Семейден азық-түлікті ресейліктер де сатып алады
Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиялық Жолдауында экономиканың барлық саласын дамытудың тетіктері айқындалған. Семейде ауыл шаруашылығы қарқынды түрде дамып келеді. Тіпті, Ресейдің кейбір аймақтары мен көрші Павлодардан келіп, Семейдің ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алғанды жөн көреді екен.
Бүгінде ірі шаруа қожалықтары қаланы етпен толық қамтамасыз етуді алға қойып отыр. Құс фабрикаларының жұмысы да көңілдегідей. «Восток-Бройлер» ЖШС құс еті өндірісін дамытуда. Жобаға қарастырылған 2800 млн. теңге қаражаттың бүгінгі күні 1350 млн. теңге қаржысы игерілген. Осы уақытқа дейін 1,5 мың тонна құс еті өндірілсе, жыл соңына дейін 2 мың тонна құс етін өндіру жоспарланып отыр. Құс етін 7,4 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. «Ақтөбе Ертіс» ЖШС «Кіші Ақтөбе» құс фабрикасын қайта қалпына келтірмек. Жобаның жалпы құны 457 млн. теңге қаржыны қамтиды.
Бүгінгі таңда инвестицияның 71 млн. теңгесі игерілген. Келер жылдың сәуір айында 700 мың дана көлемінде жұмыртқаның бірінші партиясы шығарылмақ. 2013 жылы 10 млн. дана жұмыртқа алу көзделсе, жоба толық іске асқаннан кейін 2014 жылы 25 млн. дана жұмыртқа алуды жоспарлап отыр.
Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Шаған Жұмақсановтың айтуынша, Семей қаласының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасы және «Семей қаласы өңірлік экономикасы» моделі жасалып, осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында өңірдің барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмыс істеуде. Семей бойынша биыл 3300 гектарға егілген картоптан 55 мың тонна өнім алынса, 28,5 мың тонна өнімді 1390 гектар жерге егілген көкөністен алған. Ал 80 гектарға бақша дақылдары, 204 гектар жерге күнбағыс егілген екен. Жалпы, былтыр қала астығының өнімі анағұрлым көбірек болған көрінеді. Бүгінгі күні 3,2 мың тонна картоп, 636 тонна орамжапырақ, 908 тонна сәбіз, 200 тонна қызылша, 800 тонна сарымсақ қоймаларға сақтауға қойылған.
Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қаржысы есебінен «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 7 шаруа қожалығы 40,5 млн. теңгеге 215 ірі қара малын сатып алған. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы мал шаруашылығы саласына 710 млн. теңге субсидия, оның ішінде тұқымды жақсартуға 34,5 млн. теңге қаржы бөлінген.
– Алдағы уақытта асыл тұқымды бағытты дамытуды жоспарлап отырмыз, – дейді ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Шаған Жұмақсанов. – «Приречное Агрофирмасы» ЖШС сырттан биыл 1000 асыл тұқымды мал алуды жоспарлап отыр. Бұл шаруа қожалығы мен «Нұртаза», «Гүлрайхан» сияқты бірқатар шаруа қожалықтары мал бордақылаумен, ал «Анастасия» шаруа қожалығы шошқа бордақылаумен айналысады. Сүт бағытындағы сиыр малының басын көбейту мәселесі де жүйелі түрде қолға алынуда. Қазіргі уақытта Новобаженово, Ертіс және Знаменка, Озерки ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарында симменталь тұқымды сиырлар сауылуда. Сүт өнімдерінің көлемін ұлғайту мақсатында Новобаженово ауылдық округіндегі бұрынғы «Жаңасемей» совхозының жерінде «Евразия Агроинвест» ЖШС инвестор ретінде сүт-тауарлы фермасының құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.
Жақында ғана Семей қаласы әкімдігі мен «Евразия Агроинвест» ЖШС өзара меморандумға қол қойып, 2013-2014 жылдарға осы жобаны іске асыруды жоспарлады. Сонымен қатар, «Тамаша» макарон фабрикасы» ЖШС базасында диірмен кешені құрылысы тәмамдалмақшы. Аталмыш жоба іске асса, макарон өнімдерін шығару көлемі жылына 4 000 тоннаға жеткізіліп, арзан бағамен халықты қамтитын болады. Ал «Семнан» ЖШС жалпы сомасы 17 млн. теңгені құрайтын Қытайдан тәтті тоқаштар шығаруға арналған пештерді әкеліп, өндірісті жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Бұл кәсіпорын 2015 жылы инвестиция көлемін және негізгі қаражатын 30 млн. теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Алғабас – К-7» ЖШС биылғы жылдың екінші жартысында кондитерлік фабриканы іске қоспақ. Мұнда өндіріс қуаттылығы тәулігіне 15 тонна крекерлі және қантты печенье шығаратын екі желі орнатылған.
Сондай-ақ, «Семей ет комбинаты» ЖШС тәулігіне консервілер мен шұжық өнімдерін 27 тоннаға дейін өндіруде. Міне, Семейдің ауыл шаруашылығы құрылымдары қала тұрғындарын азық-түлікпен толық қамтуды көздеп отыр. Оған мүмкіндіктері де жетерлік.