктерінің бірі – біз жоғарыда айтқан «соқыр» Ахметтің естелігі. Ол кісі бертін келе қайтыс болды. Көрші тұрдық. Ахмет ақсақал шешен тілді, қайсар мінезді адам еді.
Әсемхан осылайша жерлестеріне жанашырлық жасап жүріп ГПУ-дің назарына ілігеді. «Ұрлықшы», «банды» атанып, «халық жауының» кебін киеді. Оның биліктің қолына түсуі, одан қашуы Кітапта былай баяндалған: «Оны тұтқындауға келгенде, шиті мылтығын мойнына асынып, қоржындас бөлмеден сыртқа сытылып шығып, жаппа астында ерттеулі тұрған сүлік қарасына қарғып мініп, қашып беріпті-міс. Аналар қуып береді. Сол қашқаннан Ертістің жағасындағы «қайық аузынан» бірақ шығады. Артына бұрылып қараса, қуғыншылар да ентелей жетіп қалса керек. Ойлануға уақыт жоқ. «Өзекті жанға бір өлім» дейді де, астындағы атын тебініп қалып, Ертіске қойып кетеді. Жағаға жетіп келген қуғыншылар да қарап тұрмайды. Қаңтарылған қайықтың біріне отырып алып соңына түседі.
Ертістің ортасына келгенде ағын күшейіп, сүлік қараның арынын тежей береді. Қуғыншылармен екі орта жақындай түседі. Аттың жалына жармасқан Әсемхан дереу шиті мылтығын оқтап жіберіп, қайықтың тұмсығын нысанаға алады. Тұмсығына оқ тиген қайық төңкеріліп қала жаздап, кері бұрылады. Әсемхан жағаға аман шыққанымен, алысқа ұзай қоймайды. Қолға түседі. Сол кеткеннен хабар-ошарсыз кетеді».
Осы арада бір мәселенің аражігін ажыратып алу керек. Әсемханның елден кеткеніне талай уақыт өтіп кетуіне байланысты, ол туралы бізге жеткен әңгімелердің бәріне бірдей сол қалпында сене беруге де болмайтын шығар. Бұған жоғарыда Кітаптан келтірілген естелікте «Оны тұтқындауға келгенде, шиті мылтығын мойнына асынып, қоржындас бөлмеден сыртқа сытылып шығып, жаппа астында ерттеулі тұрған сүлік қарасына қарғып мініп, қашып беріпті-міс» делінуі айғақ. Оның осы қашуының басқа да нұсқаларын естідік. Олардың бірінде Әсемхан астындағы атымен Ертіске қойып кеткенде, сәлден соң жеткен қуғыншылар оның арғы беттегі аралға қарай атымен жүзіп бара жатқанын көріп, суға секіруге бата алмай, жағада тұрып қалыпты-міс. Ол арғы бетке шығып, кептірініп, есін жиған соң қалаға көшіп кеткен туыстарымен астыртын жолығып, өзінің ендігі іс-әрекеті жайында ақылдасыпты-міс.
Қашу хикаясының тағы бір нұсқасы бойынша, Әсемхан ГПУ-дің құрығына түспеу үшін Ертіс бойын жағалап Өскемен, Алтай жаққа қарай ұзақ та қауіпті сапарға шыққанда, ең алдымен Аллаға, содан кейін осы «сүлік қарасына» сенім артыпты-міс. Оның сенімді серігі – «сүлік қараның» мынадай тарихы бар: Әсемхан бір күні үйінің оң жағындағы төбешікке шығып, қала жаққа көз тігіп отырса, осылай қарай келе жатқан бір салт аттыны көреді. Ол жақындап қалғанда, оның астындағы бүкіш торының тегін ат емес екенін байқайды да, жүргіншіге айғайлап, қолын бұлғап, «тоқта» дегендей ишарат білдіреді. Бірақ әлгі адам әлденеден сескенгендей шаба жөнеледі. Әсемхан атына мініп, оның соңына түседі. Бірақ әлгі адам оған жеткізбей, Қасқабұлақ жаққа қарай қашып кетеді. Бүкіш торының жүйріктігіне тәнті болған ол кейін оның иесінің кім екенін сұрастырып біледі де, одан әлгі атты қоярда- қоймастан бес ту биеге қалап алады.
