Ауыл шаруашылығы

Семейліктер қарағай көшетін өсіруге кірісті

Семейдегі проблемалардың бірі – қылқан жапырақты қарағайлы орманның соңғы жылдары аяусыз оталып, өртеліп кетуі. Нәтижесінде жаз сайын қала ауасына құм көшкіні араласып, әсіресе аллергиямен ауыратын сырқаттарға қиындық туғызуда.

Семейліктер қарағай көшетін өсіруге кірістіСонау 90-шы жылдары Семей мен Бесқарағай маңында ағаш тілетін жекеменшік цехтар көбейіп, жеке кәсіпкерлер «өртенді, жарамсыз болып қалған» деген сылтаумен қарағайларды аяусыз отады. Бір ғана Семейде осындай ағаш кесетін 220 орын болған. Ақшаның оңай көзін тапқандар орманды өртеп, соңына түскен орманшылардан оп-оңай құтылып кетеді екен. Себебі, орманшылардың айтуынша, сол жылдары қылмыскерлерді қуып жететін көлік, орман өртін сөндіретіндей құрал-жабдық мүлде жетіспеген, осыны пайдаланған ұрылар ойларына келгенін жасады. 2001 жылы Семейдің тұрғындары конференция ұйымдастырып, одан кейін Елбасымен өткен тікелей эфир кезінде мемлекетіміз жасыл желек орманды қорғауға алу қажеттігін айтып, дабыл қақты. Содан кейін ғана Семей орманы ерекше қорғауға алынатын аймаққа жатқызылды. Оталған орманды қалпына келтіру үшін «Ормандарды сақтау және республиканың орманды аймақтарын ұлғайту» деп аталатын ірі ұлттық жоба жүзеге аса бастады.

Жақында тағы бір игі бастама қолға алынды. Шығыс Қазақстан облыстық жастар мен балалар ұйымы ассоциациясының Семей бөлімшесінің еріктілері әрбір семейлікті Ертіс маңы орманын қалпына келтіру үшін қарағай көшетін өсіруге шақырып отыр. Ол үшін әркім өзінің үйіндегі терезе алдына гүл сияқты етіп, қарағай дәнегін отырғызса болғаны. Топырақ, тыңайтқыштар мен ыдысты Шығыс Қазақстан облыстық жастар мен балалар ұйымы ассоциациясының Семей бөлімшесінің кеңсесінен келіп алуға болады. Мұнда қарағай дәнегінің 125 мың түрі бар. Егер әрқайсысынан бір-бір көшет өссе, бұл да болса орманның қаншама бөлігін қайтадан қалпына келтіруге мүмкіндік берері сөзсіз. Резерват қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасайтын орман тұқымын өсіруші «Семей орманы» станциясының мамандары жас өскінді үй жағдайында қалай өсіруге болатыны туралы кеңес те береді. Бүгінде еріктілердің ұсынысын қолдап, олардың қатарына қаладағы бірқатар мектеп, колледж, университеттер мен қоғамдық ұйымдар қарағай көшетін өсіруге үлестерін қосып жатыр. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінде 700 өскінді өсіру үшін арнайы оранжерея орны бөлінген. Күзгесалым олар өсірген көшеттерін резерватқа тапсырып, «Семей орманы» және «Ертіс орманы» деп аталатын өртеніп кеткен орманның орнын жаңғыртуға атсалыспақ.

– Орманды қалпына келтіру үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, тағы бір проблема бар. Орман шаруашылығында жұмыс істейтін мамандар тапшы, – дейді «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының бас директоры Мақсат Елемесов. – Бүгін бізге жиырма шақты жоғары білімді мамандар керек. Дәнекерлеуші, тракторист, слесарь мамандықтары да аса қажет. Орманның көп бөлігі аудан, ауылдарда орналасқандықтан жас мамандарды орналастыру үшін баспана қажет. Орманшылардың жалақысы өте аз. Орманшының жұмысы құқық қорғаушылардың жұмысынан кем емес. Әсіресе браконьерлермен күрес немесе өрт сөндіру кезінде денсаулыққа қатер төнуі мүмкін. Бірақ орманшылардың құқықтық, әлеуметтік жағын қолдау әлі де болса жеткіліксіз деңгейде.

Қарағайды өсіру үшін ондаған жылдар керек. Семей орманы мемлекеттік табиғи орман резерваты мамандарының айтуынша, қазір өртеніп кеткен орманнан 130 мың гектар жер бос қалған. Ол жерлерге шұғыл түрде қарағай отырғызу қажет. Ел болып көмек жасамаса, осынша аумақты бірден қамту мүмкін емес. Қарағайлы орманды қалпына келтіру үшін резерват қызметкерлері бар күштерін салуда.

Раушан Нұғманбекова
Семей

Осы айдарда

Back to top button