Тарих

Семейге келуіне Қажымұқан себепкер болыпты

Тамыз айының басында Үржар ауданының Сағат ауылына жол түсті. Мұнда кезінде екі дүркін Әлем чемпионы, белгілі түйе балуан Феофан Герасимович Лавренев деген азамат тұрған. Қажымұқан атамыздың досы болған ақсақал бұл ауылға 1940 жылы 50 жасында қоныстанып, 1975 жылы 85 жасында осы жерде бақилық болыпты. 1917 жылы Ресей чемпионы, 1918 жылы Еуропа чемпионы, 1926 жылы Воронеж қаласында өткен Дүниежүзілік чемпионатта бас бәйгені жеңіп алған Феофан Лавренев келесі 1927 жылы Ижевск қаласында тағы чемпион атанады.

Ауыл шетіндегі зиратқа барып, ақсақалдың басына тәу еттік. Өмірі өте күрделі болған Феофан Герасимович еліміздің бір шетіндегі Сағат ауылына келіп, Фаиза Мұстафаева деген әзірбайжан қызына үйленеді. Қазақшаға судай Фаиза апай – қызыл террор кезінде қуғындалған текті кавказдық әулеттің ұрпағы. Ауылда Лавреневпен көрші болған жандар әлі де бар екен. Солардың бірі – Сәмет Жырғалов.

– Біз Феофан Герасимовичпен көрші тұрғандықтан, ол кісімен тонның ішкі бауындай аралас-құралас болдық. Ақсақал қайтыс боларының алдында маған әйел балуандар мен еркек балуандар жайындағы фотосуреттерге толы екі альбомын аманат етіп тапсырған еді. «Эти два альбома только тебе доверяю!» – деп қолыма ұстатқан. Өкінішке қарай, жастығым ба, шалағайлығым ба, екеуін де сақтап қала алмаппын. Соған қатты өкінемін…

Бірде әлдене біздің үйдегі тауықтарды түк қалдырай қырып кетті. Анам Рәбиға «Лаврен атаңды (ол кісіні ауылда солай атайтын) шақырып кел!» деп тапсырды. Оқиғаның мән-жайына қаныққасын, ол кісі тауыққораның ішіне кішкене қақпан құрып кетті. Ертеңіне таңертең келіп, мені оятып тұр. «Пойдем. Посмотрим курятник», – деген соң еріп бардым. Қарасам, қақпанға сасық күзен түсіп қалыпты. Жан бермек оңай ма, жақындаған Лаврен атайға шақылдап, ұмтылып тұр. Атай еңкейіңкіреп барып тұрды да, күзеннің төбесінен жұдырығымен қойып қап өлтірді, – дейді Сәмет.

– Тамара деген жалғыз қызы болды. Орыс тілінен сабақ берді, – дейді Сәметтің жары. – Оның күйеуі тарих пәнінен сабақ берген Валерий Георгиевич Агеев деген азамат болатын. Вика деген қыздары бар еді. Феофан Герасимовичтің немересі ғой енді. Бұлар Семейде тұрады деп естиміз. Анығын білмедік. Ал бір таңғаларлығы, атай бүкіл өмірін әлдекімдерден тығылып өткізді деуге болады. Үнемі қауіптеніп жүретін, жұрт көзіне көп түскенді қаламайтын. Аула ішінде отырғанда ауылға бөтен машина келсе, ақырын басып, үйге кіріп кететін. «Если что, меня нету», – дейтін. Ол репрессияның алмағайып кезеңін осы жерде өткізді. Біреулер оның әзірбайжан әйелінің ағаларынан қауіптенгенін айтады. Қысқасы, Фаиза Мұстафаева Феофан Лавреневке тұрмысқа шыққаны үшін Кавказдағы туыстарымен ат құйрығын кесісті. Солардың тарапынан қыспақ көрді ме, кім білсін… Бірақ Фаиза апай күйеуі Лавренев ақсақал қайтыс болардан бір жыл бұрын Кавказға, туыстарына барып келді. Ол кісіні ауыл болып шығарып салғанымыз әлі күнге дейін есімде. Төркінінен ауылдың әйелдерінің бәріне жылтыры бар бір-бір байлауыш ала келіп еді…

Тарихқа көз жүгіртсек, Феофан Лавренев Беларусьтің Орша қаласында дүниеге келіп, 17 жасында отбасымен Ресейдің Смоленск қаласына қоныс аударыпты. Аркадий Харлампиев деген спортшылардың басын қосып жүрген адаммен танысып, соның қол астында жаттыға бастайды. Көп ұзамай Смоленск қаласының чемпионы атанады. Бұдан кейін Аркадий Харлампиев екеуі Мәскеуге, әйгілі Иван Лебедевке барады. Ол жас Феофанды өзінің циркіне қабылдайды. Лебедевтің қол астында бірер жыл жаттыққан жас жігіт осылайша күреспен кәсіби тұрғыда айналыса бастайды.

1913 жылғы Дүниежүзілік чемпионат сәуір-мамыр айларында Мәскеудегі Девинье циркінде өтеді.

– Мына сурет сол чемпионат басталар алдында түсірілген, – дейді Феофан Лавренев 1971 жылы Мұрат Төлеуұлы ағамызға берген сұхбатында. – Мұқан бұл доданың аяғына дейін қатыса алмады. Оның бірнеше себебі болды. Біріншіден, Мұқанның атын жарнамаларда «Ягоматта Муханура» деп жариялапты. Бұған ыза болған Мұқан: «Мен жапон емеспін, қазақпын. Менің атым Муханура емес, Мұқан», – деп қарсылық білдірген. Екіншіден, чемпионаттың қожасы оған «Поль Абс деген балуаннан жығыла сал» деген ұсыныс айтыпты. Бұған Мұқан көне қойсын ба?!. Ақыры Поль Абстың Мұқаннан жеңілетінін білген достары «бұл қатерлі әдісті қолданады» деген сылтаумен Мұқанды жарыстан шығарып тастайды. Бұған қатты наразы болған Мұқан Девинье циркінен Никитиндер циркіне ауысып кетеді. Сол жолғы чемпионаттың қорытындысында Поль Абс – бірінші, Мартынов – екінші, ал Кеннеди деген АҚШ балуаны үшінші орындарды иеленді. Мен болсам, төртінші орынды місе тұттым. Мұқанмен сол 1913 жылы танысып, таныстығым достыққа ұласып кетті. Ол менің күрес өнеріндегі ұстазым болды десек те болады. 1924 жылы Қазақстанға, Семейге келуіме осы кісі себепкер еді. Алайда онымен боз кілемде белдесе алмадым. Белдескен күнде де оны жеңіп кетуші едім деп және айта алмаймын. Ол асқан қара күш пен әдіс-айланың иесі еді.

Белгілі түйе балуан Феофан Лавренев өмірін Қазақстанның бір шетіндегі Сағат ауылымен дәл осылай байланыстырыпты.

Берікхан Тайжігіт

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button