Жат елдегі кездесу
Әсемханның «халық жауы» ретінде «айдалып» немесе сотталмай «қашып» кеткенге дейінгі өмірі туралы біз мынадай деректер де естідік: Әсемхан Қарқаралыдағы атақты Мәдимен достық қарым-қатынас жасап тұрған, ХІХ ғасырдың аяғына қарай Қарасуға (Знаменкаға), яғни қазіргі Көкентау ауылына Ішкі Ресейден қоныс аударған орыс-украиндар арасында ол адалдығы, шыншылдығы үшін беделді болған, Қазан төңкерісінен кейінгі жылдары Көкен ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланған ол бірер жылдан соң, жаңа өкіметтің кәмпескелеу, салық жинау саясатымен келіспей, қызметтен кетіп қалады да, биліктің назарына ілігеді. Кейін ұсталып, ұзақ жылдарға сотталып, Сібірге айдалады. Ұлы Отан соғысы жылдары штрафбатқа ілігіп, майданда болады. Аяғы мен көзінен жараланған ол кейін Моңғолияға қара жұмысқа жіберіледі.
Міне, осында, Моңғолияда Әсемхан 1956 жылы өзінің немере інісі Атаханның әскери борышын өтеп жүрген ұлы Ыбыраймен кездесіп қалады. Одан ұлы Арғынбайдың соғыста қаза тапқанын, қызы Рахилаштың бойжетіп, жерлестері Садықтың елге майданнан аман-есен оралған ұлы Қабенге тұрмысқа шыққанын, күйеу баласының милицияда қызмет ететінін естиді. Әсемхан елден кеткеннен кейін жеті-сегіз жылдан кейін дүниеге келген Ыбырай қоштасарда оған былай деген көрінеді:
– Аға, қазір бізде Сталин өлгеннен кейін, кезінде жазықсыз сотталып, айдалып кеткендер ақталып жатыр, осы күнге аман-есен жеткендері ел-жұртына оралуда. Менің естуімше, сіз заң орындарының қолына түспеу үшін қашып кеткен көрінесіз. Онда тұрған не бар? Ештеңе бүлдірген жоқсыз. Елге қайтпайсыз ба, сізді де кешірер. Туыстарымыздың аман-саулығын жаңа айттым. Бір қуанып қалар еді. Әсіресе Рахилаш тәтем. Бәлкім, сізді ешкім тексеріп те жатпас. Содан бері талай жыл өтіп кетті ғой.
Әсемхан немере інісін мұқият тыңдап болған соң, оны екі иығынан қапсыра құшақтап тұрып, былай дейді:
– Міне, сен де маған ақыл айтатын жасқа жетіпсің, тәубе. Арғынбайым соғыстан тірі қайтқанда ғой, қазір менің елден кеткен кездегі жасымда болады екен-ау, ә? Әкесінің шаңырағының түтінін түтетіп, балалы-шағалы болып та қалар ма еді? Үйден сыртқа шыққан сайын «көкем келе жатқан жоқ па екен?» деп, Семейге дейін созылған жазық далаға көз тігіп тұрар ма еді, кім біледі?..
Жоқ, Ыбырай қалқам, мен елге не бетіммен қайтам? Онда барғанда не опа табам? Рахилашым теңін тауып, ел қатарлы өмір сүріп жатқан көрінеді. Қой, оның, күйеу баламның бағын байламайын. Оның үстіне осында орыс әйелім, ұлым бар. Оларды қалай тастап кетем?..
Әскерден келген Ыбырайдың әңгімесінен Әсемханның жат жерде аман-сау тіршілік кешіп жатқанын естіген қаладағы туыстары балаша қуанып, бөріктерін аспанға атады. Ал Көкендегі оның көзін көрген шал-кемпірлер бір үйге жиналып, ақсарбас атап, аруақтарға құран бағыштап, оның ана жылы өздеріне жасаған жақсылығын айтысып, әйелдер жағы көздеріне жас алады.
Байқайсыздар ма, Әсемхан жерлестерін іздеп, әскери бөлімдердің маңын торуылдауды ел жақтан хабар алудың бірден- бір сенімді жолы деп білгенге ұқсайды. Жоғарыда 1978 жылы Чита түбінде менің күйеу баламмен де осылай кездескенін айттық. Кейбір деректер бойынша, ол әскерге шақырылған тағы да бір жерлестерін жолықтырған көрінеді-міс.
Ақиқат алтыннан да қымбат
Жоғарыда келтірілген фактілерге сүйене отырып, мақала кейіпкері «айдалып кетті ме, әлде қашып кетті ме?» деген сауалға жауаптың бір нұсқасы ретінде ең алдымен осы мақалаға эпиграф ретінде алынған Әсемханның бір шумақ өлеңіне жүгінсек. Нағашым Сансызбай Оразжанов құдағиы марқұм Жұмакүл апайдың айтуы бойынша есте сақтап қалған осы жалғыз шумақтың «Қалың тоғай, аққан су – бәрі сонда…» деген алғашқы жолымен оның не айтқысы келгеніне былтыр жазда осы өңірдіарнайы барып аралағанымызда және атақты жерлес ғалым-әдебиетші ағамыз Қайым Мұхамедханұлының 1994 жылы «Абай» журналының № 12 санында жарық көрген «Мұқа Әділханұлы (1857-1927)» атты мақаласын оқығанда көз жеткіздік. Онда мынадай жолдар бар: «Мұқаның мекені табиғаты бай, қалың қайың, талды, ну орманды, қарақат, бүлдірген, мойыл сияқты жемістер өсетін, таудан құлап ағатын мөлдір тас бұлағы бар, бұлбұл сайрап тұратын Көкен тауының тамаша бір қойнауында болған. Бұл жерді «Қандар сайы», «Мұқа сайы» деп атаған».
Осындай көрікті жерде 1895 жылы дүниеге келген Әсемханның Мұқамен қалай туысатыны мақаланың басында айтылды. Атақты музыкант, ақын ағасының тәлім-тәрбиесін көрген, оған еліктеген оның «өлеңге де қаражаяу» болмауы заңды. Ол өзінің кіндік қаны тамған жерін суреттей келіп, «Мен неліктен, япыра-ай, кеттім онда?» деп өзіне сұрақ қояды да, әрі қарай:
«Күләнім-ай, Көкенім-ай,
Сендер еске түскенде,
Жер бауырлап жасымды төккенім-ай!» – деп қапаланады. Осы шумақтағы «Күләнім-айдың» кім екенін біле алмадық. Қалай болған күнде, сотталған адам «Мен неліктен, япыра-ай, кеттім онда?» деп өкініш білдіре ме?.. Бұл бір.
Екіншіден, Қабен аға қайын атасының тағдырына немқұрайлы қарай алмаған. Қызы Гулияның айтуынша, әкесі түрлі архивтерге сан мәрте сұрау салып көрген. Бірақ Әсемхан туралы ешқандай құжат, не бір дерек ала алмаған. Егер сотталып, «айдалғаны» рас болса, тұтқындау туралы хаттама, соттың үкімі, ақталуы туралы қандай да бір мәлімет-дерек табылуы керек еді ғой.
Біз мақаланың басында өзімізге: «Қ.Беспаев кезінде біле тұрып «халық жауы» Әсемханның қызына қалай үйленген? Әдетте сынықтан сылтау іздеп, аяқтан шалатын ағайындар оның атына «домалақ» арызды неге жаудырмаған?» деп орынды сауал қойғанбыз. Нені тілге тиек еткені белгісіз, бірақ ондай арыз-шағымдар болған. Қ.Беспаевтың 1951 жылғы 24 ақпанда жоғары милиция басшылығына жазған Рапортындағы мына бір жолдар осыны айғақтайды. «…Также на работу отражается и то, что я уроженец Жана-Семейского района, в связи с чем часто бывают напрасные кляузы по адресу меня, которые при проверке не подтверждаются, однако оно теряет доверия ко мне со стороны населения. По этому прошу перевести меня в другой район или любое отделение милиций». Осының өзі-ақ,егер әңгіме Әсемхан жайында болып отырса, оның сотталып, «айдалмағанын» растамай ма?..
Сондықтан күйеу балам арқылы Әсемханның тірі екені ауылға белгілі болғанда, Қабен Садықұлының рулас інісі әрі қызмет бабымен де жиі қарым-қатынас жасап тұратын Кейіс нағашымның Ерғалимен кездесуіне бұл жаңалықтың Қабен ағаға салқыны тиіп кетпесе екен деген ниеті себеп болса керек…
Үшіншіден, Әсемханның қашуы туралы Кітапта келтірілген естеліктің: «Қолға түседі. Сол кеткеннен хабар-ошарсыз кетеді» деп шолақ қайырылуы да әртүрлі ой қозғайды. Осы үш түрлі сілтемеге сүйеніп, Әсемхан қолға түспей қашып кеткен, кейін оның елге қайтып оралуына ашаршылық нәубеті, содан кейінгі қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы сияқты қияметке толы қилы кезеңдер бөгет болған, соғыстан соң басын бәске тікпей, елдегі жалғыз қызының тілеуін тілеп, жат елде қалып қойған деп болжам жасауға толық негіз бар.
Кітап авторымен хабарласқанымызда ол кітапты Қабен Садықұлының жақын туыстары мен қызметтес әріптестерінің, жолдастарының, бала-шағасының айтуымен, отбасының мұрағатында сақталған құжаттарға сүйеніп жазғанын алға тартты. Әсемхан туралы Кітаптағыдан басқа ештеңе білмейтінін айтты.
Жақсының аты өшпейді
Әсемхан елден кеткенде, артында қалған екі баласын – ұлы Арғынбай мен қызы Рахилашты бастапқыда оның екінші әйелі Топияханым тәрбиелейді. Бірақ бірер жылдан соң жиендерін пысық әрі ешкімге есесін жібере қоймайтын адуынды нағашы апалары өз қолына алады. Сөйтіп, олар болашақ генерал Беспаевпен бір ауылда өсіп-есейеді. Ел басына күн туғанда, Арғынбай мен Қабен 1942 жылдың желтоқсан айында майданға бірге аттанады. Оқу-жаттығудан өткеннен кейін, екеуінің жолы айырылып кетеді. Арғынбай досының соғыста шейіт болғанын Қабен Рахилаштың өзіне жазған хатынан білген. 1946 жылы елге аман-есен оралған ол алғашында ауылда есепші болып жұмыс істейді. Үлкендердің ақ батасын алып, Рахилаш екеуі үйленіп, шаңырақ көтереді.
1948 жылы желтоқсан айында Жаңасемей аудандық партия комитеті бюросының шешімімен Қ.Беспаев ішкі істер органдарына жұмысқа жіберіледі. Осында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, генерал-майор шенінде құрметті демалысқа шығады. Семей қаласының орталығындағы «Генерал Беспаев көшесін» жерлес ағамызға көрсетілген лайықты құрмет деп білеміз.
Ал Рахилаш тәтеміз әке-шешесінен жастай жетім қалғанымен, олардың туған-туыстарымен қарым-қатынас жасап тұрған. Топия ханымды туған анасындай сыйлаған, әкесінің тете інісі Шанай 1963 жылы қайтыс болғанға дейін де, одан кейін де оның шаңырағын өзінің үйіндей, қыздарын туған сіңлісіндей көрген.
– Бала кезімде Жанымхан апам (Шанайдың бәйбішесі) Қабен ағаның үйіне бара қалса, ылғи мені ертіп алатын, – дейді Ержан бөлем. – Рахилаш тәте бізді құшақ жая қарсы алып, асты-үстімізге түсіп, бәйек болып қалушы еді. Дастарқандағы бар тәттіні менің алдыма үйіп қоятын.
Рахилаш Әсемханқызы ұзақ жылдар сауда орындарында еңбек етті, отбасының ауыр жүгін жұбайымен бірге көтерісті. Семейдің көкбазары маңындағы «Рахилаш» сауда орталығының осылай аталуы балаларының анасына көрсеткен құрметінің бір белгісі іспеттес.
Моңғолиядағы кездесуде Әсемхан орыс әйелі, баласы бар екенін айтқан еді ғой. Осыдан екі жыл бұрын Ержан бөлем Ресей телеарналарының бірінен Забайкал мемлекеттік табиғи қорығының бас мемлекеттік инспекторы бет-бейнесі орыстан гөрі қазаққа келетін Артур Романович Мырзахановтың сұхбатын кездейсоқ көріп қалады. Қорық Чита маңында, Байкал көлі жағасында болғандықтан, «Әсемхан атамның әлгі баласы емес пе екен», – деген үмітпен кейін Ержан қорықтың телефонын тауып алып хабарласса, ол кісі «менде қазақ қаны жоқ» деп, селқос сөйлесіпті. Бөлем араға біраз уақыт салып, оған тағы да телефон шалған. Бұл жолы ол тек «Менің әкем орыстанып кеткен Омбының татары» депті. Дегенмен біз жалғыз қызының бағы үшін туған елінен қол үзіп қалған Әсемхан Мырзаханұлының ұрпақтары әлі де болса табылып қалар деген үмітімізді үзбейміз. Өйткені Читадағы кездесуде Әсемханның 83 жаста болғанын ескерсек, оның өмірден немере-шөбере сүйіп өтуі де ғажап емес қой.
Сонымен, біз «Әсемхан қорасының», дәлірек айтқанда, оның иесінің құпиясын аша алдық па? Ол қандай құпия еді?
Әр адам – өз заманының перзенті, өзі өмір сүрген ортаның түлегі. Сол заманның, сол ортаның әділетсіздік пен озбырлыққа толы ағысымен жүзе беретіндер де, ақиқат үшін сол ағысқа қарсы жүзетіндер де болады. Әсемхан сондай қарсы жүзген жанкештілердің бірі болған, десек қателесе қоймаймыз. Ең басты құпия – осы.
Өз басым Әсемханды бірде байлардың дүние-мүлкін тартып алып, жарлы-жақыбайларға таратып беріп отырған ағылшын халқының сүйікті қаһарманы Робин Гудқа баласам, бірде оны ақиқат үшін арпалысқан М.Әуезовтің «Қараш-Қарашындағы» Бақтығұлға ұқсатам. Ал енді бірде шиті мылтығын асынып алып, бүкіш торы атымен Әсемхан Көкен тауының сай-саласын аралап, шатқалдарына шығып, арқар аулап жүрген тірі адамдай болып көрінеді.
Бағлан Сабаз,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Нұр-Сұлтан қаласы